Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 6678 72 пікір 2 Қазан, 2020 сағат 11:50

Қарабақтағы соғыс. Әлиев пен Пашинян келісімге келе ме?

Осыдан бес күн бұрын Қазақстанның қос бірдей одақтасы Әзербайжан (Түркі кеңесі) мен Армения (ҰҚКҰ, ЕАЭО) отыз жыл бойы дауласып келе жатқан Таулы Қарабақ қайтадан от пен оқ бұрқыраған соғыс даласына айналды. Әзербайжан мен Армения арасында нағыз соғыс басталды.

Бүгін бесінші күн. Қарулы қақтығыстар тоқтаған жоқ. Екі тараптан да ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған. Қаза тапқандардың арасында бейбіт тұрғындар мен балалар да бар. Мұны екі жақ та мойындады. Бірақ, нақты санына қатысты ақпараттар әртүрлі.

Рас, қазір Әзербайжан мен Армения арасында қарулы қақтығыстар ғана емес, ақпараттық соғыс та жүріп жатыр. Қанша техника жойылды? Қанша адам құрбан болды? Нақты деректер жоқ. Ал қолда бар деректер сыңаржақ немесе қарама-қайшылықтарға толы. Қазір Баку мен Ереван аймақтағы ахуалдың өршіп кетуіне бір-бірін айыптап жатыр. Екі тарап та бір-бірінің әскери һәм адами шығындарын еселеп көрсетуге тырысуда. Бұл да өз кезегінде аймақтағы жағдайды шынайы бағалауға кедергі келтіреді.

СОҒЫСТЫҢ БЕСІНШІ КҮНІ

Факт – бес күн бұрын басталған соғыс әлі тоқтаған жоқ. Армения билігі қақтығысты Әзірбайжан бастады дейді. Ал Әзірбайжан билігі мұны «контр шабуыл» деп мәлімдеген. Олардың өзінше, соғысты алдымен Армения бастаған. Бір анығы – президент Әлиев те, премьер Пашинян да елде әскери режим жариялаған. Қару ұстауға қабілетті азаматтарды сарбаздар сапынан табылуға үндеген.

Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысқа қатысты БҰҰ, ЕО, ЕЫҚҰ секілді Халықаралық ұйымдар мен шет елдік лидерлер өз позицияларын білдіріп Әзербайжан мен Арменияға арағайындық айтып жатыр. Соның ішінде Қазақстан да бар.

Қазақстан

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 27 қыркүйек күні ресми мәлімдеме жасап, Таулы Қарабақтағы жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірді. Тараптарды татуластыру үшін алаң ұсынды.

ТҮРКІ КЕҢЕСІ: ӘЗЕРБАЙЖАНДЫ ҚОЛДАЙДЫ!  

Бұдан бөлек Түркі кеңесі бар. Оған Қазақстан да, Әзербайжан да мүше. Түркі кеңесінің 2018 жылдан бергі Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әмреев деген азамат. Таулы Қарабаққа қатысты ресми мәлімдеме жасап, Таулы Қарабақты «Әзербайжанның оккупацияланған территориясы», деп мәлімдеген.  Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтыпты.

Sahibə Qafarova ilə Qazaxıstan Parlamentinin Sədri arasında telefon danışığı olub

29 қыркүйекте Қазақстан Мәжілісі төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Әзербайжан Мәжілісінің басшысы Сахиба Гафарова телефон арқылы сөйлескен. Екі ел Парламентінің спикерлері Таулы Қарабақтағы қақтығыстарды сөз еткен.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «твиттерінде» Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты қандай да бір мәлімдеме болған жоқ.

