Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Тарих 8091 14 пікір 22 Мамыр, 2019 сағат 13:04

Ұлттың оғланы Ораз Исаев хақында...

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

 

Совет Одағының  және Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Жанұзақұлы Исаев бұрынғы Орал облысының Ілбішін үйезіне (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы) қарасты Қарасу болысында 1899 жылы қарапайым  жұмыскер отбасында дүниеге келген. Ораздың атасы Иса мен әкесі Жанұзақ көп жылдар бойы әуелі Орынбор облысындағы Қызылтөбе казактарының, одан Орал облысының Шалқар болысында ауыл байларының қоластында жалшы болған екен, кейіннен әкесі Ілбішін кірпіш зауытында тас қалайтын жұмысшы болып істепті. Тұңғышы Ораздың заманға лайық білім алуын армандаған көрінеді. Ораз әуелі 1906–1908 жж. ауыл мектебінде молдадан сауат ашып, қазақша дәріс алды. 1908 жылдан Жуанышкөл бір класты орыс-қазақ училищесінде, сосын Қарасу-Шалқар екі класты орыс-қазақ училищесінде оқыды. 1913 жылы әкесі қайтыс болып, ол оқудан бос уақыттарында байларда бақташы, казактарда батрак болып істеуге мәжбүр болған. Ол отбасындағы балалардың үлкені  еді, сондықтан үй  ішін асырау салмағы соған түскендіктен, ақыры оқуды тастап, 1915 жылдан үй шаруашылығын атқарды. Белгілі дәрежеде сауаты болғандығының арқасында, жасөспірім Ораз 1916 жылы ауыл әкімшілігінде қатынас қағаз тасушы және песір, яғни хатшы болды. 1917 жылы Ақпан революциясынан кейінгі өзгерістерге үміт арта араласты.  Орал облысы Шалқар болысындағы земство басқармасының хатшысы болып істеді. 1919–1920 жылдары ауылдық кеңестің мүшесі, хатшысы, Шалқар болыстық кеңестің атқару комитеті төрағасының орынбасары, Ресей коммунистік жастар одағы (РКСМ) Лбищенск болыстық комитетінің ұйымдастырушысы болды. 1920–1921 жылдары Орал губерниясында Жымпиты үйездік кәсіподақ бюросының уәкілі, инспекторы, үйездік еңбек бөлімі меңгерушісінің істерін уақытша атқарушы боп істеді. 1921 жылы Кеңес өкіметіне контрреволюцияға қарсы күресте көмек көрсету жөнінде Ерекше міндет жүктелген бөлімнің (ЧОН) жауынгері ретінде қызмет етті. Одан РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы контрреволюцияға қарсы күрес жөніндегі Бүкілресейлік төтенше комиссияның (ВЧК) Жымпиты саяси бюросының уәкілі, 1921–1922 жылдары Орал губерниялық Төтенше комиссиясының жедел уәкілі болды. Төтенше комиссиядағы қызметі кезінде большевиктер партиясы қатарына қабылданғандықтан, 1922 жылы партия қызметіне ауысты. РК(б)П Орал губерниялық комитетінің жауапты нұсқаушысы, 1923–1924 жылдары РК(б)П Жымпиты үйездік комитетінің жауапты хатшысы болды.

1924 жылдан Ораз Исаевтың республикалық деңгейдегі қызметі басталды. Осы жылдың тамыз–қазан айларында РК(б)П Қазақ өлкелік бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Қазақ АКСР Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары болып істегеннен кейін,  ол Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің  (Қазаткомның) хатшысы болып сайланды. Содан соң 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитеті ұйымдық-нұсқаушылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, республика жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариатының әкімшілік-мәдени секциясының меңгерушісі болды. Осы лауазымдарымен қызмет атқара жүріп, 1926 жылы аз уақыт (шілде–тамыз айларында) «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болған. 1927 жылы РК(б)П  Қазақ өлкелік комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазөлкеком Хатшылығының мүшесі болды. 1928 жылы Өлкелік комитеттің кеңейтілген пленумы екінші хатшысы етіп бекітті. 1929 жылғы сәуірде автономиялық республика Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы, 1936 жылдан 1938 жылға дейін одақтас республика ХКК төрағасы болып, тоғыз жылдан астам уақыт бойы қазақ үкіметін басқарды. 1930 жылдан БК(б)П Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат,  1937 жылдан мүшесі, 1929 жылдан КСРО Орталық Атқару Комитеті Төралқасының мүшелігіне кандидат, 1935 жылы КСРО ОАК Төралқасының мүшесі болып сайланған.

