Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Не дейді?! 5403 4 пікір 8 Қаңтар, 2020 сағат 11:20

Түнгі кезбе

Орыстың фольклорын жинаушы жазушысы Владимир Даль (1801-1872) қазақ даласына отарлаушы әскерлердің құрамында бірнеше рет келген, қазақтар жайлы теріс пиғылда әңгімелер қалдырған адам. Тегі неміс, бірақ өзін орыс жерін "кеңейтушілердің" тұқымымын деп санап "Казак Луганский" деген  бүркеншек ат алған. Оның "Түнгі кезбе" ("Полунощник") деп аталатын әңгімесінде 18 ғасырда Батыс Қазақстан өңірінде  орыс казактары мен қазақтардың арасында болған бір оқиға суреттеледі.

 Бұл оқиға осыдан көптеген жылдар бұрын болыпты - ол кезде менің атам өз атасының немересі кезінде, сірә Пугачев көтерілісі заманынан кейінгі уақыт болса керек. Сол бір жылдары оралдық казактар тұратын төменгі станицаларда өте-мөте мазасыз жағдай орнапты. Казактар күні-түні иығынан винтовкаларын тастамай қорасынан қарусыз шыға алмайтын болған; малы мен аттарын Қамыс-Самараға айдап жіберіп, қалған бір бөлігін өздеріне қалдырып станица мен бекеттерден (ол кезде бекеттерді половинка, реданка және маяк деп атаған) ұзап шыға алмайтын жағдайға жетіпті. Бақташылар күзеттерін екі есеге күшейткен,  қаруы - найза мен винтовка, жатып демалуға мұршасы болмаған; біреуі, атқа мінгені жақын төбеге шығып жан-жақты үздіксіз шолып тұрады екен.