Елбасы прокомментировал происходящее в Нагорном Карабахе

Айтпақшы, кеше Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты мәлімдеме жасаған. Онда Қазақстандағы әзербайжан-армян диаспораларының бірлескен мәлімдемесін қолдайтыны және тараптарды қарулы қақтығыстарды тоқтатып, дауды бейбіт жолмен шешуге шақыратыны айтылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жыл. ЕАЭО-ның Мәскеуде өткен жиынында Назарбаев Таулы Қарабаққа қатысты позициясын ашық айтып, Қарабақты Әзірбайжанға қайтарып беруді талап етті. «Өйтпеген жағдайда Армения одаққа кіре алмайды», деп сөйлеген. Дәлірек айтсақ, Назарбаев: «Армения ЕАЭО-ға мүшелікке өтуі үшін Таулы Қарабақ дауын біржақты етуі керек», - деген. Ал 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның Ереванда өткен жиынына бармай қойған.

ҚАРАБАҚТА ҚАЙТЫС БОЛҒАН ҚАЗАҚ ПОЛКОВНИГІ КІМ?

Ал әлеуметтік желінің қазақтілді сегменті Қарабақтағы қақтығыстарға алаңдап отыр. Қазақ Үкіметі бейтарап позиция ұстанып, қайсыбір тарапты қолдайтынын білдірмегенімен, Бағдат Әмреев басқаратын Түркі кеңесі 1993 жылғы БҰҰ қарары негізінде про-Әзербайжандық позиция ұстанатынын ашық мәлімдеді.

Шынтуайтына келгенде, бұл дауға Қазақстан билігі сонау 1991 жылы да араласып, арағайындық жасамақ болған. Өкінішке орай, ол әрекет сәтсіз болды. 1991 жылдың 20 қарашасы күні жергілікті уақыт бойынша 14:42-де Таулы Қарабақ автономды облысына қарасты Мартунинскі ауданы, Қаракент ауылының маңында КСРО ІІМ-нің Ми-8 тікұшағын Армения Қарулы күштері атып құлатты. Оның ішінде Ресейлік және Қазақстандық бақылаушылар мен Әзербайжан шенеуніктері, ұзын саны 22 адам болған. Ешкім тірі қалмаған. Қайтыс болғандардың арасында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полковник Сайлау Серіков болған. Кейін Армения билігі мұны өз мойнына алып, «жазатайым жағдай» деп ақталған.

Сайлау Серіковтен бөлек тағы үш қазақстандық болған. Олар: Тікұшақ командирі, майор Вячеслав Котов, борт технигі Геннадий Долгов және штурман Дмитрий Яловенко.

Ресей

Қазақ билігі бейтарап дедік. Есесіне орыс билігі Қарабаққа қатты «алаңдаулы» көрінеді. Ол түсінікті де. Мүдде жатыр. Ресей де (біз секілді) Армениямен екі бірдей одақта мүше мемлекет. Одан бөлек, Армения территориясында Ресейдің әскери базасы орналасқан.

ПАШИНЯН: РЕСЕЙДІҢ БАЗАСЫН ҚОЛДАНУЫМЫЗ КҮМКІН

Гюмридегі 102 әскери база 1995 жылдан бері ТМД-ның бірлескен ӘӘҚ шеңберінде жұмыс жасап келеді. Мемлекетаралық келісім жасалып, 49 жылға (2044 жылға дейін) жалға берілген. Онда 5 мыңға жуыр орыс әскерилері орналасқан. С-300 зениттік-зымырандық кешенмен және МиГ-29 истребителдерімен жабдықталған. 2006-2007 жылдары Гүржістандағы орыс әскерилері де көшірілген.

30 қыркүйек. Армения премьері Никол Пашинян: «Ресейдің әскери базасы Армения қорғаныс жүйесінің ажырамас бөлігі. Нақты жағдайларда әскери базаның потенциалы қолданылуы мүмкін. Қазір ешкім жанжалдың қалай өрбитіні жайлы нақты болжам жасай алмайды», - депті. Орыс ақпараты солай деп жазып жатыр.

Одан бөлек Ресейдің сыртқы соғыс майдандағы мүддесі бар. Сарапшылар, «бір-біріне жұлдызы қарсы Ресей мен Түркияның Сириядан кейін сүзісіп қалатын майданы осы – Қарабақ», - дейді.

