Жұма, 3 Мамыр 2024
Ақмылтық 6810 20 пікір 17 Шілде, 2020 сағат 11:05

Жоғалтқан мүмкіндік жайында...

Баршаға мәлім, үрейлі ядро-шоқпарымен әлемге сес көрсетіп, өзінің империяшылдық-шовинистік құлқынын бүркемелеу үшін өтірік сөйлеуді саясатының негізіне айналдырып алған жаңа тұрпатты көлгір император жақында, 21 маусымда, ресейлік эфирден күллі әлемді тіксінткен жаңа мәлімдеме жасады. Алып мемлекеттің төбесіне қонжиып, ұлттық-мемлекеттік құрылымдар бірлестігі есебінде ұғылуға тиіс федерацияның мазмұнын қатаң орталықтандырылған жаңа империяға айналдырып алған суайт қожайынның айтуынша, Совет Одағы ыдырағанда тәуелсіздіктерін жария еткен республикалар «бостандыққа халықаралық құқтарды бұзып» жетіпті де, өздерімен бірге, «өз багаждарына орасан зор көлемде дәстүрлі россиялық жер-суды» салып алып кетіпті, оларға «ежелгі орыс жерлерін орыс халқы» сыйға тартыпты. Осы жәйт жанын азапқа түсіріп, күйзелтіп жүрсе керек, олардың «өздерімен бірге орыс халқының сыйлықтарын ала кеткенін» ашынған үнмен еске алды, «одаққа неңмен кірдің – соныңмен кетпеймісің» деген сөздері астарына болашақта сол ертегі іспетті «сыйлықтарды» қайтарып алуды көздейтін арам ниетін тоқып, үлкен қатер бүккен зілді тұжырым-емеуірін білдіріп қалды.

Оның жанын күйзелтіп аян еткен «манифесі» бұрыннан еліндегі жекелеген саясаткерлер айтып келе жатқан, тіпті, федерация парламенті мінберінен де сөз болып жүрген «орыс жерін жинағыштардың» даурықпасына керемет үйлесе кеткені сондай, артынша біраз жұрт түрлі дәрежедегі құштарлықпен ой білдіріп жатты. Айталық, 22 маусымда Фрейгин-лайф арнасында ой бөліскен  үш ақсақал-көксақал саясатшы-саясаттанушының  бірі нью-императордың «ашықтан-ашық көкбеттікпен көрші мемлекеттерге орасан зор территориялық дағуа-талап қоюы әлемдік тарихта бұрын-соңды болмаған жағдай» екенін сездірсе, екіншісі  оның манифесінің мәні  «Сәлем, Қазақстан!» екенін, «1 қыркүйекте тек жаңа оқу жылы» ғана емес, қазақ елінің терістігін аннексиялау басталатынын, ол жердің содан былай «Оңтүстік Орал» деп аталатынын айтып, бұл жоспардың орындалуы әрі кеткенде алдағы қаңтардан аспайды деп сәуегейленді.  Олардың жүрекжарды сырына қарағанда: 2014 жылдың көктемінде Мәскеуде біздің бірінші президентке «Қазақстанның солтүстігі советтік дәуірде күштеп бөліп берілген россиялық территория» екені дөрекі түрде мәлімделген, сөйтіп ол еліне жүрек талмасына жетер-жетпес жағдайға түсіріліп қайтарылған көрінеді. Бірақ сол жолы мәселенің шешілуін араларындағы уағдаластық, достық рәуіш қана сақтап қалса керек, ал енді аумақтық дағуалардың мына 2020 жылғы жаңа мәлімдемеде қайталануы идеологиялық негіздеме екені анық, екінші президент пен Кремль қожайыны арасында әзірге соншалықты тығыз байланыс орнай қоймағандықтан, бұл жолы «өзіне орыс жерінің қайтарылуы кәміл» десті.

