Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Бір сұрақтың төңірегінде 4821 47 пікір 11 Сәуір, 2019 сағат 14:51

Берік Имашев: Сайлау шоуға айналмай, қалыптасқан формада өтуі керек

9 сәуір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Содан бері әркім өзінше сайлауға дайындалып жатыр. Саяси партиялар сьезд өткізіп, кандидат ұсынуға кіріссе, өзге жұрт кімнің президент болатынын болжап көруде.

Бірақ "бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек" деп айтуға ешкімнің ауызы бармайды. Айтсаң да бұл сөзге сенетін адам жоқ. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға түспейді демесеңіз, басқаның бәрі бұрынғы сценарий, бұрынғы әдіспен өтері анық. Сарапшылардың пікірінше, осы жолғы сайлау да Қазақстанда қалыптасқан ішкі-сыртқы саяси-экономикалық жағдайды жақсартып, саяси ахуалға өзгеріс әкелді деп сену қиын.

Оған қоса, осы жолғы сайлауға үміткер атану бұрынғыдан да қиындады. Бұған дейін жеке тұлғалар өзін-өзі үміткер ретінде ұсына алатын болса, енді президенттікке үміткерлерді саяси партиялар немесе қоғамдық бірлестіктер ғана ұсынады. Мәселен 2015 жылғы сайлауға 27 адам үміткер ретінде ұсынылған. Ал биылғы үміткерлер бұдан бірнеше есе аз болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, елге сыйлы бірнеше потенциалды үміткер мемлекеттік қызметте бес жыл болмағаны үшін сайлауға түсе алмайды. Бұл қатарда Әміржан Қосан, Дос Көшім, Мұхтар Тайжан қатарлы азаматтарды айтуға болады.

Біздің елде сайлау бұрынғы жүйемен өтеді деп отырмыз ғой. Бұл пікірді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің сөзінен де аңғаруға болады. Президеттікке үміткер болуы мүмкін Сенат спикері Дариға Назарбаеваның туған құдасы Берік Имашев мырзаның айтуынша, сайлау шоуға айналмай, қалыптасқан формада өтуі керек.

БАҚ өкілдері Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтан "елімізде стадионда дебат өткізуге бола ма?" деп сұраған екен.

"Егер сіз Украинадағыдай дебат өткізуді айтып отырсаңыз... Егер сіз білетін болсаңыз олардың Орталық сайлау комиссиясы стадионда дебат өткізуге рұқсат берген жоқ. Сондықтан сайлауды шоуға айналдырудың қажеті жоқ. Түсінесіз бе? Стадионда, бокс рингінде,  шаңғы трассасында... Оның қажеті жоқ. Дискуссия - бұл саяси мәселе, ол белгіленген формада өтуі тиіс", - деп жауап берді Имашев.

Президенттік сайлауға 39 үміткер тіркеле алатын, парламентте лоббилік партиясы немесе Үкіметте таныс-тамыры жоқ азамат ел президентінен көп дауыс жинай алатын мемлекеттің сайлауын "шоу" деп кемсітеміз. Ал өз еліміздегі сайлауларда көрінбейтін авторлар жазған сценарий бойынша, халық көрмейтін қойылымдар жүретінін кімнен жасырамыз?!

Сөз соңында, екі айдан кейін өтетін президенттік сайлаға қатысты бірнеше маңызды санды мәліметтерді айта кетейік.

ҚР қаржы министірінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов кезектен тыс сайлау өткізу үшін қанша қаржы кететінін айтты. Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы бюжеттен сайлау өткізу үшін 12 миллиард теңге бөлуді сұрап отыр. Ал президенттікке үміткерлердің сайлау алды үгіт-насихаты үшін кандидаттарға 7 жарым миллион теңгеден ақша бөлінеді.

Ұсынылған кандидат (мемлекеттік тіл сынағынан өткеннен кейін) жақтастарынан 118 мың қол (жалпы сайлаушылардың бір пайызы) жинауы керек. Осыдан кейін тіркеуге алынып, сайлауалды жарна ретінде 2 миллион 125 мың теңге төлеуі қажет. Бұл ақша үміткер жеңіске жетсе, не 5 пайыздан артық дауыс алса кері қайтарылады.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сенсек, кезектен тыс президент сайлауына 1 мыңнан астам шетелдік байқаушы келеді.

«Қазіргі уақытта қанша халықаралық байқаушы болатынын тек қана болжай аламыз. Ол алдағы уақытта белгілі болады. Мәселен өткен сайлауларда 1 024-тен бастап  1633-ке дейін байқаушы тіркелген.  Осы жолғы сайлауда да осы мөлшерде, бір мыңнан астам халықаралық  байқаушы болады деп ойлаймыз» - деді ОСК мүшесі Зәуреш Бимолдина аталған комиссияның отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Ал ОСК төрағасы Берік Имашев 2015 жылы өткен президент  сайлауында қандай халықаралық ұйымдардан қанша байқаушы келгенін еске алды.

«ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясынан - 291, ТМД байқаушылары миссиясынан - 410,  ШЫҰ миссиясынан 10  және басқа да ұйымдардан 99 байқаушы келді. Мұнан бөлек еліміздің Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелген БАҚ болды. Олар - 168 адам», - деді Берік Имашев.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

47 пікір