Оны орыс ақпаратындағы айташылардың сөзінен анық аңғаруға болады. Орыс саясатшылары «жанжалды қоздырып отырған – Түркия», деген ауанда пікір айтып жатыр. Ал Кремль ше?

«Ресей тараптарды оқ атуды доғарып, келіссөздер арқылы шешуге үндейді», - деген Ресей президентінің ресми сайтында президент Путин мен премьер Пашинянның екі мәрте телефон арқылы сөйлескені жарияланыпты.

Бірінші рет 27 қыркүйекте сөйлескен. Армения премьері Никол Пашинян хабарласыпты. Екінші рет 29 қыркүйекте сөйлескен. Ол кезде де Пашинян хабарласқан. Екі жолы да Таулы Қарабақтағы қақтығыстар жайы талқыланған.

Ал орыс пропогандасы, Ресейдің негізгі мемлекеттік телеарналары бес күн бойы тынған жоқ. Таулы Қарабақтағы қақтығысты тілдері жеткенше талқылап жатыр. «ҰҚКҰ шеңберінде Арменияға әскери көмек көрсетуге әзір-ақ, едік. Олар көмек сұраған жоқ», - деп күйіп-піскен көпірме ауыз көп саясатшы әлемдік қауымдастықтың алдында өздерінің про-империяшыл позициясын бүгіп қалғысы келді ме, әлде Кремльдің «бейтарап» мәлімдемесінен асып секіргісі келмеді ме, әйтеуір әңгімелерінің арасына: «Мәскеу даудың майданда емес, келіссөз үстелінде шешілгеніне мүдделі» дегенді де қосып қояды. Орыс ақпаратындағы негізгі тезистер осылар. Қарабақтағы қақтығыстарға Батысты, одан қалса Түркияны айыптайды.

ТҮРКИЯ: ӘЗЕРБАЙЖАНМЕН ӘРДАЙЫМ БІРГЕМІЗ!

Түркия

Түркия ше? Түркия «Бір ұлт, екі мемлекет» деген ұстанымда. Сондықтан да, Әзербайжан тарапын ашық қолдаушы мемлекет. Оны Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да өзінің «Твиттерінде» жазды. «Твиттері» демекші, Ердоған Әзербайжан-Армения қақтығыстарына қатысты бірнеше мәрте жазба жариялаған. Мысалы, 27 қыркүйектегі жазбасында: «Арменияның арандатуына лайықты баға бере алмаған Халықаралық қауымдастық кезекті рет екілік стандарттарын көрсетіп отыр. 30 жылдан бері салғырттық танытқан Минскі үштігі бұл мәселені шешуге мүдделі емес», - депті.

Бұдан бөлек, Түркия Парламентіндегі саяси партиялар бірлескен мәлімдеме жасап, Арменияның Әзербайжанға жасаған әскери шабуылын айыптаған екен.

Ал Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлүт Шавушоглы: «Біз Украинаның, Гүржістанның территориялық тұтастығын қолдаймыз. Бұл дұрыс. Сол секілді біз Әзербайжанның да территориялық тұтастығын қолдаймыз. Біз мұны ашық айттық. Керек болса, көмектесеміз. Бірақ, қазір көріп тұрғанымыздай, Әзербайжанның өзінің де күші жетіп жатыр.

Армения өз шабуылдары арқылы Халықаралық нормалардың балығын өрескел бұзып отыр. Және бұл жауапсыз қалмауы керек. Әзербайжанға қандай да бір көмек керек болса, біз көмектесуге әзірміз. Біз «келіссөздер үстелінде де, майдан шебінде де Әзербайжанмен біргеміз», - дедік. Бұл бос сөз емес», депті.

29 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік кеңесі Таулы Қарабақтағы жағдайды шұғыл талқылап, ұйымның бас хатшысы Антонио Гутерриштің атысты тез арада тоқтату бойынша үндеуін қолдады. БҰҰ аймақтағы жағдайды реттеу үшін келіссөзге келуге шақырды.

