Жексенбі, 28 Сәуір 2024
3337 0 пікір 31 Мамыр, 2019 сағат 13:03

Сыр өңірінде алдағы үш жылда үш мың жаңа жұмыс орны ашылады

Сыр өңірінде алдағы үш жылда үш мың жаңа жұмыс орны ашылады деп хабарлайды, - Abai - ақпарат.

Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен өткен брифингте айтылған. Онда Қызылорда облысын дамытудың кешенді жоспары негізінде өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірнеше жобалар іске асатыны сондай-ақ, өңір тұрғындарына 3 мың жаңа жұмыс орны  ашылатыны мәлім болды.

Қазір Сыр өңірінде бизнесті дамытуды ынталандыру бойынша 6 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оған бөлінген қаражат 10,7 миллиард теңгені құрайды.

Аймақтың кешенді жоспары негізінде алдағы төрт жылда 620 бастама бойынша несиелендіруді субсидиялау, 300 ге жуық жобаға ішінара кепілдік беру, 55 жоба бойынша мемлекеттік гарнттар беру, сонымен қатар 63 жобаға шағын несиелер берілмек. Аталған жобалардың барлығы Елбасының “Бизнестің жол картасы - 2025” бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.

Аталған жобалар сәтті жүзеге асса, Қызылорда облысында алдағы 2 жылда шағын және орта бизнестің жалпы көлемі 20 пайызға өседі деп жоспарлануда. Ал, 2022 жылдың нәтижесін есепке алсақ, өңірдегі бизнесті қолдау 30 пайызға артпақ.

Айта кетейік, 2019 жылдың ақпан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысының алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын дайындауды тапсырған болатын. Нәтижесінде, кешенді жоспар әзірленіп, соның негізінде 119 шара жоспарланған болатын. Оладың жалпы құны 219,7 миллиард теңгені құрайды. Ол қаражаттың 156,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, 50,6 миллиарды жергілікті бюджет есебінен, ал, 12,4 миллиард теңгесі басқа көздерден болады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен сейсенбі күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Үкімет отырысында сыр аймағының алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырған болатын.

Abai.kz

0 пікір