Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Алашорда 1795 5 пікір 16 Сәуір, 2024 сағат 14:31

Шоқан ілімінің көкжиегі

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

ШОҚАН - 190

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
 ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

І. Кіріспе

 (10 сәуір қайтыс болған күніне орай)

Шоқан десе құлағы елең етпейтін азамат жоқ десек қателесе қоймаймыз. Бұған себеп те жоқ емес. Қазақ халқынан шыққан тұңғыш суретші, европаша білім алған тұңғыш қазақ баласы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, саяхатшы, аудармашы, жаратылыстанушы, әдебиетші, публицист, минеролог, нумизматик, зерттеуші-ғалым, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы көзі қарақты, көкірегі ояу кез келген адамды бей-жай қалдырмайтыны анық.

30 жылға жетер-жетпес ғұмырының соңында өшпейтін із, өлшеусіз мұра қалдырған, әлемдік ғылымға қомақты үлес қосқан Шоқан Уәлихановтың есімі уақыт өткен сайын аққан жұлдыздай жарқырай түсуде.

2025 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Осы меже қарсаңында Шоқан қалам тартқан салалардың бірқатарына тоқтала отырып, оның еңбектері осы уақытқа дейін неліктен құнды деп саналады, өскелең ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие береді, көзі қарақты оқырман мен әлем ғалымдарын баурап алатын қасиетінің сыры неде деген сияқты сұрақтарға жауапты Шоқан ілімінің көкжиегіне көз жүгірте отырып, іздегенді жөн көрдік.

Шоқан Алла берген ерекше дарынының арқасында ғылым-білімге жастайынан құмар болды. Мысалы, жеті жасында әкесі Шыңғыстың көмегімен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Көкше»  жырларының бірнеше нұсқасын жазып қойған, кейінірек оларды Омбы қаласына барып, оқуға түскенде ұстазы Н.Ф. Костылецкийдің қолына тапсырады. Сондай-ақ, әкесі Шыңғыстың бұйрығымен үйлеріне бірнеше мәрте ақын, жыршыларды шақыртып, екеуі бірге қазақ әндері мен аңыздарын қағазға түсіріп, оларды да Омбыға жіберген. Сөйтіп, Шоқан қазақ халқының аса бай мәдени мұрасының бір бөлшегінің жазбаша түрде сақталап қалуына бала күнінен бастап үлес қосты.

Бұл туралы академик Әлкей Марғұлан былай деп толғайды: «Ежелгі дәстүр бойынша, сұлтанның балалары «жеті жұрттың тілін біл» деген ескі қағида негізінде бірнеше шығыс тілін үйренуге тиіс болды. Бұл дәстүр ол кезде әлі сақталатын, сөйтіп Шоқан бала күнінен бастап-ақ шығыс тілдерін оқып, араб тілін меңгереді, ал кейінірек ұйғыр жазуын үйренеді.

1985 жылы академик-жазушы Ғабит Мүсірепов «Шоқанның таланты      телегей - теңіз, оның ғалымдық өрістері ұлан - байтақ биіктерге серпіліп жатады. Біздің ғалымдарымыз осы Шоқанша әр қырынан табыла берсе деп үміт етсек, онымыз орынсыз болмас деймін», - деп жазған екен (Мұхтарұлы Сейсен. Шоқан және өнер: Түсініктемеге негізделген иллюстрациялық ғылыми-публицистикалық кітап. Алматы: Өнер, 1985 – 310 -бет, кіріспе сөз).

Сонымен, құрметті оқырман, Шоқан қалам тартқан, зерделеген, зерттеген, тұжырымдар жасаған салалардың бірқатарына тоқтала отырып, Шоқан ілімінің көкжиегін бағдарлауға талпынып көрелік.

ІІ. Жалпы мағлұматтар

Шоқан қалам тартқан салалардың бірқатарын ғана атайтын болсақ, таң қалмасқа шара жоқ. Олар: тарих, мәдениет, этнография, география, поэзия, құқықтану, әдебиет, өнер, философия, жаратылыс, минерология, нумизматика, публистика, онамастика сияқты болып жалғаса береді.

Тумысынан зерек, өнегелі тәлім-тәрбие алған Шоқанның әр еңбегі нақтылығымен, дәлдігімен, адалдығымен, көркемдігімен, жаңашылдығымен сол заманның өзінде әйгілі ғалымдардың, оқымыстылардың, мемлекеттік тұлғалардың назарына ілігіп, аса жоғары бағаланғаны белгілі.