Міне, осындай күздің қараңғы түндерінің бірінде қырғыздардың (қазақтардың) шағын бұзық тобы "жол ашып", яғни Жайықтан білдірмей өтіп, бір-бірлеп, екеулеп жағадағы қамыстың арасына тығылып алған. Түгел жиналып болған соң жағада күзеттерін қалдырып сақтықпен далалық төбешіктерге шығып станицаларға шаба жөнеледі. Мүмкін басқа уақытта олардың бұл жорығы сәтті болар ма еді, бірақ алдын ала қарастырылған ерекше күзет шараларының арқасында, бұзық топ мал қоралардың алдына қойылған құпия күзетке (түнгі ауыспалы қарауыл) тап болады. Үш казак, біреуі приказный (майда кеңсе қызметкері), алыстан ат дүбірі мен осқыруын естіп сыбырлап сөйлесіп келе жатқан аттылардың кім екенін дауыстамай тану мақсатында жерге жата кетті. Отыз қадымдай жерге жақындатып, қазақтар екенін бастарындағы малақайлары мен сөздерінен аңғарып дұшпандарды үш винтовкадан бір мезгілде оқ атып қарсы алады, осы сәтте өздері қиқулап найзаларын қолдарына алып қараңғыда алға жүгіріп қазақтардың бетін қайтарады да аттарына жүгіріп жетеді. Аттарына мінгендердің біреуі бекетке, екеуі станицаға шауып жол-жөнекей дабыл қағады. Біріншісі бекетке шауып жетіп үлгерген жоқ, басына қамыс пен саңылтыр оралған сырық отбелгінің біріншісі  жағылып айдаланы жарық етті. Бұл белгіні көргендер оны дереу қабылдап Жайықтың төменгі және жоғарғы жағалауындағылар от белгілерді жаға бастады. Осы кезде күзетте тұрған басқа казактар бірінші от белгі жағылған жаққа қарай шапты. Винтовкамен атылған алғашқы үш оқ шыққаннан бір сағаттай уақыт өткен шамасында қағылған дабыл Гурьев пен Оралдың бағытына қарай бір шақырымға жетіп, барлығы аяқтарынан тік тұрып жан-жақтан көмек беруге асықты. Сақ қазақтар, ашық шайқасқа барудан қашып сол заматта шегінді, шегініп бара жатып жолындағы бір шөмелені өртеді, еш кінәсі жоқ, өз жұмысымен бір станицадан екінші станицаға кетіп бара жатқан сызрандық етікшінің отбасын, мұжық пен әйелін және екі баласын шаншып кетті де Жайықтан өтіп кетті. Казактардың үлкен отряды жиналып үлгермеді, бірақ тәуекелге бел байлаған бес атты казак дұшпандарының тактикасын жақсы біледі ғой, олар алдын ала өзеннің арғы бетіне өтіп қазақтардың өткелден қайтып өтуін күтіп жатты. Аттардың судан өтер кездегі шалпылын естіп жақын жерден өткелден өтіп келе жатқан бұзықтардың бір тобын көрді, өткел саналса да бұл жердің суы терең, жүзіп өту керек еді, оған қосымша екі шақырымдай жердегі қазақтар өртеген шөмеленің жарығы судың бетін әжептәуір жарық етіп тұрды. Бұзықтарды бірнеше мылтықтың оғы қарсы алды, бірақ басым күш өзеннен өтіп үлгеріп біздің казактар шегінуге мәжбүр болды. Бірақ бір жаралы қазақты алып қайтты; оған қоса алғашқы атылған үш оқтың біреуімен бір қазақ өліп, екіншісі жараланып ол да тұтқындалды. Сүйтіп, казактар қолдарына "тіл" түсірді, бұл өте маңызды болатын. Енді бұл ұрылардың қай тайпа мен рудан, қай ауылдан екендігі анықталады. Енді кінәлілардың кім екенін анықтап руластарын төлем төлетуге мәжбүрлеуге болады.  Таңертең шағын отряд Сарайшыққа жиналды. Ол кезде казактарға арналған міндетті киім формасы болмаған, штат деп аталатын иығынан асырып тағып алатын сөмкесі бар белбеуді сыртқа іссапарға шыққан кезде ғана тағатын, оралдықтар кәдімгі алқызыл белі көк түспен бүрмеленген ұзын, жеңі қайрылған шапан киіп жүретін; қылышты әскери шенеуніктер ғана ұстайтын, жәй казактар найза мен пистолы бар винтовка ұстайтын. Далалық жорықтарға (ол кезде жиі болатын) шыққан кезде, осы жолғы сияқты асығыс жау шапқан кездерде үйіндегі шапанын, кейде ұзын  көк шапанын, хиуалық ала халатпен, сырмақпен, бүрмелі шапанмен немесе мақталы кеудешені киіп атына қонып шыға беретін. Бірақ қолына жақсы қару алып, басына биік қара елтірі құлақшын киеді. Отряд таң ата жолға шықты: ер тоқымдар мен қажетті керек-жарақтарды жеңіл қайыққа тиеді; өздері де соған үш-төрт адамнан отырып аттарын шылбырларына алды. Бір сағаттан соң аттары  өзеннің арғы бетінде ерттеулі дайын болып отряд ақселеу өскен сары даланың ойлы-қырлы дөңестерімен ұзақ шұбатылған жіптей созылып бара жатты.

— Тұра тұрыңдар, содырлар! - деді казактардың бірі найзасының ұшын етігімен сүйкеп. - Құдай бізге сендерді кездестірмейді дейсіңдер ме, Сарайшықты ұмытпайтын боласыңдар! - Осы иттерді неге мүсіркейтіндерін түсінбеймін, Тәңірім кешіре гөр! - деді екіншісі.  — Осындайларға жақсылық жасайсың, ал сенің әбігеріңді сондайлар алады. Қасқыр әрқашан қасқыр болып қалады, қолыңа түсті ме  өлгенше ұр,  жем беріп босатасың - басыңа тиетін шоқпарды содан күте бер. Бұл істі тағыда сол баяғы Китайканың жасағанын білемін; одан рахым күту бекер. Өткен жылғы күзде оны найзаның ұшына іліп қолымызға түсіргенімізде мұндай әбігерге түспеген болар едік. Солай емес пе,  Сидорыч, — деп әңгімесін жалғастырды қасына жақындаған қара сақалды қараторы казакқа бұрылып. Бұл казакты олар Қызылбасов (Қазақтар ирандықтарды қызылбастар деп атаған, қазақтың тарихи жырларында жиі кездеседі, Ауд.) деп атайтын, - солай емес пе?  — Солай, — деп жауап берді ол, басын да көтерген жоқ, өзімен өзі сөйлескендей. - Кейбіреулерді найзамен шаншу аз ғой, қазақтардан да өткен жамандар бар... - деп жалғастырды да жолдан бұрылды.  — Көрдің бе, қаны қорасандық (Иранда Қорасан деген үлкен аймақ бар, Ауд.) қой! - деді алғашқысы. - Байқайсың ба, ол өзінің ескі қарсыласы Пахолкинға әлі күнге дейін тісін қайрап жүр, тағы да шекісіп қалған ба?

