Сенбі, 4 Мамыр 2024
Болған оқиға 5989 2 пікір 10 Мамыр, 2019 сағат 11:01

Апамның «Қара мәшинесі»

Апамның «Қара мәшинесі» болатын. Өзі дүниеден озған соң, кейінгі кезде көрінбей кетіп еді. Ағайындардың үйінде көшіп-қонып жүріп, ақыры өткенде біздің үйге қайта оралды. Біраздан бері көзден таса болған «Қара мәшине» апамды еріксіз еске түсірді. «Қара мәшине»: «Мені ұмыттыңдар ма, міне, мен қайта келдім» дейтіндей. Егер, «Қара мәшинеге» тіл бітсе, тағы: «Мен иесіз қалдым ғой. Бірақ мені бөтенсімеңдер, менің сендерге кезінде талай пайдам тиіп еді. Қазірде зияным жоқ. Тек, тозғанша паналай тұрайын» демекші-ау...

Әке-шешеміз өң малда болды да, біз негізінен ауылда апамыздың қолында өстік. Апа деп отырғаным – біздің әжеміз. Аты – Сөлтай. Әжемізді –  апа, өз анамызды – жеңше деп өскенбіз. Сөлтай әжем пәкене бойлы, жұдырықтай, мығым денелі жан еді. Көп сөйлемейтін, реті келгенде әңгіме айтудан тартынбайтын, айтса бірақ тауып айтатын, әрнәрсені терең ойлап, байыбына барып, барлап отыратын жан еді. Бүкіл ауыл, ағайын-жұрт ол кісіні қатты сыйлайтын. Қамығып қысылғанда жандарына демеу болатын қажетті сөзді бәрі сол кісіден табатын. Содан болар ол кісінің алды босамайтын. Біреуі сәлем бере келеді, біреуі көре кетейін деп келеді, біреуі бір түйінді мәселе бойынша мұңын шағып, іш босатуға келеді. Көрші туысқан Қамила шешеміз екі күннің бірінде апама шәй ішуге келеді. Ол кісі шәйді сүтсіз іше алмайды. Сондықтан жаңа ғана сауылған бір күрішке сүтін ала келеді. Содан екі абысын  сыр шәйді баптап ішіп,  өткен-кеткен ескі әңгімені қозғайды-ай кеп. Одан қалса арғы көршіміз Қалжан әжем келеді. Қалжан әжем де, Қамила шешем де апамның келіндері. Апамның өзін апа, келінін әже, анамызды жеңше деп адам атау мәселесінде әбден шатасқамыз ғой.

Апам ескі әңгімелерді ретімен қозғап отырады. «Зылиха енеміз жарықтық Стәлін өлген күні қайтыс болды» деп қоятын. Бізді Жаңабай руының ішінде Жолбарыс баласы дейді. Жолбарыс бабамның артында белгі боп ауыл шетінде «Жолбарыс сай» деген жер қалған. Теңіз толқындарындай жоталармен қоршалған құла дала кең сай. «Кептер сай» деген бұлағы болған. Шөбі шүйгін, егін ексе өнімді де мол беретін жер. Бір ауыл әулет сол Жолбарыс ақсақалдан тарайды. Айтайын дегенім апам ол кісінің атын айтпайды ғой. Өзінше «Шұбар» деп намдайды. «Жарықтық Шұбар атам» дейтін әңгімесіне қосарда. Жолбарыс бабамның Қуатбай деген баласының үйіндегі  Жібек деген келіні болған. Жібек әжеміз бабамызға жаққан екен. Жолбарыс бабам: «Келін болса Жібек келіндей болсын. Ет сұрағанға шарасымен, ұн сұрағанға қабымен береді» депті. Апамдар сол үлкен енелерінің атын атамау үшін жібек матаны «Шөлік» деп атаған. Қазақ келіндері ат қоюда шебер ғой. Тағы бір Жұлдыз деген бабамызға келіндері қандай лақап ат тапқан дейсіздер ғой?  «Бедер» деген. Керемет емес пе? Жұлдыз бабамның жарық дүниеден өткеніне екі жүз жыл өтсе де келіндері үшін ол кісі – «Бедер»! Бұның бәрін біз апамыздан естиміз. Апам қара өлеңнің шебері. Кезінде бір дәптер ғып жазып алып ем. Өзі туралы:

Әсілім-ай,

Әсіл хатқа жарасқан жасылым-ай.