Қазақ республикасы үкіметінің басшысы қызметінде Ораз Жанұзақұлы тек шаруашылықпен ғана шұғылданып қойған жоқ, ол еліміздің саяси тарихына да, мәдени дамуына да зерделі, ойлы көзбен қарай білді. Мәселен, 1929 жылы Н. Мартыненко құрастырған «Алашорда» атты құжаттар жинағына алғысөз жазды. Алғысөзінде ол: «Өз дамуының белгілі бір кезеңдерінде, революцияның дамуы қай фазасында тұрғанына байланысты, ұлттық қозғалыс объективті революциялық рөл атқарады, – деп, советтік дәуірде сынға ұшыраса да, бүгінгі тәуелсіз ел тұғырынан қарағанда, өте сындарлы ой түйген-тін.  – Өз уақытында Алаш-Орда осындай рөл атқарды. ...Ұлт қозғалысы мен «Алаш-Орда» өзінің қалыптасуының алғашқы кезеңінде объективті революциялық рольге ие болатын, өйткені олар қалай болғанда да ортақ дұшпанымыз – Россия империализмінің іргетасын мүжіп-жұқартып жатқан еді». (О. Исаев 1935 жылы шыққан «Қазақ АКСР-іне 15 жыл» жинағында Алаш-Орданың революцияға дейінгі кезеңде прогрессивті рөл  атқарғаны жөніндегі өз көзқарасының қате екенін мойындауға мәжбүр болған). Сондай-ақ Исаев халқымыздың сөз өнері мұрасын жинауға да зор мән беріп қарады. Ой-пікірлерін «Әдебиет майданы» журналы беттерінде жариялап тұрды. Бір мысал. 1931 жылғы 21 қарашада «Садуақасұлы   Жанайдар    жолдасқа. Көшірмесі.  Жандос ұлы Ораз, Мүсірепұлы Ғабит, Аспандиярұлы Санжар жолдастарға» жазған екінші хатында «біздің мәдени, тарихи мәні өте зор бірқатар материалдарымыз жиналмай қалып барады. Атап айтсақ: 1. Әубәкір молданың өлеңдері, Ғұмар Қарашұлының өлеңдері, Дәукен Шолақұлы (Батыс Қазақстан), Абай және басқалар (Шығыс Қазақстан)... 2. Сансыз көп шежірелер бар. Бірден бірге қалып, ел аузында келе жатқан, көбінесе өте жақсы да шыққан ел ерлерінің, білгіштерінің сөздері бар. Жеке елдің, ханның, патша өкіметі адамдарының өмірі, ісі жайынан айтылған ауыз әңгімелері бар. Мақал-нақылдары бар. Әртүрлі жазбалар бар. Көп тарамаған газет-журналдарда және өзгелерде басылған мақалалар да бар» дейді. Әрине «бұлардың ішінде салт-санасы үйлеспейтіндерінің үстіне тіпті бізге жат шығармалар да бар» екенін ескерте келіп, «бірақ кеңес заманынан бұрынғы көркем шығармалардың бәрі де байшыл шығарма деп, бәрін де іске алғысыз етіп тастаймыз деу дұрыс емес» екенін шегелеп айтады. Олардың ішінде «өз заманын көрсететін, сонсоң сол кездердегі езілген бұқараның да тұрмысын көрсететін әдебиет мұралары» көптігін ескертеді. Сол деректерді жинап, тиісті ескерту, түсіндіру, таныстыру қосып шығарса, мадениет, тарих тұрғысынан маңызы өте зор болар еді, өйткені: «Жаңа тарихты жасап, жаңа мәдениетті туғызу – өзіне дейінгінің бәрін ұмытып кету керек, білмеу   керек   деген   сөз   емес», – дейтін кемел пікір білдірген. Сол маңызды деректерді көпке жеткізу үшін «Қазақстан баспасы, Орталық архив, не аймақтану қоғамының тілі етіп бір журнал шығарған мақұл болар еді. Сіздер осы істе жүрген қызметкерлерден болғаннан кейін, осы мәселені ойлап көрсеңіздер» деген жолдастық сәлемін жолдаған.

