Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 4380 6 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 09:38

АҚШ – Қытай текетіресі жаңа кезеңге өтті

Abai.kz ақпараттық порталының 2018 жылғы қаңтардың 5-күнгі бетінде «АҚШ пен Қытай  басшыларының соңғы кездесуі немен аяқтады?» атты сараптамалық мақаламды жариялаған едім. Мақалада, Аргентинада өткен  үлкен жиырмалық басшыларының кездесуінде, АҚШ президенті мен ҚХР төрағасының кездесу нәтижесінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 267 млрд долларлық сауда соммасына салынуға жоспарланған 25% кедендік салық  әзірше сол 10 % күйінде қалғанын,  оған  екі тараптың арнаулы жасақталған жұмыс тобының үш ай ішінде селбесіп жұмыс істеп, ортақ бітімге келмек болған уағдаластығын себеп етіп көрсеткен едік.

Арада айтулы уақыт өткенде, екі тарап ортақ бітімге келмегені анық болды. Сонымен 2019 жылдың 10 мамыры, жұма күні АҚШ тарапынан жоспарланған 25 % кедендік салық іске қосылды. Бұдан бір күн бұрын АҚШ-қа барып, қаржы министрі Стив Мнучинмен (Steven Mnuchin) кездескен Қытайдың премьер министрінің орынбасары Лю Хы мырзаның  сапары  ойдағыдай болмады. Сол мақаламда, аталмыш кездесудің нәтижелі болмайтыны келесі себептермен түсіндірілді:

- Ұзақ жылдардан бері қордаланып қалған өнеркәсіп және ауылшаруашылығы салалары бойынша экспорт және импорт мәселесі;

- Техникаларды пайдалану құқығы мен зияткерлік меншік дауы;

- Қызмет көрсету және ғаламторды пайдалану мәселелері. Бұл түйткілдер тарихы тереңде жатқан, күрмеуі көп дүниелер. Тіпті, оның кейбірін АҚШ пен Қытайдың өзі, екеуара келісім арқылыда толық шешіп тастайтын мәселелер емес болатын. Оның себебі, бұл кикілжіңнің астарында аса ірі геосаяси ойындар мен геоэкономикалық мүдделер жатқаны анық. Солардың бірнешеуін сарапшылардың пікірлері негізінде түйіндер болсақ:

- Ресей мен Қытай қарым-қатынасының соңғы кездері жан-жақты дамуы;

- Оңтүстік Қытай теңізіндегі геосаяси шиленістің орын алуы;

- Солтүстік Корей Республикасының зымыран сынағын өткізуі;

- Иран мұнайын сатып алмау туралы АҚШ бастамасынан Қытайдың бас тартуы. т.б.

Осы аталған себептердің ішінде, Қытаймен тікелей қатысы жоқ себеп - Солтүстік Корей Республикасының зымыран сынағын өткізуі. Әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің пікірінше, экономикасы мен  ғылым-техникасы нашар дамыған елдің ядролық қаруларды жасап шығаруы, тікелей Қытайдың қолдауымен іске асып отырған көрінеді. Геосаяси тұрғыдан маңызды орынға орналасқан Корей түбегі соғыстан кейін Кеңес Одағы мен ҚХР-ның және оларға қарсы АҚШ-тың араласуымен 38 парелельді шекара етіп екіге бөлініп қалған еді.  Осылайша алыптардың арқасында корей халқы өзінің тағдырын өздері шеше алмай қалған болатын. Сондықтан Қытай үшін Солтүстік Корея, АҚШ пен оның Жапония секілді аймақтық жақтастарына қарсы беткеұстар қалқаны болумен бірге,  әрі тұтынушысы, әрі шикізат көзінің бірі болып саналады.  Солтүстік Кореяны түрлі тәсілмен тезге салмақ болған АҚШ өз әрекетінің нәтижесіз болуының түп себебі – оларды Қытайдың қолдап-қолпаштап отырғанынан деп түсінді. Сол үшін қалай болмасын, Қытайдың экономикалық қарқынын тұқыртып тастау керек болып тұр. Бұлай істеу әлемге жалғыз алпауыт болып қалуды қалайтын АҚШ-тың өзінің және сол аймақтағы өз жақтастарының мүддесін қорғау тұрғысынан да керек шара болып отыр.