Қазығұрттың  баурында туып өстім,

Жаман емес менің де нәсілім-ай, – дейді.

Рас, нәсілі жаман емес. Төркіні – Қазығұрт етегін жайлаған Шегір жұрты. Атақты Естемес болыс, Мәнеке би ұрпағы. Төркін жұртын жиі еске алып отыратын. «Мәнеке бабамның Рысқал деген әйелі дәнек қосып, нан пісіретін. Соны бәріміз жеуші едік. Сондай тәтті болушы еді» дейді. Өзі перзентсіз Рысқал әжеміз апамда баурына басқан екен. Қайтыс боларында да «Мені «Қыш қорғанға»  апарыңдар деп күбірлепті. Оны жұрттар әуелде түсінбеген. Сөйтсек, ол Қазығұрттың баурындағы мазарат екен ғой. Тағы бірде ыңылдап отырып:

Ойға шыққан бүлдірген,

Қырға шыққан бүлдірген.

Туысқаның болмаса,

Қадырыңды кім білген –

деп қарлығыңқы, қоңыр дауыспен әндетеді. Апам бауырмал адам еді. Ұрпақ дегенде ішкен асын жерге қоятын. Жүрегі мейірімге толы жан болатын. Әулеттің талай бала-шағасын асыраған. Талай жетімдерге пана болған. Жақсыбек деген атамыздың әйелі қайтыс болып, артында қызыл шақа бала қалады. Сол баланы биенің сүтімен асырап, адам қылады. Қалжан әжемнің балдары теміреткі шығып қатты ауырады. Шымкентке доғдырға жатқызады. Сол балдарға қарап, апам 6 ай ауруханада жатқан ғой. Сапаралы деген туысқан ағамыздың анасы кетіп қалып, емізулі күйінде қалып қояды. Соны апам бағып-қағып, жеткізген ғой. Сапаралы көкем: «Сөлтай апамды өз шешемнен артық көрем» дейді осы күнде жетпістен асқан шағында. Апамның ерекше мейіріміне шомылып өскендердің қатарында бізде бармыз. Әке-шешеміз ыңғи қойдағы ауылда жүреді. Совхоздың қойын бағудан қолдары тимейді. Бізді анамыз туғаннан кейін, сәл жетілген соң ауылда отырған апамның қолына әкеп тастайды. Әке-шешемізді оқта-текте көреміз. Есімізді білгенде жанымызда қарайып жүрген қамқоршы адам – апамыз. Сапаралы көкем айтқандай сондықтан ол кісі бізге әке-шешемізден артық. Анамызға қарағанда апамыз жақын. Әке-шешеміз келгенде кәдімгідей жатырқап тұрамыз. Апамыздың алдында емін-еркінбіз. «Мыналар әке-шешесінен бөлектеніп, жабайы болып қалған ғой» дейді көрген жұрт. Ол рас. Біздің анамызды –  жеңше, әжемізді –  апа деп жүргеніміз де содан. Жарықтық анамды сол күйі апа дей алмадым. Апамда бізді  өз баласынан  (әкемізден) артық көреді. Оған бізден қатты ұрсады кейде. Біздің алдымызда ханнан қаһарлы боп көрінетін әкеміз апам ұрысқан кезде моп-момақан боп,  үндемей, басын төмен салып, отырып қалады. Әкеме апамның ең қатты айтқан бір кезін де көргенмін, онда апам: «Мен саған өмірімді арнағанмын, білдің бе?» деп еді әкеме. Астарында бүтін  өмір жатқан, қорғасындай осы бір ауыр сөздің мән-жайын жобалап білетіндеймін. Қалшабек атам 1945 жылы қайтыс болғанда әкем бес жасында жетім, апам 30 жасында жесір қалған ғой. Содан жалғыз баласы Батыр үшін күйеуге шықпай, қалған 60 жыл өмірінде жар төсегін тәрк еткен. Қалшабек атам: «Сөлтайды тараздың бір басына салып,  бір басына ақшаны салып» алғанмын дейді екен. Соны апам ақтаған ғой.

