Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Дәстүр 10214 2 пікір 16 Ақпан, 2016 сағат 04:49

CОПЫЛЫҚТЫҢ ЖАУЫ - УАХАБИЛЕР...

Қазақ халқының дәстүрлі діни танымы сопылық жол арқылы қалыптасқаны, бұл жолды қалыптастыруда Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың ерен еңбегі болғандығын бұрындары ешкім жоққа шығара алмайтын. Бірақ соңғы жылдары сырттан келіп жатқан уаххабилік-салафилік уағыздар ықпалымен халықтың санасына селкеу түскені, жастар арасында қазақтың дәстүрлі діни таным негіздерін мүлде жоққа шығаратын «әсіре діншілдердің» пайда болғандығын көріп жүрміз.  

Өкінішке орай, сопылыққа қарсы БАҚ беттерінде жарияланған мақалалардың да халық санасында теріс көзқарас қалыптастырғанын жоққа шығара алмаймыз. Сола бола тұрса да, біз, қазақ халқы сопылық жолдан бас тарта алмайтынымызды түсінуге, ұғынуға тиіспіз. Өйткені, бар рухани-мәдени болмысымыз, діни дүниетанымымыз осы сопылық жол арқылы қалыптасты. Ол жолдан бас тарту қазақ халқының ата-бабаларының ғасырлар бойы қалыптастырып, бізге қалдырған рухани мәдениетінен, діни дүниетанымынан, солардың ықпалымен қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен толығымен бас тарту болар еді. Басқаша айтар болсақ, қазақ халқын халық ретінде тарих сахнасынан өз қолымызбен кетірген болар едік. Ол жол біз соншалықты бас тартатындай, өзгенің алдында ұялтатындай, біздің ата-бабаларымыз жаман жолда жүріп пе еді? Өзгелерден кем болып па едік? Жоқ! «Жетімін қаңғыртпаған, жесірін жылатпаған», «ар ұялар іс қылмаған, зерек ақылдың» соңына ерген, телісі мен тентегін ақылмен тия білген, түрмесі болмаған, киелі билер мен орақ тілді шешендердің соңына ерген, шариғаттан аттамаған халық едік. Елдігімізден айрылсақ, өзгеге бодан болсақ, сол ата-бабаларымыз салып кеткен жолдан ауытқығандығымыз үшін Тәңір Тағаланың бізге берген жазасы болатын. Өкінішке орай, біз сол тарихтан сабақ ала алмадық. Тәңір Тағала бізге бүгінгі күні  ғайытан Тәуелсіздік беріп, Егемен ел қылғанда, тағы да шатасып, жат діни ағымдардың жетегінде кетіп бара жатқан жайымыз бар. Соның бәрі біздің өзімізді-өзіміз тани алмағандықтан туындап отырған қатерлер екендігін мойындай алмай келеміз. Пайғамбарымыз Мұхамметтің (с.а.с) «Кім де кім өзін-өзі таныса, Иесін де таниды» деген хадисі бар. Біз сол өзімізді де, Иемізді де тани алмай келеміз. Иеміздің бізге берген сансыз нығметтерінің де қадіріне жете алар емеспіз. Сонда да болса, халық ата-бабаларының жолының қадір-қасиетін әлі де болса сезінер, түсінер, қайта мойнын бұрар деген үмітпен сопылық жол, тариқат туралы білгендерімді халықпен бөлісуді жөн көрдім.