Содан бері екі елде де билік өкілдері түсінік беріп үлгерді: Ресей жағы көрші елдерге ешқандай территориялық талабы жоқ екенін, Қазақстан жағы сонау мәлімдеменің өздеріне түк қатысы жоқтығын ресми мәлімдеді. Ал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тіпті бірер генералдар тобы да мәселеге байыппен, тереңнен қарауға тырысты. Шындап келгенде, Ресейдің бұлдайтын ештеңесі жоқ, өйткені ол алып аумақты жаулап алулар мен алдап-арбаулар нәтижесінде иеленген, оның өзіне тән ежелгі жер-суы Мәскеу облысы ғана делінді. Совет Одағы тарағанда, одақтың құрамынан алғашқылардың бірі болып Ресейдің өзі қажет деген «багажын» алып шыққаны аян етілді. Турасын айтқанда, өз жер-суынан Қазақстанға Ресей емес, Ресейге Қазақстан «сыйлық жасаған» делінді, өйткені Астрахан, Орынбор, Төмен, Омбы облыстарының, жалпы Шығыс Сібірдің, Алтай өлкесінің едәуір бөліктері ежелгі қазақ жерлері екені, бірақ оларды қайтару жайында Қазақстанның талап қоймайтыны, себебі қазіргі жағдайды бекіткен өз кезіндегі заңнаманы мойындап, қадірлейтіні айтылды. Біз бұл жәйттерге тоқталмай, КСРО таратылған шақта жаңаша дамудың ескерусіз қалған өте  маңызды бір балама жолы болғанын еске салуды қош көріп отырмыз.

Алдымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) қалай дүниеге келгеніне шағын шолу жасайық. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Украинада референдум өтіп, дауыс берген бүкіл халықтың 91 пайызы  өз мемлекетінің Жоғарғы Кеңесі 24 тамызда жариялаған тәуелсіздік мәртебесін қолдады. Соған арқа сүйеген президент Леонид Кравчук  1922 жылы жасалған КСРО-ны құру туралы келісімшарттың күшін украин елінің жойып, бұзып шығып отырғанын 5 желтоқсанда мәлімдеді.  Жаңа саяси ахуалды талқылау үшін 8 желтоқсанда Белоруссияда үш елдің басшылары бас қосты. Мәжіліс басталарда, бертінгі көп деректерден белгілі болғандай, КСРО президенті Михаил Горбачевтің өзіне берген тапсырмасына сәйкес, РФ президенті Борис Ельцин  соған дейін жаңартылып жасалып жатқан жаңа одақтық шартқа Кравчук қол қояр ма екен деп сұрайды. Кравчук ондай қадамға барса – өзінің халқына сатқындық жасағанына баланарын айтып, оған қарсы сауал қояды. Егер сондай референдум Россияда өткен болса, Елцин қай тарапты таңдар еді: ЦК-ның жағына ма, әлде басым дауыспен тәуелсіз мемлекет құруды мақұлдаған халық жағына шығар ма еді? Елцин: «Әрине, халық жағында болар едім», – деп жауап береді.  Осылай басталған жиын бүгінде «Беловежье келісімі» деген атпен жер-жаһанға мәлім аса маңызды тарихи құжат қабылдаумен аяқталады...

Сонымен, 1922 жылы КСРО-ны құру туралы Келісімшартқа қол қойған  құрылтайшы-мемлекеттер  ретінде бүгінгі Беларусь Республикасы, Россия Федерациясы және Украина басшылары 1991 жылғы 8 желтоқсанда әуелде «Славян мемлекеттерінің одағын құру туралы Келісім» деп аталып, артынан өзгертілген нұсқаға – «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келісімге» қол қойды. Олар өздерін «Жоғарғы Келісуші Тараптар» деп атап, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының халықаралық құқық субъекті және геосаяси ақиқаттың көрінісі ретінде өмір сүруін доғаратынын белгіледі (констатациялады). Барлық демократиялық құндылықтарды, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерін, басқа да халықаралық құжаттарды мойындайтындарын растай келе,  «адамның және халықтардың құқтары туралы жалпыға бірдей танылған халықаралық нормаларды сақтау міндеттерін мойнына ала отырып», он төрт бабтан тұратын Келісімнің бірінші бабына: «Жоғарғы Келісуші Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрады» деген тұжырым жазды. Келісімнің 5-ші бабында «Тараптар бір-бірінің территориялық тұтастығы мен достастық ауқымында орнаған шекараларына қол сұғуға болмайтынын  мойындайды және құрметтейді» деп көрсетілді. Таратылған  КСРО органдарының қызметі Достастыққа мүше мемлекеттердің аумағында тоқтатылатыны ескертілді. Осы Келісімнің мақсаттары мен принциптерін қабыл алатын бұрынғы Кеңестік Республикалар Одағына мүше болған барлық мемлекеттің, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің  Келісімге қосылуына есігі ашық екендігін 13-ші бабта, достастықтың үйлестіруші органдары Минск қаласында болатынын 14-ші бабта атап көрсетті. Осылай ТМД құрылды. Одан әрі ТМД-ның іргесін кеңейту үдерісі жүрді.