Апам 2004 жылы тоқсан жаста қайтыс болды. Мен сонда қырықтамын. Қырық жыл бойы апамның мейіріміне қанып өстім. Ол бізге мейірімін аямай төкті. Ер жеткенше бізді асырады. Ұн мен етін, қант пен шәйін әкем әрине әкеп тастайды. Бірақ етті асып, нанды жауып беретін – апам. Ол кісі бізді қатты жақсы көріп,  тым ерекелетіп жіберген. Есесіне біз ерекше ерке, тым еркін атмосферада өстік. Бетімізден қақпаған. Сабақ оқып болған соң, ойынның соңындамыз. Ләңгі, асық, жеті тас, жасырынбақ, есек көкпар, лай атыспақ, қар атыспақ, сырғанақ, футбол, қыхы, шекем тас, мәк, қызыл жалау т.б –  біз ойнайтын ойындар тізбесі осындай. Кешке дейін ойын ойнап, ит сілікпе боп үйге келеміз. Апам бір ауыз ләм деп қайда, не істеп жүрсің? демейді. Тамағыңды дайындап, қарап отырады. Ол кісіге  азаннан қара кешке дейін бітпейтін үй тіршілігінің кейбір жерінде ғана қол ұшын береміз. Қысты күні пешке от жағып, үйдің ішін жылыту керек. Ол айтуға оңай нәрсе. Көмірді сырттан тасып әкеп берсек те, оны ұштандыру деген бір азап нәрсе бар. Ол тек апамның ғана қолынан келетін шаруа. Көмірді суға қалай қару керек, тамызық болар ағашты қалай қою керек, одан отты ұштандырғанда «ұшқыннан жалын лаулау үшін» қандай мақаммен  үрлеу керек деген қаншама бізге тылсым дүниелер бар. От жағудың сиқырын білетін апам ғана. Соншама әбігерден соң от ұштанып, гүрілдеп пеш жана бастайды.  Үйдің іші жылып, береке кіреді. Артынан қара қазан бұрқырап, еттің иісі мұрынды жара бастайды. Иінінен әрең демалған көк шәугім шәй селкілдеп, дастарханға кеп қонақтайды. Апамның  шекесі күйе боп жүріп, арпалысып жапқан қып-қызыл тандыр нан  тәбетіңді қоздырып қол бұлғап ол тұрады. Кеңестік ірі  шақпақ қанттар  көздің жауын алып, дастарханға ақ қойдай бытырап  шашылады. Арагідік Құдай берсе томпақ күлше, ақ кәмпит, ірис, батончик сынды тәтті-пәттілер де дастарханға қосылып қалады.

