Жұма, 10 Мамыр 2024
2755 0 пікір 2 Шілде, 2020 сағат 12:08

«Abai TV» арнасы - төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттайды

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында қазақ руханиятында бірқатар іргелі істер атқарылмақ. Солардың бірі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның ұйытқы болуымен ашылған «Абай ТВ» және «Әл-Фараби» телеарналары.

Күні кеше түңлігін түрген «Абай ТВ» телеарнасы ұлы ақынның мерейтойына үлкен тарту болғаны сөзсіз. Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан аталмыш телеарна қазақ мәдениеті мен руханиятының жауһар туындыларын, ұлы ақынның өшпес мұраларын халыққа кеңінен насихаттауды мақсат еткен.

Сондай ақ, телеарна әлемдік өнер мен ұлттық мәдениеттің жауһар маржандарын, түрлі ұлттардың тарихи және әдеби мұраларын, театр, балет секілді өнер түрлерін қалың көпшілікке ұсынбақ. Ал, арнаның ең басты міндеті – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ұлы хакімнің мұрасын жан-жақты насихаттау мен дамыту ісін ілгері бастыру.

«Абай ТВ» арнасы 07:00-ден 00:00-ге дейін тәулігіне 17 сағат қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Арнадағы телеөнімдердің 80 пайызы қазақ тілінде болмақ. «Абай ТВ» арнасы «ID TV»,  «Alma TV»кабельдік желілері арқылы және «Otau TV» ұлттық спутниктің операторы арқылы таралады.

Сонымен қатар арнаны www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі де жүзеге асырылады.

Министр Балаеваның айтуынша, «Абай ТВ» телеарнасы «Қазақстан ТРК» құрамына кіреді.

Сонымен қатар, Балаева жаңа оқу маусымынан бастап «Әл-Фараби» оқу ағарту арнасы да ашылмақ.

-«Оқу ағарту бағытындағы «Әл-Фараби» телеарнасы «Хабар» агенттігінің құрамында болады. Жаңа оқу жылының қарсаңында көрсетіле бастайтын аталмыш арна 6-18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналады. Ал, телеарна оқу-ағартубағытындағы телевизиялық платформа болады. Себебі, пандемия кезінде мұндай арнаның өзектілігі байқалды» ,- деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Иә, біздің елде ғылым мен білім, мәдениет саласында хабар тарататын телеарнаның орны ойсырап тұрғаны рас. Осы олқылықтың орнын толтырған Абай телеарнасының маңызы жөнінде ҚР Президентінің Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев та айтты.

-«2020 жыл әлемдегі күрделі жағдайларға қарамастан елімізде ерекше оқиғалармен қалары сөзсіз. Сол маңызды дүниелердің бірі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Бүгінгі таңда ақынның мұраларын насихаттауға арналған ірі шаралар басталды. Ол ауқымды жұмыстар әлі де жалғасуда. Бұл біздің барымызды бағалап, болашағымызды бағдарлайтын нақты қадам болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы» деп лайықты бағасын берді»,- деді Абаев.

Сонымен қатар Дәурен Абаев бұл арнаның мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарна екеніне тоқталды.

-«Жаңа телеарнаға Абайдың есімі беріулі бекер емес. Бұл мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарна. Ал, оған Абайдың атын беру өте маңызды. Себебі, ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасады.

Екіншіден, Абай.TV арнасы – төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етеді. Бұл туралы ұлы ойшыл «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан», «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеттер қалдырған. Біз соны есте ұстауға тиіспіз.

Сонымен қатар ұлы ақын тағы бір сөзінде адам баласын заман өсіреді дейді. Демек, біздің жаңа телеарна жұмысы да осы қазіргі кезеңнің талабына сай болмақ»,- деді ол.

Жаңа телеарна Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен іске қосылған. Көпшілікке Абай мұрасын, халқымыздың мәдениеті мен өнерін және бүкіл әлемнің мәдени жетістіктерін таныстырады. Қазірдің өзінде осы бағытта «Сарасөз», «Абай жолын бірге оқиық» секілді бғдарламалар жарыққа шықты. Сонымен қатар, қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларын талдауға арналған «Үркер» атты хабар да жарық көрген. Одан бөлек, қазақ тарихы мен музыка мәдениеті жайында «Музыка Великой степи»,жастарға арналған «Жыр майданы» хабарлары көпшілікке жол тартқан. Одан бөлек, балет пен спектакльдерге арналған «Премьеры» бағдарламасы да жарық көрді.

Аталған арна туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалы жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Абайдың аты – өте ардақты. Сондықтан осы арнада жұмыс істейтін қыз-жігіттердің мойнына ауыр жүк артылады. Абайдың атын иеленгеннен кейін оның ойшылдығын, әділдігін, сөзге деген ерекше ықыласын, әндері мен ғажайып жырларындағы сұлулықты сақтап, сол биікке ұмтылыңыздар.

Осындай қиын кездің өзінде қиыншылыққа мойымай жаңа телеарнаның ашылуы, оған барлық мүмкіндіктің жасалуы – игі қадам»,- деді Сұлтан Оразалы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1897
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1963
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1653
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1502