Ораз Жанұзақұлы Мәскеуде өткен партияның XVI съезінде  1930  жылғы  1 шілде күні  Қазақ үкіметінің басшысы ретінде сөйлеген сөзінде ел мүддесі тұрғысынан маңызды ойлар айта білді. «Бізде ұлт мәселесі шешілді деп бұл жерде көп айта берудің қажеті жоқ. Ұлт мәселесін біржолата шешудің лениндік дұрыс жолы берілді, бүгінгі күнге – біздің ұлт саясатын жүзеге асыру ісінде қол жеткен ірі жеңістеріміз бар. ...бұл, әрине, ұлт мәселесін біржолата шешіп алғанымызды көрсете алмайды. Осы ретте Сталин жолдас өз баяндамасында ұлт мәселесіне дер кезінде жеткілікті дәрежеде көңіл бөлді және ұлт мәселесіндегі ауытқуларға, оның ішінде ұлыорыстық шовинизмге партияның назарын аударды.  Бұл шовинизм біздің жер-жердегі жұмыс практикамызда көрініп қалып жүр. Олар – осы шовинистер – қазіргі жағдайда жалған интернационализмді және мәселелер таптық тұрғыдан қойылуға тиіс-міс деген масканы жамылып жүр», – деп таратқан бұрмалаушыларды әшкерелеу сөзін: «Біз социалистік қайта құрылыс белесіне кірдік-міс, біз ұлттық ерекшеліктердің жойылуына қол жеткізіп қойдық-мыс, қазір біздің алдымызда таптық мәселелер ғана тұр, сондықтан да енді бұдан былай ұлт мәселесін желеу етуге болмайды-мыс, бізде бұл мәселеге Одақтың басқа аудандарындағы секілді бір ғана көзқарас болуға тиіс-міс дейді олар, – деп жалғады да: – Бұл, жолдастар, сөз жоқ, жалған интернационализм болып табылады, сондықтан да бізді мұнымен зор күрес жүргізу ісі тосып тұр», – деп бір түйді. Өкініштісі, биік форумда қозғалғанмен, Қазақстанда жалған интернационализм күресі жүргізілген жоқ. «Коллективтендіру, сондай-ақ егін егу жөніндегі өткен науқан кезінде ұлт аудандарында жіберілген асыра сілтеу сипаттарын талдап көрсек, олар көп жағдайда ұлттық сәттерді – бізде ұлт ерекшеліктері түгелге жуық жойылды-мыс деген желеумен көпе-көрнеу елемеу, бір сарынмен қарау, табысқа мастану т.с.с. болып келеді. ...Бұл жер бауырлап жылжыған ауытқушылар шынында өте көп. Олар одақтық орталық совет аппараттарында да бар. Соның салдарынан кейде партияның нақты мәселелер жөнінен берген мүлдем нақты да айқын директивалары орындалмайды, сөзбұйдаға салынады. ...Аппараттағы шовинистік бағыт ұстаған мамандар тарапынан жиірек шығатын бұл іліктер мен сылтаулардың мекеме басшыларының қолдауына ие болып жүргені сирек емес», – деген сөздермен сол тұста жаппай дертке айналып кеткен, түбі орны толмас апатқа апарған әдетті сынады. «...Партияның ұлт саясаты тұрғысынан мал шаруашылығының біз үшін мәні зор, себебі, онымен негізінен Қазақстанның жергілікті халқының 80–85 проценті шұғылданады. ...мұндағы негізгі мәселе – жем-шөп мәселесі. ...бұл үшін мелиорацияға тиісті қаржы бөлінуге тиіс», – деген ұсынысын «мал шаруашылығы аудандарын астықпен қамтамасыз ету туралы» ойларымен ұштастырды: «...Әдетте бұл аудандар Қазақстанның басқа астықты аудандарынан өзді-өздімен жабдықталатын. Бірақ кейінгі екі жылда астық дайындау ісін жоспар орындау бағытымен жүргіздік те, біз бұл өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін шектеп қойдық. ...Сондықтан да біздің мал шаруашылығы аудандарымыз астықпен – өзге мақта шаруашылығы аудандары тәрізді қамтамасыз етілсе деген мәселе көтереміз. Мұнсыз, астықпен жабдықтауды лайықты деңгейге қоймайынша, біз мал шаруашылығын дамытуға жәрдемдесетін ірі факторлардың бірін қамтамасыз ете алмаймыз». Тағдыршешті ұсыныс болғанмен, биік басшылық оның мәніне баруды, тиісінше қажет шешім жасауды ойына да алмады.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, сталиндік лагерь азабын көріп оралған бұрынғы партия қызметкері Ермекқали Нығметов 1989 жылы: «Исаевты алғаш рет 1931 жылы Алматыдағы партактив жиналысында баяндама жасап тұрғанында көрдім, – деп еске алды.  – Жасы өзім қатарлас, бойы ортадан сәл жоғарылау, аяғын сылти басатын, үлкен көзді, дөңгелек жүзді, бидай өңді, жүзі сүйкімді көрінетін адам екен. Баяндама орыс тілінде болды. Жазып әкелген мәтіні бар екенін көріп отырмын, бірақ ол екі көзін аудиторияда отырғандардан айырмастан сөйледі, алдында жатқан қағазға сирек көз тастады. Ораздың жоғары дәрежелі білімі жоқ деп естуші едім, сөйте тұра мүдірместен шешен сөйлейтінін, тыңдаушыларды өзіне тартып алатын қасиеті барлығын   енді   анық   көрдім». 1931 жылдың екінші жартысында Е. Нығметов Қазақ өлкелік партия комитеті ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушылық  қызмет  атқарған. Сонда, Казкрайкомның  бюро, секретариат отырысы болып жатқанда, жұмыс бабымен мәжіліс залына кіріп-шығып жүргенінде, мынаны көріп-білді: «мәжілісте Исаев председательдік ететін, ал Голощекин көп отырмастан, трубкаға темекіні толтырып алып, түтіндетіп, мәжіліс бөлмесінде қыдырып жүруші еді. Жиналыста сөйлеп тұрғандардың кейбіреуіне реплика тастап, біреулерге сұрақ қойып, аралап жүретін. Жек көретін, ұнатпайтын адамдары сөйлегенде – жанына барып, кәрін төгіп тұрады екен. Аппараттағы жасы үлкен, тәжірибесі мол коммунистерден: «Бұл қалай? Мәжілісті шал – Голощекинді осылай атайтын – өзі неге басқармайды?» – деп сұрағанымда: – «Москвадағы бастық та мәжілісті өзі басқармайды, түрегеп жүріп команда береді. Шал да Қазақстандағы «көсем» емес пе? Оның еліктеуі, киім киісі, сөз сөйлеуі, қаттылығы, ызғарлығы, диктаторлығы, барлығы да Сталинге ұқсап тұр ғой», – дейтін. Партактив, пленум мәжілістерінде де «шал» осы мінезін, осы жүрісін көпке мақтаныш еткендей болатын. Ал Исаев, менің байқауымша, мәжілістерді әрдайым іскер, алғыр басқарғанмен, Голощекиннің ыңғайына жығылып тұратындай еді...»