Атап айтатын болсақ, әйгілі «Көкетай ханның өлімі және оның асы», «Манас», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар жайлы жазба», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа» сияқты бірқатар ғылыми еңбектерін 1856-1857 жылдары, яғни 20-21 жасында-ақ орындаған. Бұл еңбектер өз құндылығын әлі күнге дейін жойған жоқ. Ондағы қазіргі Қазақстан, Қырғыстан аумағын, жалпы Орта Азияны мекен еткен ежелгі ру-тайпалардың жай-күйі, өзара қарым-қатынасы, жер-су атаулары, тарихи-этнографиялық, шаруашылық-тұрмыстық, құқықтық нормалар жайында мол мәліметтер кейінгі зерттеушілер үшін аса маңызды болып қала беруде.

Мысалы, 1856 жылғы Құлжа күнделігі аса тартымды, Шоқанға тән нәзік, сүйкімді, жарасымды қалжыңы да кездесетін жазбалардың қатарында.  Онда сол кездегі шекаралық аймақты мекендеген қытай, сибо, солон, қалмақ, ұйғыр сияқты ұлттардың тұрмыс-тіршілігі өте шебер, әрі әсерлі баяндалады және мүмкіндігінше суреттерімен қоса беріледі.

Ал Тянь-Шань, Жетісу, Ыстықкөл табиғатын, географиясын, өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінің суреттерін сала отырып зерттегені кез-келген оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.

Ш.Уәлиханов тарихшы, этнограф ғалым ретінде қырғыздарға қатысты шығыс деректерін түгел, әрі терең зерттеген. Сол сияқты қазақ, ұйғыр, өзбек халықтарының тарихын, шығу тегін, мәдениетін, тұрмысын, киім-кешегін, шаш қою үлгісін, қол өнерін, әскери әлеуетін, қару-жарағын ғылыми түрде талдаған тұңғыш оқымысты.

Саяхатшы Уәлихановтың Қашқарияға сапарының нәтижелері күллі әлем ғалымдарын таңғалдырды. Сол заманда Шығыс Түркістан өлкесі басқа мемлкеттер үшін беймәлім, жұмбақ болатын. Тіпті онда жабайылықтан әлі аса алмаған белгісіз тайпалар мекендейді деген пікір де орын алған уақыт еді.

Бұл туралы Әлкей Марғұлан былай деп атап өткен: «Шоқан Қашғардан «Тазкира-йи Сатұғ Бұғра хан (Сатық Бұғра хан тарихы)», «Тазкира-йи Тоғұлық Темір хан» (Тоғұлық Темір хан тарихы), «Тазкира-йи қожаған» (Қожалар тарихы), «Әбумүслім Марузи» және басқа сирек кездесетін бірқатар шығыс қолжазбаларын, сондай-ақ нумизматика жәдігерлерін, тау жыныстарының жиынтықтарын, нефрит үлгілерін, гербарий және т.б. алып келді» (Марғұлан  Ә.Х.  Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. – Т.10 – 592 б. 61-бет).

Нәтижесінде сол уақытқа дейін географиялық карталарда ақтаңдақ болып келген беймәлім өңірді адамзатқа алғаш рет паш еткен Шоқан болды. Содан бастап европалық географ-ғалымдар мен шығыстанушылар бұл өлке туралы нақты мәліметке қол жеткізіп, Шоқанды аса білгір оқымысты, ержүрек саяхатшы - ғалым ретінде толық мойындады.

1859 жылы Шоқан Петерборға келді. Онда жас ғалым өзінің сымбатты келбетімен, ақсүйектерге тән мінез-құлқымен, әсіресе асқан дарындылығымен оқымыстылардың, қоғам қайраткерлерінің назарына бірден ілінді. ХІХ ғасырдың орта шеніндегі ірі ғалымдардың бірі П.И. Небольсин Шоқан туралы: «Петерборда қазақтар аз, бес-алты адам бола қояр ма екен? Олар жалпыеурапалық әскери киім киіп жүреді, тек бір адамнан басқасы ғана өзінің бар екендігі туралы ерекше ештеңе байқатпайды. Ол біреу – өте жас кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Уәлиханов» - деп жазды. «Мен Уәлихановпен Петерборда жақын таныстым және бірнеше өте тартымды кешті бірге өткіздім, - дейді тағы бір атақты ғалым Л.Н. Плотников, - оның қабілеттілігі мен біліміне олар (Мұхаммед Қали Таукин және Бабажанов) түгіл, біз Небольсин мырза екеуіміз де тең келмеспіз».

Петерборда Шоқан Уәлихановтың сан қырлы таланты кеңінен ашылды. Ол бірнеше мекемелерде қызмет істеді: Бас штабтың Әскери-ғылыми комитетінде, Азия департаменті мен Географиялық қоғамда шығыстану жөнінде лекция оқыды.

