Сәрсенбі, 3 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11796. Жазылғандар — 5941. Қайтыс болғандар — 44
1339 14 пікір 21 Ақпан, 2020 сағат 17:14

Тоқаев: Жат діни ағымдарға жол бермеуге тиіспіз

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Әзірет-Сұлтан мешітіне барып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңадан сайланған бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті. 

Кездесуде мемлекет басшысы Наурызбай Тағанұлын жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Сонымен қатар, Президент діни жат ағымдардың халыққа зияны жайлы, азаматтарды дін арқылы келісім мен ынтымаққа шақыру жөнінде, рухани бағыт-бағдар мен елдегі тұрақтылық-татулықты сақтау жайында айтты.

- Қазіргі уақытта дүние жүзінде әртүрлі жат үрдістер пайда болып жатыр. Халықты татулыққа, пәтуаға, бірлікке шақыру керек. Ал, түрлі жат діни ағымдарға тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз. Осы бағытта дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ел мүддесіне қызмет ету қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал, басқарманың жаңа сайланған басшысы Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы жұмыстары, басқарма ұйытқы болатын қайырымдылық шараларынң жоспарларын таныстырды.

Бас мүфтидің айтуынша, басқарманың алдағы жұмысы жеті рухани қазыққа негізделмек. Олар: білім, әділдік, мәдениеттілік, еңбекқорлық, имандылық, ауызбіршілік пен отаншылдық.

Айта кетейік, ақпан айының басында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс IX құрылтайы өткен болатын. Құрылтайға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың үш жылда атқарған қызметіне ризашылық білдіріп, оның орнына Наурызбай қажы Тағанұлын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағалығына тағайындаған болатын.

Ал, құрылтайға барған 300 делегат Наурызбай Тағанұлының үміткерлігін бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Сондай-ақ, құрылтайда сөз алған Серікбай қажы Ораз діни басқарманың 30 жылдығы қарсаңында 30 елді-мекеннің жол-көпір, ауыз-су мәселесіне оң ықпал етуді, 30 студентке грант тағайындауды, 30 отбасына қайырымдылық жасауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді, 30 мешітке ел игілігі үшін еңбек еткен тұлғалардың, олардың ішінде Абай мен Әл-Фарабидің есімдерін беру шаралары қолға алынғанын айтты.

Сонымен қатар ол жаңа сайланған Наурызбай қажы Тағанұлының дін саласында тәжірибесі мол екенін алға тартып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеген болатын.

Abai.kz

14 пікір