Осындай бір әбіржіп жатқан сәттерде апамның еске сап тұратын бір сөзі бар: «Ақылды қомағай қазанның астына қарайды, ақылсыз қомағай қазанның үстіне қарайды» деген. Тағы да Дәулет атамның: «Пісірерлік табылса, күйдірерлік табылар» деген сөзін де еске алудан танбайды. Ол оның ең бірінші отын емес, тамақ дегені. Әйтседе, отын қамдау да оңай шаруа емес. Ауылда  лаулап жанып тұрған газ жоқ. Отынымыз: көмір, тезек, қураған ағаш бұтақтары. Жаз шыға есік алдындағы ала сиырдың тезегін илемей тыныштық жоқ. Ол біткенше апам құлақ етімізді жейді. «Ана тезек қашанғы жатады? Кім илеп береді оны? Ана Кәнәлкүлдің балдарын қарашы, бәрін істеп қойды» деп апшымызды қуырады.  Кәнәлкүл деп отырғаны көршіміз – Амангелді көкемнің үйіндегі жеңешеміз. Амангелді көкемнің балдары шынында еңбекқор. Ауыл бойынша шөп жинау, тезек істеуде олар алдына жан салмайды. Біздің бейқамдығымызға қатты ашуланғанда: «Сендер жалғыздың тапқанын ішіп-жеп, мас боп жүрсіңдер ғой әшейін» деп түйрейді. Жалғыз деп отырғаны – әкеміз. Ол кісі қойда. Жалғыз болатыны – ол атамыздан қалған жалғыз тұяқ. Кейде қамыққанда «Сорлы жалғыздың жүрісі анау. Тайраңдап сендердің жүрістерің мынау» дейді. Сонда мен түсінбеймін: «Бізді ғой бағып-қағып, бетімізден қақпай, тайраңдатып қойған апамның өзі. Енді ол үшін бізді не үшін жазғырады?» деп. Содан тезек те істеледі. Оны әуелі илейсің. Артынан домалақтап шәпеттеу керек.  Одан кейін кептіресің. Беті кепкеннен кейін асты кебу үшін  аударасың. Одан соң  үймелеп  жинайсың. Ең соңында тезекханаға кіргізіп, ретімен қалайсың. Апамның тағы бір ісі –  тандыр жасау. Ол да үш-төрт күнге созылатын процесс. Әуелі бізге жотадан сары топырақ әкелдіреді. Жерге ескі киіз яки мата төсеп, соған жайып үгіп, майдалайды. Оны жақсылап аттың қылын қосып, илейді. Одан кейін біз оны сілеміз қатып құлағанша  балақты түріп алып,  аяқпен басамыз. Одан қалса қолмен  үзіп-жұлып мыжғылаймыз. «Бұл балшықты қашанғы  мыжғылаймыз?» деп біз ығыр боламыз. Апам былқ етпей: «Піссін дә» дейді. Піскен, піспегенін анықтайтын эксперт тек сол кісі. Біздің мұрнымызға исі бармайды бұл істің. Біз тек жалданған қара  «гастарбайтер» есебіндеміз.  Содан бір күні киіз басу уақыты келеді. Апам оған көп дайындалады. Әуелі шуашын кетіру үшін қойдың жүнін жуып, тазалайды. Одан кейін оны былбыратып, жұмсарту үшін әуелі қолмен түтетіп, одан кейін сабаумен сабалайды. Жүнді сабалауға асарға абысындар келеді. Ара-арасында тиіп-қашып бізде қатысамыз. Одан соң жүнді түрлі-түсті бояуға бояйды. Ол үшін жүнді қазанға салып, бояуға араластырып қайнатады. Қайнатып, бояуды жүннің бойына әбден сіңдірген  соң, оны кептіріп, күнге жайып қояды. Боялған жүн кепкен соң шиді жерге төсеп, оның үстіне түрлі-түсті жүнмен өрнек салуға кіріседі. Қошқар мүйіз, ирек сызық оюдың неше түрімен ғажап өрнек жасалады. Біздің апам бұндай кезде теңдессіз суретші. Ең соңында түрлі-түсті текемет пайда болады. Қарасаң көздің жауын алады. Ол текеметтің жанында Пикассо әдірем қалсын. Одан кейінгі этап текемет салынған шиді орап, жіппен мықтап буады. Ал содан соң  үстіне ыстық су құйып, домалатып, тепкілеу басталады. Ол қара кешке дейін созылады. Одан соң, әбден сілесі қатып, тепкі жеген текеметтің  бетін ашып, әйелдер қатар отырып, білектерімен уқалайды. Мақсат –  одан сайын киізді пісіру. Ең соңында текеметті жайып, жайына тастайды. Дайын болды деген сөз. Артынан абысындардың гу-гу әңгімесіне ұласқан керемет шәй болады.