Қызмет бабымен П.П. Семенов-Тяншанский, Н.И. Веселовский, Д.М. Менделеев, Н.М. Ядринцев, А.Н. Бекетов, И.И. Захаров, В.В. Григорьев, В.П. Васильев, В.В. Вельяминов-Зернов, С.Ф. Дуров, А.Н. Майков, Я.П. Полонский, Н.С. Курочкин, Х.Файзхан, И.И. Ибрагимов сияқты тағы басқа көптеген озық ойлы ғалымдармен, ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен жиі араласты.

Ал  Г.Н. Потанинмен, Ф.М. Достоевскиймен өмір бойы өте жақын достық қарым-қатынаста болды. Петерборда Достоевскийдің үйіне барып тұрды және отбасымен, бауырымен танысты. Оның дәлелін Сібірде айдауда жүрген Ф.М. Достоевскийдің Шоқанның хатына жазған жауабынан көруге болады: «Мейірбан досым менің, Сіз мені жақсы көрем деп жазыпсыз. Мен еш уақытта да және ешкімге де, тіпті, туған бауырыма да, тап Сізге көңілім түскендей жақындықты сезген емеспін. Қолға алған ісіңізді тастай көрмеңіз. Сіздің материалдарыңыз өте көп. Еуропаша толық білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді есіңізге алыңыз. Оның үстіне тағдыр Сізді абзал адам етіп жаратып, Сізге жан мен жүрек берген. Артта қалуға болмайды, жоқ болмайды». Достоевский бұл жалынды сөздерімен Шоқанды халық ағарту майданында белсенді қимылдауға жігерлендіреді. Әрі қарай Достоевский: «Мен Сізді жақсы көретінім сондай, Сіз және Сіздің тағдырыңыз туралы күні бойы ойлаймын».

Міне құрметті оқырман, өскен ортасы, 1847 – 1853 жылдарда Омбыдағы Сібір кадет корпусында алған білімі, одан кейінгі өмір жолы, Петербордағы оқымыстылар ортасы, Ресей Патшасының қабылдауында болуы, Парижге іссапары Шоқан Уәлиханов ілімінің көкжиегін шексіз ұлғайтқаны сөзсіз. 

Шағын мақала аясында Шоқанның барлық еңбектеріне жеке-жеке тоқталу мүмкін емес. Мұндағы мақсат – олардың бірқатарын атау арқылы, Шоқан араласқан зиялы қауым өкілдерін көрсете отырып, Шоқан ілімінің сан қырлы екеніне назар аудару.

Ендігі кезекте сол қырларының ең айшықтысы – Шоқанның суретшілік өнерін жекелеген туындыларын келтіре отырып, талдаймыз.

Шоқанның бала күнгі бір әуесі сурет салу еді. Бұл өнерді ол орыс суретшілерінен – Құсмұрын бекінісінде, Уәлихановтар отбасымен бірге тұрған топографтар мен гоедезистерден үйренді. Сонымен қатар, Уәлихановтар ауылына орыс оқымыстылары, инженерлер мен білімді офицерлер жиі келіп тұратын, олар да зерек баланың өнер мен әдебиетке деген ықыласын арттырғаны анық» (Марғұлан  Ә.Х.  Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. – Т.10 – 592 б. 17-бет).

Қазақ халқында 1917 жылы орын алған Ұлы Октябрь революциясы деген атаумен қалған большевиктер төңкерісіне дейін адам бейнесін суретке түсірген бір-ақ қазақ болды. Ол - Шоқан.

Реті келгенде айтып өтсек, қазіргі уақытта қоғамымыз қазақ халқынан шыққан тұңғыш суретші Ә. Қастеев деген жаңсақ пікірге бой алдыруда.

Күні бүгінге дейін Шоқан салған суреттерге теңдесетін дүние кемде кем.

Мысалы, Шоқанның графикалық туындылары ішінде портреттер ерекше орын алады. «Тезек төренің бейнесі», «Үлкен орданың (Ұлы жүздің) сұлтаны Мамырхан Рүстемов»,   «Алатау қырғызы», «Бұғы руының жоғарғы манабы Боранбай», «Сарыбағыш руының биі Аилшы Шамратовтың баласы», «Қытай мырзаларын Құлжада қабылдау», «Белгісіздің бейнесі», «Потанин» сияқты шығармаларында қарапайым қарындашпен әр тұлғаның мінез-құлық ерекшеліктері айшықты, ажарлы түрде өрнектеледі. Ал Орта Азияны мекендеген халықтардың, оның ішінде қазақ пен қырғыздың, қалмақ пен қытайдың, башқұрт пен бұхарлықтардың, ұйғыр мен өзбектің антропологиялық типін, этникалық ерекшеліктерін, ұлттық болмысы мен белгілерін асқан дәлдікпен, ғажайып шеберлікпен бейнелеген.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

  Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Мұнан бөлек, Шоқан салған топографиялық карталар мен сызбалар кәсіптік деңгейі жоғары, географиялық тұрғыдан дәлдігімен ерекшеленіп, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Ал Шоқанның табиғатты, жан-жануарларды, тас мүсіндер мен петроглифтерді, ғимараттар мен көне ескерткіштерді бейнелеген суреттері өз алдына бір әлем.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Мысалы, Шоқанның 1856 жылы 14 шілдеде теңіз деңгейінен 3268 метр биіктікте орналасқан Саты асуының Күнгейінен Ыстықкөлдің Түпке иек артқан қолтығы мен Теріскей Алатаудың сағымдалған ақшулан шыңдарын бейнелеген, акварельмен салған суреті теңдессіз туындылардың қатарына жататыны сөзсіз.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Шоқан асудың өзіне дейін ешбір суретшінің аяғы тимеген ең жоғарғы нүктесінде тұрып, мәңгі ерімейтін қардың ызғарына қарамастан, көз алдына ашылған таңғажайып көріністі жайдан-жай аттап кетпеген. Әскери отрядын сол жерге аялдатып қойып, қолына қылқалам алған Шоқанның қаншалықты нәзік жанды, романтик, сезімтал жан екенін байқауға болады.

Суретші Шоқан бұл композициялық құрылымда Көлем мен Кеңістікті асқан шеберлікпен, ұтымды пайдаланған. Бірден көзге түсетін Күнгей Алатаудың өркеш-өркеш мәңгі мұзарттары. Сол қапталдағы мұзарттар ақшаңқайланып жатқанымен сұсты да суық, оң қанаттағы мұзарттың қабағы тіптен қатыңқы көрінеді.

Асудан кейінгі көрініс туралы Ұлы ғалым  әйгілі «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты еңбегінде: «Тас төбеден қапырық атқан отты, лепті күн аңғарлы тау алқабына ақша бұлт арасынан ойдым-ойдым көлеңке түсіріп тұр, кіршіксіз қызғылт түсті шұғылаға шомылған көлдің дидары көктен құйылған нұрдың реңімен үйлесіп, ол қиырдағы қарлы таудың мұнартқан бедерімен ұнасым тауып астасып жатыр», - деп жазды.

Шоқанның тағы бір ерекше атайтын туындысы «Жатақ» деп аталады. Жатақ – көшіп қонатын малы мен көлігі болмағандықтан, үнемі қыстауда немесе қала маңында тұрып, өлместің күнін көрген кедей қазақтардың белгілі бір әлеуметтік тобы.

Егер алдыңғы туындысында Шоқан романтикаға бейім, лирикалық сезімге бой алдырғыш суреткер болып көрінсе, «Жатақ» картинасы арқылы өзін бұқара халықтың жоғын жоқтайтын, арман-тілегін ардақтайтын, сол замандағы қоғамның әлеуметтік қайшылықтарын әшкерелейтін, өткір ойлы, терең танымды, озық гуманист, демократ адам ретінде көрсетеді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

ІІІ. Қорытынды

Дегенмен, Шоқанның көпшілікке белгісіз ғылыми мұралары мен ашылмаған құпияларын, өмір деректерін одан әрі мұқият зерттеу қажеттігі туралы Е. Бекмаханов,  М. Әуезов, Қ. Сәтпаев, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, С. Бегалин, Х. Айдарова, Шота Уәлиханов, Д. Қонаев, С. Зиманов, Ә. Бисенова, С. Мұхтарұлы, Б. Көмеков сияқты қазақ зиялылары айтып кеткенін ұмытпауымыз керек!

Алайда, осы күнге дейін «Шоқантану» ғылымы көңілді толық қанағаттандыратындай деңгейге жетті деп айтуға ертерек! Өкінішке орай, тек айтулы даталары қарсаңындағы ғылыми конференцияларда Шоқан жайлы бірер баяндамалар жасалып, ғұлама ғалымның еңбектерін ескі сарынмен, аздаған ғана өзгерістермен қайталап шығарумен шектеліп келеміз.

