Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
қазақ! 4073 6 пікір 24 Шілде, 2019 сағат 11:21

Қазақ ішіндегі талас

Оптимист болған жақсы,
реалист болған одан да жақсы.

Ш. Мұртаза

Британдық Pink Floyd рок-группасының «Another brick in the wall» атты әні бар. Әннің қайырмасы мына сөздермен бітеді: «All in all you are just another brick in the wall» («Бәрін қойғанда, сен де бір кірпіш дүниеде»).

Сөздерді Абайдың өлеңімен теңдестіру қиын емес. Әрі «Сен де бір кірпіш дүниеде» – екеуінде де алдыңғы мәтінді түйіндеуші, басты рөлдегі сөздер.

Тек Абай адамға қоғамда өз орның табуға жетелеп, тұлғалық сипаттың жоғарғы шегін белгілеп, оқырманға ақылын айтса; британ әншілері керісінше – қоғам ұстанымдары мен қарым-қатынасын (әке-бала, ұстаз-шәкірт) әжуалап, қоғамды төменгі шек – құлдық санаға (тор) меңзейді.

Бір ортақ тіркестің екі кереғар ойды туғызуынан/нұсқауынан біз екі ірі Өркениеттің (Отырықшы және Қондыгер (Көшпелі), Батыс және Шығыс) қарама-қайшылығын көреміз. Батыс (Отырықшы) қоғамды көбіне «стадо» («отар») ретінде қабылдап, одан алшақтауға, бөлінуге шақырса, қондыгерлер (Шығыс) үшін қоғам – адамдық қатынастың биік өлшемі. Мысалы: «Стадное мышление» VS «Халық айтса, қалт айтпайды». (Стадное мышление сөзі аудармада өзінің қасиетін көп жоғалтатындықтан, аударусыз қалды – А.)

Бір мысалмен, бүгінгі/ертеңгі қазақтың сан ғасырғы тамырына сіңген түсінігі/мәдениеті/тұрмысының – бүгінгі доминантты Батыс өркениетінен бөлек, тіпті қарама-қайшы екенін көруге болады. Бір мысалмен, Көшпелі (тумысымызға сай, өзіміздің) және Отырықшы (жасанды, жат) өркениетте Адам-Адам, Адам-Қоғам арақатынасының, яғни жалпы алғанда өмір сүру ережелерінің әртүрлі екенін байқауға болады.

Көшпелілік қазақта ұзақ уақыт бойы (ХХ ғасырдың басына дейін) сақталғандығынан, бүгінгі қазақ екі өркениеттің қарама-қарсылығын, қазақ мінезінің «мына нарық заманына сыймайтындығын» басқа қондыгер ұрпақтан қарағанда ерекше сезінеді. Содан болу керек, заманауи қазақ қоғамының сәйкесінше екіге бөлінгенін байқаймыз. Ата-әжесінің тәрбиесімен өскен VS Әке-шешесінің тәрбиесімен өскен. Ауыл қазағы VS Қала қазағы. Қазақы VS Орысшыл. Қазақ VS Шала қазақ.

Қазақтың өз ішінде аражікке бөлінуі, және ол жіктің өзіне тән белгілерінің болуы – тек қазақ тілін білу-білмеуінен ғана емес, ұлттық мінездің, қасиеттің сақталмауынан, қондыгер мен отырықшылықтың аражігінен туып отыр. «Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек» дегенде, Жүсіпбек көшпелілік өркениеттің қалыбын сақтауды меңзегені болуы керек.

