Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 13809 0 пікір 24 Тамыз, 2011 сағат 04:12

Сағымбай Ботпайұлы. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден»

Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Демек, ғылыми-шығармашылық ізденістегі қажыр-қайраттан туған өрелі еңбектерімен халқының рухани кемелденуінің күретамырына қан жүгіртуде  шын мәніндегі хас талантқа өршіл рухты мінез қажет. Қашанда ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы ар-ождан биігіндегі елдік мінез адам болмысының өзіндік табиғатынан тамыр тартып жатқанымен, туған жер, өсіп-өнген орта рухы мен ата-ана тәрбиесі болат өзек ұстындағы азаматтық ұстанымды қалыптастырады. Міне, арқалы алпыстың биігіне көтеріліп отырған абадан тұлғалы ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық болмыс-бітімін даралайтын қасиеттің бірегейі - елдік қасиеттен суарылған мінез. Сол болаттай мінез ірілігі өмірдің де ғылымның да шыңына шығар бел-белестерде адастырмас темірқазық болып келеді. 1966 жылы мектеп оқушыларының республикалық шығарма байқауында бас жүлдені қанжығаға байлап берген бәсіре бәйгесінің атауы «Абай шыңы - Мұхта шыңы» деп аталуы кездейсоқ деп айта аламаймыз.

Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Демек, ғылыми-шығармашылық ізденістегі қажыр-қайраттан туған өрелі еңбектерімен халқының рухани кемелденуінің күретамырына қан жүгіртуде  шын мәніндегі хас талантқа өршіл рухты мінез қажет. Қашанда ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы ар-ождан биігіндегі елдік мінез адам болмысының өзіндік табиғатынан тамыр тартып жатқанымен, туған жер, өсіп-өнген орта рухы мен ата-ана тәрбиесі болат өзек ұстындағы азаматтық ұстанымды қалыптастырады. Міне, арқалы алпыстың биігіне көтеріліп отырған абадан тұлғалы ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық болмыс-бітімін даралайтын қасиеттің бірегейі - елдік қасиеттен суарылған мінез. Сол болаттай мінез ірілігі өмірдің де ғылымның да шыңына шығар бел-белестерде адастырмас темірқазық болып келеді. 1966 жылы мектеп оқушыларының республикалық шығарма байқауында бас жүлдені қанжығаға байлап берген бәсіре бәйгесінің атауы «Абай шыңы - Мұхта шыңы» деп аталуы кездейсоқ деп айта аламаймыз.

Ордалы еліңнің киелі атамекенін ядролық сынақтармен улап, тектілік тамырыңды аяусыз отап тоздыруға айналған кеңестік жүйенің ұлтсыздандыру саясатына рухани қарсылық - Тұрсын Жұртбайдың азаматтық тұлғасындағы жан жегісі. Сонау бір сағым жылдардағы сағынышты балалық шағы, бертінгі көбе сөгер студенттік кезең одан кейінгі аласапырын өмір ағысында Алаштық аңсар ауаны оның шығармашылық өзегінің ажырамас тініне айналды. Мектеп қабырғасында-ақ М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Әзімхан (Әлихан Бөкейханов) бейнесі мен С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» туындысындағы Алаш қайраткерлеріне қатысты кереғар деректер мен ұлт көсемдерінің жағымсыз бейнесін салыстыра әдеби кеш өтізуі кесек мінезді намыстан туған ілкі қасиет болатын. Сол үшін де коммунистік тәртіпке қайшы «қоғамдық қылмысы» үшін айға жуық сабақтан шеттетілді.

Алаш рухының қасиеті қонған Семей өңірінің нұрлы шапағаты, Абайдың ақындық мектебінің алдаспаны Шәкәрім шығармаларының эстетикасы һәм «ар ілімі» сипатындағы этикалық дүниетанымында ойөрісін дамытқан дарын түрлі жанрда қалыпқа сыймаған қарымын танытты. «Жер-бесік» (1976) роман-новелласы социалистік реализм шырмауындағы әдебиетімізде ұлт тәуелсіздігі, халқымыздың тең жарымын жалмаған ашаршылық және санаткерлік серпілістер тіні рухани еркіндік сынды «жабық» тақырыпқа батыл барған санаулы туындылардың бірі болды. Кәрібоз абыз, Саржан ақынның прототипі етіп алынған рух алдаспандары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабайұлы трагедиясы большевизм ұраншысы емес, ұлт намысының байрағын ту еткен Алаш баласының азаттық аңсарындағы елдік қасиетті парыз тұтқан ұрпақтар сабақтастығындағы тарихи ойлау жүйесін көркемдік таным арқылы жаңғыртуымен маңызды. Ал Семей полигонының қазаққа әкелген қасіреті, еңіреген ел тағдыр-талайы «Беті тілінген тарғыл тастар» туындысының өзегін құрайды. Ұлы даланың қасіретке толы мұң-наласы суреттелген аталмыш шығарма кеңестік «жасампаз»  қоғамның ел мен жерге әкелген беймәлім қиянатының екіжүзді қиямпұрыс бетпердесін ашып берді. Далаға ғашық қыр баласының жүрек түкпіріндегі кеңдікке құштар көк дөнен көңіл иірімінің сезім әлемі «Қоңыр қаз» (1978), «Жүрегімде - жұмыр жер» (1980) өлеңдер жинағы болып өрілді.