Мұндай жағдай көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды азаматтарымызды толғандырмай қоймайтыны сөзсіз. Мысалы, аталмыш мәселеге байланысты еліміздің БАҚ-да, әлеуметтік желілерде, интернетте түрлі қисынды-қисынсыз мақалалар жариялануда. Бұл ретте, қызығушылық танытқан жандар үшін «Шоқантану» саласында қордаланған өзекті мәселелерді 2023 жылғы 23 сәуірде «Абай.КZ» интернет порталында жарияланған «Шоқан кімге керек?» атты мақаламызда мүмкіндігінше толық қамтуға талпынғанымызды айта кетеміз.

Сондықтан Шоқанның өмірі мен қызметіне, өмірінің соңғы кезеңіне байланысты дақпырт сөзді тоқтататын кез келді деп есептейміз. Ол үшін Шоқантану ісін жандандыра түсу қажет.

2025 жылы Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Айтулы меже қарсаңында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу, Шоқан оқулары, өнер, ғылым, әдебиет, тарих, этнография салалары бойынша байқаулар жариялау, Жетісу облысы орталығы Талдықорған қаласында ескерткіш орнату сияқты ауқымды іс-шаралар атқарылады деген сенімдеміз.

Сонымен қатар, Шоқантану ісіне өлшеусіз үлес қосқан академик Ә.Марғұланның Шоқан туралы еңбектері мен  Мұхтарұлы Сейсеннің «Шоқан және өнер» атты кітабын қайта басып шығару туралы ұсыныс енгіземіз.

Енді мақаламыздың «Шоқан ілімінің көкжиегі» атты негізгі тақырыбына оралып, өзіміз жоғарыда қойған сұрақтарға жауап берелік. Олар: Шоқан еңбектері несімен құнды деп саналады, өскелең ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие береді, көзі қарақты оқырман мен әлем ғалымдарын баурап алатын қасиетінің сыры неде?

Мұндағы бірінші сұраққа мақала басында жауап берілді, қысқаша қайталасақ, Шоқан еңбектері нақтылығымен, дәлдігімен, әділдігімен, адалдығымен құнды.

Ал өскелең ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесіне келетін болсақ, Шоқанды жастарға нағыз еліктеуге лайық тұлға ретінде ұсынған болар едім.  Қазіргі қоғамға жетіспей жатқан білімқұмарлық, еңбеккқорлық, адалдық, адамсүйгіштік қасиеттердің бәрі Ұлы гуманист, адамзат баласын сүйіп өткен, демократ – ағартушы Шоқан Шыңғысұлының бойынан табылған.

Реті келгенде айта кетсек, Шоқанның өзі таза мұсылман бола тұрып, жекелеген дін талаптарының қоғам дамуына кері әсері бар екенін, жастар ертелі-кеш тек қана діни мәселемен ғана айналыспай, ғылым-білімге ұмтылуы қажет деген мағынада өз пікірін ешкімнен тайсалмай айтып, жазып кеткен.

Осыған байланысты, 2024 жылғы 15 наурызда Атырау қаласында үшінші Ұлттық құрылтай «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты тақырыпта өткенін атап айтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Сондықтан, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекіту қажет. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, Ұлттық құрылтайдың кезекті төртінші отырысын келесі жылы, яғни Шоқанның туғанына 190 жыл толатын жылы, Шоқанның Ұлы атасы Абылай ханның ордасы болған Көкшетау, Бурабайда өткізу туралы ұсыныс жасады. Мұның өзі еліміз үшін керемет хабар емес пе? Ол құрылтайда бұйыртса, атасы Абылай мен оның шөбересі Шоқанның есімдері ерекше айшықталады деген сенімдеміз.

Сонымен құрметті оқырман, Шоқан ілімінің көкжиегін осы шағын мақала аясында шамамыз келгенше тарқатуға тырыстық.

Ең бастысы, кез келген білімқұмар азамат Шоқаннан өз іздегенін табады. Мейлі ол оқушы, студент, магистрант болсын, мейлі оған реферат, дипломдық жұмыс, диссертация, тіпті ғылыми монография жазу керек болсын, Шоқан ілімі көптеген салалардан мағлұмат бере алады.

Шоқан еңбектері сан қырлылығымен құнды, мәңгілік мұра!

Сондықтан, барлық оқу орындарында «Шоқантану» сабағын енгізуді, дәрістер оқуды ұсынамын. Осы ұсынысымды Қазақстан Республикасы Парламентіне, Сенат мен Мәжіліс депутаттарының назарына, мүдделі мемлекеттік органдар қарауына жолдаймын, қолдауларыңызды сұраймын.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, мемлекеттік қызметші, Тезек Төре және Шоқантанушы, бос уақытында шығармашылық-зерттеу жұмысымен де айналысады.

Abai.kz

5 пікір