Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Билік 1366 4 пікір 8 Мамыр, 2024 сағат 10:00

Еуразия кеңістігіндегі ауқымды жиын

Сурет: ЕАЭО сайтынан алынды/eec.eaeunion.org

Осы аптада Ресейде ауқымды бірнеше шара өтпек. Соның ішінде Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммитінің орны ерекше. Президент Тоқаев аталған жиынға қатысады деп күтіліп отыр.

Мерейтойлық саммит

Естеріңізде болса, былтыр желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өткен еді. Аталған саммитте Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммитін мамырда Мәскеуде өткізу туралы ұсыныс айтылып, мемлекеттер басшылары бұған қолдау білдірген. Міне, енді аталған жиынға ұйымға мүше елдердің жетекшілері қатысады деп жоспарланып отыр.

Негізі, ЕАЭО-ны алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Соңғы саммитте  «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясы қабылданды. Құжатта технологиялық кооперацияны экономиканың нақты секторында дамыту басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ нарығы 2,6 триллион долларды құрайды. Бұған қоса, Қазақстанның сыртқы саудадағы үлесінің 20 пайыздан астамы осы ЕАЭО елдеріне тиесілі. Ал жалпы ұйым құрылғаннан бері Қазақстанның Одаққа мүше елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайған. Ал экспорт 98 пайызға өсті.

Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған мәліметтерге сүйенсек, мерейтойлық саммитте бірқатар экономикалық маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Солардың қатарында бірыңғай транзит жүйесі келісімі болуы мүмкін. Аталған келісім тауар тасымалын жеңілдетіп, кедендік бақылауды азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар бұған дейін айтылған кей мәселелердің орындалу барысы да сөз болуы ықтимал. Мәселен, Тоқаев соңғы саммит отырысында бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатудың маңызына тоқталған-ды. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде атап өткен. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «еуразиялық бестік» елдері өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алды.

Бұдан бөлек, «ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі» мен қытайдың «Цифрлық жібек жолы» бастамасын ұштастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Цифрлық технология мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың перспективасы туралы әңгімелеп берді. Ендеше биылғы мерейтойлық саммитте бұған дейін келісілген уағдаластықтардың атқарылу барысы, бағыт-бағдары талқылануы бек мүмкін.

Экономикалық байланыс маңызға ие

Сонымен қатар Ресей – Қазақстанның басты сауда әріптесінің қатарында саналады. Қазір тауар айналымы бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, былтыр еліміздің сыртқы саудасы шамамен 140 миллиард долларды құрады. Соның 18,6 пайызы немесе 26 миллиард доллары Ресеймен арадағы алыс-беріс. Солтүстіктегі көршіміз бұл көрсеткіш бойынша Қытайдан кейінгі (22,5 пайыз) екінші орынға орналасқан.

Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы ресейлік компаниялар. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жоспарда тұр. Қысқасы, экономикалық қарым-қатынасымыз өте тығыз.

Яғни, бұл экономикалық қарым-қатынасты қолдап, жаңа келісімдер жасау, ең алдымен, Қазақстанға да қажет. Сондықтан Президенттің Мәскеу сапарының бірден-бір мақсаты экономикалық-қаржылық мүдде болғалы тұр деп айтуға болады.

Былтыр Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен-ді. Аталған жиында бірқатар маңызды келісім жасалып, құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында екі елдің 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары, «Көкшетау», «Семей» және «Өскемен» жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша өзара түсіністік туралы меморандум бар. Осы сапар кезінде аталған құжаттардың іске асырылуы, орындалу бағыты талқыланатыны сөзсіз. Өйткені құжатқа қол қою бөлек мәселе де, оның орындалуы басқа мәселе.

Айтпақшы, Мәскеуге ат басын бұрып тұрып Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9-мамырға арналған шеруге қатыспай кетуі мүмкін бе? Әлбетте, жоқ. Дегенмен, бұл жолғы сапардың басты мақсаты Путиннің ұлықтау рәсімі де, әскери шеру де емес, Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммиті болып отыр. Сондықтан Тоқаевтың Мәскеуге не себепті барғанын дұрыс түсінген жөн. Себебі қазіргідей әлемдік экономика даму деңгейі біршама бәсеңдеген кезеңде бізге көршілермен логистика мен тауар айналымын түзеу маңызды болып тұр. Себебі әлемдік теңізге тіке шыға алмайтын Қазақстан жаһандық нарыққа өз тауарын көрші елдердің жері арқылы жеткізе алады.

Ардагерлерге көрсетілген құрмет

Былтыр Президент Тоқаев Мәскеуде өткен шеруге қатысқанда қоғамда түрлі пікір айтылған. Бірақ 9 мамырдағы әскери шеру туралы әңгіме қозғалғанда мынаны ескеру қажет. Бәлкім, кей елдер үшін Жеңіс шеруі әскери әлеуетін көрсетудің тәсілі шығар. Алайда Қазақстан 9 мамырды соғыста қаза тапқан боздақтарға тағзым күні ретінде есептейді. Ұлы даладан майданға кебенек киіп кеткен 1,2 миллион сарбаздың жартысы елге оралған жоқ.  Сондықтан қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғаған ардагерлеріміздің өшпес ерлігін дәріптейді. Жеңіс күнінде жанқиярлықпен ұрыс салған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым етеді. Фашизмді жеңген ерлердің ерен еңбегін жадында жаңғыртады. Ардагерлерге зор құрмет көрсетеді.

Сөзіміз дәлелді болсын. Елімізде соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, соғысқа қатысушыларға теңестірілгендерге ай сайын қомақты зейнетақы беріледі. Оларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары қарастырылған. Сондай-ақ Жеңіс күні қарсаңында жыл сайын бір реттік материалдық көмек төлеу дәстүрге айналған. Мәселен, биыл Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қаласында тұратын ардагерлерге 2 миллион теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек беріледі. Ақтөбе обысында 2 миллионнан астам қаражат берілмек. Ақмола облысында соғыс ардагерлерінің әрқайсына 3 миллион теңгеден материалдық көмек төленеді. Жалпы, ел бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға төленетін қаражат 1,5-3 миллион теңге аралығында.

Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде соғыс ардагерлеріне берілетін жәрдемақының шекті жоғары мөлшері 25 мың рубльді (121 мың теңге көлемінде) құрайды. Беларусьте 2000 беларусь рубль (271 мың теңге шамасында), Әзербайжанда 2000 манат (650 мың теңге), Қырғызстанда 100 мың сом (500 мың теңге) төленеді. Яғни, Қазақстан басқа әлдерге қарағанда материалдық көмекті әлдеқайда молынан береді. Бұл – фашизмді жеңу жолында қан төккен ардагерлерге көрсетілген ерекше құрмет.

Ер есімі – ел есінде

Майдангерлерлі ұлықтау мұнымен бітпек емес. Елімізде тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында       жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы бұған сүбелі үлес қосып отыр. Зерттеушілер отыз жыл бойы табанды түрде еңбек етіп, Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жариялады. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған.

Екінші дүниежүзілік соғысқа ерлік көрсеткен қазақстандықтарды ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және басқа да батырлардың есімі елді мекендерге, түрлі нысандарға, көшелерге берілді. Сонымен қатар училищелерді, авиация базаларын және әуежайларды баһадүрлеріміздің есімімен атау дәстүрге айналған. Мәселен, Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына Талғат Бигелдиновтің, Қарағандыдағы авиация базасына Нүркен Әбдіровтің, Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанованың есімі берілген.

Бұдан бөлек, кезінде ерлігі еленбей қалған батырларға «Халық қаһарманы» атағын дәстүрі қалыптасты. Мысалы, 2022 жылы марқұмдар Төлеуғали Әбдібековке, Александр Несмияновқа және Ыбырайым Сүлейменовке осындай жоғары әскери атақ берілді. Былтыр Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Гапич осы мәртебеге ие болды.

Таяуда Ұлттық құрылтайда Президент Тоқаев Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің Талдықорғандағы әуе базасын әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің атымен атауды ұсынды. Сондай-ақ Атыраудағы жиында Тоқаев әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденінің үш түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атауды ұсынды. Әлбетте, бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам. Жауға қарсы соғыста қаһармандық танытып, ерлігімен көзге түскен майдангерлердің ерлігін ұрпақ санасында жаңғыртатыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Президент Тоқаевтың Мәскеуге сапары елдің мүддесі тұрғысынан да, өткенге құрмет тұрғысынан да маңызға ие. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммитінде Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғау бағытында келіссөздер жүргізеді. Алда-жалда 9 мамырдағы шеруге қалып жатса, онда Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтарды еске алады. Шындап келгенде, әлемде фашизмді жеңуге үлес қосқан ерлерді еске алу әрбір азаматтың борышы екені анық.

Әлихан Қыстаубайтегі,

журналист

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2189
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2499
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679