    Сопылық жол дегеніміз не? Сопылық жолдың шариғат жолынан қандай ерекшелігі бар? Сопылық жол қалай шықты? Бұл сұрақтарға жауап беру оншалықты оңай емес. Сопылық жолға түсу дегеніміз, Мұхаммет Пайғамбардың (с.а.с.) рухани әлеміне өту, Пайғамбар (с.а.с.) рухымен сабақтастықта болу дегенді білдіреді. Бұл жерде Пайғамбардың (с.а.с.)  рухани әлемі дегеніміз не? – деген заңды сұрақ туындары хақ. Пайғамбар (с.а.с.) рух әлеміне қалай өтті? Бұл мәселені тарқатып айтатын болсақ, білетіндер былайша баяндайды: «Жебірейіл (а.с) алғаш Пайғамбарымызбен (с.а.с.)  кездескенде аппақ қағазды көрсетіп, Пайғамбарымызға (с.а.с.)  «Мынаны оқы!» деді. Ол (с.а.с.)  «Мен оқу білмеймін» - деп, жауап берді. Шын мәнінде Пайғамбарымыз (с.а.с.)  дүниелік деңгейде білімсіз, сауатсыз еді. Оның пенделік ақыл-есінде Құранның көшірмесі жоқ болатын. Жебірейіл (а.с.) Пайғамбарымызды кеудесіне тартып, қысып-қысып жібереді. Сол сәтте ғажайып, бір кереметтің әсері ықпал етті. Пайғамбарымыз (с.а.с.)  дүниелік деңгейден ажырап, Жан-дүниесінің қаліне шомып кетті. Ол осы сәтте Жебірейіл (а.с.) арқылы Әруақ әлеміне кіріп еді. «Оқы» - деп айтқан аятты судырата жөнелді.» Егерде Пайғамбарымыз осылай рух әлеміне өтпеген болса, онда Ол кісіге пайғамбарлық келмеген болар еді. Бұл Пайғамбарымызды (с.а.с.)  Жебірейіл (а.с.) Алла Тағаланың әмірімен рух әлеміне өткізуі арқылы пайғамбарлық дәрежеге көтерді. Ол рух әлеміне Пайғамбарымыз (с.а.с.)  ғана емес, оның соңына ерген сахабалары да өткен болатын. Алайда, уақыт өткен сайын бұл рух әлемімен арадағы байланыс әлсіреп, көмескі тарта бастады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   Осы көмескі тартқан байланысты үзбей қайта жалғаған алғашқы сопылар еді. Ислам ғұламалары сопылық ілімнің пайда болуын Пайғамбар мен оның сахабаларынан, олардың ізбасарларынан кейін ислам дінінің қуатының әлсіреуімен байланыстырады. Сопылықты зерттеуші Абд ал-Қадыр Иса:  «Бұл жағдай олардың ішіндегі рухани жоғары дәрежеге жеткендерін сопылық ілімді жасауға итермеледі. Бұл кезде дін үшін [сопылық ілімнің шығуы] аса маңызды болды және бұл исламдағы жоғалып  бара жатқан руханилықты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді,- дейді[1]. Бірақ бұл сопылық исламнан кейін шықты дегенді білдірмейді. Біз еңбегіне сілтеме жасап отырған Абд ал-Қадыр Иса сопылықтың шығуы туралы доктор Ахмед Альваштың мына пікірін келтіреді: «Көптеген адамдар исламның алғашқы кезінде сопылық туралы еш хабар жоқтығын, оның Пайғамбар (с.а.с.)   мен Пайғамбар (с.а.с.)  