Байқағанымыздай, 1930 жылы партияның кезекті форумы мінберінен Қазақ үкіметінің басшысы Ораз Исаев: мал шаруашылығымен айналысатын жұрт өз керектерін, оның ішінде астықты бұрын базардан сатып алатын, соңғы екі жыл ішінде астық дайындау жоспарын орындау үшін базар айырбасы тоқтатылған.  Сондықтан    қазақтар бұл күнде нан орнына ет жеп күнелтіп отыр. Ал астық пен ет дайындау науқаны үдетіле түсуде. Мал өсіріп отырғандарға, енді, мақта егетіндерге жасаған сияқты, өкімет тарапынан нан беру керек... деп нақты ұсыныс айтты. Бірақ ұсыныс биік партия форумы мінберінен айтылса да, Мәскеу тарапынан да, қанша іскерлік көрсеткенмен, республика басшылығының өз ішінде де елеусіз қалды. Солақай реформа жалғастырыла берді, соның салдарынан 1931 жылдан бастап халық аштықтан боса бастады, ұзамай шыбынша қырылды. Өйткені, басқа да басшы қызметкерлер тәрізді, ардагер Е. Нығметов естелігінде айтқандай, Исаев Голощекиннің ыңғайына жығылып тұратын. Алайда шыдам шегіне жеткенде, 1932 жылғы тамыз айында, Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Жанұзақұлы Исаев Бас хатшы Иосиф Виссарионович Сталинге үлкен хат тапсырды. (Бұл оның екінші хаты еді, алғашқы хатты 1932 жылғы 11 мамырда қаржы халкомы М. Орынбаевпен бірге Қазақстандағы ашыққан халыққа көмек көрсету жайында И. Сталин мен КСРО ХКК төрағасы В. Молотовқа жазған болатын. Кейін, 1933 жылғы 2 желтоқсанда Сталинге ашаршылық зардабын жою шараларына байланысты үшінші хатын жолдайды). Бұл хатында Ораз Исаев өлкеде орын алып тұрған ахуалды ашық баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар ретіндегі ұсыныстарын тұжырымдады. Сонымен бірге,  орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» Ф.И. Голощекин отырғанда – республикадағы ауыр «жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды. Ол Голощекинді партияның Қазақ өлкелік ұйымы жетекшілігінен кері шақырып алуды Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі тікелей ашық талап етті. Сонымен бірге  О. Исаев Бас хатшыдан қазақ ауылы мен мал шаруашылығына байланысты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешімін шығаруын сұрады. Премьер Исаевтың өтінішінің бұл бөлігі  қанағаттандырылды.  Оның хатында көрсетілген жәйттер сталиндік Орталық Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған қаулысына негіз етіп алынды.

