Жұма, 26 Сәуір 2024
4520 2 пікір 26 Сәуір, 2019 сағат 10:32

Freedom House Алматыда ұсталған белсенділерді босатуға шақырды

24 сәуірде Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы өткен жексенбіде Алматы марафонында "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннермен акция өткізген белсенділердің ұсталуын айыптады. Ұйым Қазақстан билігін оларды босатуға шақырды.

"Әділ сайлау өткізуге шақырып, плакат ілгені үшін ғана ұстау мен қатаң жазалау Қазақстанда ашық президент сайлауы өтеді деген үмітті сейілтеді. Freedom House ұсталған белсенділерді жедел босатуға шақырып, Қазақстан үкіметіне азаматтарының саяси пікірін қорықпай айтуына мүмкіндік беруін сұрайды" деп мәлімдеген ұйымның Еуропа және Еуразия бағдарламалары бойынша директоры Марк Берендт.

22 сәуірде Алматы әкімшілік соты қаладағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар плакат ұстап, акция өткізген белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамауға қаулы еткен. Акцияны камераға түсірген тағы үш белсенді - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп танып, айыппұл салған.

Апта басында Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бес белсенді "заңды бұзды" және "марафонды өткізуге кедергі жасады" деп мәлімдеген. Amnesty International халықаралық ұйымы Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті "ар-ождан тұтқыны" деп таныды.

Abai.kz

2 пікір