Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2574 0 пікір 26 Қазан, 2011 сағат 03:56

Президент Н. Ә. Назарбаевтың назарына!

Мәсімов мән-жайды түсіндіріп берсін. Болмаса, қызметінен кетсін!

Бүгіндері елде күрделі жағдай қалыптасып, қоғам тығырыққа тірелудің аз-ақ алдында тұрғаны ешкімге де жасырын емес. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бізде бейбітшілік пен тұрақтылық!» деп кеуде қағып, бүкіл әлемнің алдында көсіліп мақтанатын едік. Бірақ, қазіргі жағдай, жұмсақтап айтқанда, «тұрақтылықтан» әлдеқайда алыс екені әркімге де түсінікті.

Елдің батысында діни алауыздықтың күшеюі, оның арты қарулы қақтығыстарға ұласуы, Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуілінің бірнеше айға созылып, әлем тарихындағы ең ұзақ бас көтерудің біріне айналуы, Кедендік одаққа енгелі бері азық - түлік бағасының қымбаттауы мен жанар - жағармайдың тапшылыққа ұшырауы және халықтың әлеуметтік - экономикалық жағдайының нашарлауы - бүгінгі билікке үлкен сын болғаны айқын. Қоғамдағы осындай оқиғаларға бірден - бір жауапты орган және тұлға - үкімет және оның басшысы екені белгілі. Бірақ, үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осындай қиын - қыстау кезеңде қоғамды тығырықтан шығара алды ма? Жоқ! Қайта оны дағдарыстың шыңырауына одан да тереңірек батырды.

Біріншіден, Кәрім Мәсімов Қазақстан үкіметін басқарған 5 жылдың ішінде елдегі әлеуметтік - экономикалық жағдай ушықты. Азық - түлік пен жанар - жағармайдың бағасы күрт қымбаттады. Елде жанар - жағармай тапшылығы айқын сезілуде. Оның себебі неде екенін Кәрім Мәсімов неге түсіндірмеді? Мұнай мен газдың үстінде отырып, Қазақстан жанар - жағармайдан неге тапшылық көруі тиіс? Түсініксіз!

Тәуелсіз экономистер дерегіне сенсек, 90 - жылдары Қазақстан жылына 26 миллион тонна мұнай өндірген. Ол кезде халық қажеттілігін өтеуге 7 - 8 миллион тонна мұнай қажет болған.  Мұнай өндірісінің осы көлемінің өзі - ақ  жанар - жағармай тапшылығын сезінбеуге толық мүмкіндік жасаған-ды. Ал қазір мұнай өндіру 80 миллион тоннаға жетті. Халық қажеттілігі 10 - 11 миллион тоннаға өсті. Сонда мұнай өндіру үш есеге артты деген сөз. Бірақ, 90-жылдармен салыстырғанда, жанар - жағармай тапшылығы айқын сезіліп, оның бағасы күрт көтерілді. Неге? 26 миллион тонна мұнай өндіргенде сезілмеген жанармай тапшылығы оның өндірісі 80 миллион тоннаға жеткенде неге айқын байқалды? Осы мәселені Кәрім Мәсімов үкіметі мен мұнай - газ саласын «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын» «Самұрық - Қазына» ұлттық қоры неге шешпейді? Олар қайда қарап отыр?

Екіншіден, 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ресей, Беларусьпен бірге Кедендік одаққа ресми түрде енді. Бұл да Мәсімов бастаған үкіметтің үлкен қателігі деп санаймыз. Ресей саясаткерлері «2017 жылы Кедендік одақтың негізінде КСРО - ны қайта жаңғыртамыз!» деп ұран көтеріп жүр қазір. Президент Путин «Кедендік одақ Еуразиялық экономикалық одақтың алғашқы баспалдағы, мұны ары қарай жалғастырамыз, осы арқылы Батыс елдеріне терезесі тең бәсекелес боламыз» деп ашық мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда, Кедендік одақ бізге экономикалық жағынан ғана тиімсіз емес, бұл - тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін қатерлі құрылым. Осыны біле әрі көре тұра, Қазақстан билігі, оның ішінде Кәрім Мәсімов үкіметі бұған неге жол берді?! Әлде көрші елдің қас - қабағы мемлекеттік тәуелсіздігімізден де қымбат па бізге?

Үшіншіден, Кәрім Мәсімов үкіметті басқарған жылдары ел экономикасындағы Қытай ықпалы едәуір күшейді. Қазірдің өзінде Қытай Қазақстан мұнай - газ саласының 22 пайызын өз бақылауында ұстап отыр! Қазақстанның сыртқы елдерге қарызы 120 миллиард долларға жетсе, соның 20 миллиарды Қытайға тиесілі. Осы ақша қайда және неге жұмсалды? Оның есебі қайда? Ұлттық қорда 40 миллиард доллардан астам қаржы бола тұра, Қытайдан неге 20 миллиард доллар қарыз алдық? Түсініксіз! Қажыгелдин, Балғымбаев, Тоқаев, Тасмағамбетов, Ахметовтер премьер - министр болған кезде Қытай компанияларының үлесі неге артпады? Кәрім Мәсімов үкімет басына келгелі бері Бейжіңнің ықпалы неге күшейді?! Осының өзі-ақ бізді күмәнді ойларға жетелейді.

Соңғы кездері ел арасында «тақ мұрагері» туралы әңгіме жиі айтылып жүр. Оның ішінде мүмкіндігі жоғары деп екі тұлғаның аты аталады7 Олар  -  Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаев. Ашығын айтқанда, біз бұған түбегейлі қарсымыз. Жастарға да, қарапайым халыққа да нұсқаумен тағайындалған «мұрагер» емес, демократиялық жолмен, жалпыұлттық сайлауда әділ жеңіп шыққан басшы керек!

Қорыта айтқанда, біз, Алматы жастары, бүгінгі үкіметтің жұмысына төмен баға бере отырып, қоғамдағы көптеген проблеманың түйткілін шеше алмаған премьер министр Кәрім Мәсімовті отставкаға жіберіп, «тақ мұрагері» деген әңгімені «әділ әрі ашық сайлау» тәрізді ұғымға алмастыруды талап етеміз.

Құрметпен,

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенттері;

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері;

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенттері;

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің студенттері;

Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің студенттері;

Алматы экономикалық колледжі студенттері

Барлығы: 8396 қол.

Қол жинау әлі жалғасуда.

P.S. Саяси партия, қоғамдық ұйым жетекшілерін, белгілі қоғам қайраткерлері мен тәуелсіз азаматтарды осы үндеуді қолдауға шақырамыз. Елдің келешегі мен ертеңі біздерді, яғни жастарды да қатты алаңдатады. Осы себептен, «Рух пен тіл» жастар клубының қолдауымен осындай қоғамдық саяси маңызы зор мәлімдеме жасауды жөн көрдік.

0 пікір