Жұма, 3 Мамыр 2024
Әттең... 3820 19 пікір 10 Маусым, 2020 сағат 19:00

КСРО-ны «сағыну» - Тәуелсіздікті мойындамау!

1991 жыл. Қазақстан КСРО-дан бөлініп, өз Тәуелсіздігін жариялаған кез. Сол уақыттан бері біздің Отан - Тәуелсіз Қазақстан. Біз мұны "Отаның қайда?" деп сұрау салғандар үшін айтып отырмыз.

Нақтырақ айтсақ, қазақстандық кинопродюсер Гүлнара Сәрсенова жаңа фильмнің жұмысын бастапты. Әлгі туындысы "1991 жыл. Сенің Отаның қайда?" деп аталады. Алғашында атауы түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ, әрі қарай ойлансаңыз, 1991 жыл халықтар түрмесі атанған СССР-дің таратылған кезі. Ал, тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған қазақстандықтарға "Отаның қайда" деген сұрақ нағыз абсурд емес пе? Сонда Сәрсенова ханымның аңсары ауып, сұрап отырғаны қай Отан?

Иә, бүгінде КСРО-ны аңсап, сағынатындардың үні еміс-еміс естіліп қалады. Ал, кино идеологиялық құрал екенін ескерсек, мұндай ойдың өнер туындыларында насихатталуы шын мәнінде тыйым салуды қажет етеді. Өйткені мұның астарында ел Тәуелсіздігін мойындамау һәм сол ойды қоғамға таңу бар.

Бұл туралы жазушы-публицист Марат Байділдәұлы да әлеуметтік желіде жазды.

Марат Байділдәұлы:

ҚАЗАҚСТАН СССР-ді САҒЫНБАЙДЫ!

- СССР-ді насихаттайтын жымысқы әрекеттер кейінгі кезде жиі бой көрсететін болды. Бұрын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайраткерлеріне әлдебір темір-терсегін беріп көңілдерін Ресейге байлап қоятын. Биылғы жылдың басынан бері баяғы кызыл армияның әлдебір полкі немесе дивизиясының Қызыл туын шекарадан құрметпен өткізіп, Қазақстан қалаларында әлдебір "салтанатты" шаралар ұйымдастыратын болды.

Қазақ жеріне топалаң салып, ата-бабаларымызды қырған казак-орыстардың кеудесіне тағылатын георгиев лентасы бүкіл ресейшілдер көліктерінің "паспортына" айналды. Ресей қаулаған коронавирус індетіне қарамай 24 маусымда Мәскеуде жеңіс парадын өткізбек. Бұл да "Русский мирді" насихаттайтын бюджеті орасан шара.

Бүгін Алматыда Достық даңғылы бойымен Абай даңғылынан Құрманғазы көшесіне қарай жаяу түсіп келе жатсам жол бойында "1991. Сенің Отаның қайда?" деген қазақ және орыс тілдерінде бірінен кейін бірі төрт-бес жарнама көзге шалынды. Тәуелсіз Қазақстанда қазақстандықтарға мұндай сұрақ қойылмасы белгілі. "1991" деген цифрлар үлкен қызыл бояумен берілген. Қызыл бояу мен "Сенің Отаның қайда?" деген тіркес оқыған адамның ой-астарына "СССР" деген ұғым туғызып тұр. Яғни "Отаныңа, СССР-ға қайт!" дегені. Бұл идеологиялық іріткі салу деген сөз!

Кремль идеологтары путиндік режим тұсында келмеске кеткен "СССР-ді" тірілтуді армандайды. Украинадан айырылып бара жатқан соң енді Қазақстанды уысында ұстағысы келеді. Мына жарнама-сымақ дәл осы мақсатқа қызмет етіп тұрғаны анық. Өз халқының 90 млн адамын қырған, халықтар түрмесіне айналдырған СССР енді ешкімге керегі жоқ!
Сондықтан Алматы қалалық Ішкі саясат бөлімі мынандай идеялық диверсияға тоқтау салуы, рұқсат бергендерді жауапқа тартуы, мұндай бассыздықтарға жоқ бермеуі қажет!

Сонымен, бұл фильмнің басты ұйымдастырушысы Гүлнара Сәрсенова кім?

Гульнара Сарсенова: Старая схема уже не работает

Ол еліміздегі "Ұлттық киноны қолдау" орталығының директоры. Осы уақытқа дейін қазақстандық бірнеше фильмнің сценарийін жазып, продюсерлік етіпті. Алайда, ол басқаратын орталыққа айтылар сын аз емес. Мәселен, кино мамандары бұл орталықтың қазақ тілінде қорғалған жобаларды ешқашан өндіріске жібермейтінін айтады. Себебі, Сәрсенова қазақ тілінде жазылған дүниенін болашағы жоқ деп есептейтін көрінеді.

Одан бөлек, Гүлнара Болатқызы 2018 жылы мемлекет қолдауымен «Нартай» атты фильм түсірді .Туынды 2019 жылдың жаз айында бітіп, жарыққа шығуы тиіс. Бірақ, ол фильм 2019 жылы да мемлекет тарапынан қаржыландырылатын фильмдер қатарына кірген. Туындының жарыққа шыққан-шықпағаны белгісіз. Алайда, осы жылдың 24 мамырында Сәрсенова ханым орталық сайтында сол фильмге мемлекет тарапынан бөлінген 380 млн теңгені Ұлттық орталықтың бюджетіне қайтаратыны туралы жазды. Одан бөлек, қысқа метражды фильмдерді қаржыландыруға  өз қалтасынан 40 млн.теңге бөлетінін айтқан.

«Мемлекет қолдаған және қаржыландырған «Нартай» фильмінің продюсері ретінде менің фильміме бөлінген 380 млн теңгені Ұлттық орталықтың бюджетіне қайтару туралы шешім қабылдадым. Бұдан бөлек, өз қаржымнан 40 млн теңгені қысқа метражды және дебюттік фильмдерді қаржыландыруға бөлемін»,-деп жазды.

Арада төрт күн өткенде, 28 мамыр күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сәрсенованың аса ірі көлемде пара алып, істі болғаны туралы мәлімдеді. Ал, оның әлгі жазбасы "сезікті секіреді" дегеннің кері болып шыққандай.

Сол Сәрсенова енді 91 жылы құрдымға кеткен "Отанына" арнап фильм түсірмек. Иә, бұған дейін комунистер дүркіретіп 100 жылдығын атап өтті. Еліміздің ең ірі қалаларында шовинистер қазақты қынадай қырған Сталиннің суретін алып шығып, "Бессмертный полк" деп шерулетті. Ұлтшыл азаматтар айтты, жазды. Тіпті, мұндай әрекеттердің Тәуелсіздікке қауіп төндіретінін де ескертті. Алайда, билік мұндайларға тыйым салмақ түгілі, құлағына да ілмеді. Енді міне, ешкім қой демеген соң, Сәрсеновалар СССР-ге арнап фильм түсіріп, сол кезеңнің "кереметін" насихаттамақ.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 600
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 343
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 347
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 350