Осы жағдаятты түсіндіре кетейік. Қызылбасовтың әкесі тұтқын персиялық болатын, тегі Хиуадан шыққан.  Казактардың қатарына қосылып үйленген, шоқынған, бірақ казактардың арасында тұйық мазасыз талапшыл мінезімен аты шыққан, персиялықтарға тән сол мінездері үлкен ұлына қанымен қалдырған. Оның отбасы кедей тұрды, себебі балықшы кәсібін атқара алмады, саудамен айналысу нақты қолма қол ақшасыз (қоры) қиын. Сол себептен де ұлы жастайынан әскер қызметіне тұруға мәжбүр болды. Ол кезде де, қазір де әскер қызметіне тек еріктілер баратын, алатын әжептәуір ақшасы бар. Осындай жағдайлар мен қатынасқа кезіккен Қызылбасовтың үлкен ұлы отыз жасына дейін бойдақ болуға мәжбүр болды. Осы жасқа жеткен соң ғана әкесінің қожалығына ие болып біраз байлық жинап бай отбасының қызын алуға дәрежесі жетті. Ол кезде ауқатты болмасаң, құдалыққа қырық түрлі сыйлық апармасаң, ешбір адамның қызына құда түсе алмайсың. Қызын дүние беріп ұзату ол кезде, қазір де оралдық казактарда атымен болған емес. Қайын атасы қызына немесе күйеу баласына мал-дүниені қаласа береді, кейде бермейді, бірнеше жыл өткен соң жастар тату-тәтті өмір сүріп жатса ғана береді. Үйленгісі келген Қызылбасов урядник Мирон Красоточкиннің қызы Оринаға көз тастай бастады. Жасы келген қартамыс, оның үстіне келбетінің қаралығына қарамастан сол кездегі дәстүр бойынша мал тұратын қораларға барып Оринамен бірге малды күтіп, шығарып салып жүрді, қысты күндері көк мұзды айдынға барып,  қыздармен бірге сырғанақ ойнап жүрді. Егер урядник Мирон Қызылбасовты жақтырмаған болса ол мал қораға, мұз айдынына қызымен бірге барып қызына көз тастап жүрген адамға: "Ренжіме, бауырым, бұл біздің қыз емес, бөтендікі" деп айтқан болар ма еді. Бірақ, олай болған жоқ.  Ал Оринаға келер болсақ,  жігітке көзінше "сабан тыққан тұлыпсың деп айтқан, қасындағы құрбыларына талай рет  "оның басына сиыр сауатын шелекті  кигіземін" деп ескертіпті. Бірақ жігітті аяды ма, әлде сүтін төгуге аяды ма, айтқан сөздерін орындамапты. Осы жайды көрген Қызылбасов қыз өзін әдеп сақтап ұрсып жүр, қызық көріп өзінен бас тартады деп ойлаған. Жағдай осылай болып жүрген шақта, ойламаған жерден кенеттен көрші станицада тұратын Пахолкин деген шалдан Красоточкиннің үйіне елшілер келіп қызына құда түсіп жүзбасы баласына беруді сұрайды. Иа, бұл жігіт Қызылбасовтың теңі емес еді, жүзбасы Пахолкин мықты жігіт болатын, әкесінің Қамыс-Самарада өзінің кішкентай хуторы (жер телімі) бар, тағы бір жер телімі Өзенде, онда бір үйірге жақын жарамды жылқысы бар, онымен қоса шал жыл сайын қазақтардан екі мың, кейде үш мың қойды айырбасқа алып құсханаға жіберіп тұрады. Мұндай жағдайда Қызылбасовты ешкім еске алуы мүмкін емес-ті, оны тіпті ұмытып та кетті. Красоточкин қызын беруге келісіп, күйеу бала бірнеше күннен соң қалыңдығын көруге келді, аз уақыттан соң тағы да келіп қырық түрлі сыйлық