Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Деп жатыр 30775 43 пікір 17 Шілде, 2020 сағат 12:18

Аудан әкімі: Мен «креслома» жабысып отырған жоқпын!

Кешегі күннің желідегі «жұлдыздары» Қызылорда облысының тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекова мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова болды.

Қызылорда облысының Жағақорған ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкіміне, дәлірек айтсақ, «әкім келеді» деп әлек болған жергілікті басшылардың алашапқын әрекетіне наразы тұрғынның бейне жазбасы тарады. Сандуғаш Тұрлыбекова есімді әйел: «Сіз ханның қызысыз ба? Жолды неге жаптырасыз», деп наразылық білдірген еді. Облыс әкімі мен аудан тұрғынының арасындағы аз-кем әңгімені кеше жаздық. Сандуғаш Тұрлыбекованың сол видеосы қоғамда қызу талқы болды. Жүздеген, тіпті мыңдаған пікірлер айтылып, жазылып жатты.

Осыдан соң, қоғамдық пікірге, тұрғын наразылығынга облыс әкімі лезде жауап беріп, видео мәлімдеме жасады. Өзі де, аудан басшылығы да жолды жабу туралы тапсырма бермегенін, кінәлі учаскелік полицей екенін айтты. Алайда, әлеуметтік желі қолданушылары облыс әкімін сынның астына алып жатыр. Араша түсіп жатқандар да жоқ емес. Facebоok желісінде Бақытжан Омар есімді азамат облыс әкімінің бейне-мәлімдемесін жариялапты. Оның астына 130-дан аса пікір түскен екен. Сол көп пікіршінің бірі – Сұлтан Мақашов.

Айта кетейік, Мақашов Сұлтан Ысқақұлы Жаңақорған ауданының әкімі. Ол бұл қызметке 2019 жылдың тамыз айында тағайындалған екен. Бұған дейін Қызылорда облысының Қармақшы ауданында әкім, Қазалы ауданында әкімнің орынбасары қызметтерін атқарған.

Аудан әкімінің әлеуметтік желідегі пікірін, үтір-нүктесіне дейін өзгертпей, қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік.

«Аймақ басшысын қауіпсіз жолға шығарып жібере алмасақ, біз кім болғанымыз?»

Сұлтан Мақашов, Жаңақорған ауданының әкімі:

- Саламатсыздар ма. Жоғарыдағы туындаған мәселеге байланысты түсініктеме

1.Біріншіден облыс әкімі әрдайым ауданға сапары кезінде, маған артықшылық жасап, тұрғындардың жүріс тұрысына кедергі келтірмейік, жолдар жабылмасын деп үнемі тапсырып жүр. Сол себепті республикалық маңыздағы жолмен ілесіп жүрген жол патрульдік автокөлікті де елді мекен шекарасынан тысқа қалдырып кетеді.

2.Облыс әкімі маршруттары бойында менің немесе аудан әкімінің аппаратынан көшелерді жабу туралы полицияға тапсырма берілген жоқ. Көшелерде көліктермен қатарласып жол ережелеріне сәйкес жүрді. Мен облыс басшысымен бірге аудандық аурухана алдындағы жалпы тұраққа тоқтадық. Аурухана ішінде жүрген сәтте, сол аумақтың учаске инспекторы, ауруханаға жақын көше қиылысында қоғамдық газель автокөлігін тоқтатқан, көше жабық емес, басқа көліктер жүріп жатыр. Сол сәтте полиция бөлімі басшысының орынбасары, учаске инспекторына көлікті неге тоқтатасың, қозғалысты тоқтатпаңдар деп рация арқылы тапсырма берген, бірақ ол тапсырма орындалмаған.

Бір жағынан, инспектордың айтуы бойынша, мен облыс әкімінің көлігі аурухана алдынан қозғалайын деп тұрған сияқты болғасын, өткізіп жібергенше тоқтата тұрайын, кептеліс болып қалар деп шештім деп отыр.

Көше қозғалысының қауіпсіздігі олардың да міндеті. Ешкімге жасырын емес, тал түсте ереже бұзып ұйтқып жүрген, жүгенсіз жүргізушілер де аз емес. Облыс басшысының қауіпсіз шығып кетуін ойлаған шығар. Қалай болғанда да көшелердің жабылмағаны анық.

3.Үшіншіден екі үш айда бір келетін аймақ басшысын, көшені жаппасақ та, тоқтаған жерінен қауіпсіз жолға шығарып жібере алмасақ біздің кім болғанымыз. Онсыз да полицияның күнделікті сол қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек емес па.

Бүгінгі қалыптасқан эпидақуалға байланысты, әкім провизордағы әр науқаспен сөйлесіп, жағдайларын біліп, ауданға алынып жатқан құрылғылар мен дәрі дәрмектер туралы хабардар етіп, науқастарға қолдау білдіруге келген сапарына сәттілік тілеуіміз керек, ел қолдамаса, мүмкіндік бермесе, тек қалай аяғынан шаламыз десек, оның болашағына балта шабу, керісінше кішкене қолдау білдіріп, өзінің ойларын іске асыру ушін, ел болып қолдайық.

Мен елге адал қызмет етіп жүрмін деп ойлаймын, басшымыз да барлығынан осы адалдықты талап етіп отыр. Елдің, басшының, президентіміздің талабына сәйкес болмасам, мен осы лауазымдағы креслома жабысып отырғаным жоқ.

Президент айтқандай, өз басыңның емес, елдің пайдасына шешім қабылдауға әр кез дайынмын.

Сондықтан, ағайын болған нәрсеге түсіністікпен қарауларыңызды, артық айтқан болсам, алдын ала кешірім сұраймын.

(Желідегі пікірдің скрин нұсқасы)

Abai.kz

43 пікір