Сенбі, 27 Сәуір 2024
Деп жатыр 5524 17 пікір 29 Қыркүйек, 2020 сағат 14:28

Қарабақ дауы. «Кеңестегілер» не дейді?

Тағы да Таулы Қарабақ туралы...  Сарапшылардың пікірінше, Таулы Қарабақ Кавказдағы үшінші бомба. Жалпы Кавказда үш бомба болса, соның бірі әрі ең қауіптісі – Қарабақ! Ол да өзін «Тәуелсіз ел» деп жариялаған, бірақ ешкім мойындамаған, санатта жоқ ергежейлі «мемлекеттердің» қатарында.

Ресей Гүржілерден «тартып алған» екі аймақты «Тәуелсіз ел» ретінде мойындағалы бері қарабақтықтар қомпаңдап қалған. Алайда, Қарабақтың Тәуелсіздігін өзгелер түгілі әскери жағынан ашық қолдаушысы боп отырған Арменияның өзі мойындауға дауаламай отырған-ды. Кешегі қақтығыстан кейін ғана Никол Пашинян «Қарабақтың Тәуелсіздігін мойындаймын», деп сес көрсеткендей болды.

Қазіргі таңда Таулы Қарабақтағы жанжалдарға қатысты Әзірбайжан мен Арменияны бітімге шақырып, дауды бейбіт жолмен шешуге үндеген мемлекеттер мен Халықаралық ұйымдар аз емес. Олардың бірсыпырасын кеше жаздық.

Қарабақтағы қақтығыс әдеткідей күн тәртібіндегі көп мәселенің бірі емес. Әсіресе біз үшін. Армения да, Әзірбайжан да Қазақстан үшін одақтас мемлекеттер. Қазақстан Армениямен ЕЫҚҰ арқылы одақтасса, Әзірбайжанмен Түркі кеңесі арқылы одақтасып отыр.

Бұл аймақтағы дау кеше немесе бүгін ғана пайда болған жоқ. 30 жыл. Тіпті, 30 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында Қазақстанның позициясы қандай болды?

Қазақстан

Государственный флаг Республики Казахстан

1991 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің сол кездегі басшысы Борис Ельцинмен бірге Ханкент аймағына барып, екі жақты бітімге қол қойғызбаққа әрекеттенген. Ол бойынша 1992 жылдың 1 қаңтарына дейін екі тарап та оқ атуды тоқтатуы керек болған. Алайда тараптар бұл шартты орындамаған.

2010 жыл. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында Қарабақ кикілжіңінің түйінін тарқатуға басымдық беретіні айтылды. Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осылай деп мәлімдеген.

«Біздің президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жағдайды реттеу үшін сонау 1991 жылы Қарабақ жеріне келген. Қазақстанда жанжалдасушы тараптарды жақындастыратындай мәмілегерлік ресурс бар», - деп сөйлеген.

2014 жыл. ЕАЭО-ның Мәскеуде өткен жиынында Назарбаев Таулы Қарабаққа қатысты позициясын ашық айтып, Қарабақты Әзірбайжанға қайтарып беруді талап етті. «Өйтпеген жағдайда Армения одаққа кіре алмайды», деп сөйлеген. Дәлірек айтсақ, Назарбаев: «Армения ЕАЭО-ға мүшелікке өтуі үшін Таулы Қарабақ дауын біржақты етуі керек», - деген.

2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның Ереванда өткен жиынына бармай қойған.

2020 жыл. Шілдедегі қақтығыстар кезінде де Қазақстанның Сыртқы істер министлігі тараптарды бітімгелікке шақырған. Арада екі айға жуық уақыт өтер-өтпей жатып, Қарабақта қайдадан оқ дауысы естілді.

Біз президент Тоқаевтың кешелі-бергі «Твиттерін» шолып шықтық. Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты қандай да бір мәлімдеме болған жоқ.

Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 27 қыркүйек күні Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты ресми мәлімдеме жасаған. Онда:

«Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіреді. 

Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз.

Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз», - деп жазылған.

Бұл Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі. Бұдан бөлек кеше Түркі кеңесі де Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты мәлімдеме жасаған.