сахабалары, олардың ізбасарлары өмірден кеткен соң ғана пайда болу себебін сұрайды. Бұл сұраққа жауап мынадай. Исламның алғашқы ғасырында сопылыққа ешқандай қажеттілік болған жоқ. Өйткені, ол кезде Құдайдан қорқатын, оның жолында жүрген адамдар кезеңі еді. Олар бар жан-тәнімен Аллаға берілген болатын. Себебі, олар Пайғамбардың тікелей ықпалында болды. Оның сахабалары бар жан-тәнімен Пайғамбарға ұқсағысы келді. Сондықтан оларға өздерін құдайға жақындатын сопылық ілімнің қажеті болған жоқ. Себебі, олардың бәрі сол жолда қызмет етушілер еді»[2]. Демек, бұл сопылық ілім сол Пайғамбар заманының өзінде пайда болғанын,  бірақ ілім ретінде қалыптасуы, шығуы ислам дініндегі руханилықты қайта қалпына келтірумен байланысты екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, Мұхамммет Пайғамбардың (с.а.с.)  өзі Исламның үш негізінің бірі сопылық екендігін айтқандығы туралы Омар Ибн Хаттабтан жазып алынған хадисте анық көрсетілген. Бір күні Мұхаммет пайғамбар (с.а.с) сахабаларымен отырғанда. Араларында Омар ибн Хаттаб та бар. Үстіне аппақ киім киген бір кісі кіріп  келіп, Пайғамбарға (с.а.с): «Ислам дегеніміз не? Иман дегеніміз не? Ихсан дегеніміз не?»- деген үші сұрақ қояды. Сонда Пайғамбар (с.а.с): «Ислам – мойынұсыну, бағыну, бас ию; иман – сенім, нұр, көзқарас; ихсан – бұл діннің шын жүректен шыққандығының кепілі,»- деп жауап береді. Ол кісі шығып кеткеннен кейін Пайғамбар сахабаларына «Бұл келген кісі Жебрейіл (а.с) еді. Сендерге діндеріңді үйретуге келді,»- дейді. Осындағы үшінші сұрақ «Ихсан» сопылық туралы болатын.[3] Сопылық ілім әр кезде адам баласындағы ой-пікір мен іс-әрекетінің тазалығын, жүрегінің тазалығын талап етті және сопылық ілім өзінің мақсат–мұратына жету жолында әр кезде Құран аяттарына арқа сүйеді. Онда сопылардың қалай жүріп-тұруы анық көрсетілген. Құран аяттарында былай делінеді: «Қиямет күні Менің алдымда сендерге мал-мүлік, перзент, бақ-дәулеттеріңнен ешқандай пайда жоқ. Тек, ол адам Маған таза жүрегімен келсе ғана пайда бар» [(88:89) ]. Пайғамбар хадисінде де жүрек тазалығына көп мән берілген. Ол былай дейді: «Денеде жұдырықтай бір кесек ет бар. Егер ол таза болса – бүкіл дене таза болып, өте көркем болады. Егер ол бұзылып, хақтан тайып, жаман жолға кетсе, бүкіл дене бұзылады. Біліңдер және өте мұқият болыңдар, оның аты – жүрек!». Енді бір хадисінде «Ақиқатында Алла Тағала сіздердің түрлеріңізге және байлықтарыңызға  назар салмайды, бірақ та жүректеріңізге қарайды» - дейді. Құранның аяттары мен Пайғамбардың хадистеріне сүйенген  сопылық ілімнің негізгі мақсаты адам жүрегін жамандықтан сақтап, таза ұстауға бағытталғанын, сол жүрек тазалығы арқылы адамзат қоғамын шындық пен әділет жолына, рухани тазалыққа тәрбиелейтінін, бағыттайтынын көруге болады. Сол жүректегі рухани тазалық қалай қалыптасты? Сопылар иманды бекіту үшін жүректі қалай іске қосты? Міне, осы сұрақтарға жауап таба алсақ, онда сопылық ілімнің мәні мен мағынасын түсінетіндей деңгейге көтеріле аламыз. Ендігі кезекте осы мәселеге кеңірек тоқталып көрелік.