әкелді, сыйлықтың мықтылығы сонша екі апта бойы жұртқа көрсетуге қойылды. Тіпті Бақсай мен Карманов станицаларының  әйелдері келіп көріп жатты. Мұндай жағдайға тап болған Қызылбасов көпке дейін сабыр жинап болған іске болаттай болды, бұл сәтсіздікке мұқалған жоқ. Бірақ мұндай кезде әзіл-оспақпен түртетіндер болады емес пе, әсіресе қыздар, кездесе қалса бір бірінің аузына түкіріп қойғандай, неғып көрінбей кеттің дейтін болды. Жігіттің ызалы жүрегі кек алатын сәтті іздей бастады, мейлі кім болсын - Пахолкин бе, әлде Красоточкин бе, бәрі бір. Пахолкин де, Красоточкин де  Қызылбасовтан еш хабары жоқ, қуанышты тойларын атқарып жүріп жатты. Осылай жарты жыл өтті, бірақ Қызылбасов бұл мәселеге өз нүктесін қоймаған, сөздеріне қарағанда бір жамандықты ойластырып жүрсе керек. Оның күтіп жүрген сәті мынадай болса керек: жылдам жиналған отрядта Қызылбасовтың бақытты қарсыласы ғана емес, оның екі ағасы, әкесінің інісі және ұлы мен жиенін ерткен Красоточкин шал да болды. Сонымен бірге өзге станицалардан келген казактар өзара туыс, жекжат болып келетін, бір сөзбен айтқанда Сарайшықтан жиналған казактар, қатардағылар мен шенділерінің көпшілігі Пахолкин мен Красоточкин шалмен алыс-жақын туыстықтары бар адамдар еді.  Қызылбасов бұл адамдардың кейбірімен линиялық қызметте (Ресей ешқашан қазақ даласына қатысты "шекара" деген сөзді қолданбаған, оның орнына "линия" дейтін болған, яғни қазақ даласын бос жатқан кеңістік деп санаған, С. Ж.) жүрген кезінде танысқан болса, енді бір сәтте олардың барлығымен бетпе-бет кездесіп отыр. Осыншама жек көрінішті адамдармен бір мезгілде кездесуі Қызылбасовтың ежелгі ашу-ызасын тудырды. Отряд кешке дейін бір жерде ғана демалыс жасап бұзықтарға жете алмай біраз жолды артына қалдырды. Түнде демалып алып таңертең көздеген ауылға шабуыл жасамақ болып түнеуге тоқтады. Қаншалықты қауіпті аймақта жүргенін білетін казактар сақтық шараларын жасап жан-жағына түгел күзет қана қоймай, түнде жайылымға шығарған аттарды ерекше күзетке алды. Түннің бір кезінде, қарауылдардың екінші ме, әлде үшінші ауысымы кезінде кезекте тұрғандардың біреуі, Қызылбасов жоқ болып шықты. Бүкіл отрядты дауыстап, айқайлап іздеді, бір жерде ұйықтап қалды ма деді, еш жерде жоқ, ізі де, өзі де жоқ. Ешкім не ойларын білмеді.  «Біздің Қызылбасовтың есі ауысқан шығар, - деп жатты казактар, - қайда жоғалып кетті: кешқұрым ғана бар еді - тығылып келген қарсақтар (қазақтар) ұрлап алып кетпеді ме екен?" Ал Қызылбасов болса жақын жерде ауыл бар екенін біліп ерекше іске тәуекелге барды: Ішкі соқыр ашу-ыза көкірегін кернеп отрядқа күтпеген жерден шабуыл жасап дұшпандарын жоқ қылғысы келу мақсатында отрядтан қашқан. Осындай жамандық ой отряд жиналған кезде ойына келген, ішінде  толып жатқан жек көретін адамдары бар. Ешкімді аямауға бел байлаған Қызылбасов, өзі жайлы да ойламаған...