Әсілінде апам еркек балаға сондай жұмсақ, ал қыз балаға қаттырақ. Жылы жұмсақ, тәтті тамақ болса бірінші  еркек бала жесін дейді. Соларға қарай сырады. Одан кейін барып қыздардың алдына жылжытады. Қыздарды қит етсе «Әй, өйтпе, бүйтпе» тыйып отырады. Бізге қарағанда қыздарға деген талабы қаттырақ. Оларға: «Әй, жазған-ау, ертең барған жерің әкеп тастайды» деп ескертіп отырады.

Апам тамақтың неше түрін жасауға да шебер. О кісінің ауқат мәзірі нағыз қазақтың ұлттық тағамдарынан тұратын. Бидайдың талқанын   маймен шылап, қайнатып, өзгеше бір быламық істейді. «Бұл не апа?» десек: «Қара тентек» дейді. Ауқаттың бұндай түрін бірінші рет естиміз. Одан соң бір шараға толтырып, құрт езеді. Сөйтіп, бәрімізге дәу пиялаймен ішкізеді. Езілген құрттың дәмі әлі ауыздан кетпейді, шіркін. «Ілгеріректе қысты күні аттылы екі адам кетіп бара жатса керек. Біреуінен аузынан  бір қарыстай, екіншісінің аузынан екі-үш қарыс боп бу шығып бара жатқан құсайды. Соны көрген біреу анау аузынан бір қарыс бу шығып бара жатқан адам үйінен қазы жеп, аузынан екі-үш қарыс боп бу шығып бара жатқан езілген құрт ішіп шыққан  екен деп айтыпты» дейді апам. Езілген құртты қазір күндіз шам алып іздесең де таппайтын шығарсың. Езілген құрттың кереметін қазақ қара өлеңде былай жырлайды:

Қаратау бірде мұнар, бірде тұман,

Аяғын әсем басар жорға құнан.

Жақсымен өздеріңдей сырласқанда,

Ездіріп, құрт ішкендей шерден шығам.

Тағы бір керемет тамағы –  жұқпа тұздықтау.  Ол үшін қазанға сары майды салып, пияз қуырады, кейін оған су құйып,  қайнаған суға жұқпа салады, дайын болып, кесеге құйылған жұқпаға езілген құрт қосады. Міне, қазақ кухнясының ғажайып бір технологиясы. Жұқпаның бір кесесін ішкен адамның күні бойы қарны ашпайды. Күзге қарай бидайды қуырып, қол диірмен мен талқан тартамыз. Апамның тағы бір әдеті, ет таусыларда бір асым етті «қонақ сыбағасы» деп ұнға салып қояды. Ол ет енді үйге қонақ келмей асылмайды деген сөз. Келініне де әрдайым үнемшілдікті ескертіп: «Тарта жесең тай қалар, қоймай жесең нең қалар» деп құлағына құйып отырады. Әр нәрсеге орай ол кісі айтар ойын жәй айтып қоя салмайды, артынан міндетті түрде бір мысал келтіріп, бекітіп отырады. Мысалы, қыс келе жатқаннан айтатын мақалы мынау: «Қыс келе жатқанда айтады екен дейді: «Тоны жоққа сәлем айт, етігі жоққа өзім барам» деп». Қыстың мына сөзін естігенде кәдімгідей ойланып қаласың.

