Жұма, 3 Мамыр 2024
Өзгелер 2867 5 пікір 10 Маусым, 2020 сағат 13:30

Молдованың таңдауы: ЕО әлде ЕАЭО?

Молдова 2009 жылы 7 мамырда Еуропалық Одақтың (ЕО) бастамасымен құрылған Шығыс әріптестігі (ШӘ) мүшелерінің бірі болып табылады. Оған посткеңестік алты ел – Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Молдова және Украина қатысады. ШӘ бағдарламасы ЕО және оның Шығыс Еуропа мен Кавказдағы көршілері арасындағы экономикалық ынтымақтастық, сауда, аймақтық экономикалық саясатты іске асыру және басқа да мәселелер бойынша келіссөздер жүргізу міндетін атқарады. ШӘ мақсаты – тұрақтылық, демократия және өркендеу жағдайында ЕО-мен ынтымақтастықты ілгерілету.

Молдованың ШӘ бағдарламасына мүше болуы еуропалық интеграция жолындағы алғашқы маңызды қадам болды. Бастапқыда Молдованың еуропалық интеграция жолындағы ынтымақтастыққа деген ұмтылысы мен мақсаттары айтарлықтай айқын болды. ЕО мен Молдова арасында қауымдасу келісімі бойынша келіссөздер 2010 жылы басталды және бұл келіссөздер барысында саяси реформалар, сыртқы және қауіпсіздік саясаты, ынтымақтастық, әділеттілікті, бостандық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. мәселелер талқыланды.

Сонымен бірге, ЕО мен Молдова арасында ЕОға кіру үшін азаматтары визалық талаптардан босатылған елдердің тізіміне Молдованы қосуға бағытталған «Визалық диалог» іске қосылды. Бұл мақсатқа 2014 жылы сәуірде салыстырмалы түрде тез қол жеткізіліп, бұл Молдованың ЕО-мен жақындасуындағы алғашқы үлкен жетістік болды. Осыдан кейін көп ұзамай 2014 жылы 27 маусымда Молдова ЕО-мен қауымдасу келісіміне қол қойып, 2014 жылы 2 шілдеде бұл келісім Молдова парламенті тарапынан бекітілді. Кишиневтің еуропалық интеграция жолындағы тағы бір керемет жетістігі саналатын келісім Молдова мен ЕО арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту үшін жаңа құқықтық негізді құрды. 2016 жылдың шілде айында Молдова мен Грузия ЕО-мен Терең және жанжақты еркін сауда аймағы (ТЖЕСА) туралы келісімді бекіткен алғашқы елдер болды. Келісім Молдоваға бірыңғай еуропалық нарықтың белгілі бір секторларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ол сонымен қатар инвесторлар үшін қауымдасқан елде ЕО-дағыдай нормативтік-құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Бұл Молдова сияқты дамып келе жатқан экономика үшін аса маңызды екенін атап өткен жөн. Молдованың ЕО-мен әріптестігіндегі үшінші маңызды жетістік ретінде ТЖЕСА интеграциялық процестің жеделдейтіне қатысты үмітті арттырды. Молдованың басқа ШӘ мүше елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуі Молдованың қысқа мерзімде ШӘ елдерінің ішінде ЕО-ның толық мүшелігіне өткен алғашқы ел ретінде қабылдануына себеп болды.

Алайда, 2016 жылдан кейін Молдова тұрақтылық пен демократиялық қағидаларды қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жүргізу бойынша бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауда іс жүзінде ешқандай прогреске қол жеткізе алмады. Молдованың мақсатқа толық жете алмау себептерінің бірі ЕО-ның елдің қажетті реформаларды жүзеге асыру ұмтылыстары мен әлеуетін бағалай алмауы болуы мүмкін. Шын мәнінде, Молдова мен ЕО арасында қол жеткізілген келісімдердің көпшілігі Еуропа көршілік саясаты мен ШӘ бағдарламасына қатысуға шақыруды қоса алғанда, ЕОның бастамасымен жасалды.