Түн әлі қараңғы, таңның атуына біраз уақыт бар; отряд тынығып жатты, тек қарауылдар ғана анда-санда қысқаша бір-бірімен тіл қатып тұрды. Осы кезде үш ержүрек қазақтың жас жігіттері отрядқа аттардың пырылдаған дауысын еститін жерге жақын келіп жерге жабысып еңбектеп келе жатты. Оларды анттан безген сатқын ертіп әкелді. Біреуі алдында, қалған екеуі жерден басын көтермей  алғашқының соңынан жер бауырлап келеді. Ол он, он бес қадым жол сайын тоқтап, басын көтеріп жан-жағына қарайды. Олардың сақ келе жатқаны соншалықты, жылан сияқты сырғып келеді, әрқайсысының белінде өткір пышақ; киімдері өте жеңіл, жыртық шоқпыттар, пышақтан басқа еш қаруы жоқ.  Осылай жер бауырлап келгендер аттарды қоршап тұрған қарауылдар тізбегіне жақындады, оларды түнек қараңғыда аңғару мүмкін емес. Осылай бірер минут күтіп қарауылдар бір біріне жақындап сосын алыстаған кезінде жігіттер  тұсауланған аттардың ішіне кіріп алды. Әуелі аттарға өзінше тіл қатып сауырынан сипап олардың тұсауларын кесе бастады, басқа аттардың да тұсауларын кесті. Сосын бір мезгілде үшеуі де атқа қарғып мініп күтпеген жерден қиқулатып жылқыларды айдай бастады. Мұндай қиқуды естімеген жылқылар тұсауларын үзіп есіріп оңға, солға шашырап алдынан шыққан қарауылдарға қарамай   қиқулап бара жатқан жігіттердің соңынан шапты. Казактар осы минутта орындарынан ұшып тұрып қаруларына жармасты. Қару ұстамаса болмайтын, себебі осы сәтте бірнеше жүз бұзықтар отрядқа қиқу салып шапқан еді. Мұндай төтенше шабуылға қарсы тұру әрине мүмкін емес, бірақ тегеурінділік болса және оған мылтық қосылса, сәттілік болса тәртіпті емес тобырлардың қарқыны бәсеңдейді, олар екінші рет шабуылдаймын дегенше казактар уақыт ұтып мылтықтарын оқтап үлгереді. Дәл осылай болды да, қазақтар екі-үш рет жасаған шабуылдарынан соң шегінді; қиқулары алыстан естілді, отряд оларды тіпті қумақшы да болды, бірақ атты мен жаяу тең емес қой, сол себептен де жүзбасы Пахолкин казактардың пайдасыз ерлігін тоқтатты. Отрядта бар болғаны бес қана  ат қалыпты, тәуекелге бел буған казактар қалған аттарға мініп қуылған жылқылардың соңынан шаба жөнелді. Бұл кезде таң атып келе жатқан еді, жылқыларды асығыстықпен айдап бара жатқан жыртқыштар алыстан көрінді. Бес аттың біреуі ғана жарамды болатын, қалғандары сенімсіз еді.  Бұл ат урядник Красоточкин, Пахолкиннің  қайын атасының астында мінгені болатын. Жаужүрек шал  басқа төрт жолдасын күтпей  бағын сынамақ болып жылқыларды қуа жөнелді. Жылқыларды айналып өтіп, қазақтардың дабыл қаққанына қарамастан, алдынан шыққан қазақтардың бірін түйреп тастап қиқу салып аттарды өзіне бұрды. Жылқыларды бір айналып өтіп алдына шығып бір топ жылқыны қосынға алып келді. Бұл кезде оның қасындағы төрт жолдасы үлгеріп жетіп қайтарылған жылқыға шабуыл жасаудан қорғады. Аттардың біразын қосынға қайтарып алып келген соң оларды дереу ерттеп мінген Пахолкин бастаған казактар  қазақтардың соңынан қайтадан шапты. Оларды қуып жетіп бір бөлігін жайратып, қалғандары қашып құтылды, бесеуін тұтқынға түсірді, қуғынның басты мақсаты да осы болатын. Тұтқынға алынған бес адам отрядты түгелімен құтқаруы тиіс. Өлгенді қайтара алмайсың, қазақтар ол жағына онша басты қатырмайды, олар сонымен бірге өлгендердің мүрдесін өзімен алып кетіп жерлеуге аса мән береді; бірақ тұтқындарын қайтаруға ерекше бар күшін салады, сатып алуға ештеңесін аямайды.