Түркі кеңесі һәм оның Бас хатшысы Бағдат Әмреев Таулы Қарабақты «Әзербайжанның оккупацияланған территориясы», - деп мәлімдеген. Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтыпты.

Түркі кеңесі – бұл түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. 2009 жылы Нахчыван қаласында құрылған.

Мүшелері: Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан мен Өзбекстан.  Кеңеске мүше мемлекеттер Таулы Қарабаққа қатысты қандай мәлімдеме жасады? Біз шолып шықтық.

Түркия

Турция — Википедия

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Армения Әзербайжанның оккупациялап алған жерінен тез арада кетуі керек», - деп мәлімдеді.

«Арменияның Таулы Қарабақты оккупациялап алудан басталған аймақтағы жанжалды тоқтататын уақыт келді. Әзербайжанның шыдамы таусылды. Баку өз күшімен армян оккупациясына қарсылық білдіріп, нүкте қойып жатыр», - деді Ердоған.

Ол бұған дейін (27 қыркүйекте) өзінің «Твиттерінде»: «Бүгін біз бауырым, Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, өзіміздің шешуші позициямызды білдірдік. «Бір ұлт, екі мемлекет» бағытын берік ұстанып, әзербайжан бауырларымызға қолдау білдіреміз. Әзербайжанның оккупацияға қарсы күресін қолдауға шақырамыз», - деп мәлімдеген еді.

Қырғызстан

Киргизия — Википедия

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі 28 қыркүйек күні мәлімдеме жасаған. Әзербайжан мен Армения арасындағы қарулы қақтығыстарға алаңдаушылық білдіріп, мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынған.

«Қырғыз Республикасы екі тарапты да ұстамдылыққа шақырады. Бұл мәселені егемендік пен территория тұтастығы принциптерін сақтай отырып, келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешуді дұрыс деп санайды.

Қырғыз Республикасы дауды шешудің конструктивті амалын әзірлеуді қолдайды. Сондай-ақ, Әзербайжан мен Арменияға бұл дауды Бішкек протоколына қол қойған 1994 жылғы келіссөздерді басшылыққа ала отырып шешуді ұсынады», - делінген.

Ал биылғы жылдың мамыр айында Қырғызстанның Әзербайжандағы сенімді өкілі Бақыт Юсупов Таулы Қарабаққа қатысты Қырғызстанның позициясын айтқан еді.

«Қырғызстан 1993 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған 4 резолюцияны қолдайды. Ол бойынша Таулы Қарабақ Әзербайжанның территориясы деп танылған», деген еді Юсупов.

Өзбекстан

Государственный флаг Республики Узбекистан | O'zbekiston Respublikasi yer  resurslari, geodeziya, kartografiya va davlat kadastri davlat qo'mitasi

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі де Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты мәлімдеме жасаған. 27 қыркүйек күні. Онда:

«Өзбекстан Республикасы Әзербайжан мен Армения арасында орын алған әскери қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреді.

Қару-жарақ пен әскери техника қолданудың ақыры екі тараптан да өте көп адам шығынына алып келуі мүмкін.

Өзбекстан ТМД-ға төрағалық етуші мемлекет ретінде өзара татулықтың, достық пен түсіністіктің маңыздылығын алға тартады. ТМД аймағындағы кез келген дауды Халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып, бейбіт жолмен шешуді қолдайды.

Егемендік пен территориялық тұтыстық принциптерін сақтай отырып, екі тарапты да бұл дауды келіссөздер арқылы шешугі үндейміз», - делінген.

Таулы Қарабақ Армения мен Әзірбайжан арасындағы даулы территория. Қарабақтағы қақтығыс 1988 жылы Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзірбайжан КСР-нің құрамынан шыққанын жариялаған кезде басталған.

1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыстар кезінде Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Әзірбайжанға тиесілі Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті облысты өз бақылауына алған.

1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған.

Ал 1994 жылы қарулы қақтығысты тоқтату туралы Бішкек протоколы қабылданып, оған Армения да, Әзірбайжан да қол қойған.

Abai.kz

17 пікір