Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Ғибырат 12178 4 пікір 26 Желтоқсан, 2019 сағат 10:43

Ғайбат – ауыр күнә! 

Ғайбат – ауыр күнә,  өмірден сәл түйгені бар адам саналы түрде бұған жол бермейді. Өйткені, дініміз -  адам хақын, адам жанын қорлауға мүлдем жол бермейді, адамның ар-намысын қорғау ислам дінінің басты назарында. Пайғамбарымыз (ғ.с.с) хадистерінде  адам жанына, оның өміріне зиян тигізетін, адамды азапқа душар ететін, қоғамдық қатынастарға зиянын тигізетін ғайбаттан аулақ болуды үнемі еске салып отырды. 

Дінтанушы ғалым, философ, имам Әбу Хамит әл –Ғазали (1058 —1111 жылдары өмір сүрген) осыған  қатысты былай жазады:   

«Исламда ғайбат айту - харам саналады, ғайбат сөзбен айтылып қана  қоймайды, тұспалдап, астарлап, мысқылдап та айтылады, адам іс әрекетімен де ғайбат етеді,  біреуге нұсқау беру арқылы да жүзеге асырады. 

Адамды мұқату, жөнсіз тиісу, орынсыз сынға алу да ғайбат. Біреуді балағаттау да, адам туралы жаман ойлау да, күдіктену де, адам кемшілігін көрсету де дұрыс емес» деп санайды.

«Ғайбаттың ең жаманы -  екіжүзділік, арам пиғылды адам әділ жазғырушы  кейпін киіп, өзін адал адам санайды, басқаларды үйрете бастайды, өзін басқалардан жоғары санайды. Ал кейде бұндай адамдардың қарапайымдылығы астында тәккапарлығы, тақуалығы астында  атаққұмарлығы, даңқұмарлығы тығылып жатады», - дейді имам әл –Ғазали.    

Қазіргі адамдар күнделікті өмірінде: отбасында болмасын, туыстық қарым - қатынасында, жұмыста, қызметінде болмасын, қоғамдық ортада, жиналған жерде болмасын - біреуді сыртынан сөз ету, жамандау, бұрын өмірден өткен, не қазір өмір сүріп жүрген адамдардың сыртынан өсек айту, оларды жамандау адамдардың қалыпты әдетіне айналды.  

Әсіресе, қазіргі интернет желілерде мадақпен бірге, ғайбат сөздің өршу  тенденциясы да моралдық - этикалық тұрғыдан ешқандай сын көтермейді, адамдар барлық құқықтық нормалар шеңберінен шығып кеткендей,  бұл баршаны ойландыруға тиісті деп ойлаймын.

Сондай-ақ, ұлт кемеңгерлері, бұрынғы және қазіргі көрнекті тұлғалардың өміріне қатысты сын айту, олардың есімдеріне кір келтіру, ластау және олар туралы жағымсыз көзғарастарды, негізсіз деректерді жариялау, мақалалар жазу, оны талқылау немесе тұтас ұлт туралы, қазақ рулары мен жүздері туралы жағымсыз пікірлер жазу, балағат сөздердің айтылуы етек алып барады, бұл қарапайым әдепсіздік пен көргенсіздік көріністеріне айналып, ел тарихы мен дәстүрлерінің, ғасырлар тамшылап жиған құндылықтардың, адамдардың  танымы мен талғамының жойылуына әкеліп соқтырама деген қауіпті де айтқым келеді, бұндай құбылыстар бір ұят шеңберінде ғана емес, әркімнің құқықтық-моралдық, этикалық қағидалар аясындағы жауапкершілігін түсінсе екен деймін. 

Адамның аузынан шыққан әрбір жаман сөз, ғайбат  сөз әуел бастан ғайбат айтқан адамның өзін жоятынын, адамшылығын  құртатынын, басқаның жанын жаралайтынын, қоғамды бөліп жаратынын, елдің ауыз бірлігіне нұқсан келтіретінін ұмытпайық, ғайбат сөзден аулақ болайық! 

Салауат Кәрім

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1464
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1324
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1075
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1120