Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3794 0 пікір 8 Шілде, 2011 сағат 05:26

Жанұзақ Аязбеков. Бальзак неге жылады?

( Әдеби сын орнына)

«..Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады.

- Сізге не болған ?- дейді , достары үрейленіп.

- Немене сіздер ештеңе білмейсіздер ме ? -дейді, Бальзак

- Құдай ақы, жоқ тезірек айтыңызшы!

- Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой!

(Б.Горбачевский. «Ариаднаның арқауы», 96 бет, «Жалын» 1977 ж)

( Әдеби сын орнына)

«..Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады.

- Сізге не болған ?- дейді , достары үрейленіп.

- Немене сіздер ештеңе білмейсіздер ме ? -дейді, Бальзак

- Құдай ақы, жоқ тезірек айтыңызшы!

- Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой!

(Б.Горбачевский. «Ариаднаның арқауы», 96 бет, «Жалын» 1977 ж)

Қырық күн жан тері бұршақтай төгіліп, соңғы нүктесін қоя салысымен, «Горио әкесін» о дүниеге «аттандырып», «іштен шыққан шұбар жыланына» бола 35  жастағы  Оноре де Бальзак еңіреп- есеңгіреп,  делқұлы,  беяпар күйге түсіпті. Ал «Лала жазығының»  мәресіне таң құланиектенгенде  жетті де, «терезенің алдына барып , көмейіне тас тығылғандай өкісіп, көзінен жасы парлай жөнелді» .(Ф. Лотт). Библиограф Б. Горбачевский  «Міне, асыл туындылар дүниеге осылай келген еді..» дейді. Шынайы талант драмасын жан  - жүрегіңізбен сезінгенде, шынында да таңданбасқа амалыңыз қалмас еді! Бірақ, екінші бір ішкі дауыс: оған таңғалатын несі бар? Бальзакқа ұқсас мұндай хал  ғаламшар әдебиетіндегі жампоздардың көбіне тән дүние емес пе?!. Оның үстіне кеңес заманында капитализмді қарғап - сілеп, өсіп - ержеткен  ұрпаққа буржуазияның ит терісін басына қаптаған жаhан жазушылары таңсық емес. Коммунистік саясат үшін Бальзак туындылары іздегенге - сұраған, көктегісі жерден табылған. Өйткені ол капитализмді көк есекке теріс мінгізіп берді. Соған қатты ырза болған  коммунизм ілімінің атайманы Маркстен бастап марксшіл - лениншіл дәуірмендері Бальзакты алақанға салып әлдиледі. Кеңестер одағының барлық он бес одақтас республикаларының, үйірлес социалистік мемлекеттердің ұлттары мен ұлыстары жапа-тармағай өз тілдеріне тәржімәлады. Болса да сол саясатта орыстардан басқаға  алдына қара салдырмайтын  біздің қазақ  ХХ ғасырда -  осыдан 56 жыл бұрын Бальзактың  «Шегірен былғары» ( Х. Өзденбаев), «Горио атай» (Ә. Ахметов),  1949 жылы 4 перделі пьесасы «Памэла Жироны»   Қазақтық біріккен  мемлекеттік баспасы  (Ж. Есбатыров) жеке кітапша ғып басып шығарған. Бұрнағы жылы «Әлем әдебиеті» сериясымен «Жергілікті дәрігер»  (Ж. Ысмағұлов) және «Шегірен былғарысы» ( Х. Өзденбаев),  жарық көрді.(Бұл бізге мәлімі ғана, ескерте кетейік, осы материалдағы үзінділер  Ә. Ахметовтың 1954 жылы шыққан  «Горио атай»  аудармасынан алынды)

Десек те сол Бальзактың туындыларын  тағы бір оқып, ол туралы жазылған қыруар дүниемен танысқанда, ойың сан-саққа бөлініп,   өзіңмен өзің іштей ерегісіп әлдебір  мазасыз күйге түседі екенсің. Бүгінгінің көзімен қайта үңілсек, Бальзакты танытып та, табынтып та кеткен кеңес империясына  енді рақмет айтқың келеді. Себебі, қайта оқып, қайта салыстырып, қайта үңілген сайын, төл әдебиетімізді көзге елестетіп заман, адам, қоғам туралы сан- сапалақ ойлар  масаның ызыңдай тыныштығыңызды тәрк еткенде, жаныға, бірде күйініп, бірде сүйініп, Бальзакқа берген құдайдың құдіретіне шынымен-ақ таң қаласыз. Былай қарасаңыз, түк құпиясы жоқ белгілі- ақ нәрсе сияқты, енді бір сәт тереңіне бойлап күмп беріп түсіп кетсеңіз, расында  Бальзак байғұсың  еңіреп қоя беретін жөні бар екен-ау  дейсіз. Сонда Бальзак неге жылаған?