Күн толық көтеріліп болған кезде отряд жиналып адамдары мен аттарын түгендеді, Қызылбасовтан басқалары түгел, екі-үш казак ғана найзамен, балтамен жараланған; бірақ жетпіске жуық ат жетіспейді. Ұсталған тұтқындарды қарап шыққан Пахолкин олардың ішінен жараланған жас қазақ жігітті таңдап алып астына бір жаман атті мінгізіп, өзін әбден қорқытып бұзықтардың бастығы Жүсіп Ғалыкеев сұлтанға бар деп тапсырды. Егер түске дейін айдалып кеткен аттар мен Қызылбасов жеткізілмесе мына тұтқындардың осы жерден өлігін табатын боласыңдар, отряд Ғалыкеевтың ауылдарын тонап кездескендердің барлығын тірі қалдырмайды деп жеткізуді бұйырды. Үш сағаттан соң Ғалыкеев сұлтаннан жаушы келіп тұтқындарды ауыстыруға келісетінін, бірақ уақыт мерзімін ұзартуды сұрады, себебі аттарды ұзақ жерге айдап әкетіпті, соңынан алып келуге адам жұмсалыпты. Айырбас жартылай жасалды. Аттар айдап әкелінді, жаралы және табылмаған аттар үшін қазақтар өз аттарын берді. Бірақ Қызылбасовты, мұндай жағдайда оны аямас та еді, Пахолкиннің талабына қарамастан бере алмады, ол қашып кетті деп сендірді.  Осы себепті негізге алып жүзбасы тұтқындарды бере алмаймын деді, себебі қазақтар келісім шартын орындамады. Ендеше аттарды қайтып беріңдер деді қазақтар. Осылай дау басталып арты төбелеске айналып, ақыр соңы  қазақтар үшін тиімсіз аяқталды: казактар оларды аяусыз жазалап жақындаған бұзықтарға қайта шауып түнге дейін қуып соқты.   Осылай Пахолкиннің отряды Сарайшыққа бір адамын да жоғалтпай аман-есен жетіп ән салып жеңісті ұранмен қайтып келді, ең бастысы көздеген мақсатын орындады, жыртқыштардың сазайын тарттырды, малын қайтарып әкелді.