Айта кетейік, осыған дейін БҰҰ Қарабаққа қатысты 4 резолюция қабылдаған. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің № 822, 853, 874, 884 резолюцияларында Арменияның Әзербайжанға қарсы агрессиясын ашық айыптаған.

Бірақ Әзербайжан мен Армения лидерлері бейбіт келіссөздер өткізуден бас тартып, бір-бірін жағдайды ушықтырды деп айыптап жатыр. Сонымен Таулы Қарабаққа таласқан екі мемлекеттің лидерлері не дейді? Міне қараңыз:

ПАШИНЯН: АРМЯН ҰЛТЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН КҮРЕСЕМІЗ!

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

-Осы жылдар ішінде Әзербайжан бізге екі-ақ таңдау ұсынып келді. Біріншісі – Арцах армяндарының құқын қорғаудан бастарту. Екіншісі – соғыс. Міне, дәл осы контекст бізді бүгінгі жағдайға алып келіп отыр.

Армения Республикасы Арцах, армян ұлтын қорғауда табандылықпен күресуі керек! Бұл біздің мыңжылдық тарихымыздағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Енді сұрақ: Армян халқын қорғауға біздің күшіміз бен әлеуетіміз, ерік-жігеріміз жете ме? Жетеді! Ендеше бүкіл армян халқы Арцах халқының, армян әскерінің қасынан табылуы керек. Бұл біздің бүгінгі және келешек тарихымызды айқындайтын маңызды қадам!

БАРЛЫҒЫМЫЗ ҰЛТЫМЫЗДЫҢ САРБАЗЫМЫЗ!

Біз жеңеміз! Жеңуге міндеттіміз! Ол үшін әрбіріміз өз-өзімізге: «жарты қадам да кері шегінбейміз», деп серт беруіміз керек! Біз біргеміз! Бүгін, қазір қарапайым адам, генерал немесе депутат деген жоқ. Барлығымыз – ұлтымыздың сарбазымыз!

Мен бүгін Арменияның премьер-министрі, Жоғарғы әскери қолбасшысы ретінде Отан алдында жан беруге дайын екенімді айтқым келеді. Біздің бүгінгі жиынымыз жеңісалды жиын! Жеңіске дайын болыңдар! Құрбандыққа дайын болыңдар! Өйкені біз тағдыршешті кезге тап келдік!

ҰҚКҰ күшіне жүгіну бұл – саяси мәлесе. Біз ҰҚКҰ -мен тығыз жұмыс жасап келеміз. Қандайда бір процессті енгізу бұл бөлек әңгіме. Армения Қарулы күштерінің әлеуеті ел қауіпсіздігін қорғауға жеткілікті деп есептеймін.

ҚАРАБАҚТЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН МОЙЫНДАУЫМЫЗ МҮМКІН!

Таулы Қарабақтың Тәуелсіздігін мойындау туралы мәселеге келсек, біз қазір осы мәселені ақылдасып жатырмыз. Армения мен Таулы Қарабақ арасында стратегиялық серіктістік туралы келісім жасау, соның ішінде, қауіпсіздік пен қорғаныс саласында әріптестік орнату туралы келісім жасауды ақылдасудамыз. Мұндай шешімді қабылдау я қабылдамауымыз кейбір факорларға байланысты.

(Н.Пашинян бұл сөздерді Армения парламентінде және БАҚ-қа берген сұхбатында айтқан)

ӘЛИЕВ: БІЗ ӨЗ ХАЛҚЫМЫЗДЫ, ӨЗ ЖЕРІМІЗДІ ҚОРҒАП ЖАТЫРМЫЗ!

Илхам Әлиев, Әзербайжан президенті:

- Армения әскери провокация жасады. 27 қыркүйекте қарулы қақтығысты бастады. Біз жауап беруіміз керек болды. Әскери қақтығыстар тоқтаған жоқ. Біз өз халқымызды, өз жерімізді қорғап жатырмыз.