Апам өте еңбекқор еді. Өзінің жиі айтатын «Жатқанға жан жуымас» дейтін сөзі бар. Ол кісінің босқа қарап отыратын  кезі өте сирек болатын.  Қолы қалт етсе көбіне қара мәшинесін  айналдырады. Ол кісі ісмер еді. Нағыз шебер. Қара мәшинемен тікпейтін нәрсесі жоқ. Әулеттің талай баласын сол кісі киіндіретін. Өзімнің ағаларым мектепке де сол кісінің тігіп берген көйлегін киіп, сол кісінің тігіп берген сөмкесін ұстап барды.  Үйде алғаш рет мектепке магазиннің көйлегін киіп барған мен шығармын. Ол 1972 жыл болатын.  Демек, жетпісінші  жылдарға дейін біздің ауылда  дүкендерден дайын киім сатып ала қою деген бола бермеген нәрсе. Әкемде айтып отырушы еді: «Халықтың қарны нанға 60 жылдары ғана тойды» деп. Яғни, 60 жылдарға дейін халықтың қарны аш  болған, одан кейін қарны тойған соң ғана көйлек іздей бастаған ғой. «Қарны тоқ, көйлегі көк» деген сөз реті осыдан шықса керек. Ол кісінің тікпейтін нәрсесі жоқ. Көйлек-көншек, шапан, желеткі, дамбал т.б. Өзі тоқсанға келгенше өз көйлегін өзі тігіп киіп кетті. Пішетін де, тігетін де өзі. Базардан  тек мата әкеп береміз. Құрақ құраудың ол кісі су жорға шебері болды. Құрақ құрау – апамның ең сүйікті хоббиі еді. Мыңдаған түкке арзымай қалған мата қиындыларынан бір қарасаң керемет құрақ құрап шығады. Ол кісінің құраған құрақтары талай жерге тараған. Қаншама ұзатылған қыздардың жасауының сәнін келтірді. Қара мәшине ажырамас серігі болды. Көзі де өткір еді. Тоқсанға келгенше қара мәшиненің инесіне жіпті өзі өткізіп ала беретін. Кейбір кездерде ғана «жібін өткізіп бер» деп айтатын.

Апам біздің тек тамақ асыраушымыз ғана болған жоқ. Ол кісі біздің рухани азықпен де асырады. Дәрет алып, намаз оқуды біз сол кісіден көрдік. Ораза тұтып, сәресі ішуді сол кісіден көрдік. Талай түнде сәресін бірге іштік. Сәресінің шәйі өзгеше тәтті еді. Онда өрік, мейіз болады. Қант қосылған тәтті, майлы талқан болады. Соның дәмін тату үшін түн жарымда тұрамыз. Аяқ астынан оянып кетсең, апам шоқиып сәресі ішіп отырады. Әйтеуір, әшейінде тұяқ серіппей ұйықтайтын біздің сәресі ішерде ұйқымыз шайдай ашылатын. Содан мектепке барып, қанатым қатайған соң мен нағыз құдайсыз пионер  боп шыға келдім.  