Қазақстан Республикасы Бірінші Президентінің бастамасымен  1991 жылғы 21 желтоқсанда Балтық жағалауындағы елдер (Литва, Латвия, Эстония) мен Грузиядан басқа он бір егемен мемлекет (Армения, Әзірбайжан, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Өзбекстан, Россия,  Тәжікстан, Түркменстан, Украина)  басшысы Алматы Декларациясын қабылдап, 8 желтоқсанда Жоғарғы Келісуші Тараптар жасаған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келісімге тең құқылы жағдайда қосылатындарын белгілеген Хаттамаға қол қойды. 1993 жылғы 22 қаңтарда Достастықтың Жарғысы қабылданды. Сол жылғы желтоқсанда Достастыққа Грузия да кірді. Алайда Россия 1908 жылғы тамызда Грузияға әскер кіргізіп, бес күндік соғыс жүргізді де, 26 тамызда Грузияның құрамында болған Оңтүстік Абхазия мен Осетияны тәуелсіз мемлекеттер ретінде ресми түрде мойындады. Сол себепті Грузия 2 қыркүйекте РФ-пен дипломатиялық қатынастарын үзді, 2009 жылғы 18 тамызда ТМД-дан шығып кетті.  Келісімді, Хаттаманы, Жарғыны бұзғанына РФ еш қиналған жоқ, өйткені ТМД мүшелері оған қарсылық көрсетпек түгіл, ешқандай наразылық та білдірмеді. Сондықтан ол 2014 жылы Украинаға да өз дегенін істеді: «халықтың өз ерік-жігері сондай» деген жасанды желеумен Қырымды аннексиялады, Донбасқа астыртын әскер мен қару-жарақ жібере отырып, «оған біздің қатысымыз жоқ» деген өтірікті жалаулату жолымен қылмысты  соғыстың өртін өршітті. Украина қазір ТМД-ның үйлестіруші органдарындағы қызметін доғарған ахуалда...

Осындай жағдайлардан кейін үлкен көршінің өз империяшылдық ниетін өз бетінше ауыздықтай қоярына кім сенбек... Бірақ сендік, сеніміміздің жетегімен ортақ ықтимал пайданы күйттедік, оның зұлымдық бүккен пиғылы пайдасына қызмет ететін бастамаларды ұсыну, қолдау арқылы империяны жаңаша жаңғыртуды көздейтін пешке өз қолымызбен үстемелеп отын салып тұрдық... Ойлап қарасақ, егер тарихтың Совет Одағы тараған тұстағы маңызды бір кезеңінде елеусіз қалған жолмен жүрген болсақ, онда дамуымыз бен өзге елдермен қарым-қатынасымыз және болашағымызға көзқарасымыз мүлдем басқаша, әрі әлдеқайда сенімді бағытқа түскен болар еді... Тарихта шартты рай болмайтыны белгілі ғой, әйтсе де көпті тіксінткен мәлімдеменің жасалуы одақ құрамындағы республикалардың советтік империя қамытынан азат болғаннан кейінгі жаңаша қауымдасу кезеңінің бір сатысында өзіміздің жіберіп алған қателігіміздің салдары болуы мүмкін екенін ескеріп, соның парқына бару, тиісінше келешекте жасалғаны жөн болмақ  қадамдар орайында ойласып көру ләзім. Осы ретте славян мемлекеттерінің 1922 жылы өздері құрған кеңестік республикалар одағының қызметін доғарған шағына оралайық.  Әйгілі Келісім 1991 жылғы 8 желтоқсанда жасалды да, артынша, желтоқсанның 10-ында Беларусь Республикасы мен Украинаның, 12-сі күні Россия Федерациясының Жоғарғы Кеңестері аталмыш құжатты ратификациялады. Ал 13-ші желтоқсанда Ашхабадта Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі болды. Кездесуде, баршамыз білетіндей, Орталық Азиядағы бес егемен мемлекет ТМД-ға қосыламыз деген шешімге келді...