Рухани ұстаздары «ақ бас бура» Қайыржан Бекхожин, «ардакүрең» Р.Нұрғали, М.Мағауин шапағатымен М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы шығармаларынан нәр ала отырып тың ғылыми ізденістерге бағыт түзейді. Алаш идеясын санасына сіңіріп өсуіне сирек қорлар бөліміндегі «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Сана» т.б. басылымдармен танысуы серпін береді. Ол қазақтың қилы дәуірлеріндегі бейуақ кезеңдерін, ел үшін жанын қиған Әлихан Бөкейханнан бастап Смағұл Садуақасовқа дейінгі Алаш ардақтыларының тарихи қызметтерін кеңестік саясат танған жалған айыптаулардан аршып алу міндеттеріндегі ар жауапкершілігін қамшылай түсті. Сондықтан ғалымның «Қазақ ұлты рухани парасаттың даму баспалдағына неғұрлым биіктеп көтерілген сайын, өзі үшін құрбан болған Алаш ғұламаларын соғұрлым құрметтеп, тағзым етуі тиіс. Өйткені ұлттың рухани тәуелсіздігін сақтап қалғандар да, мәңгүрттіктен құтқарып кеткендер де, болашақтағы тәуеліздіктің қасиетті ұлы жолын анықтап берген де солар» деген толғанысы тарих тағылымын санада жаңғыртып, зердеге тоқуымен ұрпақ намысын қайрайды.

Тұрсын Құдакелдіұлының абайтану, мұхтартану ілімдерін ұлттық әдебиет пен тарихты тығыз органикалық байланыстағы үйлесімде жаңаша ғылыми танымдағы өреге шығаруы соны ізденістегі еңбектерінің ғылыми-әдіснамалық сипатын ерекшелейді. Абайтануда маңызы ерен «Абай алдында» (1987), «Күйесің, жүрек...сүйесің» (2001), «Құнанбай» (2004) еңбектерінде ақын және ұлт тағдыры, ақын өскен орта, Құнанбай тұлғасы, тарихи шындық пен көркем шындық арақатынасы сынды жоталы мәселелер бұрын белгісіз болып келген мұрағат құжаттары бойынша дәйектеліп берілді. Мысалы, «Құнанбай» еңбегінің «Қаракөктің жәбір сұлтаны», «Жазасы - шариғат жолы», «Ерден иман құтылмайды» деп аталатын үш бөлімде зерттеуші Құнанбайдың қазақ тарихындағы дәстүрлі билік заңына жаңа жөн-жоба қосқан қайраткер тұлға болғанын қоғам қайшылығының саяси-әлеуметтік ағысында дәлелдей көрсетеді. Қазақ тарихындағы кесек тұлғаның ұлттық руханияттағы асқақ тұғырын айқындайды.

Зерттеушінің ұлт тарихының алтын тамырына тереңнен бойлататын көркемдік қуатты ерен, тарихи деректері берен еңбектері отаншылдық рухқа ие. Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналары топтастырылған екі томдық «Дулыға» кітабының ғылыми және танымдық маңызы көк бөрінің  текті ұрпағын елдік қасиеттің заңғарына шығаруында.