Қызылбасовтың сатқындығы жайлы хабар бүкіл әскерге тарады, оның басына айтылған соншама қарғыс пен жаман сөздер ешкімге айтылмаған шығар, жастың да,  кәрінің де лағнеттері  осы бір бишара жартылай персиялықтың атына төгілді.

Бірнеше жыл өтті; Қызыбасов жайлы далалықтан келген сол кездегі хабардың, яғни оның хабар-ошарсыз жоғалғаны жайлы сөздің растығын дәлелдеді. Күндердің бір күнінде, күздің қараңғы түнек күндерінің бірінде, осы әңгімеміздің басында сипатталған оқиға дәл солай болып қайталанды: қазақтардың бұзық тобы Кожехаровоға жақын жердегі линияның ішіне кіріп кетіпті. Сол мезетте жағылған от белгілер тұрғындардың барлығын аяғынан тік тұрғызды, жиналған отряд тонаушылардың соңына түсті. Отряд кешке қарай  арқасын көлге беріп тоқтады, ол жерде жақсы жайылым бар екен, жағалай қарауыл қойды, шолғыншыларды белгілі шатқалға дейін (ол жерде бір тіке жар бар еді) жұмсап тосқауыл бар-жоқтығын тексеруге жіберді. Шолғыншылар шатқалға қас қарая жетті, жардың ол жағы мен бұл жағын бірнеше шақырымға дейін жүріп тексерді. Ешбір жанның  белгісі жоқ, тыныштық, еш жерде ауылдың немесе бұзықтардың ізі жоқ. Кенеттен (шолғыншы казактардың сөзімен айтып отырмын) бір атты казак терең сайдан алдына шыға келеді: басын шұлғып, қолын құлақшынына апарады, амандасып тұрған сияқты, сүйтті де  жасқана именіп шолғыншыларды айналып өтеді. Осы көрген құбылыс казактарды есінен тандырғаны сонша, бірнеше минут селт етпей қарап тұрған, оған қарап дауыс шығармаған... Сосын ғана бұл казактың Қызылбасов екенін танып, атын атап өзіне шақырады, күнәңді айтып кешірім сұра, өз еркіңмен басшылыққа кел дегенді айтады... Қызылбасов әуелі еш жауап қатқан жоқ, сосын айналшақтап  аз уақыт тұрды да, әскерде не болып жатыр, қазір атаман кім, пәлен-түген деген казактар үйлерінде ме деп сұрай бастады. Урядник бұрынғы айтқан  бізбен бірге жүр деген сөздерін қайталады, ол тағы да басын изеп құлақшынын ұстап қоштасқан белгі жасағандай болды да атын сайға қарай бұрды, урядник осы кезде ұмтылып қолымен ұстамақ болып еді сол заматта ғайып болды. Урядник пен казактар Құдайға сиынып "Әмин, әмин" деп дұғаларын оқып бір сәт қашқынды іздемек болып айналаны оралып шықты, бірақ ештеңе таба алмады. Дәл осы жағдай келесі көктемде қайталанды, бұл жолы шағын отряд сұлтан-правительге барымта мен мал айдап кету мәселесімен көмекке бара жатқан кезінде орын алды. Бұл жолы отрядқа түн ішінде казак келген, дәл жер астынан шыққандай; жасқана имене жақындайды, бірақ алыстап тұрады; бұл жолы да әскерде не болып жатыр деп сұрайды. Қызылбасовты білетіндер оны бірден таныған; казактар ұмтылып қоршап алады, бірақ сол жерде жоқ болады, жер астына кіріп кеткендей. Осы кездерден бастап оралдық отрядтарға далалықта түн жамылған ұйықтамайтын кезбе кездесетін болды. Ол кезбе Қызылбасовтың өзі болатын. Көп жылдар өтті, сол бір бақытсыз түннің болғанына бірнеше ондаған жылдар болды, ессіздікпен жасалған сол бір ызалы кек сол бишара персиялықтың ызалы қанына өрт қойып, ерекше қорқынышты қылмыс жасауға,   өз жанын сатуға алып барды. Оның елесі шексіз далалықты кезіп жүр, іздеп тыныштық таба алмай жүр, орыстың отрядын кездестірсе жақын келіп Орыс жерінде, туған Оралдық әскерінде не болып жатыр деп сұрайды... Бұл күндері оған жұрт үйренген, оны таниды; казактар осы бір жұмбақ құбылыстан қорықпайтын болды: алыстан үстіне шапан, басына ескі дәстүрдегі құлақшын киген ақ боз атты, қара торы сарылау қуарған беті бар, бұлдыр тұрақсыз көзді, қою дөңгелек қара мұртты казакты көрсе бірден дұғасын оқып бір-біріне: "Анаң қара, түнгі кезбе!" дейтін болды.

 В. И. Даль. Полунощник. (Орал аңызы) //  Владимир Дальдың толық жинағы (Казак Луганский). Том 7. — СПб., М., 1898.

Аударған: Сағат Жүсіп

Abai.kz

4 пікір