Бұл, әрине, жалпы алғанда дұрыс шешім еді, бірақ соған дейін өткен тарихи жолды дұрыс ескермегендіктен, бір қайнауы ішінде қалған, тиісінше кездесуде бас қосқан мемлекеттер басшыларының тарихтан сабақ алмағандығын көрсеткен асығыс шешім болды. Ол қандай тарих және олар одан нендей сабақ алуға тиіс еді? Мәселе мынада. Құлаған самодержавиенің орнына келген жаңа өкімет советтік жаңа империя орнатуды мақсат етті, оны жүзеге асыратын саяси және идеологиялық қару – империяшыл большевиктер партиясы болды. Ол патшалықтың шашыраған бөлшектерін құрастырып, тұтастырды. Тым күшейіп бара жатқан бөлегін жаңаша бөлшектеп, ежелгі «бөліп таста да биле» тәсілін қолдана отырып бекем біріктіруді көздеді. Бұл ретте большевизм құдды  байланыстырып-жапсырғыш цемент сипатты рөл атқарды, ол күллі елді шырмаған саяси шырмауық тәрізді еді. Түсініктірек айтқанда – былай... Ақпан революциясы туғызған саяси мүмкіндік арайында Қоқанға жиналған мұсылмандар съезі 1917 жылы Түркістан автономиясын жариялады. Ташкент боьшевиктері Мәскеудің көмегімен оны 1918 жылғы ақпанда қанға бөктіріп құлатты да, сәуірдің соңында өлкенің советтік автономиясын құрды. Біртіндеп автономия үкіметінің басына жеткен ұлт қайраткерлері 1920 жылдың басында биліктің ұлттық сипатын танытатын шешімдер қабылдады. Орта Азия халықтарының мемлекеттік тұрғыда біртұтас әрі күшті екені көрініп қалды, ал бұл орталық үшін қауіпті болатын. Сондықтан оны жекелеген түрк бірліктеріне бөліп тастау қажеттігін сол 1920 жылы нөмірі бірінші большевик Лениннің өзі міндет етіп қойды. Орта Азияны жаңаша ұлттық-мемлекеттік бірліктерге бөлшектеп, жеке-жеке билеу мәселесін Мәскеудегі большевиктер партиясының басшылығы 1924 жылдың басында қолға алды. Сонда Түркістан өлкесіндегі ұлттық қайраткерлер өлке халықтарының ұлттық пәтерлерге бөлініп ірге ажыратуы қате екенін пайымдап, КСРО құрамына Ортаазиялық Федерация құрып кіруді ұсынды, жекелеген ұлттық бірліктерге бөліну мәселесін Федерация халықтарының даму деңгейі теңескеннен кейін көтерген орынды деп санады. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның Экономикалық қауымдастыққа бірігуі қажеттігін айтты. Ешқайсысы өтпеді.