Бірақ Қазөлкекомның бірінші хатшысы Ф. Голощекин қызметін ескі сарынмен жалғастыра берді. Е. Нығметовтың айтуынша, «Сталин Исаевтың жазғанына сенбестен, Қазақстанға жіберген А. Сольц бастаған комиссия асыра сілтеудің шындығын анық білгеннен кейін ғана, Голощекинді орнынан алуға мәжбүр болды». Кезінде Сталинмен бірге Сібірге айдауда болған, принципшілдігі үшін, кемшілікті ешкімнің бет-жүзіне қарамай тіке айтатын мінезі үшін зор беделге ие болған, партияның «ар-ожданы» атанған әділ, адал коммунист, партияның Орталық бақылау комиссиясы (ЦКК) төралқасының мүшесі Арон Сольц Ораз Исаевтың ұсынысын растағандықтан, шынында,  Иосиф Сталин Филипп Голощекинді «орнынан алды», дұрысында, бүкілодақтық биік лауазымға өсіріп жіберді. Қалай болғанда да, Қазақстандағы жеке-дара әмірші-билеуші «тақтан» кетті де, қасіретке толған  асыра сілтеу мәселесі 1933 жылы 10–16 шілдеде өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің Алтыншы пленумында кеңінен талқыланды. Негізгі баяндаманы халкомкеңес төрағасы О. Исаев жасады. Талқылаулар кезінде жаңа белсенділер Исаевты ашаршылыққа Голощекинмен бірдей айыпты деп есептеп, оны орнынан алу керек деген ұсыныс жасады. Сонда олардың екпінін Қазөлкекомның жаңа жетекшісі Л. Мирзоян айтқан мына хабар тоқтатты: «Сталин маған Исаевтың жергілікті халықтан шыққандығын, Қазақстанды барлық жағынан білетін кісі екендігін айтты. Ол іскер адам, Голощекинмен бірге асыра сілтеуге қатысса, енді сенімен бірге, жіберген қателерді түзетуге қатыссын деді». О. Исаев VI пленумда бұрынғы басшылық аты­на айтылған сынды лайықты қа­был­ алды. Ол барынша ашық болып, мәселені жан-жақты қарастыруға тырысты. 1933 жылғы 12 шілдедегі кешкі мәжілісте: «...Мен жауапкершіліктен жалтармақшы емеспін. Қателеріміздің барлық ауыртпалы­ғын бұрынғы басшылықтағы кейбір жол­дастарға, солардың ішінде Голощекин мен Құрамысовқа аудара салу ниетінде де болғаным жоқ. ...Өзін кіп-кішкентай, моп-момын ғана адам етіп көрсетіп, бұрынғы басшылықтан жәбір шеккен қызметкер ретінде көрінуге бейім тұратын, сөйтіп, ептеп-септеп ...сытылып кетуге ұмтылатын адам мен емеспін», – дей келіп, баяндамасында да, қоры­тынды сөзінде де тек жалпылама сын айтып қоймай, өзін де өзі баса сынағанын еске салды. «...біз мал шаруашылығын ойсыратып отырған түпкі, негізгі себептерді ұғынбадық. Ол енді, міне, қазір ғана ала­қандағыдай ап-айқын болып отыр: көш­пенді, жартылай көшпенді аудандарда мал басының азаюын тоқтату үшін отырық­шы­лан­дыру мен колхоздасуды шапшаң­датуды қоя тұрып, қателер мен асыра сілтеулерді тежеу керек еді. ...ауылды үлкен қиыншы­лық­тарға ұшыратқан, малдың басын кеміткен шын себептерді ұқпадық, содан дұрыс қорытынды шығара алмадық, сондықтан, әрине, теріс істер істеп, ағаттықтарға жол бердік», – деп, жіберілген қателіктерді тағы да нақтылап мойындады. «Мен басшы болдым... ...партияның белсенді қызметшісімін, бірақ қандай болсам да, осы дәуірдің ішінде Қазақстанда болған барлық игі істі де, жаман істі де қолымнан жалғыз өткізіп отырдым деп ойламаймын. Басшы­лық­тағы ең басты рөл ұйымның бірінші хатшысы Голощекинде болды, солай болған соң да, әрине, айыптың адам айт­қысыз мол жағы сонда, бұл даусыз ақиқат», – деді ол. Мұнысы, әрине, қызметтен кетірілген адамның артынан топырақ шашу емес, мәселені терең түсінуге шақыру болатын. Сол мақсатпен: «Басшылықта менің орным бірінші хатшымыз Мирзоян жолдастың орнымен бірдей емес. Мирзоян жолдас ұйым басшысы болғандықтан, саясат пен басшылыққа алдымен жауапты, – деді. – ...Менің мұны ерекшелей айтып тұрғаным, кейбір жолдастар менің бұрынғы басшылықтағы орнымды айта келіп, ұйымның бірінші хатшысы бол­ған Голощекиннің айыбын да, жауапкершілігін де бүркеп, қымтап кеткісі келеді».