Өзімше, Дарвиннің ілімін бойыма сіңіріп, данышпан боп жүрген кезім. Бір күні әңгіме барысында аузынан Құдайды тастамайтын апама «Апа, Құдайды айта бересіз, Құдай жоқ қой» дедім. Сондағы апамның түрі есімнен шықпайды. Ол кісі қап-қара боп түнеріп, үстінен біреу бір шелек мұздай су құйып жібергендей боп селк етіп, қатты шошыды. Артынан есін жиып: «Әй, кім айтты саған өйдеп?! Айтпа өйтіп. Құдай ұрып кетеді» дейді. Мен жайбарақат: «Мектепте апайлар айтып жатыр» деймін. Апам: «Айтпа, өйтіп, қараң қалғыр сенің апайларың түк білмейді. Олар оттай береді» дейді. Қарама-қарсы екі пікірдің арасында қалған мен әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз кемпірдің сөзінен гөрі, он жыл совет мектебінде оқыған,  оған қоса ару астанамыз Алматы шаһарында институт бітірген апайларымның әдемі сөзіне сенем, әрине.  Ия, солай болды. Бірақ менің жүрегіме ерекше із қалдырған бір нәрсе бар еді. Ол апамның менің жаңағы «Құдай жоқ» деген сөзімді естігендегі селк етіп, шошыған түрі. Сол нәрсе ақыры мені жетелеп келіп, Құдайдың жолына алып келуге себепші болды-ау деймін. Мүмкін тағы әлгі түн жарымда талай рет апаммен бірге ішкен сәресінің де үлесі бар шығар бұнда.  Сөйтсем, сол кезде апам әріп танымағанмен Құдайды таниды екен, апайларым әріп танығанмен Құдайды танымайды екен ғой. Тегі, апамның діндарлығы ананың сүтімен келіп, атаның тәрбиесімен сүйекке сіңген нәрсе. О кісі анда-санда теливизор қарайтын. Сонда кенеттен экранда шошқа көріне қалса «Өйбуй-й!» деп екі қолымен бетін жауып, бүкшие қалатын. Сол бүркеніп отырған күйі бізге: «Кетті ма?» дейтін шошқаның атын атамай. Шошқаға қарап, телміріп отырған біз: «Кетті апа.  Қарай беріңіз» дейміз ғой. Апам сонда барып басын көтеретін. Шын тарихты да со кісіден естідік. Мысалы, біз өмірімізде естімеген, тарих кітабынан оқымаған аштық жайлы әпсананы да со кісіден естігенбіз. «Есекпен кетіп бара жатамыз. Жолдың екі шеті пырдай боп адамдар өліп жатады» дейді апам шәй ішіп отырып. Естен танып біз отырамыз: «Ол не қылған өліктер? Жарайды өлген екен, өлсе неге оларды көмбейді»? дейміз. Апам: «О, жазға-а-ан! Кім көмеді? Көметін адам жоқ. Барының шамасы жоқ. Аш қой. Құр сүлдесі қалған» дейді. Миға кірмейтін әңгіме. Әрине, біздің тар миымызға. Апамның нанның бір уағы жерге түссе жаны қалмайтынын кейінірек сәл-пәл аңдағандай болдық. О кісінің мына бір өлеңі де терең тарих қатпарларын қозғайды:

Әндижаннан ат келді,

Ат жалында хат келді.

Апармай кеткір қу пойыз,

Апарып тастап, бос келді.

Соғыстың зары ғой.

Жарықтық апамның өмірін үзіп-жұлып құрап отырмын. Бір қызық әдеті бар еді. Дәрі көрсе іше салатын. «Өй, апа ол дәріні неге ішесіз? Сіз ауырып тұрған жоқсыз ғой. Ауырсаңыз оның сізге жағатын, жақпайтынын қайдан білесіз?» дейміз аң-таң боп. Апам: «Әй, бір жеріме жақпаса бір жеріме жағар. Оның үстіне өкімет бұны бекерге шығарған жоқ қой. Обал болады деп іше салдым» дейді.  Міне, апамның темірдей логикасы. Тырп етіп көр!

Қара мәшинеге қадалып көп қарадым. Үйге апам қайта кіріп келгендей болды. Әр жерін сипалап, құмардан шықтым. Қайран, «Қара мәшине»! Апамның көзі ғой. Мәшиненің әр жерінде апамның қолының табы қалған. Исі сіңген. Көңілім босап, көзім жасқа шыланды. Ішімді бірдеңке тызылдап, ашытып, жырып өтті.  Еріксіз өткен-кеткен  еске түсті. Апам жарықтық көлбеңдеп, көз алдыма келді. Жүріс-тұрысы, бейнесі, әжім басқан мейірлі жүзі, тираскідегі  терезе алдында сыртқа қарап, шоқиып отырған кейпі. Қарлығыңқы, жағымды, жұмсақ даусы. Қара мәшине өзі бір әдемі, ерекше мүлік. Қызығушылығым артып, іші сыртын ақтарып қарадым. Астыңғы қорабын аштым. Темірге бадырайтып «1976»  деген сан басылған екен. Бұл оның зауыттан шыққан жылы.   Шыққанына қырық жыл болған. Әлі зырылдап тұр. Тігіс тігетін адам болса керекке жарап-ақ тұр, шіркін. Не деген мықты мәшине. Тарихын тексердім. Мәшиненің шыққан жері Ресейдің Подольск қаласы екен. Сөйтсем, ол орыстардың бұйымы болмай шықты. Анығында Америкадан шыққан құсайды. Негізгі шыққан тегі – Американдық «Зингер» корпорациясы. «Зингер» – бүгінде ғарыштық, әскери, тұрмыстық техника, двигательдер шығарумен айналысатын  әлемдік ірі  алпауыт компания. Негізін қалаған американдық Исаак Зингер деген еврей. Зингер өз бизнесін 1851 жылы тігін мәшинесін шығарудан  бастаған. Зингер атақты өнертапқыш болған. Ол бірақ тігін мәшинесін түгел өзі ойлап таппаған. Оны одан бұрын басқалар ойлап тапқан. Бірақ епетейсіз болған. Кең тарамаған. Соны Зингер қолға алып жетілдірген. Мәшиненің шөрнегін (челнок) жөндеп қойған (Апам өңкей шөрнегім бұзылып қалды деп, шұқылынатын да отыратын). Біреу ойлап тапқан көзі бар иненің патентін сатып алған. Сөйтіп, жетілген мәшинені әуелі Америкада, сосын  әлемге таратқан ғой, сабаз. «Зингер» тігін мәшинесі содан бері жүз жыл бойы  миллондап  дүниенің түкпір-түкпіріне тараумен келеді. «Зингерге» дейін жалпақ әлемдегі жұрттың бәрі үйінде қолмен тігіс тіккен ғой. Сөйтіп, бұл мәшине жалпақ әлемде біздің апам сияқты талай жанның күнкөріс құралы болған. Ал, Ресейге келу тарихы мынау: «Зингер» компаниясы Ресей империясында 1900 жылы Подольск қаласында тігін мәшиналар зауытын ашқан. 1918 жылы кеңес үкіметі орнағаннан соң, большевиктер зауытты кәмпіскелеп,  «Госшвеймашина» ғып өзгерткен. Зауыттың бөлімшелері Баку, Тифлис, Ташкент қалаларында ашылған. «Зингер» –  ең алғашқы, ең атақты әлемдік тұрмыстық брендтердің бірі. Міне, менің апамның отыз жыл қимас серігі болған «Зингер» «Қара мәшинесінің» қысқаша тарихы осындай.

Қайран, «Қара мәшине», енді міне жетімсіреп тұр. Оны зырылдатып тігіс тігетін апам жоқ үйде. Қайран, қамқоршы асыл апам! Жарықтық жаныңда қырық жыл болсамда, түйірдей қадіріңді біле алмаппын-ау! Өзі айтқандай: «Қадіріңді кім білген...» деп. Қара мәшине секілді біз де сені таппай қалдық. Дастархан жиылған сайын апам: «Е, Құдай! Аман, сақтап, әбүйір бер! Ойдағы-қырдағы шырақтарымды аман-есен қылып, бергеніңе береке бер!» дұға жасаушы еді. Менің де о кісіге іштей жасар дұғам: «Е, Раббым! Сөлтай апамды қабір, тозақ азабынан сақтап, жаннатыңа кіргізе гөр!» деу ғана! Басқа қолдан не келер? Өткінші дүние кімнен өтпеген. Кімді алдамаған. Кім алданбаған оған?! Кәмпит көрген жас баладай кім оған қызығып, артынан опық жемеген... Ия.

P.S.Өткенде, ауылда ағайын Оңал деген көкеміз қайтыс болды. Көңіл айтып бардық. Баласы Манап айтады: «Мына сіздер отырған зал тамның полын өткенде ғана кірәскілеп едік. Соны кеппей тұрып, көкем білмей басып кетіпті. Пол енді кепті. Әкеміздің ізі со күйі қалып қойды. Мен ол ізге тимей-ақ қойыңдар дедім» дейді. Сонда бұл әңгімені тыңдап отырған Есіл деген ағамыз: «Онда сол ізді енді құрметтеп, сүйіп отырыңдар» деді.  Бәріміз тырс етпей, үнсіз отырып қалдық.

Ақжол Қалшабек

2019 жыл, сәуір айы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1204
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1095
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 834
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 972