Қожа Ахмет Йасауи халық арасына сопылық жолды жаю үшін мұсылманның бес парызынан тыс, зікір ғибадатын, жария зікірді түркілер арасына әкелді. Бірақ зікір ғибадаты Қожа Ахмет Йасауидің өзі енгізген жаңалығы емес. Құран Кәрім аяттары мен  Пайғамбар хадистерінде зікір туралы аз айтылмаған. Мысалы, Құран Кәрімде мынадай аяттар бар: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар»[2:152]. «Санаулы күнде Алланы еске алыңдар»[2:203].

Бұл аяттарда Ұлы Жаратушы Өзін ешқашан естен шығармауды бұйырады. Сонымен қатар, зікір ғибадатының  намаздан бөлек ғибадат екенін білдіретін аяттар да бар. Ол туралы Құран Кәрімде былай делінеді: «Ей, Хабибім, Құран Кәрімен саған уахи қылған бұйрықтарымды оқы, намазыңды орында! Ақиқатында намаз адам ұрпақтарын бүкіл тыйым салынған сөздерден, амалдардан сақтайды. Зікір Ұлық Аллаға жеткізетін тура жол. Сендер нендей оймен, қандай амалмен шұғылданып тұрғандарыңды Ұлық Алла біледі» I29:45].

Құран Кәрімнен алынған бұл аяттар зікір ғибадатының ислам дінінде бар екендігін дәлелдейді. Қожа Ахмет Йасауи де зікір ғибадаты туралы айтқанда өз ойларын Құран аяттарымен бекітіп отырады:

                   Зәкірлерге Құдай өзі уәде қылды.

                   «Мені еске алғандарды Мен де еске аламын»- деген аят келді.

                   Фардуст атты жәннаттан өкіл келді.

             Келіңдер, жиылыңдар, зәкір құлдар, зікір айталық.

Сопылық тариқаттарда қолданылатын зікір ғибадатының негізгі екі түрі бар. Біріншісі, «зикр-и джахр» -«жария зікір», екіншісі, «зикр-и хафи»-«құпия зікір». Йасауи жолында бұл зікірдің екі түрі де бар. Бірақ көбіне жария зікірді зікір-деп, іштей салынатын түрін уәзипа деп атайды. Йасауи жолында зікірдің бұл екі түрінде де тіл міндетті түрде қатысады. Кейбір тариқаттарда «құпия зікір» ғана салынады. Бірақ ол зікірде тілдің қозғалмауы, зікірдің тек жүрекпен айтылуы шарт. 

Йасауи жолында салынатын зікір түрі – жария зікір. Бұл жария зікірдің өзі іштей «алқа(халқа) зікір» және «арра зікір» болып екіге бөлінеді. Йасауи хикметтерінде жария зікірдің екі түрі туралы да хикметтер бар:

                Астанаға башим қойып зары қылсам,

                 Халқа құрып, кім зікір айтса, йари барсам,

               Зікірін айтып, ол сұхбатта дурлар терсам,

               Жан уа ділда хай зікірін айтың достлар

Немесе,

             Һу халқасы құрылды, ай дарушлар келиңлар.

             Хақ суфрасы йайилды, андин улуш алиңлар.

             Хал ілімін оқубан, хал іліміга йетибан,

             Йоқлық ічра батибан, барлықлардан алиңлар.

       Осы мысалға келтірілген шумақтардан алқа зікірі туралы, алқа зікірінің мән-мағынасы мен мақсатын көруімізге болады. Зікірдің түпкі мақсаты жүректі тазалап, жүрек көзін ашу; өзгелерге сезілмейтін ілім нәрімен сусындату. Осылай Қожа Ахмет Йасауи түркілер арасына зікір ғибадатын енгізу арқылы ислам дінінің мәнін түсінуге, Құран сырларының тереңіне сүңгуге мүмкіндік берді.

Ендігі кезекте сопылықтағы пір-муршид, қол беру деген мәселелерге қысқаша тоқталып өтелік.  Пір-муршид-ұстаз, - деп Алланың таныған жандарды атайды. Ұстаздыққа ылайық болудың бірнеше шарты бар:

-ұстаздықтың жалпы міндеттерін білу;

-Алланы таныған-‘ариф болуы;

-жүректі тазау жолдары мен жүректі тәрбиелеудің құралдарын білуі;

-өзінің алдындағы пірден-ұстаздан рұқсат алған болуы. Міне, осы шарттарға ылайық, ұстаз шәкірттерді рухани әлемге бастайтын жолбасшы бола алады. Сонымен бірге, ұстаздың тағы бірнеше белгілері бар: Пірдің бірінші белгісі, оның қасында болған кезде адам діннің құдіретін сезінеді, рухының толысып, жоғары деңгейге жеткенін сезеді. Ұстаз не айтса да, Алла жолын насихаттайды,  оның айтқандарынан адам тек жақсылықты сезінеді.