БК(б)П Қазақ өлкелік коми­те­­ті­нің екінші хатшысы Ізмұхан Құра­мы­сов өз сөзінде­: «Менің қателіктерімнің бәрі... бұрынғы өлкелік партия коми­тетінің басшылығы ұстанған жүйенің ық­палынан шыға алмағанымнан, – деді. – ...Исаев жолдас бұл қателіктерін мо­йындады және оларды жөндеуді бәрімізден бұрын қолына алды. ...Мен Голощекин жолдасты үлкен бедел санадым. ...бюро мүшелерінің өрескел қателесіп тұрғандарын көре тұрып, олар­дың алдында өзімнің жеке көзқарасымды білдіруге, пікірімді қорғауға батылдық таныта алмадым. Менің ең үлкен қателігім – Орталық комитеттің 17 қыркүйектегі шеші­мін мен ОК тарапынан өлкелік коми­теттің саясатын қолдағандық деп түсін­дір­дім. Бір аптадан соң Голощекин баян­дама жасап, менің қате­ліктерімді дәлме-дәл растады. ...Егер ОК бұл жағдайдан бұрынырақ хабардар болғанда, Голощекинді де, біздерді де қызметтен бұрынырақ алар еді.  Ал бұл жағдайдың ертерек түзелуіне кө­мек­тесер еді». Халкомкеңес төрағасының орынбасары, Жоспарлау комиссиясының төрағасы Ұзақбай Құлымбетов те: «Мен де өлкелік комитеттің мүшесімін. Мен де Голюдов пен Құрамысов секілді қызметшімін. Бірақ «арбакештің атындай» болдым, не бұйырса соны ғана істе­дім, – деп мойындады. Сосын қасіретті шақтағы басшылық жағдайынан мынандай ақпарат айтты: – ...Ауылда жолсыздық болып жатыр деген дыбыс естілсе, аудан ұйымдарынан осы туралы бір хабар келсе, Голощекин алдымен Ізмұханмен ақылдасатын. Көбінесе сол екеуі бір-бірінің көңілін жұбатып: «Мұ­ның бәрі де байдың қылығы, кейбіреулер­дің ісі», – деп қоя салатын. Елден түскен ондай хабарлардың бірде-біреуіне ешқандай мән бермейтін. Із­мұ­хан бұл жөніндегі айыбын дұрыс мойындады. Өзінің жауаптылығы ешкімнен кем еместігін, қайта Ораздан анағұрлым артық екендігін айтты. Ораз және басқа жолдастар Голо­щекиннің пікіріне қосылмаған уақытта Ізмұхан ылғи бірінші хатшы жағына қарай жығыла кететін еді. Ол сонда: «Мұның өзі сендердің қиыншылықтан қаймыққанда­рың, бұл кеңес мекемелеріне ұлтшылдар­дың ықпалы жүре бастағандығының сал­дары», – деп жеңістік бермейтін. ...Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. Пленумнан кейін обком хатшыларының арнау­лы мәжілісін шақырайық, сонда олардың ауылдың қамын жемей отырғандарын айтайық дедік. ...Осының бәрін обком хатшыларының өздеріне әдейілеп ескертейік деп қолқа салдық. Амал не, мұндай мәжілістің шақырылу қажеттігіне Голощекиннің көзін жеткізу өте қиын болды. Ақыры оның бізге айтқан сөзі мынадай болды. ...Көш­пен­ділік – бұл елдің ежелгі тұрмыс-салты. Мұны бір мәжілісте сөз еткенмен, оны тоқ­тата алмайсыңдар деді».  Өлке партия ұйымының жаңа басшысы Л. Мирзоян Казкрайком «өздерінің қате­ліктерін терең сезіне алатын, өздерінің жұмысын, ұйым­ның жұмысын қайта құра алатын және істі ал­ға қарай жүргізе алатын, тексерілген, пар­тиялық ұстанымды қызмет­керлердің бә­рін сақтап қалуға ниетті» екенін айтты. «Исаев жол­дас бүгінгі пленумнан көп уақыт бұрын-ақ өзі қатысқан Қазақстандағы қателіктерді ашық түрде мойындаған болатын, – деді. – Ал бүгін­де ол адал ниетімен, большевиктік күш-жігерімен, басқалармен, бізбен бірге сол қателіктерді түзету үшін қолынан келгеннің бәрін жасауда. Исаев жолдас өзінің баяндамасында ол қателік­терді қалай түзету ке­ректігін, өзара сын­ның негізінде партия ұй­ымдарын жаңа жеңіс­терге қалай жұмыл­дыру жолдарын және қолбасы ретінде өзі қалайша күресе­тінін ешқандай бүкпесіз ашық атап көр­сетті».

Шынында да, О. Исаев асыра сілтеуді шапшаң жөндеуге бар күш-жігерімен  аямай кірісті, тез уақытта қазақтың тұрмысын, шаруашылығын түзеуге, өнері мен мәдениетін көтеруге басшылық етіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстаның 15 жылдығына республика едәуір жетістіктермен келді. Совет өкіметі сол мерекелі 1935 жылдың соңына қарай О. Исаев пен Л. Мирзоянды Ленин орденімен марапаттады.

