Жұма, 26 Сәуір 2024
2579 0 пікір 27 Наурыз, 2019 сағат 20:10

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 30 наурызға дейін 11 021 өтініш мақұлданды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір жыл бұрын Президенттің бес әлеуметтік бастамасы деп аталатын үндеу жариялаған болатын. Ондағы баспана алу мен жұмысшылар жалақысын көтеру, білім алудың қолжетімділігін арттыру мен шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз ету сынды әр бастама халық тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Әсіресе, аталған бастамадағы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру бойынша әр өңірде іргелі істер атқарылды. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің  мәліметіне сенсек, 2018 жылы Қазақстанда 12,5 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Биыл да Елбасының «7-20-25» бағдарламасы бойынша бірқатар  шаралар атқарылып жатыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк Басқармасы мәлімдеді. Ұлттық банк мәліметінше, 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысы негізінде тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бекітілген.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2019 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша қарыз алуға 125,3 млрд. теңге сомасына 11 021 өтініш қабылданды. Оның ішінде 75,2 млрд. теңге сомасына қарыз беруге 6 450 өтініш мақұлданды.

БАҚ ақпаратына сүйенсек, аталмыш ипотекалық бағдарламаның орындалу көрсеткіші бір Алматы облысының өзінде көрнекті артқан. Атап айтқанда, Алматы облысына қарайтын Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Ескелді, Қаратал, Панфилов, Ақсу аудандарында төмен. Ал Көксу, Іле, Сарқан және Алакөл аудандарында айтарлықтай алға жылжу байқалады.

Бәріміз білетіндей, Ипотекалық кредиттерді бекітудегі негізгі факторлар төлем қабілеттілігі мен тұрақты табысы болып табылады. Қазіргі уақытта банктік ұйымдар қосымша критерийлерді өңдейді. Критерийлерді одан әрі қатайту жоққа шығарылмайды. Бұл тұрғын үй сатып алуды қажет ететін адамдарға (табысы аз, тұрмысы нашар отбасылар, жас отбасылар және т.б.) азаматтар кепілдікке ие болуы үшін қажет. Үшінші пәтерді талап ететін табыс деңгейі жоғары азаматтар артықшылықты бағдарламаны пайдалана алмайды.

Осыған байланысты, ұлттық банк таратқан мына ақпараттарға назар аударайық. 2019 жылдың басында ипотекалық тұрғын үй қарыздарының көлемі бір жылда 202 млрд теңгеге ұлғайып, 1,3 трлн теңге болды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржы нарығының әдіснамасы департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев ҚР Парламенті Сенатының «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін кеңейту» атты дөңгелек үстел отырысына қатысқан кезінде айтып берді.

Оның айтуынша, 2018 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі ипотекалық кредиттеуді жандандыру үшін айтарлықтай жұмыс жүргізген көрінеді. «Өткен жылдың ортасына таман «7-20-25» бағдарламасының талаптары бекітілді, Парламент депутаттарының қолдауымен ипотекалық нарықты дамытуға кедергі келтірген заңнамалық кедергілер жойылды, оператор – «Баспана» ИҰ құрылды. «7-20-25» бағдарламасын іске қосу 2018 жылғы шілдеде орын алды. Аздаған кезеңге қарамастан, қабылданған шаралар отандық ипотекалық кредиттеу нарығының жай-күйіне оң әсер еткені анық», - деді Сәлімбаев.

Ол осылайша, «7-20-25» бағдарламасын және тиісті шаралар кешенін іске қосу ипотекалық нарықтың ахуалын айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік бергенін, оның арқасында мыңдаған азаматтар меншікті баспанасын сатып алу мүмкіндігіне ие болғанын қоса айтты.

Жалпы алғанда Бағдарлама жақсы серпінді көрсетіп отыр. 2019 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша қарыз алуға 125,3 млрд. теңге сомасына 11 021 өтініш қабылданды. Оның ішінде 75,2 млрд. теңге сомасына қарыз беруге 6 450 өтініш мақұлданды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілінің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасының дамуын тежейтін негізгі фактор ел бойынша, әсіресе өңірлерде байқалатын бастапқы тұрғын үйдің жетіспеуі болып табылады екен.

"7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі қажет. "Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады", – деген еді Елбасы.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "7-20-25" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы үйсіз жүрген отандастардың үмітін жаққан, жалпыхалықтың қолдауына ие болған бастамалардың бірі екені белгілі. Елбасы Үкімет пен жергілікті басқару органдарына, Ұлттық банкке аталмыш ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырмалар міндеттеген еді.

Осы уақытқа дейін қатардағы қарапайым қазақты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарлама бойынша біраз шаруаның шеті қайырылған.

Abai.kz

0 пікір