Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5612 7 пікір 24 Сәуір, 2019 сағат 11:24

Құқығын талап еткеннің бәрі қылмыскер ме?

Сәуірдің 21-жұлдызына жоспарланған "Алматы марафонның" соңы сотпен аяқталды. Азаматтық белсенділер Алматы қаласы Әл-Фараби және Шашкин көшелерінің қиылысында "От правды не убежишь, #adilsailayushin, #уменяестьвыбор" деген жазуы бар плакатпен ұсталып, қамауға алынды. Құқығын талап еткеннің бәрі қылмыскер ме, әлде сайлау жайлы жақ ашпау керек пе? Мүмкін, заң бұзушылық сайлауға қатысты емес болар...

Жергілікті полиция қызметкерлері көше бойында плакат ұстаған 4 белсендіні қамауға алды. Плакаттағы жазулар жақын уақытқа жоспарланған президентік сайлауға қатысты жазылған. Ал полицейлердің айтуынша, белсенділер тиісті құжаттарын көрсетуден бас тартқан. Жедел арада Бостандық ауданының сот басқармасына жеткізілген белсенділер қатарында Almaty Urban Air экологиялық жобасының авторы Әсия Төлесова, суретші Сүйінбике Сүлейменова, кинооператор Айгүл Нұрболатова мен Бейбарыс Толымбеков болған.

Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевқа қатысты сот ісі  ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы, 3-тармағы бойынша жүргізіліп, шешім бойынша 15 күнге қамауға алынған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев басшылықтың отырысында Бейбарыс Толымбаев пен Әсия Төлесованы "Митингтер, оқиғалар мен демонстрациялар өткізу туралы" заңнаманы бұзды деп хабарлаған. Ал полицейлер болған оқиғаның себебін былай деп түсіндіреді:

- Жол айрығына жүгіріп шығып, әлгілерді суретке түсірмек болған адамдар қозғалысқа кедергі келтірді: соңы қайғылы жағдаймен аяқталатын айқай-шу туындауы мүмкін еді. Оған қоса, бұл марафон қатысушыларына деген құрметсіздік екендігі көзге көрініп-ақ тұр.

"Саяси үгіттеулер болған жоқ. Сайлаудың не қатысы бар?! Тағы да айтамын, қалада спорттық іс-шара жүргізілді, ол алдын-ала жоспарланған болатын. Қала аумағына афишалар ілінді, 17 мың спортшы қатысып жатты және сол уақытта екі адам плакат ұстап, спорттық шараның жүргізілуіне кедергі келтірді. Бұл заң бұзушылық болмағанда, немене?", - деп наразылық білдірді ІІМ Ерлан Тұрғымбаев. Дегенмен, 1000-ға жуық плакаты бар адамдардың арасынан дәл осы жазумен ұсталғандардың айтар арызы мұнымен біткен жоқ.

Тағы бір күмәнді жайт, осыған дейінгі қылмыстық істің әкімшілік хаттамасында плакатта "ұлт басшысы - ұлтты ұятқа қалдырушы" деп жазылғаны көрсетілген. Белсенділердің адвокаты Әсем Жапишева өзінің Facebook-тағы парақшасында Ерлан Тұрғымбаевтан хаттамадағы жазудың себебін сұрағанда, оның "Техникалық қателік" деп жауап бергенін жариялаған.

Белсенділердің тұтқындалуы мен қамауға алынуы туралы хабарлама дүйім жұртты дүрліктіріп, желілерді шулатуда. Біз күні бар, үміткері жоқ сайлаудың әділ өтуін сұрап, қамауға алынғандардың жан айқайын тыңдаушылар әлі де бар деген сенімдеміз.

Шынар Төлеухан

Abai.kz

7 пікір