Келесі белгісі – пірдің өзінің серіктері мен шәкірттеріндегі сенім мен рухани тазалықты, шүкіршілдікті көре білуі. Құдайға деген, бір-біріне деген шын маххабат сезімі өзінен көрі өзгелерге болсын деген пікірдің қалыптасуына әкеледі.

Үшінші белгісі – ұстаздың шәкірттері арасында түрлі әлеуметтік топтар мен түрлі ұлт өкілдерінің болуы. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) серіктері де сондай топтардан құралған болатын.[4]

Міне осындай ұстаздар соңына ерген кез-келген жанның рухани жетілуіне, тура жолда жүруіне толық мүмкіндігі бар. Ол үшін рухани әлемге ұласуға ниет еткен жанның ұстаз тауып, екеуінің арасында анттасу рәсімі болады. Бұл рәсім «шәкірттің пірге қол беруі» деп аталады. Бұл жерде ескерте кететін бір мәселе бар. Ол сопылық жолдағы ұстаздардың Пайғамбардың (с.а.с.) рухани әлемдегі қызметін жалғастырушылар екендігі. Сондықтан пірге қол беру адамға қол беру болып есептелмейді. Пір арқылы Алла алдында ант беру екендігін пірге қол беруші сезіну керек.  Ол туралы Құарнда мынадай аят бар: «Ей, Мұхаммет (с.а.с.)   расында, Сізге байғат – серт ететіндер, еш күмәнсіз, Аллаға ант етеді. Алланың қолы олардың қолының үстінде болады. Енді, кім (өз ант-сертін) бұзса, ол тек өз зиянына бұзады. Кім Алла мен серт-уәде еткен нәрсені орындаса, онда (Алла) оған ұлы сый тарту етеді.» [48/10]. Пірге қол берген адам, Алла алдында ант бергендіктен ант-уәдесіне берік болуы керек. Ол туралы Алла Тағала «Аллаға ант берген екенсіңдер,  берген анттарыңа бекем болыңдар» [16/91]- деп бұйырады.  Демек, пірге қол берген адам жауабын Алла Тағала алдында береді. Сондықтан пірге қол берген жан ешқашан тура жолдан таймайды, жамандық жасамайды. Алайда, сопылық жолдың мұндай ерекшелігін Исламның алғашқы ғасырларында халық та, діндарлар да, билік те түсіне қойған жоқ. Қаншама сопылар дарға тартылды, отқа жағылды, қудалауға түсірілді. Сол себепті, сопылық алғашқы ғасырларда жалпы халықтық сипат алған жоқ, жеке ұстаздардың айналасына топтасқан санаулы адамдардың иман-сенімі ретінде өмір сүрді. Тек, Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың сопылық жолды тариқат деңгейіне көтеруі ғана бұл жолдың жалпы халықтың иман-сеніміне айналуына мүмкіндік берді. Ендігі кезекте тариқат дегеніміз не? Осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Тариқат – мұсылман дінін қабылдаған халықтардың Исламның негізгі бес парызын қабыл етіп, қалған діни жол-жоралғыны рухани таным негізінде қалыптастыра отырып, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен түріктердің өзінің табиғи ерекшелігіне қарай қалыптасқан салт-дәстүріне беру деп айтса болады. Енді осы мәселелерді Қожа Ахмет Йасауи бабамыз қалай шешті, соған қысқаша тоқталып көрелік.

Қожа Ахмет Йасауиге дейін сопылық жеке тұлғалардың немесе белгілі шайхтың айналасына шоғырланған топтың рухани жетілу тәжірибесі болса, Йасауи оны жалпы қоғамның иман-сеніміне айналдыра білді. Бұл адам баласының таным аясын кеңейтті. Йасауиге дейін Абу Ханифа, Имам Матуриди Алланы тануда нақыл мен ақылды, сезім мүшелерін құрал етсе, Қожа Ахмет Йасауи бұлардың қатарына рух әлемінің мекені-жүрекпен амал етуді қосты.

