Жексенбі, 28 Сәуір 2024
46 - сөз 5438 7 пікір 29 Қазан, 2019 сағат 15:10

Ресейдің қазақтары ұйымшыл

Бүгінде Ресейде тұрып жатқан қандастарымыз арасында қазақтың көне әңгімелерін білетін ақсақалдар аз емес. Жұмағали Баянасов ағамыз туралы да «кеудесі тұнған шежіре» деген бағаны естіген соң, ол кісімен жолығуға асықтық. Арнайы іздеп барған ниетімізге қарай Жұмекең де небір хикаяның тиегін ағытты.
– Ресейдегі қазақтар ұйымшылмыз деп қалдыңыз. Бұл қалай болды?
– Самара облысында руымен топталып жүретін қазақтар бар. Мұнда жаз айларында Тұзтөбеге тұзға түсуге келеді. Солардың әйелдеріне қара өлең айттырсам, біздікінен бөлек, айтысы да мүлдем басқаша. Ол жақта 40-50 үйдей қазақ бар көрінеді. Кезінде Қазақстандағы қуғыннан қашып барып, тұрақтап қалған ғой. 1922-1932 жылдары Қазақстанда тамақ жоқ, тіпті далада тышқан қалмаған кезде аталарымыз Ойылдың үстімен Самараға қарай жол тартады. Атамыздың айтуынша, асқазандары қабысып, ештеңеге зауқы соқпай келе жатқан кезде, жолда амалсыздан балаларын жеп отырған еркектерді көрген. «Әйел байғұс, іштен шыққан баланы қанша өлгелі жатса да, жей алмайды екен. Жерде жатқан тасты қайнатып, балаларды алдап, олар ұйықтап қалғанда, қашып кететін едік. Балалардың өлімін көргіміз келмейтін еді», - деп еске алып отыратын. Сол уақытта 2,5 млн-дай қазақ қырылды ғой.

Сол жылдары менің аталарыммен бірге Жайықбай деген адай жырау бірге болады. Жолшыбай ән салып келе жататын көрінеді. Бірақ ашығып келе жатқандар оның әніне көңіл бөлмейтін көрінеді. Жайықбай: «Сақмар қай жақта? Әлі жеткізбейді. Мен Атыраудан бастап әр жермен қоштасып келе жатырмын», - депті. «Атақонысым – Маңғыстау, Қойныңнан кетті халқым-ау, Маңқиып тұрсың япыр-ау» деп Маңғыстаумен, «Тулаған толқын Атырау, Артымда қалдың япыр-ау», - деп Атыраумен де қоштасқан көрінеді. Одан кейін «Жем-қайнар, енді сені кім жайлар? Киік пен құлан аң жайлар, Пері де шайтан, жын жайлар», - деп Жемнен, содан соң «Сағызым, сөйлейін сөздің нағызын», - деп Сағыздан да өттік. Ойылға келіп: «Ойда тұрған Ойылым, Малға тұнған қойының», - деп қоштасып, одан кейін «Қобдам-ай, саған да барам тоқтамай», «Елегім, сөйлейін сөздің кезегін», «Жайығым, Аттай тулап балығың, Несібесін жеуші еді, Жағалай жүріп халығың», - деп Жайықпен де қоштасады. Сақмар деген өзенге келіп, «Амалың бар ма, Сақмарға, Қалың орман арасы, Қалың орыс баласы, Күбір-күбір етеді, Күбірлеген сөзіне түсіндірмей кетеді», - деп жырлаған. «Елге де сәлем айта бар, Қаңғырып жүрген қазағым, Қайда барып жай табар?» - деп өлеңін бітірді деп аталарымыз айтып отыратын. Мынау үзінділері, жырау адам төгілтіп айтады ғой. Сонда адамдардың көзінен жас шықпайтын, аш кісілер жыламайды екен. Сақмардан Жиренқопаға барып, содан біз тарадық. Қазір Самарада қазақтар өте көп және ауқатты тұрады.

Біз, Ресей қазақтары, Қазақстанның гүлдеп, көркейіп отырғанын көріп қуанамыз. Біздің қазіргі тұрған жеріміз – Жетірудың қонысы ғой. Негізі мұнда табын көп. Осы жерде талай батырларымыз шабуыл жасаған. Електің жағасына казак-орыстар қона берген ғой. Біз Ленинді жамандаймыз, оның қазаққа пайдасы көп болған. Ол территорияны сақтау керек деген.

Орынборда 32 аудан бар. Қаншама жер кетті. Жағалбайлының бүкіл жері кетті. Омбы жағындағы ел кетті. Қытайда қазақтың 2 облысы кетті. Қызай деген ру түгелімен кетті. Кешегі Совет өкіметі құлағанда Қазақстан соғыссыз, бейбітшілікпен территориясын сақтап қалды. Оның қадірін білу керек. Бүкіл түркі халықтарының ішінде Қазақстанның беделі жоғары.

Айшуақ Дәрменұлы 

Abai.kz

7 пікір