Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3297 0 пікір 4 Қаңтар, 2012 сағат 06:35

Мұртаза Бұлұтай. Жаңаөзен оқиғасы жайлы ойлар

16-20 желтоқсан, 2011

16-20 желтоқсан, 2011

(20 жылдығымызға қуанып жүргендегі көрген азабымыз туралы)
Қазақстанның азаттық мерекесі құтты болсын! Еліміз өркендей берсін, мемлекетіміз қуатты болсын, азаматтарымыз еркін ойлайтын, зайырлы, саналы, білімді тұлғалар болсын, ешбір елден дәрежеміз төмен түспесін, береке-бірлігіміз мығым болып, ешбір уайым болмасын!
*****
Тағы да қан төгілді. Мереке күні Маңғыстауда бейкүнә адамдар опат болды. Елге обал болды, бейбіт күнде қан төгілді, қазақ пен қазақ қырылысты! Билік те, азаматтарымыз да амбицияларын тоқтатып, елдің болашағын ойлауы керек қой. Сыртқы күштер "Араб көктемін" біздің елге де әкелгісі келеді, ал ішкі күштеріміз өз туған азаматтарын бауырға басып, олардың проблемаларын жеті ай бойы күткізбей-ақ шешуі керек емес пе еді?! Адаспайық ағайын, басқа елдерде болған қантөгістерден сабақ алайық!
*****
Ешбір себеп еліміздің тұтастығынан жоғары тұра алмайды. Біздер бүгін бармыз, ертең жоқпыз, мемлекетіміз әлі жас, оның басында осындай былықтар көп болса, ертеңі жарқын болмайды. Бәрі де өз жағына тартып жатыр, бәрінің де көзін амбиция жаулап алған, ащы шындықты көре алмай жатыр. Дін деп елге іріткі салғыш ағымның бәрін әкеп кіргіздік, амандасудан қалдық. Саяси ойындар қарапайым халықты әбден шаршатты. Жалпақ жұрт зардап шеге бастады. Тағдырымыз қыл көпірдің үстінде тұрған кез. Тек салиқалы ой, кешірімділік, мейірімділік, ағайыншылық керек осы күндері...
*****
Кең байтақ жеріміз бар, әлемде теңдесі жоқ еліміз бар, қазір жаға жыртысатын, қырылысатын кез емес, бұл қазаққа жат қылық, билік те азаматтарымыз да ақылға салуы керек, сыртқы күштердің тілеуін орындамауы керек, "күш атасын танымас" дегенді еске алуы керек, тек болашақты ойлап, өз халқының мәселелерін шешіп, жағдай жасауы керек. Үлкен сынның алдында тұрмыз, оның обалын ешбір адам, ешбір партия көтере алмайды, бұл қателікті ертең жөндей алмаймыз, бір рет от алатын болса оны тоқтату қиын, мына Ливия, Сирия, Қырғызстан т.т. мысалдарды көрдік қой, біздің қазаққа оның керегі жоқ, оның арты қасірет болады бауырларым...
*****
Ең басты нәрсе - қандай мәселені де келісіммен, азаматтарымыздың құқықтарын қорғаумен шешкеніміз жөн. Саясат және құқық механизмдері нақты істеуі шарт, оң нәтиже беруі шарт. «Ескермеген жау жаман, елемеген дау жаман» дейді дана халқымыз. Бір жақты мақтаншақтық пен астамшылдық қаншалықты дұрыс болмаса, жалаң антагонизмге негізделген ұстаным да дұрыс емес. Демократиялық институттардың барлығы да толыққанды істегенде ғана мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға болатын шығар....
*****
Біздің ең басты байлығымыз мұнай да газ да темір де емес, ең басты байлығымыз адам дер едім. Бізге әр қазақ баласының жаны ардақты, алтыннан да қымбат, әр азаматымыз ауадай қажет бізге! Сондықтан, шекіскенді қойып, бекіскен жөн, іштей ірігеніміз сырт жауға таптырмас олжа болады, олар онсыз да бізді бөлшектеп алды! Мына әлеуметтік трагедиялардың жарасы ондаған жылдарда ғана жазылуы мүмкін, тіпті, халық жадында сақталып қалуы да мүмкін, сондықтан салмақты ой қорытып, имандылыққа келген жөн ағайындар...
*****
Билік пен байлық деген екі сиқырлы күш адамды есеңгірету жағынан кез келген есірткіден кем түспес әсері жағынан, ол өзінің күшіне сеніп, мықтылығын дәріптеумен болады, бұл оның әлсіз тұсы. Күшпен шара қолдану Кеңес дәуіріне тән биліктің амалы, ол орта және ұзақ мерзімде оң нәтиже әкеле қоймас. Кешегі биліктің Президиумында отырған Әбіш Кекілбай сияқтылар неге барып халықпен тілдеспейді, көңіл айтып, жұбату айтып, солардың мұң-мұқтажына тәржімеші болса баяғыда бұл мәселелер шешілмес пе еді? Билік халықтың алдында еңкейсе ол биліктің төмендегені емес, қайта халықтың қошеметіне ие болып, биіктегені дер едім....
*****
Қазағымның осы мүшкіл халге душар болғанын көріп, қабырғам қайысып, жүрегім ауырып жатыр. Айшуақ інім рахмет саған, қазағым деп соққан жүрегіңнен айналып кетейін! Біздің қолымыздан не келеді, тек түзелсе екен деп тілейік. Кеше кеуделері медалдармен ордендерге толы отырған шонжарларымыз дәл осындайда өздерін көрсетіп, елге араша болуы керек деп санаймын, қазағым аман болсын!
*****
Бұлар жақсы жаңалықтар емес. Айналамызға қарағанда біздің Қазақстанда осындай қақтығыстар ешқашан да болмайтын шығар деуші ек, онымыз бекер болып шықты. Күн өткен сайын елдегі тыныштық бұзылып барады, қақтығыстар көбейіп барады. Телевизорды қосуға қорқатын болдық, әр жаңа күн жаңа бір атыстың не жарылыстың болғаны туралы еститін болдық. Билік пен азаматтар парасатты қадам жасамаса ертеңіміз қараң болады....
*****
Қалтасы қалыңдар шетелдерде қымбат үй-жайларын дайындап қойған, бірдеңе бола қалса зыта салады, бәрі дайын, ал мына бишара жұрт не істейді, басында баспанасы жоқ, ол кешкі ішетін асын ойлайды, бала-шағасының амандығын ойлайды....
*****
Дұрыс айтылған, жеті ай бойы ереуілдер мен шерулер орын алып отырған шиеленіс аймағында құқық қорғау органдары тиісті сақтық шараларын қолданып, болып не болайын деп жатқан жағдайлардан алдын ала хабардар болып тұруы және қандайда бір арандатушылыққа я заң бұзушылыққа жол бергізбеуі қажет еді ғой!
*****
Халқымыздың тарихында ішкі жанжал деген болмаған, бұл ең қиыны және ең қауіптісі, сондықтан тек ағайыншылыққа, сабырлылыққа және кешірімділікке шақырайық. Саяси ойындарға құрбан болып кетпейік, елдің келешегін ойлайық, мемлекетіміздің тұтастығын ойлайық, осындай кең байтақ еліміз бар, бай жеріміз бар, ең басты байлығымыз осы ғой, айырылып қалмайық осы бір киелі отанымыздың бейбітшілігінен, тыныштықтан...
*****
Сыртқы күштердің ойындарына сақ болуымыз керек, ұлттық бірлігіміз дәл осы күндері ауадай қажет! Империялист күштер біздің билікті өз азаматтарына қарсы күш жұмсауға итермелеп жатыр, алуан түрлі әккі тәсілдермен арандатушылық жоспарлы түрде жылдар бойы жасалып келеді. Біздің мықтыларымыз мықтылықтарын дәріптеуден осындай көкейтесті нәрселермен шұғылдануға уақыт таба алмай әлек. Ливияда, Сирияда, Мысырда т.т. осындай сценарийлер қойылған, билік өз халқына қарсы күш қолданып, аяғы өршеленген жұрт ашық күреске шыққан, Батыс оларға қару-жарақтан бастап, қаржы, техника т.б. бәрін беріп қолдады ғой....
*****
Бізде мұндай мәлімдемелерді ешкім өздігінен жасамайды, жоғары жақтан бір белгі я ишарат келген шығар, сонан соң бәрі бұлбұлша сайрайды, бала бақшаның тәртібі бүкіл елге орнағандай....Кіндігінен байлаулы, аузына ноқта салынған, тырп еткізбейді, сөйлейін десе таяқ жейтінін біледі, былай істесе марапатталады. Жеке басқа табыну жалпы сипат алды, барлық дәрежелерде... Ал зиялылар (!) жеке басының күйін күйттеп кетті, ел иесіз, қорғансыз қалды.... Шындықты жасқанбай айта алатын тұлғаларымыз жоқтың қасы, жалтақтық пен сатылғыштық ен жайлап кетті, өтірік пен көз бояушылық өзін өзі алдауға апарып соқтырды. Бұл түстен бір күні оянармыз, бірақ кім болып, қандай халде?!
*****

