Сенбі, 4 Мамыр 2024
Сайлау 8777 42 пікір 6 Мамыр, 2019 сағат 13:59

Үміткер – жетеу, тақ – біреу...

Бүгін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер ретінде мемлекеттік тіл емтиханынан өткен жеті адамды ресми түрде тіркеуді аяқтады. Президенттікке үміткер куәлігін 7 адам алды.

Осыған дейін ОСК-ға құжат тапсырған тоғыз адам болды. Талғат Ерғалиев өз еркімен бас тартты. Ал Жұматай Әлиев қазақ тілін еркін меңгермегендіктен сайлауалды додаға жіберілген жоқ.

Әрі қарай потенциалды үміткерлерге қол жинау парақшалары табыстылған еді. Талап бойынша әрбір азамат электораттың 1 пайыз дауысын немесе 118 140 адамның қолын жинап келуі тиіс болған.

Жарыс жолында қалған жетілік бұл талаптың шартын да толық орындады. Сөйтіп бұл жетілік ОСК-дан кандидат куәлігін алды.

Кім қанша қол жинады? Көріңіздер, ОСК-ның кандидаттарды тіркеу хронологиясы төмендегідей болды.

2019 жыл. 2 мамыр. Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиевті тіркеуден бас тартты. Ол мемлекеттік тіл емтиханынан өте алмады.

2019 жыл. 3 мамыр. ОСК президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты тіркеді. Ол Қазақстанның 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолын жинап келген. ОСК жиналған қолдың 2 257-сін жарамсыз етіп, 313 653-ін жарамды деп таныды. Ал кандидат куәлігі Тоқаевтың сенімді өкілі Мәулен Әшімбаевқа табысталды.

2019 жыл. 3 мамыр. ОСК президенттікке үміткер Сәдібек Түгелді ресми тіркеді. Ол Қазақстанның 15 өңірінен 122 102 азаматтың қолын жинап келген. Ал ОСК 120 175-ін рас деп таныды. Айтпақшы, Сәдібек Түгел мемлекеттік тіл емтиханының жазбаша жұмысында пунктуациялық қателер жіберген.

2019 жыл. 4 мамыр. ОСК президенттікке үміткер ретінде Амангелді Таспиховты тіркеді. Ол Қазақстанның 15 өңірінен 122 770 азаматтың қолын жинап келген. ОСК жиналған қолдардың 119 577-ін рас деп таныды. Айта кетейік, Амангелді Таспихов Алматы және Шымкент қалаларынан қол жинаған жоқ.

2019 жыл. 4 мамыр. Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер ретінде Дания Еспаеваны тіркеді. Ол Қазақстанның 17 өңірінен 144 098 азаматтың қолын жинаған. ОСК олардың 139 541-ін рас деп таныды.

2019 жыл. 6 мамыр. ОСК президенттікке үміткер ретінде Төлеутай Рақымбековті тіркеді. Ол Қазақстанның 15 өңірінен 122 309 азаматтың қолын жинап келген. ОСК олардың 120 754-ін рас деп таныды.

2019 жыл. 6 мамыр. ОСК президенттікке үміткер ретінде Жамбыл Ахметбековті ресми тіркеді. Ол Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 азаматтың қолын жинап келген. ОСК олардың 135 506-ын рас деп таныды.

2019 жыл. 6 мамыр. Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер ретінде Әміржан Қосановты ресми тіркеді. Ол Қазақстанның 14 өңірінен 131 189 азаматтың қолын жинап келген. ОСК олардың 129 582-ін рас деп таныды.

Қазіргі уақтағы ОСК рас деп таныған қолдар бойынша рейтингті президент мінедетін атқарушы, президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев бастап тұр. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сандар солай сөйлейді.

1. Қасым-Жомарт Тоқаев – 313 653,

2. Дания Еспаева – 139 541,

3. Жамбыл Ахметбеков – 135 506,

4. Әміржан Қосанов – 129 582,

5. Төлеутай Рақымбеков – 120 754,

6. Сәдібек Түгел – 120 175,

7. Амангелді Таспихов – 119 577.

Енді 11 мамырдан бастап президенттікке ресми тіркелген үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары басталады. Әзірге көш бастаған үштің – Қасым-Жомарт Тоқаев, Дания Еспаева және Жамбыл Ахметбеков.  Ал халықтың ерекше ықыласындағы Әміржан Қосанов төртінші сатыда. Бұл әрине, соңғы сан, ақтық есеп емес.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда кезекті рет өтетін кезектен тыс президенттік сайлау 9 маусымға белгіленген.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1193
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1085
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 823
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 958