Екі жақты келісімнің нәтижесіз болуы талаптың АҚШ мүддесі тұрғысынан қойылуында. Талап орындалатын болса, Қытай экономикасының құрылымдық жүйесі мүлде өзгеруі тиіс болады.  Бұл жағдайда, Қытай үкіметі экономиканың құрылымдық жүйесін қайта жаңғыртуы қажет, ал бұлай істеу Қытай үшін тарихи шегініспен бірдей үрдіс.  Бұл экономикалық қақтығыстың АҚШ экономикасына, әсіресе ауылшаруашылық саласы мен Айфон өндірісіне айтарлықтай әсер етері анық. Сол үшін АҚШ үкіметі де бұл экономикалық қақтығыстың тым ұзаққа созылып кетеріне мүдделі емес. Бірақ үлкен мүдделер үшін тәуекелге баратын секілді.

Сонда, АҚШ үкімті Қытайдан келетін қандай өнімдерге кедендік салықты 10 % -тен  25 % көтеретін болды? Бұл да көпті қызықтыратын жәйт. Әлемдік танымал BBC ақпарат агенттігінің басылымына жүгінер болсақ, онда басты 10 тауардың түрі мен  қаржылық сомасы көрсетілген (Оқырманға сенімді болу үшін түп нұсқасын ұсынып отырмын).

 

 

Енді осы тауар түрлерін  қазақшаға тәржымалап  көрейік:

Тауар атаулары Соммасы (млрд АҚШ долл.)
Телекоммуникациялық жабдықтар 19,1
Компьютер платалары 12,5
Процессорлер 5,6
Металл жиһаздар 4,1
Компьютер бөлшек тетіктері 3,1
Ағаштан жасалған жиһаздар 2,9
Қуат үйлестіруші көздер

(преобразователь питания)

2,7
Еденге төсегіш плиткалар 2,5
Әшекейленген ағаш орындықтар 2,5
Көлік  бөлшектері 2,3

Байқап отырғаныңыздай, АҚШ үкіметінің кедендік салықты 25 пайыз арттырып отырған салалары тек, Қытайдың маңдай алды экспорт тауарлары әрі басты кіріс көздері. Егер бұлардың кедендік салығы артатын болса, онда Қытайдың теңіз жағалауындағы көптеген өндіріс орындары күйреуі  және ішкі нарықтағы бағалары қымбаттауы мүмкін. Халықаралық ақпарат көздеріне сүйенгенімізде, Қытайдың электроника сияқты өндіріс өнімдерінің АҚШ-қа сатылымы 40 пайыз төмендеген. 2019 жылдың сәуір айында Құрама Штаттарға бағытталған Қытай экспортының жалпы көлемі өткен жылдың сол мезгілімен салыстырғанда 13% төмендеген. Бұл 10 % салықтық жағдайдағы мәлімет. Ал егер 25 % ставка іске асқан соң бұл көрсеткіштер артпаса, түспейтіні анық. Бұл текетірестен АҚШ-тыңда ұтылары бар.

«The New York Times» (2019 жылдың 10 мамыр күнгі ) басылымында «What Happens if Trade Talks With China Fall Apart (Қытаймен сауда жөніндегі келісім тығырыққа тірелсе, қандай жағдай орын алады?)» атты мақала жарық көрді. Онда «Әлемдік ЖІӨ-нің 40 пайызына жуығын АҚШ пен Қытай экономикасы құрайды. Алайда,  2018 жылдан бері басталған екі ел арасындағы сауда соғысы салдарынан Қытай экономикасы үздіксіз шегініс үстінде. ЖІӨ мөлшері 30 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түсті. Егер кедендік салық өсетін болса, АҚШ экономикасы 0,6 %, ал Қытай экономикасы 1,5 % қысқарады» - деп жазды.