Үкімет басшысының әйгілі қасіретті кезеңнен кейінгі алымын танытқан  бір сәтінен репрессия қасіретін тартып оралған Е. Нығметов ақсақал мынандай сыр шерткен еді: «1936 жылдың июнь айында, астанада Ф.Э. Дзержинский атындағы    клубта     бір     үлкен ...жиналысты басқарып, президиумда отырған Өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Л.И. Мирзоянға почта тасушы әлдебір телеграмманы әкеліп тапсырды. Мирзоян телеграмманы өзі оқыды да, жанында отырған Қазақ АССР Халық Комиссарлары Советінің председателі О. Исаевқа берді. Сосын екеуі қысқаша тіл қатысты. Одан, телеграмманы қолына ұстаған бойда, Исаев мінбеге барып, А.М. Горькийдің дүниеден қайтқанын хабарлады. Жәй хабарлап қойған жоқ, оның өмірі, творчествосы, революцияға үлесі, ұстаздық жұмысы, соның ішінде қазақ жазушыларына қандай тәрбие бергені жөнінде ұзақ әңгімелеп, «біздер оның ардақты есімін ешқашан естен шығармаймыз» деп сөзін аяқтады». Ол Ораз Исаевтың іскерлігін тағы бір нақты мысалмен былай әңгімеледі: «1937 жылғы август айының басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. БК(б)П Орталық Комитетінің июнь айында болған Пленумының қорытындысы туралы Л.И. Мирзоян баяндама жасап, «халық жауларымен» күресті күшейту туралы сөз етті. Осы пленумда Қазақстандағы мал шаруашылығының өсуі туралы баяндаманы О. Исаев жасады. Баяндама бойынша жарыссөз біткеннен кейін, қаулының жобасын жасауға 18 адамнан комиссия жасақталды. Сол комиссия ішінде мен де болғам. Комиссия мүшелері бір бөлмеге орналастық. Жұмысымызды Исаев басқарып отырды. Сосын ол стенографистка шақыртып, қаулы жобасын ауызша айтып тұрды, одан соң әзір болған материалдарды бір қарап өтті де, біздерге оқып берді. «Кімнің алып-қосары, басқа ойы бар» деген Исаевтың сұрағына ешкім үн қатпады. «Бәріміз де Исаевша қызмет етсек, көп жұмысты бітірген болар едік» десті олар оңашада. Қаулы жобасы Пленумда бір ауыздан қабыл алынды. Казсовнарком аппаратында істейтіндерден О.Ж. Исаевтың баяндамаға қалай әзірленетіні туралы да әлденеше мәрте естуіме тура келді. Ораз Жанұзақұлы өзіне керекті материалдарды өз қолына жинап, оларды түгел оқып шығады екен де, жанына стенографисті отырғызып, өзі диктовка жасайтын көрінеді. Сондықтан баяндаманы жиналыста үңіліп оқып тұрып алмайды. Ол кісінің осындай іскерлігі, ұқыптылығы, зейінділігі, небір материалды тез меңгеретін қабілеті кез келген лауазымды қызметкердің бойына біте бермейтін қасиет екенін сол кезде жолдастардан талай естігенмін».

Ораз Жанұзақұлы үкімет басшысы болып бірінші («индустрияландыру») және екінші («ұжымдастыру») бесжылдықтар кезінде істеді. Совет үкіметі атынан айтылған жалпы ұрандарға, алынған жоспарларға Қазан революциясы қанат бітірген коммунистердің көпшілігі секілді сенді. Алға қойылған міндеттерді тайсалмастан орындауға жорықтың алдыңғы сапында жүріп, бар күшін жұмсады. Оның басшылығымен Қарағанды көмір бассейні, «Ембімұнай» кәсіпорыны, Жезқазған, Қарсақпай, Балқаш, Лениногор, Зырян мыс қорыту зауыттары салынып, республика индустриясының өркендеуі басталды. Иә, ауыл шаруашылығын күйзелткен,  халықты ұлттық апатқа ұрындырған солақай реформаны жүргізуге атсалысты, алайда ашаршылық қасіретінің шын себебін үзеңгілестерінен бұрын мойындап, Бас хатшыға қателіктер мен кемшіліктерді және оларды жою жолдарын ашып көрсеткен, жаңаруға жол бермейтін диктаторды орталыққа қайта шақырып алуды талап еткен үлкен хат беріп, мүмкіндік жасалғаннан кейін, қателікті түзетуге, жағдайды дұрыстауға белсене кірісті. Ауыл экономикасы қайта дами бастады, мәдениет пен өнер даму жолына түсті, халықтың сауатсыздығын жоюда көп жұмыс атқарылды. Іс жүзінде Ағарту халкомы Т. Жүргенов жүргізген мәдени революцияның ойдағыдай өрістеуіне О. Исаев Халкомкеңес басшысы ретінде ұдайы қамқорлық жасап отырды. Тастақ түрмесінен босанған жазушы Мұхтар Әуезовке қажет қолдау көрсетті. Халық  ақыны Жамбылға бірнеше әдеби хатшы тағайындап, шығармашылығының одақтық деңгейде танылуына ықпал етті. Теміржол құрылысында еңбек ете жүріп, әуесқой суретшілігімен көзге түскен, Алматыдағы Н. Хлудов студиясында екі жылдай оқып, аула сыпырушы болып жүрген Әбілхан Қастеевті белгілі орыс суретшілерінен тәлім алуы үшін, қасына арнайы аудармашы қосып,  Мәскеуге жіберді. Іссапарға кеткен барлық шығынды Халкомкеңес көтерді. «Ең бастысы, сенің Ресей көркемсурет академиясын бітіргенің», – деді премьер кәсіби білім алған тұңғыш қылқалам шеберіне. Ә. Қастеев Мәскеу  көркемсурет студиясында оқып келіп, ірі шығармашылық жетістіктерге жетті.