Ұлттық межелеу аяқталып, Ресей Федерациясының құрамында қалған Қазақ автономиясы ашаршылық қырғынына ұшырап, халық ұлттық апатты бастан кешті. Қатаң орталықтандырылған партиялық биліктің барша тіршілікті шырмағаны сондай, «социализм орнатқан» қазақ өз мұқтаждығын ашып айта алмайтын күйге түсті. Содан солақай реформалар мен қарсылық көрсеткен қозғалыстарды қырып-жою, аштық трагедиялары, саяси қуғын-сүргін, соғыс ылаңы, республика жерін концентрациялық лагерьлерге айналдырып, қазармалық социализм орнату бағытын ұстану, қалың қазақ ішінде полигон салып, жер үстінде, жер астында ядролық қару сынау, тың игеру желеуімен қазақ жерін қайта отарлау салдарынан қазақтың өз елінде барлық халықтың 29 пайызын құрап, ұлттық азшылыққа түскен кесепатты кезеңі орын алды. Мұның бәрінің астарында өз елін өзі билей алмау, ұлттық мүддені ойлауға құқтары болмай, ұлт мұқтаждығын қанағаттандыратын шаралар қабылдай алмау сынды  шарасыздықтар жатқан. Ақыры Орталықтың астамшылығына қарсы бейбіт демонстрацияға шығып, аяғын саяси көтеріліске ұластырған қазақ жастарының көзсіз жалаңтөстігі бастап, алып империяны қақырататын оқиғалар көбейді. Езуші биліктің еш уақытта отарына өз еркімен бостандық бермейтіні белгілі-тін, езгіге түскен тараптардың талап қоюының алғашқы кезеңінде бұрқ еткен 1986 жылғы Желтоқсан басқа республикалардағы сондай оқиғаларға ұласты да, ақыры 1991 жылы Совет Одағы ыдырады. Енді еркіндік алған жаңа мемлекеттік дербес бірліктерге империя құрамында өткен даму тарихын безбендеп, тәуелсіздік жағдайында жаңаша дамудың дұрыс жолын таңдау мүмкіндігі туды...

Менің бекем иланымымша, 13 желтоқсандағы Ашхабад мәжілісі осы тақырыпты айналып өтпесе керек еді. Оның басты себебін ажыратып, үлкен көршінің тәуелсіздік тұсында жаңаша оянатын тәбетін қытықтайтындай әрекеттерден бас тартқан жөн болмағын парықтауға тиіс-тін. Орта Азияда түтін түтетіп тұрған Түркреспублика, Бұхара, Хорезм республикаларын 1924 жылғы ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жаңаша жіктеп-межелеу тарихын, тараптардың мақсат-мүддесін айқындап, науқанның оң-теріс нәтижелерін, себеп-салдарларын  ажыратып, сабақ алатын кез туғанын ойлауы тарихи қажеттілік болатын. Үлкен Түркістан елдерінің жаңа ахуалда еркін дамуын қамтамасыз ететін заманауи қауымдастық құруы қажет екенін түйсінуді заман талап етіп тұрған. Кім-кімге де белгілі, билеуші өз еркімен ешкімді де дербестікке жібере қоймайды, езгіге түскендер өзіне еркіндік берілуін талап етуге тиіс. Алайда 1991 жылы Алла Тағала одақтас болған республикаларды ондай теке-тірестен құтқарды, мұны дәл бағамдаған Балтық жағалауы елдері бірден ТМД-дан іргелерін аулаққа салды. Біз олай етпесек те, мойнымызға бағзы қамыттың жаңарған түрін  бірден іле салмай, әуелі Үлкен Түркістандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ҮТТМД) құруға тырысар  едік. Мұның, сөз жоқ, уақытша тыншып жатқан аждаһа аранына Орталық Азиядағы жаңа тәуелсіз мемлекеттердің жеке-жеке жұтылуынан сақтайтын шара болары анық-тын. ҮТТМД дүниеге келгеннен кейін, славян елдері құрған ТМД-мен қызметтес, ынтымақтас болу арқылы даму жолдарын  белгілеп, ұтымды түрде пайдалануды ойлану сұранып тұрған. Солай ету қажет те еді, өкінішке қарай, бұған біздің – Орталық Азиядағы бес мемлекет әміршілерінің, саяси элитасының жүрегі дауаламады. Содан бері отыз жылға тарта уақыт өтті – осы уақыт ішіндегі жетістік-кемістігімізді жан-жақты саралап, сараптап, дамудағы жоғалтқан мүмкіндігіміз жайында байыппен ойласып көруге енді әбден болады, солай ету қажет те...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 788
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 603
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 493
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 505