Бір жарым ғасырдан бері мыңдаған бальзактанушылар да, жазымпаздар мен жылнамашылар да  Оноренің жазған-сызғаны, қаламының ұшы тиіп кеткен дүниесінің  бұлым -бұлым, қатпар- қыртысына дейін дымын қалдырмай сүзіп шыққандар да,  мақтағаны, даттағаны бар   көпшілігі ақыры айналып келіп еріксіз Бальзакты мойындап  діңкелеп тынады. Бұл бұл ма,  туындылары өз алдына, әмбебап жазушының ғұмыр кешуінің түп-тұқиянынан бақиға аттанған ақырет күніне дейін: не ішті, не жеді, не киді, қалай жүрді, қалай тұрды, не айтты, не қойды, шашты -төкті,  несін айтасыз, ойхой, безбенге салғандардың Бальзактан басы айналғаны сондай, өз шимайларына өздері сенбей, тіпті қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін білмей дал болатыны бар..

«..Бір күні Бальзак адвокатпен іскерлік әңгімесін кілт үзіп тастап:    «Қымбаттым менің, мұның бәрі тамаша, ал енді ақиқатқа көшелік,  Евгения Грандье туралы айтайық,- десе керек». Сондағы Евгения Грандесі - кітабының кейіпкері. Күндердің күні достарының бірі қалжыңдап, тағы бір образы туралы «Қазір Марнефф ханым келеді» десе, Бальзак шынымен-ақ  байсалды кейіппен галстугын түзетіп, «Кірсін деп айтыңыз», -депті.(А.Моруа) Ал Онере ғұмырнамашыларының бірі Стефан Цвейг:  «Анық-танығын кім білсін, Бальзак дүниеден озар алдында сандырақтап жатып «Адам комедиясы» эпопеясының кейіпкері, дәрігер Opac Бьяншонның атын дауыстап шақырып,    «Бьяншон осында болғанда, мені аман алып қалар еді!»- депті», -  дейді. Осындай дейділердің өзі  қанатты сөздерге айналып, том -том хикаятқа ұласты. Сонда дейсіз- ау.. Ғасырлар бойы әлемдік әдебиетте қара үзбей, күні бүгінге дейін көркем прозадағы реализм десе, Бальзак еріксіз ауызға түсе кететіні несі?! Тіпті өткен ХХ ғасырдың және жаңа тұрпаттағы қазіргі техногендік  заманның танымал жазушылары да, жампоз реалистің елдестері Ален Роб Грийе, Фредерик Бегбедер, Франсуаза Шандернагор, Паскаль Брюкнер,  Мишель Уэльбектердің өздері көңіл бірлеп, орағытып  өте алмайтыны неліктен? Одан біздің кешегі - бүгінгі қазақ ақын-  жазушылары, әдебиетшілерінің үлкенді - кішілілері де қалысар түрі жоқ. Әдебиет төңірегінде, кейде әйелдер туралы сөз бола қалса, Бальзакқа әйтеуір бірі сүйене, бірі сүйкене өтетініне мерзімдік баспасөздер куә.

Небәрі 51 жыл өмір сүріп, 20 жылдың ішінде  романдардан бастап, әр алуан  хикаяттар мен новеллалар, пъесалар, ұзын саны 98 кітап жазып,  2000 кейіпкер (кейбіреулері   3000 дейді) сомдаған Бальзактың құдіреті мен құпиясы әлі күнге дейін әдебиеттанушыларды қызықтырумен келеді. «Горио атайына» (Қазақшалаған Ә. Ахметов осылай деп атаған) дейін ол «Шуандар» (1829),    «Жұмбақ шедевр» (1831), «Шегірен былғары» (1830-31), «Евгения Гранде» (1833) туындыларымен бүткіл Еуропаны  дүр еткізген де, осы бәкелтек Бальзак!