Үкімет басшысының жанашырлығын терең сезінген өнерпаздар 1936 жылы  қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде Қазақстандағы мәдени революцияның жеңістерін әлемге паш етті. Сол жылғы 5 желтоқсанда қабылданған сталиндік конституция бойынша Қазақ Республикасы одақтық тәж киді. Алайда, ұзамай, Үлкен террор науқаны басталды... Ораз Исаев әуелі, БК((б)П Орталық Комитетінің қарамағына шақырылуына  байланысты, 1938 жылғы 25 мамырда Қазақ КСР ХКК Төрағасы лауазымынан босатылды. Сосын, Мәскеуге кетіп бара жатқан жолында, 1938 жылғы 31 мамырда КСРО Ішкі істер халкоматының (НКВД) Мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі бас басқармасы Исаевты тұтқындады. Содан үш ай өткенде, 1938 жылғы 29 тамызда, КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы оны атуға үкім шығарды. Үкім сол күні Мәскеу облысындағы «Коммунарка» полигонында орындалды, О. Исаев  сонда көмілді. 1956 жылғы ісі қайта қаралып, қылмыс құрамы болмағандықтан, 19 мамырда толық ақталды. Алайда,  бұдан 63 жылдай ілгеріде КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен реабилитацияланса да,  Ораз Жанұзақұлы Исаев жұртшылыққа толық мәнінде танылған жоқ деуге болады. Ардагер Е. Нығметов 1989 жылы қынжыла айтқандай, совет өкіметі тұсында «Исаевтың мүшелді күндері   үш   қайтара   болса да, оны өткізуге, ең болмаса газетке мақала жазуға тәкаппар бастықтар рұқсат бермеді», ал Ф.И. Голощекиннің туғанына 95 жыл толғанда, 1971 жылы, Қазақстанның екі республикалық басты газеті көлемді мақала жазып, оны аспанға көтере дәріптеді, бірақ бұдан ол сүттен ақ боп шыға келді деп ойлау қиын, дегенмен, өктем бірінші басшының рөлі сталинизм тұсында қандай болғанын бүгінгі таңда анық біле тұра, оған бағынышты болған қайраткердің кінәсін бір жақты қалыңдата беру де шындыққа апармайтынын түсіну керек емес пе... (Сол 1989 жылы Ораз Жанұзақұлының 90 жылдығы Алматыда атап өтілді). Расында да, Қазақстанда 30-шы жылдары орын алған асыра сілтеуге, орасан зор ашаршылыққа Ораз Исаев айыпты деген тұжырым совет заманында қалыптасты және ол күні бүгінге дейін көп өзгере қойған жоқ. Рас, Ораз Жанұзақұлының өмірі мен қызметі жайында бірқатар зерттеулер мен естеліктер жазылды.  Солар және О. Исаевтың өз еңбектерінің біразы жеке кітап болып шықты (Құлиев Ж. Ораз Исаев. Зерттеулер, мақалалар. – Алматы, 2011). Алматы мен Оралда оның атында көшелер, Ақжайық ауданында мектеп бар.  Дегенмен революциялық өзгерістер заманының ірі қайраткерін еліміздің жұртшылығы толық таныды деуге әлі де ерте сияқты.

Империядағы монархиялық құрылысты түбірімен жойған дәуірдің жарқын өнімі, қарапайым шаруалар арасынан республика үкіметінің басшысы дәрежесіне  дейін  өскен  еліміздің адал ұлдарының бірі, 39 жасында сталиндік репрессия құрбаны болған Ораз Жанұзақұлы Исаевтың туғанына биыл 120 жыл толады. Қайраткердің адал есімін қоғамымызға барша қырымен жарқыратып тарта беру, кемшіліктерінің сырын терең түсініп, сіңірген еңбегін әділ бағалау, рухын ардақтай білу – парыз, мұндай әрекеттің өзін-өзі тарихпен тәрбиелеуге бейіл қазіргі ұрпақ мерейін арттыра түсеріне күмән жоқ.

Суретте: Қазақ АКСР ХКК төрағасы О.Исаев Декадаға барған өнер қайраткерлерінің бір тобымен Мәскеуде. Сол  жақтан: Ағарту халкомы Т. Жүргенов, әншілер Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, композитор Евгения Брусиловский, премьер Ораз Исаев, әнші Күләш Байсейітова, қарт ақын-жырау Жамбыл Жабаев, биші Шара Жиенқұлова, әншілер Үрия Тұрдықұлова, Қалибек Қуанышбаев, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов. Сурет 1936 жылғы 5 мамырда «Правда» газетінде жарияланған.

 

Бейбіт Қойшыбаев 

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 292
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 146
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 140
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 141