«ХХ ғасырда отырықшылдық пен көшпеліліктің талай-талай ғасырға созылған бәсекесі біржола түйінін тапты. Отырықшылдық түпкілікті жеңді. ...Көшпелі жұрттың күні өтті, дәурені бітті. Заманында атқа алдымен қону, үзеңгіге алдымен аяқ тіреу, бүгінгі ұғыммен айтсақ, атом қаруын алғаш иелену сияқты ғаламат артықшылық болатын. ...Мына әлемнің ұстын тірегі деп Адамды таныған түрктер кісілік қасиетті бәрінен де биік қоя біліп, адамшылықтың асқақ аңсарларын қалыптастырды. «Жаным – арымның садағасы» деген ұлы ұғым тудырды. Бірақ, бәрін дерлік экономикалық қуат шешетін заман келгенде көшпелі дүние отырықшы әлеммен тіресте шыдас бере алған жоқ». (С. Абдрахманов. «Өркениетті өшірмеген өнер» мақаласы»).

Бүгінде, сол нарықтық экономиканың қуатының халқымызға деген әсерін аңғармау қиын емес. Заманында байғазы, көрімдік, сүйінші, жиенқұрық беріп, мал атап үйреніп қалған қарапайым қазақтың қалтасы бүгінде шыдас бермейді. (Өз кезегінде, бұндай «жомарттықтар» және олардың «сословиелік» бөлінісі жоқтығы, яғни барша тап өкілдеріне ортақтығы – өткен ғасырларда барша халықтың экономикалық әл-ауқатының жоғары болғанын дәлелдейді).Бұған қоса асар, ат мінгізіп, шапан жабу, жылу; ұмытылып бара жатқан бел көтерер, ерулік, тоқымқағар, бес жақсы – Көшпелілерде боқ дүниенің сыйластық пен адамгершіліктің алдында түкке тұрғысыз екендігін көрсетеді.

Менің құрбым, сөз орайы келгенде, әкесінің үйіне бала келсе, мал атайтұғын әдеті бар екенін, оған әйелінің «Өзі айналдырған 4-5 ұсақ мал, оның өзін атап жібересің, ертең бала-шағаңа нең қалад» деп ренжейтіндігін айтқан. Шынымен, «беруге» үйренген қазақ алды-артына қарамай шығынданса – шаңырағына жаман, бермесе – ағайынға жаман болып отыр.

Боқ дүниенің бұрынғыдай бос дүние емес, құны артылып, құндылығы өзгерген соң (өркениет ауысқан соң), көптің шамасы келмесе – ескіліктен айырылған дұрыс болар ма, әлде тереңнен тамырлаған дәстүрімізден айырылмай, несиеден несиеге күн көрген жөн бе? Осы сұраққа жауап беруіміз керек.

Бес күн жалғанның дүниесін ойламаған қазақ, бүгін сол дүниені қалай жеткізерін білмей отыр емес пе, осыны ескеріңіз.

Екі өркениеттің аражігі материалдық VS рухани пайымдауда ғана емес, күнделікті тұрмыста жақсы байқалады. Мысалы, «қонақ»: көшпелінің тұяғы «бас сұқпай кеттің» деп ренжісе, «нарықтың» баласы айтпай келген қонақты жақтырмағанын айтпағанымен, іс-қимылынан білдіреді.

(Бұл жерде: «біздің қазақ ондай емес, бұл не дегені» деп байбаламға салмай, қазіргі қоғамның шынайы келбетіне тура қарау керек. Ер жетіп, бой жеткен ұл-қыздарға, қырығыңда қамал алған ерлерге, «су сұраса, сүт берген» жеңгелерге қараңыздар. Мысалы, мен үшін, кішігірім отырыстарға қонақты үйге шақыру мен дәмханаға шақыру – екі түрлі өркениеттің белгісі. Себебі қазақы түсінікте «шаңырақ», «дастарқан» ұғымдары ақшасы төленіп, даяшылары жүгірген дәмханаға сыймайды – үйіңе (киіз үйде) қонақ шақыру – мына әлемнің кеңдігіңдей кеңпейілдік танытудың белгісі. Киіз үйдің моделі  – ұшы-қиыры жоқ мына әлем, ғарыш. Сондықтан ол кез келген қонақ үшін әрдайым ашық. Сол үшін қазақ келген қонағының алдына барлығын қойып, қонаққа деп арнайы етін бөлек қойып отырған. «Киіз үйі – Жер сияқты жұп-жұмыр, Шаңырағы – Күн сияқты дөңгелек» (К. Ахметова). Киіз үй, оның шаңырағы, босағасы, қазан-ошағы, тұрғызылуы – бұның барлығында қазақ дүниетанымының көрінісі, оның үлкен пәлсапалық танымы жатыр).

Жеңілген өркениеттің басқа өркениетке ауысуы – табиғи құбылыс. Оның бағасын беріп, дұрыс иә бұрыс екенін айту – тіптен қиын, әрі далбаса нәрсе.

Сондықтан екі өркениеттің түсінігін біліп, ол қарама-қайшылықты қабылдай білген жөн. Көшпеліліктің ескіргенінен жиреніп, тұздығын жаңалау керек.

«Ұят» сөзін бұрыс бұрмалап жүргендер оның түп-төркініне барса, қазақылар «таза-шала» деп бөлінбесе игі емес пе?! Мектеп, жоғарғы оқу орындарында оқытылатын философиялық кітаптар тұтасымен Отырықшылық өкілдерінің догма-трактаттарынан тұрып, қазақ философиясынан тек Әл-Фараби мен Абаймен шектеліп емес, қазақ (түрк) ұлтының ой-танымының бөлек тарауынан тұрса игі емес пе? Қазіргі білімнің тәрбиесіз беріліп жатқаны бір бөлек те, әлем әдебиеті мен дүниежүзі жауһарларының көлемі, мазмұндылығы өзіміздің әдебиет, тарих, өнер, пәлсапамыздан көп болуы – екінші төбе.

Қазақтың (түрктің) дүниетанымы – жазба әдебиеттің сақталмауы және болмауынан қиындық туғызғанымен, ол шешілмейтін нәрсе емес. Ол зерттеуші, филолог, этнолог, ұлтшыл азаматтардан күні бүгінге сақталған салт-дәстүр, ырым-жоралғы, жыраулар поэзиясы, ауыз әдебиеті жырлары, шешендік сөздердің үлгісінде – бір сөзден біртұтас ойды шығаратындай – үлкен еңбекті талап етеді. Осындай ірі еңбектің мысалы ретінде Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух кітабын» айтуға болады. Ғалым ауыз әдебиеті үлгілеріне сүйене отырып, қазақтың (түрктің) әскери қару-жарақтарының, әскери шендердің, соғыс өнері, жауынгерлік кодексті жаңғыртты. Майор мен полковникке үйреніп қалған қазақтың әскери терминологиясына төл сөздерімізді (қайнар көздерге сүйене отырып) енгізуді ұсынды.

Бұл жерде еңбекті құр баспаға шығарып қана қоймай, оларды дүкендерге шығару, шет тілдерге аудару және жарнамалау қажет екенін айту керек.

Төл болмысымыз бен бүгінгі жағдайдың талабын қабылдап, оны сүзгіден өткізіп, өткенімізге лайықты зерттеу жүргізіп, оны мектеп бағдарламасына, бұқаралық ақпарат құралдарына кіргізу арқылы біз отырықшылардың көшпелілерге деген «варварлық» көзқарасын жоққа шығарып, өз Ұлылығымызды шын мәнінде түсінер едік.

Егер біздің ұрпақ екі өркениеттің кереғарлығымен күресіп, екі таңдаудың алдында тұрса; урбанизация мен жаһанданудың келесі ұрпағында бұл таңдау мүлдем болмайды. Олардың өз ұлтының тарихына, болмысына махаббатын өшірмеу – біздің еншімізде. Бұдан әрі кешіксек, өз жерінде өздерін жат сезініп, одан алшақ кетуге құштарланған қазақтың саны одан сайын көбейе бермек.

Құралай Әмірсеит

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 506
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 264
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 287
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 285