Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3004 0 пікір 24 Қараша, 2011 сағат 08:30

Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі

Тіркелмеген «Халық рухы» партиясының төрағасы Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі

Тіркелмеген «Халық рухы» партиясының төрағасы Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі

Біз 2007 жылы Қазақстан Республикасының Ата Заңына сәйкес, «Саяси партиялар туралы» заңға орай республикамыздағы 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларынан 2 мыңға жуық делегат қатысқан Құрылтай өткізіп, «Халық рухы» атты партия құрдық. Біз Құрылтай өткеннен кейін заң бойынша белгіленген 2 ай мерзім аралығында партия қатарына 23 ұлт өкілдерінен тұратын 60 мыңнан аса мүше тарта алдық. Соған қарамастан бізді кезінде «ұлтшыл партия» деп те кінәлаушылар болды. Біз партия Бағдарламасында да атап өткеніміздей, республикамызда тұратын барлық ұлт өкілдерінің тіліне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, олардың өсіп-өркендеуіне ұдайы тілектестік білдірумен келеміз. Біз сондықтан да республикамыздағы ұлттарды тікелей жоюға алып баратын, барлық ұлттан бір ғана ұлт жасауға негізделген, өзінің бастауын американдық ұлттан алатын «қазақстандық ұлт» идеясының салтанат құруына қарсы тұрдық. Егер «Қазақстандық ұлтқа» енсек, бүкіл ұлттық мүддеден мақұрым қалар едік. Ол кезде «Мен қазақпын», «Мен ұйғырмын», «Мен орыспын» деп айтсаңыз, жауапқа тартыласыз. Біз, зиялы қауым өкілдері, бұл ұлтсыздандыру шарасына түбегейлі қарсы тұрдық. Аштық жарияламақшы болдық. Республика бойынша 4 мыңнан астам адам бізбен бірге аштық жариялауға ниет білдірді. Билік амалсыздан біздің талап-тілегімізге құлақ асты. Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасынан «Қазақстандық ұлт» түбегейлі алынып тасталынды және оған «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген сөйлем ендірілді. Бұл зиялы қауым өкілдерінің демократия саласындағы елеулі жеңісі еді.

Бір сөзбен айтқанда, біз «Халық рухы» партиясы арқылы қоғамымызда қордаланып қалған барлық негізгі мәселелерді халық қалауы бойынша шешуді қолға алуға ниет білдірген едік. Соған орай билік барынша шектеу қойған заң талаптарына көлденең келіп қалмау жағын да ойластырдық. Қатарымызға белгілі заңгерлерді тартып, бірлесіп жұмыс жасадық. Билік қанша жерден мұқият тексергенімен, біз өткізген партия Құрылтайынан да, өзге құжаттардан да еш кінәрат таба алмады. Бірақ, әлі күнге дейін тексерумен келеді. Арада төрт жарым жылдай уақыт өтсе де тексеру бітер емес. Біз Әділет министрлігіне, өзге де құзырлы органдар алдына  28 рет барып табалдырығын тоздырдық. Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып келеді.

Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңына 2009 жылы енгізілген өзгерістер мен толықтыруға орай Әділет министрлігі партия құрылғаннан кейін 6 айдың ішінде партияны тіркеу, немесе тіркемеу туралы жазбаша түрде жауап беруге тиісті. Бірақ заңның бұл талаптарының біздің партияға қатысы бар ма, жоқ па бұл жөнінде Әділет министрлігі нақты жауап бермей отыр.

Сондықтан біз қоғамымыздың бүгінгі жай-күйін саралай келе, әрі бізге сенім білдірген, бүгінгі күні 100 мыңға жуықтаған «Халық рухы»  партиясы мүшелерінің бізді саяси күрес науқанына шақырған талап-тілектеріне орай және партияның Орталық Кеңесі Төралқасының шешімімен «Руханият» партиясына қосылғанды жөн көрдік. Рас, бізге республикамыздағы өзге де саяси партиялардан Парламент сайлауы науқанына байланысты бірлесе күресу туралы ұсыныстар түсті. Алайда, біз ақылдаса келе «Руханият» партиясына тоқталдық. Себебі, «Руханият» партиясының тізгіні Серікжан Мәмбеталин мырзаның қолына өткелі бері бұл партия жаңа бағыт ұстана бастады. «Руханият» партиясымен мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, ұлттық меншік, оралмандар мәселесі, Кеден одағы және қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігіне байланысты мәселелерде біздің мақсат-мүдделеріміз бір арнаға тоғысты. Біз осыған дейін де бірнеше рет бірлесіп іс-қимыл жасап, ұлттық мүдде тұрғысында сенімді серіктес екендігімізді дәлелдеген болатынбыз. Біздің мақсат-мүддеміз де бір арнаға тоғысты. Сондықтан бұл бірлесуді табиғи заңдылық деп қабылдаған жөн.

Ал, бірлескен партияның ішкі құрылымын алда өтетін Құрылтай шешеді. Қалай болғанда да, біз Парламент сайлауына «Руханият» партиясы арқылы түсетіндігіміз анық. Бұл - елдік, ұлттық мүдде тұрғысында бірігу. Біз осыған дейін шешімін таппаған ұлттық мәселелерді, яғни оның тілін, ділін, дінін, әлеуметтік жағдайын, оралмандар басындағы күрделі ахуалды көтеретін боламыз.  Бізге барша республика халқы түсінісушілікпен қарап, қоғамымыздағы әділетсіздік пен келеңсіздіктерге төзбейтін, құлдық санадан биік тұрған жанның бәрі бізбен бірге болады деп сенемін.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 708
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 522
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 440
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 454