Мұндағы Түркияның рөлі қандай? Армения әскері Әзербайжанға шабуыл жасаған алғашқы сәттен-ақ, Түркия билігі Әзербайжанды қолдайтынын ашық айтты. Шын мәнінде, бізді қолдау арқылы Түркия Халықаралық құқық нормаларын қорғайтынын білдірді. Өйткені, Армения Әзербайжан территориясын оккупациялау арқылы 30 жылдан бері Халықаралық құқықтарды өрескел бұзып келеді.

Түркия бұл жанжалға әскери араласқан жоқ. Ал ақпарат кеңістігіндегі Түркия қарулы күштерінің Арменияның әскери техникаларын атқылауы туралы ақпараттар – Армения тарапынан жасалып отырған кезекті арандату. Армения өзін әлемдік аренада ақтау үшін жасап жатқан әрекеттер. Әзербайжан Қарулы күштері өз территориясының тұтастығын қорғауға жеткілікті деңгейде әзір.

АРМЕНИЯНЫҢ ҚАЗІРГІ БИЛІГІМЕН ЕШҚАНДАЙ КЕЛІССӨЗ БОЛМАЙДЫ!

Әзербайжан осыған дейінгі келісөздер кезінде барынша конструктивті ұстанымда болды.  Мен барлық мінберлерден бұл дауды келіссөздер арқылы шешуді қолдап келдім. Ал келіссөздер қалай болуы керек? Тек екі тарап арасында ғана! БАҚ немесе саясатшылар «барлық тарапар» деп сөйлейді. Бұл дұрыс емес! Екі-ақ тарап бар. Ол – Әзербайжан мен Армения. Бітті.

Ал қазір Армения премьер-министрі «Қарабақ бұл - Армения» деп мәлімдеді. Мұндай жағдайда қандай келіссөз болуы мүмкін?

ЕЫҚҰ-ның Минскі жұмыс тобы қабылдаған принциптер бойынша Қарабақтың айналасындағы территориялар Әзербайжанға қайтарылуы керек еді.

Пашинян келіссөздерді тек Армениямен емес, оның қуыршағына айналған Қарабақ «билігімен» де жүргізуіміз керек десе, сол арқылы келіссөздер форматын бұзғысы келсе, демек, Армения бұл жанжалға саналы түрде барып отыр деген сөз.  Ал, Минскі тобы, оның лидерлері – Ресей, Франция және АҚШ президенттері келіссөздерді шын мәнінде тежеушінің кім екенін ашық айта бастаған кезде Армения тағы провокация жасап отыр. Армения бұл провокацияларды не үшін жасап отыр? Бірнеше фактор бар.  Соның бірі – ол кво-мәртебесін сақтап қалғысы келеді. Ал ЕЫҚҰ-ның Минскі жұмыс тобы, соның ішінде Ресей, Франция және АҚШ лидерлері бірнеше мәрте мәлімдеме жасап, ешқандай кво-мәртебе берілмейтінін айтқан.

АРМЕНИЯ БҰЛ СОҒЫСҚА БІРНЕШЕ АЙ БОЙЫ ДАЙЫНДАЛДЫ

Армения бұл соғысқа бірнеше ай бойы дайындалып келді. Егер сіздер олардың іс-әрекеттері мен мәлімдемелерінің хронологиясын қарап шықсаңыздар, бәрі анық көрініп тұр. Осы жақында БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінде тұрып, Арменияның соғысқа дайындалып жатқанын ашық мәлімдедім және оны тоқтату керектігін айттым.

Биыл шілде айында олар біздің мемлекеттік шекара маңындағы елдімекендерізге шабуыл жасады. Бұл аймақтар даулы аймақтан, яғни, Қарабақтан әлдеқайда алыста жатқан аймақтар. Ол кезде 1 бейбіт тұрғын мен бірнеше әскери қаза тапты. Қақтығыстар 4 күнге созылды. Біздің Армения территорияында әскери мүддеміз болмағандықтан, біздің Қарулы күштер оларды шекарадан ығыстырып шығарды. Сосын, екі жақты келісім бойынша оқ ату тоқтаған. Кейін тамызда біздің территориямызға диверсиялық жасақ жіберді. Оларды біз тұтқындап, қолға түсірдік.

