Жұма, 21 Маусым 2024
Саңлақ 1700 2 пікір 19 Мамыр, 2024 сағат 15:57

ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Коллаж суреттері автордың ждеке мұрағатынан алынды

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Қарт құрлық доп додаларының шежіресін шертуді әрі қарай жалғастырамыз.

Саясаттың салқыны

Алғашқы Еуропа біріншілігінің басты табысы ретінде мамандар бұрын әлемдік доп додаларында ғана күш сынасып жүрген құрлық құрамаларының бір шаңыраққа бірігуін атады. Тұңғыш турнирге небәрі 17 команданың қатысқанына қарамастан, УЕФА мүшелерінің бәрі дерлік жаңа жарыстың қажет екеніне көз жеткізді. Соның әсері болса керек, екінші чемпионатқа еуропалық 32 елдің 29-ы қатысуға ниет білдірді. Тек финндер мен шотландықтар ғана өз ұлттық біріншіліктерінің кестесінен құрама командаға бос уақыт тауып бере алмайтынын ашық айтты. Германия Федеративтік Республикасы (ГФР) болса, ішкі футбол шаруашылығын қайта құрып, жаңадан бундеслига жасақтап жатқандықтан халықаралық жарыстарға қатысудан тағы да бас тарта тұратынын мәлімдеді.

Іріктеу сатысының жеребесін тастар алдында ұйымдастырушылардың тағы да біраз бас қатыруына тура келді. Өйткені 1/8 финал үшін 16 команданы іріктеп алу қажет еді. Ал қатысуға өтініш бергендер – 29. Ақылдаса келе, алғашқы іріктеуден үш команданы босату туралы шешім қабылданды: КСРО (құрлық чемпионы ретінде), сондай-ақ Австрия мен Люксембург (жеребе бойынша). Қалған 26 құрама 13 жұпқа бөлінді де, жұп жеңімпаздары келесі кезеңге шықты. Өкінішке қарай, бұл жолы да футболға саясаттың салқыны тимей қалмады. Соқыр жеребе бір-бірімен қырық жылдан бері қырғи-қабақ боп келе жатқан құдайы көршілер – Грекия мен Албанияны өзара жұптастырып еді, гректер УЕФА-ға «біз албандықтармен ойнамаймыз, басқа қарсылас тауып беріңдер!» деп шарт қойды. Ұйымдастырушылар екі ойынның да бейтарап алаңда өткізуді өтінсе де, олар еш көнбей қойды. Әйтпесе, Албания жағы кейінгі ұсынысқа келісіп-ақ тұрған болатын. Нәтижеде Грекияға техникалық жеңіліс жарияланды.

Жалпы алғанда, жарыстың алғашқы сатысы сенсацияға толы болды. Әуелі 1962 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Чехословакия құрамасы күтпеген жерден ГДР-ден ұтылып қалып (1:1, 1:2), елді бір елең еткізді. Сосын өздерінің футболды ойлап тапқанына жүз жыл толғанын ерекше табыспен атап өткісі келген ағылшындар француздардан тас-талқан боп жеңіліп (1:1, 2:5), жанкүйер біткенді айран-асыр етті.

«Айды аспанға шығарған» Люксембург

Дегенмен нағыз естен тандырар оқиға 1/8 финалда болды. Ортаңқолдай командасы бар Голландия өзінің оймақтай ғана көршісі – Люксембургтен таяқ жеп, күллі әлемнің күлкісіне қалды. Ұлы герцогтық астанасындағы стадионға бар-жоғы 6-ақ мың адам сыятындықтан, қаржыны молырақ түсіру мақсатында екі матч та Голландияда өткен-ді. Амстердамдағы алғашқы ойында-ақ люксембургтықтар өз қақпасын жаны қалмай қорғап, жанталасып бақты. Алаң иелері, керісінше, «қазір соқпасақ, сәлден кейін соғармыз, не асығыс бар, бәрібір құтылмайсыңдар» деген кейіпте, қарсыласын онша менсініңкіремей ойнады. Төрешінің соңғы ысқырығы естілгенде, таблодағы есеп 1:1 еді. Жанкүйерлер де аса ренжи қойған жоқ, өйткені көпшілігі Роттердамдағы қарымта ойында бәрі ойдағыдай болады деп сенді. Расында да, матч бастала салысымен голландықтар алға лап қойды. Бірақ Люксембург футболшылары өз қақпасына қарай ұшқан әр доптың жолына кеудесін тосып, көлденең жатты. Қорғаныстан қолы босаған санаулы сәттерде олардың қарсы қақпаға қауіп төндіруге де қауқар тапқанын қайтерсіз! Сондай сирек шабуылдың бірінде Камиль Диммер есеп ашып, онсыз да жүйкесі жұқара бастаған алаң иелерінің сайтанын одан сайын «ойнатты». Абырой болғанда, голландықтар таразы басын бірінші таймда-ақ теңестіріп үлгерді. Әйтсе де, көп ұзамай Диммерден екінші голды жіберІп алған соң, оның несі абырой болды дейсіз...

