Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 2309 0 пікір 21 Тамыз, 2020 сағат 13:12

Президент Арыс қаласындағы әскери полигонға барды

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек Қазақстан Президентіне әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды.

Мемлекет басшысы бұл полигонның, аталған әскери бөлімнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті.

– Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері мен құралдарын, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтырғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш затты залалсыздандырды. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 981
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 846
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 644
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 709