Қан жылаған қазақ баласының 1916 жылы басынан өткерген қилы заманын суреттеген М.Әуезовтің «Қилы заман» туындысының тарихи негіздері «Бейуақ» монографиясында терең екшелсе, Алаш қайраткерлері және М.Әуезов тағдыр-талайы, шығармашылығы мен қоғамдық қызметі «Талқы», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді ала!..», «Бесігіңді ұмытпа!..» сынды іргелі еңбектерінде қарастырылды. Алаштануды ұлттанумен сабақтастырған осынау  айшықты кітаптар  ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ел мен жер тарихының ақтаңдақтарын соны мұрағат құжаттары, тарихи деректер негізінде талдап-тарызылауда ұлттық санаға төңкеріс әкелген отандық ғылымның басты жетістігін айқындап берген кезеңдік зерттеулер болды. Мұхтартанудың уақыт рухындағы серпілісі мен сілкінісін әлемдік деңгейдегі талаптармен үйлесіп отыруын діттеген әдебиетші  жетекшілігімен «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» (1997), «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» (1997), «Әуезов әлемі» (1997), «Абай жолы» эпопеясының текстологиялық салыстырудан өткен нұсқасы» (1997), 50 томдық толық жинағының 7 томы (1997-1998) дайындалы. Ұлы суреткердің «Ескермедім, қабылдамадым» (1998) ашық хаттар топтамасы әзірленді. Жанкешті ғылыми еңбек барысында «жазушының қилы-қилы тағдыры мен туындыларының жазылу тарихына қатысты бұрын әдеби ортаға белгісіз екі жүзге тарта тың деректерді ғылыми айналымға түсірді» (А.Ісімақова).

Алаштану - ғалым зерттеулерінің болатөзегі. Зерттеуші оған саналы ғұмырының жиырма екі жылын арнады. Үш томдық «Ұраным - Алаш» іргелі ғылыми еңбегінде төрт жүздей тарихи деректер мен құжаттар жарияланды. «Біз тарихи санамызды тазартпай, ар-ұятымызды қалпына келтірмей, әр нәрсені орнына қоймай біздің мемлекеттің руханияты тазармайды» дейді ғалым. Міне, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметіне қарсы 1927-1932 және 1937-1938 жылдар аралығында жүргізілген большевиктік-коммунистік саяси тергеу ісінің тарихи құжаттары, тергеу деректері қамтылған аталған зерделі зерттеудің құндылығы - ұлт тәуелсіздігі, ел мен жер тұтастығы үшін тарихи қызмет атарған әлемдік дейгейдегі өркениеттік құбылыс іспеттес Алаштың рухани және саяси көсемдерінің тағылымды ғұмыры, қоғамдық сан салалы қызметінің бүгінгі отаншылдық сана, мемлекетшілдік ұстаным биігіндегі ұрпақ қалыптастырудағы көкейкестілігі тұрғысынан зерттелуінде. Біртұтас Алаш идеясын тұжырымдаған ғалым Алаш  қайраткерлерінің ұлттық идеяны бес басты тұжырымға негіздегенін «Бірінші және ең маңыздысы - Жер, Жер және Жер. Жерсіз Ота жоқ. Екінші ұстаным - жердің астындағы, үстіндегі, аспаныдағы барша игілік қазақ мемлекетіне қызмет ету керек. Үшінші ұстаным - толықтай экономикалық тәуелсіздік. Төртінші ұстаным -  мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болу керек. Бесінші ұстын - ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Дәстүрге негізделген заңы бар елдің адаспайтынын Алаш ардақтылары жақсы білген» деп түйеді.

Алаш қайратткерлерінің елдік рухындағы тұлғаның сан салалы ғылыми-шығармашылық болмыс-бітімін ұстаздық ұлағаты да әдіптейді. Еуразия ұлттық университетінде абайтану, мұхтартану ілімдерінен дәріс оқитын профессор Алаш идеясын қазіргі тәуелсіздіктің рухани және саяси ұстыны тұрғысынан байыптап, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге ерекше үлес қосуда. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры ретінде еліміздің руханият әлемінің көкжиегін кеңейтуде маңызы зор ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Бір ғана «Қазақ қолжазбалары (біздің дәуірімізге дейінгі Х ғ. бастап ХХІ ғ. дейін)» деген тақырыптағы 10 томдық ғылыми жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтар болсақ Тұрсын Жұртбай басшылығындағы келелі істің кемелділігі танылады.

Іргелі еңбектерімен отандық әдебиеттану мен тарих ғылымын жаңа биікке көтерген ұлттық руханият абаданы, қаламгер, әдебиетші ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайға арқалы алпыстың шыңында да толайым шығармашылық табыстар тілейміз. Елдік сана, мемлекетшілдік ұстаным сынды ұлттық мүдде биігіндегі көкейкесті де өзекжарды толғаныстары Алашұлының ел мен жер алдындағы перзенттік парызын, азаматтық қарызын өтеу жолындағы борышына адалдығын танытады. Лайым, қашанда өр мінез сол асқақтыққа жетелей берсін демекпіз.

 

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл.

Е.А.Бекетов атындағы

ҚарМУ-дің доценті

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 261
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 129
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 123
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 105