Йасауи ілімін философиялық тұрғыдан зерттеген Досай Кенжетай Йасауидің «кемел адам» тұжырымдасына талдау жасай отырып: «Өзін өзі тану» ұстанымы өзінің ішкі әлемінің жеті қырын анықтап, тереңдеп тану арқылы адамның Аллаға ашылуын мақсат етсе, «Өлмес бұрын өл» ұстанымы – адамның моральдық-этикалық және сопылық рухани-тәжірибелік талаптар шеңберінде тәрбиеленіп, Алланың сипаттарымен сомдалуына негізделген. Бұл екі ұстаным бірін-бірі толықтырып тұратын теориялық және тәжірибелік қырлар емес, екеуі біртұтас. Ясауи ілімінде осы тұтастықтың мәні «йақин», яғни абсолюттік таным категориясы арқылы ашылған[5],» - дейді және бұл абсолюттік танымның жеті сатыдан тұратынын айтады. Олар: исм-ул-йақин, расм-ул йақин, ‘илм-ул йақин, ‘айн-ул йақин, хаққ-ул йақин, хақиқат-ул хаққ-ил йақин, Аллаһ-ул хаққ-л йақин.[6] Бұл қабаттардың әрқайсысы он мың пердеден тұратынын, барлығы жетпіс мың перде барлығын, сол жетпіс мың пердеден өткен адамның әулиелік дәрежеге көтерілітінін Йасауи бабамыз өзінің «Пақыр-нама» атты шығармасында жазған болатын. Осы танымдық қабаттарды қазіргі күні кванттық физиканың сұйық денелерді зерттейтін саласы адам рухының(жанының) да қабаттары екендігін дәлелдеп отыр. Сол жеті нәзік қабаттан тұратын адам жанын былай атайды: 1.Эфирлі дене. 2. Астральді дене. 3.Ментальді дене. 4. Каузальді дене. 5. Интуитивті дене. 6. Аспан денесі. 7. Тәж дене.[7]  Осы нәзік жеті қабаттан тұратын денелердің адамның жаны мен тәні ажырағаннан кейінгі қозғалысын былайша сипаттайды. Эфирлі дене – адам қайтыс болған күннен кейін тоғызыншы күні өледі. Астральді дене – адам қайтыс болған соң қырқыншы күні өледі. Ментальды дене адам қайтыс болғаннан кейін тоқсаныншы күні өледі[8]. Егерде біз осы кванттық физика ғылымының ашқан жаңалықтарын қазақ халқының қайтыс болған кісіні жөнелтуге қатысты әдет-ғұрыптарымен салыстыра қарайтын болсақ, онда екеуінің арасында тікелей сабақтастық барлығын көруімізге болады. Қайтыс болған кісінің жетісі беріледі, қырқы беріледі, одан кейін жүзі беріледі, жылы беріледі. Демек, қазақ халқының әдет-ғұрыптары қайтыс болған кісінің рухының қозғалысын негізге алып, олардың қозғалысына байланысты рухтың әр қабатымен қоштасу рәсмін өткізеді. Мұның өзі қазақ халқының рух-әруахқа қатысты салт-дәстүрлерінің қиялдан шығарылмағандығын, діни негізі барлығын және ислам діні негіздерімен сабақтастықта қалыптасқандығын көрсетеді. Бұларға қоса қазіргі күні қолданыста бар, бірақ себебі белгісіз қаншама қазақтың әдет-ғұрыптары бар. Мысалы, жаңа туылған нәрестені қырқынан шығару, бейсенбі, жұма сайын әруақтарға арналып жеті нан берілуі, тағы сондай ғұрыптардың да осы рухтың қозғалысына байланысты қалыптасқан айтуымызға болады. Бұл Йасауи негізін салған тариқат жолының аясы тым кең, танымы терең, ғылыми негізі болғандығынан, екі дүниенің ісінен хабары болғандығын көрсетеді. Бұл мысалдар қазақ халқының діни дүниетанымы мен исламдық салт-дәстүрлері тек шариғат шеңберімен шектелмейтінін, тариқат жолы арқылы да қалыптасқандығын көрсетеді. Демек, Қожа Ахмет Йасауи өз тариқатын қалыптастырғанда алдымен Исламның рухани негіздеріне баса мән берді. Соларға арқа сүйеді. Бұл Йасауи жолындағы халықтың иман-сенімінің Исламдық негіздерден айнымауының кепілі болды. Көп жағдайда Йасауи жолындағы халықтың иманының беріктігі жағынан өз халықтарға үлгі болатында дәрежеде еді. Бұл ең алдымен қазақ халқына тән қалыптасқан қасиет болатын. Кезінде қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» - деп, ар-иманын малынан да, жанынан да артық қойып еді. Өкінішке орай, бұл күндері сол қазақы болмыстан, ар-иманнан ажырап қалған жайымыз бар.