Одан кейін Армения билігі оккупацияланған территорияға, соның ішінде, ежелгі Әзербайжан қаласы Шушаға Ливаннан шыққан армян босқындарын көшіру туралы демонстрациялық мәлімдеме жасады. Бұл керек десеңіз әскери қылмыс. Бұл Женева конвенциясын өрескел бұзу.

Оған дейін Армения Таулы Қарабақтағы қылмыстық топ басшысының иннаугурациясын дәл осы Шуша қаласында өткізді. Мұның барлығы бізді жанжалға араластыру үшін жасалған провокациялар еді. Біз сабырлық таныттық. Провокацияға берілмедік. Сөйтіп, олардың дегені болмай қалған соң, кешегі шабуылды ұйымдастырды.

ПАШИНЯН СОРОСТЫҢ «ҚУЫРШАҒЫ»

Жанжалдың дәл қазір тұтануының тағы бір себебі – Арменияның ішкі саяси дағдарысы. Қазір Арменияда «Сорос режимі» орнаған. Биыл Беларусьте болмай қалған төңкеріс 2 жыл бұрын Ереванда болған және сәтті шыққан. Арменияның бүгінгі басшысы Никол Пашинян сол Соростың қуыршағы. Пашинян Соросқа көп уәде беріп алған және оны орындай алмай отырған адам.

Армения үлкен дағдарыстағы ел. Сондықтан, өз халқының назарын басқа жаққа бұру үшін оған сыртқы фактор керек болды. Және ол қолынан келді. Оның үстіне, бізге шабуылдардан 2 күн бұрын Арменияның ең басты оппозициялық партиясының лидері тұтқындалған. Осылайша Пашинянның диктаторлық режимі елдегі оппозицияның барлығын тұқыртып болып, кезекті агрессиясын Әзербайжанға көрсетіп отыр.

Ал майданда Сүрия содырлары жүр деген ақпарат та жалған. Бұл да Армения пропогандасының жұмысы. 10 миллион халқы бар Әзербайжанда 2 миллион халқы бар Арменияға қарсы адам мұқтаждығы жоқ. Оның үстіне біз запастғы әскерилерді жұмылдырдық. Біз өз территориямызды өзіміз қорғай аламыз және агрессорды лайықты түрде жазалауға шамамыз келеді.

(И.Әлиев бұл сөздерді БАҚ-қа берген сұхбатында айтқан)

Түйін. Таулы Қарабақ – Әзербайжан мен Армения арасындағы даулы территория. Қарабақтағы қақтығыс 1988 жылы Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзірбайжан КСР-нің құрамынан шыққанын жариялаған кезде басталған. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыстар кезінде Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Әзірбайжанға тиесілі Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті облысты өз бақылауына алған.

Ол да өзін «Тәуелсіз ел» деп жариялаған, бірақ ешкім мойындамаған, санатта жоқ ергежейлі «мемлекеттердің» қатарында. Ресей Гүржілерден «тартып алған» екі аймақты «Тәуелсіз ел» ретінде мойындағалы бері қарабақтықтар қомпаңдап қалған. Алайда, Қарабақтың Тәуелсіздігін өзгелер түгілі әскери жағынан ашық қолдаушысы боп отырған Арменияның өзі мойындауға дауаламай отырған-ды. Кешегі қақтығыстан кейін ғана Никол Пашинян «Қарабақтың Тәуелсіздігін мойындаймын», деп сес көрсеткендей болды.

1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Ал 1994 жылы қарулы қақтығысты тоқтату туралы Бішкек протоколы қабылданып, оған Армения да, Әзірбайжан да қол қойған.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

Қарабақтағы қақтығыс. Қазақстанның позициясы қандай?

Түркі кеңесі Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайды!

Қарабақ дауы. «Кеңестегілер» не дейді?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

72 пікір