Сапа мен сипат бұзылды, оңай олжа табу, арзан атақ, жағымпаздық, әлімжеттік, озбырлық, ағайынды қорлау, қазақ баласын алалау, елге іріткі салу дендеп көбейіп кетті... басқаны былай қойғанда, үкіметтің басында отырған адамдар ертеңгі күнді ойлап, ұлт болашағын ойлап сөйлемей ме?! Қазақтың тарихы тек бүгінгі күнмен бітпейді ғой, тек бір комиссияның тапсырмасымен шектелмейді ғой! Өздері шешуге тиісті мәселелерді лайығынша орындаудың орнына, «оралмандар кінәлі!» деп, ел-жұртын іздеп келген ағайынға айыптың бәрін таға салады. Өкініштісі, мемлекет қайраткерлерін дайындай алмадық, ащы шындық осында, тек "команда" қайраткерлерін дайындап жібердік, ал олардың алдыңғы "сенімді" өкілдері шетелге қашып тынды, артқыларының түрін өздерің көріп отырсыңдар, қайдам...
*****

"Құртып құтыл!" деген Советтен қалған қатаң әдіс, ол 1937 жылы ұлт зиялыларын құртып құтылғысы келген, барлық шиеленістерде осы амалды пайдаланған әміршіл жүйе, әлімжеттік жасап, хақ-нахақ па деп қарамастан, бір ауыз сөз үшін яки бір белгі... үшін ғана айып тағып түбіне жеткен, жеткісі келіп өзі құрдымға кеткен, Советтер Одағы құлағанда 300 миллион халқы бар бұл империяның бір азаматы көшеге шығып айғайламаған, жыламаған да! Қазір ондай әдістер тиімсіз, қайта ымыраға шақырып, бауырға басып, санасып, сөйлесіп, тіл табысып қана істейтін кезде өмір сүріп жатырмыз ғой. Қазақтар, бөлінбеңдер, бірігіңдер! Ағайын болыңдар!
Мұртаза Бұлұтай,
ф.ғ.к., дінтанушы,
мәдениеттанушы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 308
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 150
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 152
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 149