Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 5708 10 пікір 20 Шілде, 2020 сағат 16:30

Ауыс-түйіс. Үкімет отставкаға кете ме?

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.

Асқар Жұмағалиевтің министр қызметінен кетуі ел күтпеген тосын оқиға емес. Өткен айдың соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған біраз шенеуніктердің жұмысын сынаған болатын. Сонда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ескерту алған.

Президент жауапты шенділер коронавирус індетінің таралуына қарсы шараларды тиімді жүргізбеді деп сынға алған.

Ал осыдан 10 күн бұрын Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген. Сол кезде үкіметке 2 апта уақыт беріп, екі аптада жағдай оңалмайтын болса, Үкімет құрамын ауыстыруы мүмкін екенін ескерткен.

«Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», - деген еді Тоқаев.

Содан бері 10 күндей уақыт өтті. Үкіметтегілерден алғаш болып Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен кетіп отыр. Бұған дейін Президенттің экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов қызметінен босатылған болатын.

Ел арасындағы ендігі сұрақ: мемлекет басшысы айтқандай, үкіметтің қазіргі құрамын өзгерту жұмысы басталып кетті. Ел арасында Асқан Мамин бастаған қазіргі үкімет отставкаға кетуін талап етушілер көп. Коронавирустың кең етек алып кетуіне сылбыр жұмысы себеп болғаны сөзсіз.

Карантин жарияланып, қашықтан онлайн жұмыс істеу, білім алу, әлеуметтік көмекке өнініш беру қажеттілігі туындағанда, елдегі цифрландыру жұмысының тым нәтижесіз екені көрініп қалды. Мұның індетпен күреске айтарлықтай кедергі келтіргені сөзсіз. Сол үшін де алғаш болып, аталған министрліктің басшысы қызметінен кетіп отыр.

Егер жағдай жақсармаса, жылы креслосымен қоштасатын министр жалғыз Жұмағалиев болмайтын шығар. Министрлер ғана емес, мемлекет басшысы атын атап сынаған бірнеше әкімнің де жұмысы сын көтермейді. Тіпті үкімет толықтай отставкаға кетуі де мүмкін.

Abai.kz

10 пікір