Қоғамдық қатынастарды реттеуді Қожа Ахмет Йасауи толығымен түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына берді. Себебі, түркінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің өзі Алла Тағаланың бұл халыққа берген нығметі болатын. Оның сақталуын Йасауи бабамыз тариқаттың басты шарты деп білді. Одан бас тарту халықты тарих сахнасынан кетірудің басы болатын. Міне, осы айтылғандарды жинақтап көретін болсақ, онда Исламның бес парызын негізге алып, сопылық жолдың жалпы заңдылықтарына бағына отырып, әр халықтың ерекшелігіне орай, исламдық рухани негіздерді қалыптастырып,  өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қолдануға мүмкіндік беретін жолды тариқат деп атайтынын көруімізге болады. Қожа Ахмет Йасауи бабамыз осылай түркінің ислам дініндегі жолын, шеңберін айқындап берді. Бұл жолдан-шеңберден тыс түркі баласы үшін ислам діні болғанымен, түркі мәдениеті жоқ болатын. Сол себепті, Йасауиді кезінде Алишер Новаи сияқты ғұлама «Түркі жұртының құбыласы» деп атады. Өзге ғалымдар Йасауиге «Қтуб ал-Ақтаб» деген ат берді. Ол да «түркі жұртының Темірқазығы» дегенді білдіретін. Бұл жол-йасауийа тариқаты түркі халқында жетекші діни идеологияға айналған кезде тарих сахнасына Алтын Орда сияқты ұлы мемлекетті шығарды. Бұл киелі жолдан бас тартқанда түркілердің мемлекеті күйреп, этникалық жіктелулерге түсіп отырды. Асан Қайғы сынды ұлылардың абсолюттік билікке ұмтылған Жәнібек ханға қарсы жүргізген күресі нәтижесіз аяқталды. Өзбек ұлысы үшке бөлінгенде, өзге діни ағымды қабылдамай, Йасауи жолына адал болған халықты ғана қазақ деп атаған еді. Қазақ хандығының билеушілерінің де Йасауи жолына қарсы болуы, оның орнын басқа тариқатқа беруі Қазақ мемлекеттігінің күйреуіне әкелді. Йасауи жолының тарихтан кетуімен түркінің көнеден келе жатқан мемлекеттік жүйесі де күйреді. Тәңір Тағала түркілердің Өзінің берген нығметтерінен бас тартып, өзге діни жолды, өзге мәдениетті қабылдағанын кешіре алмады. Осылай түркі халықтары өзгелерге бодан болып, отарлық қамытын мойнына ілді.    

Зікірия Жандабек 

Abai.kz

 

 


[1] Абд ал-Кадыр Иса. Истина суфизма. –Москва: Изд. Дом «Ансар», 2004. с. 10

[2] Сонда, 8-9 бб.

[3] Сонда, 40 б.

[4] Абд ал-Кадыр Иса. Истина суфизма. –Москва: Изд. Дом «Ансар», 2004. сс. 37-38.

[5] Д.Кенжетай. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы., 235.

[6] Сонда, 236.

[7] Аширов А. Экология сознания. –Түркістан: «Тұран», 2007. 25-27 бб

[8] Сонда.

2 пікір