Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Тарих 9971 3 пікір 30 Сәуір, 2020 сағат 13:20

Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккен күн

Бүгін, 30 сәуір - Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккен күн. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Совет әскері арасынан Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті. 

Бірақ Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көп жылдар бойы еленбей келді. Қазақ батырының тарихи маңызға ие аса бағалы ерлігін ресми Мәскеу бағалағысы келмеді. Герман төріне жеңіс туын өзге ұлт батыры қадады дегенді айтқылары келмеді.

Қошқарбаевты Мәскеу бағаламаса да, туған елі төбесіне көтерді. Батырға тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде сол кездегі президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді.

Ал Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың және Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.

Қошқарбаевтың осынау ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев болатын. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасы бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі лайықты бағасын алуы үшін көп еңбектеніп, көп ізденді. Қазақ жауынгерінің дәл сол сәттегі әрекетін дәлелдейтін жүзден астам құжатты тауып, көтеріп, шетелдік басылымдарда да жариялануына түрткі болды.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған. Деректерге қарағанда, 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан.

Abai.kz

3 пікір