Еуропаның тұңғыш чемпионы – КСРО құрамасы 1/8 финалда Италиямен тоқайласты. Әуелгі ойын Мәскеуде өтіп, алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қарымта кездесудің 33-минутында Геннадий Гусаров тағы бір гол соғып, италиялықтардың жағдайын тіптен қиындатып жіберді. 57-минутта Сандро Маццола бағыттаған 11 метрлік айып добын қақпасына дарытпаған Лев Яшин матчтың басты қаһарманына айналды. Джанни Ривераның соңғы соңғы секундтарда соққан добы жалпы жекпе-жек нәтижесін түбегейлі өзгерте қоймады. Бұл сатының қалған жұптарында ел ішегін тартып, таң қалатындай сенсация бола қойған жоқ.

Ширек финалда Кеңес Одағы командасы Швециядан (1:1, 3:1), испандықтар Ирландиядан (5:1, 2:0), венгрлер француздардан (3:1, 2:1) басым түсті. Жеребе жөнінен кереметтей жолы болғыш (олар әуелде Мальтаны, сосын Албанияны жеңген болатын) Дания құрамасына бұл жолы алдыңғы кезеңнің «басты қаһармандары» – Люксембург футболшылары тап келді. Шынын айту керек, 60-жылдары дат командасы Еуропадағы ең әлсіз ұжымдардың бірі еді. Олардың «адам болғаны» неміс жаттықтырушысы Зепп Пионтек басшылық еткен 80-жылдары ғана ғой. Сол себепті, әйгілі Гамлет ханзаданың отандастары Люксембургтың өзін үш ойын (3:3, 2:2, 1:0) өткізіп барып, әрең жеңді. Бір қызығы, үшінші кездесу бейтарап алаңда – Амстердамда ойналды. Яғни шағын ғана мемлекет құрамасының таңқаларлық «табысты эпопеясы» қай қалада басталса, сол қалада аяқталды. «Тағдырдың тәлкегі» деген осындай-ақ болар...

Финалдық турнирді Испанияда ұйымдастыру туралы шешім ширек финал ойындарының нәтижесі белгілі болмай тұрып-ақ қабылданған болатын. Себебі, нағыз спорттық бабында тұрған испан командасының ол кезде әуселесі мәлім ирландықтарға тісі батпайды дегенге ешкім сене қойған жоқ. КСРО және Венгрия құрамалары да ақтық сында өнер көрсетуге лайық деп танылды. Ал үздік төрттікке кілең «әлжуаздарға әлімжеттік көрсетіп» қана ілінген Данияның табысын мамандар кездейсоқтық деп қабылдады.

Франконың көз алдындағы «масқара»

Расында да, Барселона қаласындағы «Ноу Камп» стадионында өткен жартылай финалдық кездесуде дат командасы Константин Бесков баптаған КСРО құрамасының тегеурініне қарсы тұра алмады. Валерий Воронин, Виктор Понедельник және Валентин Иванов бір-бірден доп соғып, орыс командасы оп-оңай жеңіске жетті. Қарсыластардың деңгейі бір-біріне онша сай келмейтіндіктен, ойын да аса қызық бола қойған жоқ.