Аталмыш  кедендік салық 25 % өскен соң, көп кешікпей Қытайдың ішкі және Ганконг  құндықағаздар нарығында баға индекстерінің төмендегендігі туралы айтылып жатты. www.Market.Watch басылымының 10 мамыр 2019 жылғы бетінде«China stocks soar to best one-day gain since March, as U.S. tariffs kick in (АҚШ кедендік салығы басталғалы, наурыз айынан бергі Қытай құнды қағаз нарығының ең жақсы бір күні )» атты мақала жарық көрді. Онда: Гонконгтағы Hang Seng индексі (HSI) - 0,8% төмендегені, Жапонияның Nikkei (NIK) -0,27% бастапқы пайдасын қалдырып, жалғасты 0,2% төмендегені, Оңтүстік Кореяның Kospi (SEU) +  0,3% -ға өскен, Шаң Хай индексінің 3 % өскені айтылған.  Осы мақаланың орыс тіліндегі нұсқасында осы өзгерістерге қатысты: «Инвесторы могут сделать ставку на то, что ответные действия Китая могут заставить Трампа отступить и прийти к дружественному выводу”, - сказал РассМоулд, директор по инвестициям AJ Bell. "Другое предложение заключается в том, что китайское правительство приказало представителям – часто называемым "национальной командой" – купить акции на рынке и восстановить некоторое чувство нормальности» - деген мәтінді кездестірдік. Экономика – саясаттың көрінісі деген тұжырым осыдан шығар.

Сарапшылар Қытайдың АҚШ тарапынан ұсынған келісімін сөз бұйдаға салып отыр дейді. Себебі: Біріншіден, Қытай осы уақыт ішінде АҚШ-тан бет бұрған жағдайда, қажетті өзге де әріптестерді іздестірді. Оны жақында Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумының табысты өтуімен байланыстыруға болады. Екіншіден,  ЖІӨ биылғы жылдың алғашқы үш айында 6,4 % өскені де Қытайдың кедендік салық 10 % жағдайда жеткен табысы болды. Бұл да белгілі деңгейде сенімділік ұялатса керек. Үшіншіден, Трамптың келесі сайлау уақытының жақындап қалуымен, біртіндеп көмескіленіп, ұмытылар деген үмітте болуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, 200 млрд АҚШ долл. құрайтын Қытай тауарына кедендік салық 25 % өсті. Оның аяқасты қолданысқа енуіне Батыс ақпараттары АҚШ ұсынған келісімдерді Қытай тарапының өзгертіп жібергенінен көріп отыр. Қытай үкіметі тосын «шабуылға» жауап ретінде: Өкініш білдіретінін, әрі тиісті шара қарастыратынын – айтты. Бірақ алғашқыдай емес, үні бәсең, қандай шара екені де анық емес. Қалай болмасын, бұл кедендік тарифтердің өсуі екі ел үшін де тиімсіз екені анық. Жер бетінде Қытай және АҚШ-пен түрлі экономикалық байланыста емес мемлекет жоқтың қасы, демек, әлемдік экономикада үлкен өзгерістердің болуы әбден мүмкін.

Осы орайда, өзгерістер болып жатса, «Қазақстан экономикасы қалай құбылар?» деген ой келеді. Ал ол өз алдына бір төбе әңгіме. «Мен әлем халқын емес, АҚШ халқын қорғауға жауаптымын» деп жар салатын  Президент Трамп үшін бұл да бір ұпай жинаудың сәтті тұсы шығар. «Саясат деген – қулық» деп түсінетін атам қазақтың пайымына сүйенсек, бұл түйткілден шығудың да бір саясаты  табылар.

(соңы)

Қастер Сарқытқан, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті

Abai.kz

 

 

6 пікір