Бабасал жасында Шекспир мен Гетені  түсіне алмай қойған сұңғыла Лев Толстойдың Бальзакқа бас игені несі?! Ал Ф. Достоевскийдің ақыл азуы шыққан шағында  қолына қалам ұстағанда ең алдымен «Евгения Грандені»  оқысымен, ағасы Михаилға хат  жазып «Чудо,чудо!» -  деп айран асырға қалып, тамсана тәржімалапты. М.Горький бұлардан да асып түсіп , Бальзактың «Адам комедиясы» хақында «...өмірде ол маған анамдай болды, адамға деген махаббаты аса қымбат», -  деп жазған. Оскар Уайльд  Х1Х ғасырды ойлап тапқан  Бальзак десе, Пруст Бальзактың романдарынан жатқа соққан. Американдықтар Ф.Норрис, Т. Драйзер ұстаз санаған. Қандастары А. Моруа  Прометейге теңесе, Ж. Санд оның әбжілдігін, Пруст әйеңкестігін, Сиприо  әлпейімділігін бажайлап сыр суыртпақтайды, ой оймақтайды. Тізе берсек, мұндай мысалдар шаш етектен.

Сонымен, әлқиссамыздағы, пәтшағар  Бальзак  неге дыңғыдай  халге түсті, неге егілді? Паң, өр, тәкаппар да қиянпұрыс, «ұстара тілді» Оноренің мұндай  күйге ұшырауының себебі не ?

Әп дегеннен - ақ, кәнігі оқырманның бір парасы батыс әдебиетін мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па, әмбеге аян тұлға туралы француздар мен орыстардан соң  енді бірдеңе деудің   не қисыны бар дер. Бірақ, бір сәт батыс десе безгегіміз ұстайтын  баррикадалық ойлаудан арылып, көркем әдебиетке шынайы өнер тұрғысынан қарасақ, адамзаттың ортақ руханият қазынасынан өзімізді танып білу үшін алдымен өзгенің өнегесіне, өнегесінің өзегіне үңілсек, бұл арланатындай іс емес.  Бұл орайда Олжас Сүлейменовтың: «Әлемді "біздер" және "бөгделер" деп қарастыра¬тын жазушылар өмірге окоптан көз са¬лады. Ал окоптан, амбразурадан адамдар¬ды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман бо¬луы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс» ( «Егемен Қазақстан».12.03.10) дегені осы жерде  қисынды- ақ. Сондай ақ, Шәкәрім бабамыз: «Адамның бәрі - өз халқың»  деді. Мұстафа Шоқай: "Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ. Халықтың бәрі бірдей." - дейді. Рас, біз әлі жаhандық әдеби құндылықтарға терең бойлай алмай келеміз. Күні бүгінге дейін білдік, таныдық деген ғаламдық өнер, ілім- білім қазынасының басым көпшілігіне  тек  орыс тілінің көзімен ғана жеттік. Әлі болса да солай жалғасуда.  Бұл шындық.  Қазір XXI ші -  тану- жаңғыру ғасыры. Бізге дөңгеленген дүниеге сан қырынан қарай алуға, өткен - кеткенді ақыл -ой елегінен жаңаша өткізуге, болашақты барлауға зор мүмкіндіктер туды. Қазақтар арасынан күшығыс пен күнбатыс елдерінің төл тілінен тікелей тәржімалайтындар да шыға бастады. Сондықтан ендігі жерде батысты бәтқордалап, шығыстан шырындайық деу - аясы тар көзқарас. Керісінше, қазақтың  ұлттық  көркем санасын төрткіл дүниенің қай түкпірінің болса да жауһар руханиятымен  байытудың оңтайлы сәттерін мейлінше қарпып қалу керек. Бізге француз жазушысы тек осы тұрғыдан ғана тілге тиек болмақ.