Керісінше, Мадридтегі матч 120 минут бойы жанкүйердің «уһ» деп, бір тыныс алуына мұрша бермейтін айрықша тартысты кездесу болды. 37 градус ыстықта өткен ойын ең әуелі венгр Антал Сентмихаидің бенефисіне айналардай көрінді. Испан футболшылары допты қақпаның қай бұрышына бағыттаса да, сілеусінше секіретін қақпашы көп уақытқа дейін ешқандай соққыны дарытпады. Алаң иелерінің шабуылшылары шарасыздықтан бас шайқаумен болды, тіпті кейбірі ризалығын жасыра алмай, қақпашының арқасынан қағып-қағып қойды. Бірте-бірте испандықтардың қарқыны басыла бастады-ау дегенде, Еуропаның 1960 жылғы үздік футболшысы Луис Суарес әріптесі Хесус Передаға керемет пас шығарып берді: айып алаңына емін-еркін кірген шабуылшы ғаламат күшті соққымен торды жыртып жібере жаздады – 1:0.

Екінші таймда есін жиған венгрлер ойынның соңғы ширегінде тізгінді өз қолдарына алып, 86-минутта Ференц Бене есепті теңестірді. Қосымша уақыттың бастапқы бөлігі шығысеуропалықтардың басымдығымен өтті. Бір Бененің өзі екі бірдей ұрымтал сәтті уыстан шығарып алды. Жанкүйерлер голдың иісін сезгендей болды. Көп ұзамай гол да енді. Бірақ... қарсы қақпаға. Бұрыштама кезінде венгр қорғаушылары қателесті де, ашық қалған Амаро Амансио баспен дәл соқты – 2:1.

Алаң иелерімен алысып шаршаған Венгрия құрамасы 3-орын үшін болған матчта Данияны қосымша уақытта әрең тізе бүктірді.

Ал финалда осыдан төрт жыл бұрын генерал Франконың кесірінен кездесе алмай қалған командалар ойнады. Бұл жолы испан диктаторы трибунадағы құрметті меймандардың қатарында отырды. Көрген куәлердің мәлімдеуінше, шешуші ойын сырт көзге тең дәрежеде өткендей әсер қалдырғанымен, шын мәнінде КСРО футболшылары бар мүмкіндігін ашып көрсете алмады. Мұның бір себебі – 79 мың адамның құлақ тұндырар шуылы десек, екіншісі – дұрыс таңдалмаған тактика болса керек. Неге екені белгісіз, орыс бапкері алаңға орталық тұста ойнап үйренген бес бірдей ойыншы шығарды. Нәтижесі белгілі: олар не шабуылға көмектесіп жарытпады, не өз қақпасын дұрыстап қорғай алмады, әрі қос қаптал ашық қалды. Дегенмен екі рет қатарынан құрлық чемпионатының финалына шығу – үлкен ерлік екенін де мойындаған жөн. Бірақ Кеңес Одағы басшылары бұлай ойлаған жоқ. Оларды команданың КСРО-ның «қас жауы» – Франконың көз алдында жеңілуі қатты шамдантса керек, елге оралған соң, бас бапкерді орнынан алып тастады.

ХХ ғасырдағы жалғыз табысына «Фурия роха» («Қызыл фурия», Испания құрамасына жанкүйерлер қойған ат) атақты бапкер Хосе Вильялонганың көмегімен қол жеткізді. Шешуші голды 84-минутта Марселино Мартинес соқты.

ІІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1964 жыл, Испания)

Финалдық турнирде 4 матч өткізіліп, 13 доп соғылды. Мерген ойыншылар: Переда (Испания), Бене, Новак (екеуі де Венгрия) – 2 доптан.

Жартылай финал

Испания – Венгрия – 2:1 (қосымша уақытта), КСРО – Дания – 3:0

3-орын үшін матч

Венгрия – Дания – 3:1 (қосымша уақытта)

ФИНАЛ

ИСПАНИЯ КСРО 2:1

21 маусым. Мадрид. «Сантьяго Бернабеу» стадионы. 79 115 көрермен. Төреші Холланд (Англия).

Испания: Ирибар, Ривилья, Оливелья, Соко, Кальеха, Фусте, Переда, Амансио, Марселино, Суарес, Лапетра.

КСРО: Яшин, Мудрик, Шустиков, Шестернев, А.Корнеев, Воронин, Аничкин, Численко, В.Иванов, Понедельник, Хұсайынов.

Голдар: Переда, 7 (1:0), Хұсайынов, 8 (1:1), Марселино, 84 (2:1).

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір