Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Тамыр 4434 8 пікір 18 Шілде, 2019 сағат 10:20

Қазақша сөйлей аламыз ба?

Бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарында, әр түрлі жиналыстарда ең жиі сөз болатын өзекті тақырып ана тіліміздің тағдыры десек қателеспейтін шығармыз. Бір таң қалатыным, мұқият тыңдап отырсақ сол қазақша сөйлеуге тынбай шақырып жүрген ең белсенді, әжептәуір атақ-дәрежесі бар адамдардың өзі ана тілінде дұрыс сөйлей алмайтынын байқаймыз. Тіпті қазақ ақпарат құралдарындағы, шет тілінен аударылған фильмдердегі құлаққа түрпідей естілетін қателерге үйреніп қалғандаймыз. Ал әлеуметтік желідегі пікір айтушылардың «қазақшасы» туралы сөз қозғамай-ақ қоялық.

Мұндай жағдайды түсінуге де болады. Отаршылдық кезеңде ғасырға жуық тұншықтырылып келген ана тіліміз еркін тыныстар сәт туғанда қай бағытқа қозғаларымызды білмей абдырап қалғанымыз рас. Көпшілік қандастарымызды осы күнге дейін «сөзімізді түзеуден» де ана тіліміздің қоғамдағы, мемлекеттік мекемелердегі қолданылу аясын кеңейту мәселесі алаңдатып отыр. Ал тіл мәдениеті көлеңкеде қалып келеді.

Бұл орыс және ағылшын тілдерінің күшейіп келе жатқан ықпалы жағдайында сөйлеу мәдениетімізге төнген елеулі қатер екенін ескермеуге болмайды. Аударма фильмдерде, радио мен теледидарда қазақша сөйлемдер мен сөз тіркестерін орыс немесе ағылшын тілінің синтаксистік, фразеологиялық үлгісімен калька түрінде құрастыру әдетке айналған. Мысалы: «Мына кітапты алсам бола ма?» (дұрысы: «... алуға бола ма?»). «Ауылға ол да барады ма? («... бара ма?). «Мен келгенде ол қоршауды бояп жатырды» (... бояп жатыр еді). «Кітап жақында басылып шығарылды». (... баспадан шықты). Жаңа әкімге сенім білдіреміз (... сенеміз). «Азамат Ж. төрт жылға сотталды» (Қылмыскер Ж. ... ). Жемқор басшы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды (... сегіз жылға сотталды). Алаяқ темір тордың ар жағына аттандырылды (...абақтыға қамалды).

Бұл мысалдар орыс тілінің заңдылықтарымен құрылған қазіргі қазақ тілінде кең таралған қателердің азы ғана. Ағылшын тілінің үлгісімен құрастырылған «Бәрі жақсы ма?» (Is everything OK? Is it all right?) деген тіркес әсіресе жастар арасында «Саған бірдеңе болды ма?» деген мағынада жиі айтылып жүр. Бұл көбіне ана тіліміздің семиотикалық заңдылықтарын ескермей, шет тілінен сөзбе-сөз аударылған фильмдердің әсері болса керек. Соңғы кезде қазақ тілінде жап-жақсы баламалары бар «армреслинг» (arm-wrestling – қол күресі), пауер лифтинг (power-lifting – салмақ көтеру) , body-building – дене мәдениеті, семинар-тренинг (training seminar – жаттығу дәрісі, коворкинг (coworking – істестік (бірлесе жұмыс істеу), фронт офис ( front office, дұрыс айтылуы «франт офис» - алдыңғы кеңсе, лайф хэкс (life hacks – өмірге икемділік/ептілік, стрит воркаут (street workout – көше спорты/көшедегі дене жаттығуы), скриншот (screenshot – экран суреті) сияқты тіркестер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.

Тілімізге орыс тілі арқылы енген бұл ағылшын сөздері орыс тілінің фонетикалық заңдылықтарымен жасалып, дыбысталуы мүлдем бұрмаланып кеткен. Бірақ қазақ тілінің фонетикалық диапазоны орыс тілімен салыстырғанда әлдеқайда кең, орыс тілінде кездеспейтін батыс тілінің ұқсас дыбыстары түгелдей дерлік қазақ тілінде бар. Бұл ағылшын сөздерін орысша бұрмаламай барынша дәл дыбыстауға мүмкіндік береді (cowrking «коворкинг» емес «көууөкиң», power lifting – пауе лифтиң, workout – уөкаут, life hacks – лайфхәкс).

Ана тіліміздің лексикалық қоры да өте бай. Тек шет тілінен енген сөздердің баламаларын дұрыс қолданса болды. Өкінішке қарай, соңғы уақытта сөз қолданысына мүлдем мән бермейтін болдық. Екінің бірінен «Мен осында жұмыс жасаймын» дегенді естиміз. Осындайда қазақ тілін жетік білетіндер «Қазақ жұмыс жасаймын демейді, жұмыс істеймін дейді» деп түзеп жіберуі мүмкін, бірақ халықтың сөйлеу мәдениеті қалыптасуы үшін тіл мамандары көп еңбектенуі керек.

Кеңес Одағы дәуірінде тіл саласындағы ресми саясат тек орыс тілінің мәдени деңгейін көтеруге бағытталды, ал ұлттық республикалардағы жергілікті халықтың сөйлеу мәдениетіне көңіл бөлінбеді. Өткен ғасырдың қырқыншы, елуінші жылдары орыстың филолог ғалымдары С.П.Обнорский, Е.С.Истрина, Г.Винокур, А.И.Ефимов тіл мәдениетіне арнаған бірнеше еңбектер жазса, 1952 жылы КСРО Ғылымдар Академиясы жанындағы Орыс тілі Институтында атақты ғалым С.И.Ожеговтың басқаруымен тіл мәдениеті бөлімі ашылып, арнайы ғылыми журнал шығарыла бастады.

Ана тілінің тазалығы хакім Абайды да толғандырған ғой. Ол «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деген ойын қазақ тілінің бүгінгі мүшкіл халін болжап айтқан сияқты. Бұл орайда Шаяхметов атындағы тіл білімі институты ғалымдарының жүйелі де нәтижелі жұмысы қажет.

Марат Ермұқанов,

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1980
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2362
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1938
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1571