Франц елі әлемдік өнердегі  классицизм, романтизм, сыншыл реализм, символизм, импрессионизм, кубизм т.с.с. «изм» атаулы құбылыстар мен ағымдардың бесік - пантионы болғаны  ақиқат. Бірақ шартараптағы дуалы ауызды, мойсапыт руханият өкілдері «Бальзактың бір өзі- бір Франция» деп кесіп - пішкендер де, француздарды ғасырлар бойы мансұқтаған орыс дворяндары, ақсүйектер қауымы, руханият өкілдері де, В Белинскийдің Бальзак десе шаншуы ұстап, ешкікөзденіп қалатыны да,  кіндік қаны  ресейде  тамған жебірейіл, Ф.Достоевскийге табынып өткен, француз әдебиетінде «жаңа романның» манифесі деп аталған «Күдіктену заманының» авторы жүз жасаған Н Саррот және басқа да Бальзакқа қарсы құлаштай жүзген толқын да жадымызда. Классикті дал-далын шығарып күресінге тастағысы келгендер де  зердемізде, білеміз.

Бірақ, бүгінгі ғаламшар әдебиетінің, оның қатарындағы ұлтымыздың ұлағатты әдебиетінің де тағдыр - талайы, дау - дамайы бара- бара  қоғамдағы рухани сананың өзекті нысанасына  айналған тұста,  біз үшін осы сауал  бәрінен де маңызды, бәрінен де өткір көрінді. Неге екенін аз- кем таразыласақ.

Жаңа бір меңзеп өттік, Еуропада  Бальзактай пәниі мен бақиында тағдыр-  талайын сан- саққа жүгіртіп, қырық орам қызыл тілмен қоясы ақтарылып, жілігі шағылған тұлға некен- саяқ. Беу, Бальзактың алапат жанкештілігі өз ортасында қызғаншақтарды зыр-зыбыл күйге түсіріп, өсек-аяң гулетті, жора-жолдастарының арасына ши жүгіртті. Сондағысы -Бальзактың дені сау емес, арқасы бар, қояншық, безгегі ұстайды тағы-тағылары. Осы төңіректегі топан дүниеге көз жүгірткенімізде біздің бір түйгеніміз - нән де паң Бальзакты  әр туындысы сайын діңкелетіп алып, есінен тандыратын жәдігөйіне бұл  басты себеп емес. Бәлкім  қазіргі қазақтың қарагер прозашысы Қуандық Түменбайдың «Қояншығындағы» Доғалақтың «Бұл кесел емес, өзіңді өзің, қала берді айналаңдағыларды адалдықпен емдеу болар» деп түйді» дейтінінің қисыны бар ма дейсің. («Жігіттің көктөбесі») Әйтпесе, баспасөздерде жазылып жүргендей төрткүл дүниеде  қырық миллион қояншық адам бар екен. Бірақ бәрі де шетінен данышпан емес қой! Бальзакқа телитін «Құдайдың таңбасы» деген осы ма? Психикасы сау емес  деп Бальзактың тәніне ине сұғып, көз қарашығын тексеріп көруден тайынбағанғандарға Онореңіз  мәу демеген, мыңқ етпеген деседі.(М.Бутерон)

Ендеше, «Горио атай» Бальзакты неге азапқа салды? Бальзак «Адам комедиясы» дәуірнамасының тіні  әрі түптамыры етіп осы «Горио атайға»  неге жүгінді? Горио кім еді, өзі?

