Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Бетбұрыс 5792 16 пікір 19 Маусым, 2019 сағат 12:28

Тоқаевтің "қоғамдық кеңесіне" өз кандидатурамды ұсынамын

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін» құру туралы Жарлығы жақында болып өткен оқиғалардың шешімін табу жолындағы және еліміздегі демократиялық үрдістерді дамыту үшін талпынысты нақты қадам екені даусыз! Осыған байланысты менің де өз ұсыныс-ойларым бар.

«Кеңес» еліміздің ішкі саясатында қазір де-факто орын алып отырған қос парламенттке қосымша «үшінші» құрылым болып кетпеуі керек, қайта алдыңғы «екеудің унитарлы мемлекетте қажеттілігі бар ма?» деген сұраққа жауап бергені дұрыс. Яғни, парламенттен «жылы орын» тауып алған зейнеткерлердің заңды демалыстарына жіберілуін осы кеңес анықтап береді деп ойлаймын. Меніңше, қазіргі Конституциялық кеңестің орнын – Конституциялық сот ауыстырғаны жөн.

Елдегі қоғам дамуына кедергі кеселдер: жемқорлық-жағымпаздық-жалғанұраншылдық т.б. жойылуына әр қоғам мүшесінің белсенділігі, өше бастаған ұлттық-адами рухтың оянуы қатты әсер ететін басты факторлардың бірі ретінде санаймын. Өз құқықтарын заң аясында қорғай алатын, талап ете алатын жеке және заңды тұлғалар қоғамдағы келеңсіздіктерге жол бермейді. Алаш арыстарының айтқан идеялары еліміздің ұлттық санасының орталық-ядросына айналса, тіл-дін-діл мәселелері де туындамайтыны анық.

Барлық сайлау жүйесіне мажоритарлық әділ ережелер енгізілсе және техникалық жағы былай шешілсе: «Еліміздегі 10 мыңдай сайлау учаскелеріне, неге банкомат сияқты, автоматты жүйе орнатпасқа! Барлық сайлаушы бір базаға енгізіліп, қайда тұратынына қарамастан, кез келген азамат, кез келген учаскеге барып, автоматқа жеке куәлігін салып, сайлау бюллетенін алмасқа? Сонда қанша сайлаушы дауыс бергені автоматты түрде шыға келмей ме?! Ал, дауыс берген жәшікті екі-үш адамдық комиссия ашып, барлық көрем деушілердің алдында, камералардың бақылауымен, бірінші рет дауыс берген жастарға санатса қайтер еді?! Міне, осындай ережені неге талап етпеске?!. Ұстаздар да дау-дамайдан құтылар еді...».

ҚР Заңдары мен заңнамалық актілеріне әділетті, ашық, түсінікті өзгертулер енгізілсе (жаңадан қабылданса), әсіресе, «Шерулер және БАҚ туралы» Заңдарына, ережелеріне, т.б. көптеген сұрақтарға және оларды қабылдау (өзгерту) барысында, жауап бере алатындай депутаттарды, билік өкілдерін, қоғамдық ұйымдар кеңінен қатыстырылса. Жалпы, заң жобаларын ұсыну «Ғылым академиясы» сияқты ғылыми-саяси ортаға берілсе, өйткені, қазіргі заң ұсынушы барлық министрліктер Ресейдің заңдарын көшіріп алып, өзімізге икемдеп, ұсына салатыны жасырын емес.

Осы Кеңес аясында еліміздің экономикалық ахуалына түбегейлі өзгерістер қажет. Алдыңғы кезекте ел тұтынатын заттардың импортынан құтылып, өзімізде шығаруды жолға қою. Ол үшін әрбір жаңа зауыт-кәсіпорынның ашылар алдында шығаратын өнімінің қайда баратыны алдымен айқындалуы тиіс, яғни, қазақша айтқанда, «Алдымен отауыңды сайла!». Сонымен қатар қазіргі «Теріс тендер» жүйесін оңдау қажет.

Еліміздің сыртқы саясатында ешкімге жалтақтамай, әлемдік қауымдастыққа теңқұқылы ел ретіндегі позицияны күшейту керек. Өзіміздің бауырлас түркі елдерімен конфедерациялық деңгейдегі байланыс орнатуды қолға алғанымыз жөн.

«Кеңеске», билікке жаңа екпін тарту мәселесінде адам-мамандарды ұсынуды әкімдердің құзіретінен алу керек, өйткені, оларға салса, сол баяғы таптаурын, яғни, өздеріне тиімді «қолжаулық-қолбалалық» жандарды ұсынады! Жалпы алғанда, осы күндерде қалыптасқан биліктің «бір ғана қолға шоғырландырылып берілу» практикасынан құтылып, «әкімдік» институтын басқа арнаға қойған дұрыс. «Кеңеске», билікке мүшелерді таңдағанда, «өзін-өзі ұсынуды» кеңінен қолдануды жақтаймын. Осыған байланысты, мен, Азкен Алтай (Азамат Ақылбеков) «Кеңес» мүшесіне өзімнің кандидатурамды ұсынамын, еліме адал қызмет ететініме сенімдімін.

1985 жылдан бері түрлі қызметтер атқарып келемін, сайланбалы органдарға сайланып көрген жоқпын; Мемлекеттік сыйлық, наградаларым жоқ (алуға тырыспадым да); Ешқандай саяси партияларға мүше болған жоқпын (оқушы кезімде қатардағы комсомол мүшесі болғаным рас, комсорг болып көрмедім. Қазіргі «комсомол тойларына» барып көрмедім, ешкім шақырған да жоқ, ондайға өз басым қарсымын);

Мемлекеттік лауреат-атақтарым, ғылыми дәрежелерім жоқ (Институтты «Қызыл дипломға бітіріп, аспирантураға түскенім, оқығаным рас, алайда, жағдайым болмай, аяқтамадым). Жеке хобби ретінде шығармашылық (өлең-жыр, әзіл-сатира, түрлі әңгіме-мақалалар) және өлкетанушылық зерттеулермен айналысамын. Әзірге, «Тезек Төре», «Тезек Төреге қатысты жыр-айтыстар антологиясы» кітаптарының және бірнеше жеке жинақтарымның авторымын. 2017 жылы «Кенесары Хан» жинағын құрастырдым;

Желтоқсан оқиғалары кезінде жас маман ретінде ауылда қызметте болдым, қатысқан жоқпын (Алайда, 19-ы күні сонда қатысқан інімді іздеп, Алматыға әрең жеткенім, солардың бірнеше жиналыстарына қатысып, кімнің қалай сөйлегенін естіп, алаңды барып көзбен көргенім рас);

Офшор тұрмақ еліміздің банктерінде және «үйдегі банкаларға» тыққан артық қаражатым жоқ. Кейбір кандидаттар айтқандай ақшалай көмек беретін, спонсор-мецанат достарым, таныстарым жоқ. Әскери міндеттімін, сотталмағам;

Бала-шағалы, немерелерім бар, көбейе беруін тілеймін. Интернет, әлеуметтік желілерді қолданушымын және олардың қоғамдық байланыстағы орны жоғары екенін түсінемін. Соңғы сайлауға қатысып, дауыс бердім (алайда, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген жоқпын);

Кез келген сұрақтарға жауап беруге әзірмін.

PS: Осы ойларыма түрткі болған, жақында «Кеңеске» ұсыныс тізбе түзген Дина Елгезек жазбасы түрткі болды және өз басым сол азаматшаны, жаңашыл, креативті түрде ойлайтынына сенімдімін, сондықтан өзін де ұсынар едім.

Азкен Алтай Жетысуский

Abai.kz

 

16 пікір