Жұма, 3 Мамыр 2024
Сұхбат 2394 2 пікір 16 Сәуір, 2020 сағат 12:23

Поэзияның сырбаз салқам құлыншағы

(Айдын Байыспен сұхбат)

Әр ақын өз поэтикалық құпиясын ішіне бүгіп, шығармашылық сиқырымен оқырманын арбайтын жеке әлем. Заманалық әдеби процесте ақындармыз арасында өз жеке әлемін құра алғандар бар, өз жеке әлемін құруға талпыныс жасаушылар бар, әрі өз жеке әлемін құра алмай өлең әлемін құр ширырлаушы графоман версификаторшы диуаналарымыз да бар. Осы өз жеке әлемін құруға талпыныс жасаушылар арасында Айдын Байыс ерек көзге түседі.

Ақын өзінің бір өлеңінде:

Құлыншақ ем, ұрыншақ ем, соны ұқтым.

(Сан сұрақты терең ойға тоғыттым),-дейді.

«СӘТ» атты екі шуақ өлеңде ұлттық нақыш та, ақындық жан сырды ақтару да бар. Кейбір жас ақындарға тән сұлу сөздер мен әдемі бейнелеулерді жоқтан бар жасап термелеушілік жоқ. Бәрі де табиғи.

Ақ саумал жұпар, тамшылағандай көктен сүт,

Ән сұрағандай жауыннан кейін шөккен шық.

Басуға және жасқанып тұрмын мөлдірді,

Күмілже сөйлеп, қысылған жандай көп тершіп.

 

Сайрауық құсым көтеріледі көкке нау,

Маржанды өлкеге сүйсіне қарап шетте тау.

...Жазамын деген өлеңнің өзі жан бітіп,

Ақырын басып, ақ жауын кешіп кеткен-ау.

Міне тап осындай шалқар шабыт өз ернеуінен асып төгілген кезде мөлдір шықтай поэзия музасының етегі жырға толады. Қазіргі қазақ поэзиясында өз өлеңдерінің стильдік нәзіктігімен алаш жырын нұрға бөлеген жас ақындардың ішінде Айдын Байыс өз буынынан ерекшеленіп тұрады.

Ақын шығармашылығына ақ батасын берген М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты ақын Аманхан Әлімұлы Айдын шығармашылығы жайлы: «Жас ақын өз буына піскен палаудай ісіп-кеппей, шығармашылық денсаулығы мен тазалығын бұзып алмай, дәл осы бағыт-бағдардағы көркемдік пен суреткерліктің бастауы тіл мен образ, музыканы игерген қазіргі қадыр-қасиетін жоғалтып алмаса, ұзаққа барады. Сосын, маған оның шашыраңқылықтың бастауы – көпсөзділік пен боссөзділіктен ада, жыр жолындағы логикаға негізделген жинақылығы да ұнайды. Меніңше, Айдын Байыс нағыз ақында артық өлең болмауы керектігін сезініп, білетін секілді. Мына өлеңдерінен білімділік пен біліктілікке ден қойған ізденсі де сезіледі. Үлкен жолға түскен ақын, енді, өлеңге үстірт әрі атүсті қарамас деп ойлаймын»,- дейді.

Біз өлеңдерінің стильдік нәзіктігімен, ұлттық нақыш бояуымен қазақ өлеңін нұрға бөлеген жас ақын Айдын Байыспен болған сұхбатты Qalamger.Kz жыр сүйер қауымы назарына ұсынып отырмыз.

Әдебиетке қалай келдің?

- Әдебиетке былай келдім деп айту қиын. Қалай келгенімді өзім де байқамай қалдым. Бір-екі өлеңмен әдебиетке ешкім де топ ете қалмасы анық. Бір айтарым, қаламның құдіретін сезініп, жазудың жауапкершілігін жетеме жеткізген бір адам болса ол – ақын Нұрдос Кәрім. Мектепте оқып жүрген кезімде, пәленше жерде пәленше деген бала өлең жазады деп естіп, әдейі іздеп келген еді. Осы оқиға поэзиядағы қадамыма қатты ықпал етті.

Алғашқы туындың туралы сөз етсең?

- Бала күнімде шатпақтап, шимайлап жүргендерім болды. Бірақ олар тақпақ ғой. Ал, есейіп, нағыз өлеңнің иісі мұрныма енді келе бастағанда жазғаным – өмір туралы болатын. 

Қазір не жазып жатырсың?

- Кейінгі жазғаным деп айтар болсам, 30-жылдары репрессия құрбаны болған күйші Ахметжан Сармантайұлының тағдыры арқау болған «58-статья» деген микропоэма.

Ең сәтсіз туындыңызды атап өтсең?

- Бір досым «сәтсіз өлең ол мезгілінен ерте жазылған мықты өлең болуы мүмкін» деген қызық ой айтып еді. Өлең жазып болған соң, оны суытып, ішкі цензурадан өткізесің. Егер өлеңім сәтсіз болса бірден отқа кетеді. Ондай өлеңдерімді жарияласам бір кітап болар еді. 

Шығармашылық шабытың қай кезде келеді?

- Іштегі сезім шарықтау шегіне жеткен кезде.

Қазіргі әдеби процестегі жастар шығармашылығы туралы не айтар едің?

- Поэзия – жастық шақтың әуресі! Қазір жас қаламгерлердің ізденіс ауқымы кең. Тақырып дейсіз бе, мазмұн мен форма жағынан болсын жаңалық іздеуде. Бұл жақсы шығар. Тек, туған топырақтан кіндігін үзіп алмаса екен деймін!

Қазір өзі сын бар ма?

- Сын бар. Сынауға лайық шығарма болса, әрине. Өкініштісі, қазір сын көтерер туынды аз.

Әлем әдебиетінен кімдерді жоғары бағалайсың?

- Жапон поэзиясын жақсы көрем. Біздің буынға Есениннің әсері күшті болды! Джек Лондонның «Мартин Идені» санамды бір төңкерді. Қысқа жазудың хас шеберлері О.Генри мен Антон Чеховтың кітаптарын үнемі парақтап тұрамын. Поэзияға қарағанда прозаны көп оқығанды құп көрем.

Әдебиет әлемінде кімдерді үлгі тұтасың?

- Асан Қайғыдан бастап Аян Мейрашқа дейінгі барлық ағаларымды. Бөліп-жармаймын.

Болашақ жоспарыңызбен бөліссең?

- Оқу, оқу, жазу. Бар айтарым осы.

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар,

салыстырмалы әдебиеттанушы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 874
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 733
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 567
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 575