Оқығандарға бесенеден аян, әйтсе де сөзімізге тұздық ретінде қысқаша баян  етейік: романда Горио - екі қызының жолында бар өмірін сарп етіп, ақыры аяғы ит өлімге ұшыраған 69 жастағы сорлы шал. Сонау бір зіңгіттей шағында Горио макарон сатып байыған пысықай  еді. Сүйікті әйелінен ерте айырылады.  Отбасында қалғаны - Анастази  мен Дельфина атты екі қызы. Горио  қос көбелегін мәпелеп  еркелетіп өсіреді. Бар арманы - сол екеуін қатарынан кем қылмай, қайғы- мұңсыз бойжеткізіп,  үлде - бүлде жасауымен ұзатып, қоғамда өз орны бар, беделді де дәулетті адамдармен тұрмыс құрса, сөйтіп бай-бақуатты өмір сүрсе. Жиған-терген бар дүние-мүккәмал солардың жолында. Өз басы аш-жалаңаш жүруге бар. Әкесі армандағандай- ақ қыздарының үлкені  - графқа, кішісі  - баронға күйеуге шығады. Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керсінше аямай шашты; ақсүйек атпалдардың ортасында  дулы дәурен, сауық - сайран  салды. Дәрежелі күй біткен  қыз- күйеулері енді әкелерінің ұн саудагері болғанына намыстанатынды шығарды. Күйеу балалары қайынатасының пошымынан қой үріккендей шошитын болды. Горио мұны сезді де, қинала- қинала кәсібін тастап, жарлы - жақыбайлар мекендейтін пансионға көшеді. Бұдан соң қыздары  әкесін қомсынып жұрт көзінше жолығудан қысылып, оқта - текте ғана жасырын, үйлерінің артқы есігінен кіріп-шығып кездесетін халге жетті. Байғұс қартқа қыздарын көру бір мұң, талай рет көшеде тұрып, алыстан болса да бір көріп қалғысы кеп сарыла күткен күндері қаншама. Ал оларға әкесінен бұрын оның ақшасы қымбат. Себебі күйеулері кейде ақшадан қаққанда әкесіне тұра жүгеретін еді. Әкесінің ақшасына қызы Анастази өзінің көңілдесін асырауға мәжбүр, Нусинген әккі барон, бай ,бірақ, сараң. Екеуі де Горионы ақыры   «... жеміс шырынын сорып болған соң көшеге лақтыра салды». Қарт қыздарынан  әкелік  шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайрымдылық, мейірім күтті.  Бірақ олар тасжүрек болып шықты. Горио зар илеп көз жұмды.  Ақыр аяғында,  қыздары бір уыс топырақ салуға да жарамады. Сөйтіп Абайша айтқанда: «Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп, таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ». Оқып шыққан сәттегі әсермен «Міне ұлы әке махаббаты!» деп таңырқайсың, жаның да ашиды, ызаң да келеді. «Шалға  обал жоқ, өзіне - өзі тілеп алған тағдыр» деп те кейисің. Бірақ бірте- бірте байсалды қалыпқа түскен соң әлгіндегі : Бальзак өзі  «өлтіріп», өзі жылайтындай бейшара қарттың нендей  қадір- қасиеті бар еді?» - деген сұраққа  тағы жауап іздегің келеді.

Оқушы хабардар, бұл роман жазылғалы не заман, жүз жетпіс бес жылдан асып кетіпті. Содан бері  Горио образын  жіліктей шағып,  көкпардай  тартып, дырдай еткен. Кешегі ғасырдағы француз, неміс, орыс әдебиеттанушылар, бальзакиада белсенділері де әлдеқашан-ақ  берер бағасын беріп қойған. Баға да , кесім де, пайым- түйін де әр қилы. Әрине,  кеңес заманындағылардікі айтпаса да түсінікті. Горионың түбіне жеткен - буржуазиялық қоғам, капитал, эгоизм. Енді қазір сол өткен дүние жылнамасын аударып -төңкеріп қайта қарап, қайта пайымдап көрсеңіз, мұнда   сол баяғы  шырылдаған шындық , әлі де шырқырап жатыр! Осы тұста ой өрбітсек.

Романды жіліктегендердің бірсыпырасы Гориоға өзімшіл, эгоист деп үкім шығарды. Ал енді, ойланып көріңізші, о баста Алла- тағаланың адам баласына дарытқан тұмса түйсіктері, тұмар сезімдерінің ұябасар жері  - отбасы болса, сол отбасының өзі де эгоизмнің ізашары. Жарық дүниеге шырылдап келген шарананың  тұңғыш тірлігі -  ана емшегін құшырлана емуден басталады. Тілі шықпай-ақ өзі үшін тіршілікке ұмтылады. Соқыр сезімнің бойына бірте - бірте  «өзім» ұғым- ұрығы пайда болады. Ана - баласын, бала- анасын «өзімдікі» дейді. Бұл инстинкт  дами келе сана  -  түйсікті оятып, отбасы зүриятынан ата мен әже, әке мен шеше, аға мен іні, әкпе мен сіңлі  т.с.с арасындағы басқалардан бөлек өзімшіл қарым -қатынас түзіледі. Осы түзілістің өзегіндегі  бастапқы өзімшілдік -  табиғи, бейкүнә сезім. Демек, эгоизм адамның табиғи қасиеті. Ол ілгері дамудың, өркендеудің түрткісі, күші - қуаты. Гәп, әрине адамның осы өзімшілдік диалектикасында. Шәкәрімнің мынандай бір тәмсілі бар: « Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін есітіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз?»- десе, бай айтыпты: « Күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да, күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық.»- депті. Сонда досы: « Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырлайық» -депті.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1409
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1244
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1002
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1069