Екінші айқын себеп – іс басындағы Президент Игорь Додонның жүргізіп отырған саясаты. Ол Еуразиялық экономикалық одақты (ЕЭО) жақтаған үміткер ретінде президенттік сайлауға қатысып, 2016 жылдың қарашасында сайлауда жеңіске жеткен. Президент Додон президенттік биліктің шектеулілігі, парламентте нақты және тұрақты қолдаудың болмауы және жалпы саяси жағдайдың тұрақсыздығы сияқты бірқатар факторларға қарамастан, Ресеймен және ЕЭО-мен тығыз әріптестік орнатуда маңызды қадамдар жасай алды. 2018 жылдың мамырында Молдова ЕЭО-да бақылаушы мәртебесіне ие болды, бұл оның уәкілетті өкілдеріне одақ органдарының отырыстарына қатысуға және мүше мемлекеттер қабылдаған құжаттарды алуға мүмкіндік береді.

Молдова үшін Ресеймен және ЕЭОмен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатудағы ең үлкен артықшылықтардың бірі – ЕЭО-дағы шешім қабылдау тетігінің ЕО сияқты жоғары институционалды құрылымға ие болмауы. Молдованың Ресеймен және ЕЭО-мен әріптестігі Еуропалық интеграцияға қарағанда лезде айтарлықтай экономикалық табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ресеймен тығыз әріптестіктің және белсенді келіссөздердің арқасында Президент Игорь Додон өзінің алғашқы президенттік мерзімінде Молдова үшін айтарлықтай тиімді экономикалық мәселелерді шеше алды. Бұған Молдовадан келген еңбек мигранттарына рақымшылық жасау, Ресейде Молдова тауарларына жеңілдетілген режим енгізу, газ бағасына жеңілдіктер және т.б. кіреді.

Осындай маңызды экономикалық табыстар еуроскептицизмге әкеліп, молдовалық қоғамда ресейшіл және еуразияшыл көзқарастардың артуына себеп болды. Соңғы сауалнамаға сәйкес, молдовалықтардың 43,5%-ы ЕО-ға мүше болу идеясын қолдайды. Жалпы алғанда, бұл пайыз 33-48% шамасында ауытқып отырады. Ал ЕЭО-ға қосылу идеясын қолдайтындардың үлесі болса әдетте 27-42% аралығында. Осы мәселе бойынша әртүрлі сауалнамаларды талдау нәтижесі көрсеткендей, молдовалықтар үшін ЕЭО-ға мүше болу аса маңызды емес, олар керісінше Молдованың ЕЭО-ға қосылмай Ресеймен жақсы экономикалық қарым-қатынаста болғанын қалайды. ЕЭО-ның 2020 жылғы 19 мамырда өткен соңғы саммитінде Президент Додон Молдованың сыртқы экономикалық саясатында шығыс векторын ұстануға ниеттілігін тағы да растап, елдің еуразиялық интеграцияға белсенді қатысуға дайын екендігін білдірді.

Молдованың болашақ интеграциялық векторын таңдау 2020 жылдың 1 қарашасында өтетін президенттік сайлау кезінде күн тәртібіндегі басты мәселе болатындығы анық. Оппозиция жетекшісі және Додонның сайлаудағы ықтимал қарсыласы Майя Санду Молдованың ЕЭО-мен әріптестігіне сыни көзбен қарайды және болашақ интеграцияның еуропалық векторын ұсынады.

Молдованың ЕО-мен және ЕЭО-мен соңғы он жылдағы экономикалық қатынастарына талдау жасай отырып, Молдованың болашақ интеграциялық векторын таңдау туралы шешім тек Молдова азаматтарына ғана емес, сонымен қатар екі негізгі сыртқы актор – ЕО мен Ресейдің ұстанымдарына да байланысты деп айтуға болады.

Қанат Маханов,

Еуразия ғылыми-зерттеу институтының
аға ғылыми-қызметкері.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 591
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 321
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 337
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 341