Сенбі, 11 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3219 0 пікір 6 Маусым, 2011 сағат 06:00

Айдос Сарым, Төлеген Жүкеев. «Сталинизм – кеңкелестің тірлігі»

9 мамырдың қарсаңында «Свобода слова» газетінде (№16, 5 мамыр, 2011 жыл) басылымның бас редакторы Евгений РАХЫМЖАНОВтың Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін қолдаған сыңай таныта отырып, Отандық тарихымыздағы ең бір сұрқия тұстарды ақтап алып, аспандатпақ ниеттегі «Оболганная Победа» атты мақаласы жарық көрді. Дәлірек айтсақ, автор осынау мақаласында сталинизмді ақтап, ұлықтамақ ниетін жасырмайды. Десек, осынау құйтырқы саясатпен жазылған арандату мақалаға азамат ретінде жауап бермеу тексіздік болар еді.

Демократиялық ұстанымды ту еткен азамат ретінде біздер әркімнің өзіндік пікіріне сыйластықпен қарайтын жанбыз. Сондықтанда, Евгенийдің де қарапайым азамат, журналист ретіндегі айтқандарына түсіністікпен қарауға әзірміз. Бірақ, «өзіндік пікір» дегенді желеу етіп, сталинизмді ақтауға тырысу  жазықсыз жапа шегіп, нақақтан атылып кеткен, лагерлерде шіріген, аштық пен жоқшылықтан құрбан болған, көмусіз қалған миллиондаған жандардың рухын қорлау болып табылады. Дүйім жұрттың адами құндылықтарын аяққа таптап, көлеңкесінен қорқып сүт бетіне шығарларды сылып тастаған әрекетін жасыру үшін қарусыз қоғам мүшелерін қасап қырғынға салған надан, делқұлы басшыны насихаттау - бүгінгі биліктің айналасындағы жандайшап-жантық жігіттерге жағатындай етіп ұлықтау - жетесіздік!

9 мамырдың қарсаңында «Свобода слова» газетінде (№16, 5 мамыр, 2011 жыл) басылымның бас редакторы Евгений РАХЫМЖАНОВтың Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін қолдаған сыңай таныта отырып, Отандық тарихымыздағы ең бір сұрқия тұстарды ақтап алып, аспандатпақ ниеттегі «Оболганная Победа» атты мақаласы жарық көрді. Дәлірек айтсақ, автор осынау мақаласында сталинизмді ақтап, ұлықтамақ ниетін жасырмайды. Десек, осынау құйтырқы саясатпен жазылған арандату мақалаға азамат ретінде жауап бермеу тексіздік болар еді.

Демократиялық ұстанымды ту еткен азамат ретінде біздер әркімнің өзіндік пікіріне сыйластықпен қарайтын жанбыз. Сондықтанда, Евгенийдің де қарапайым азамат, журналист ретіндегі айтқандарына түсіністікпен қарауға әзірміз. Бірақ, «өзіндік пікір» дегенді желеу етіп, сталинизмді ақтауға тырысу  жазықсыз жапа шегіп, нақақтан атылып кеткен, лагерлерде шіріген, аштық пен жоқшылықтан құрбан болған, көмусіз қалған миллиондаған жандардың рухын қорлау болып табылады. Дүйім жұрттың адами құндылықтарын аяққа таптап, көлеңкесінен қорқып сүт бетіне шығарларды сылып тастаған әрекетін жасыру үшін қарусыз қоғам мүшелерін қасап қырғынға салған надан, делқұлы басшыны насихаттау - бүгінгі биліктің айналасындағы жандайшап-жантық жігіттерге жағатындай етіп ұлықтау - жетесіздік!

Ішінде кәсіби мамандығына адал қарайтын ресейлік авторлар да бар, бүгінгі тарихшылардың жазғандарына сенер болсақ,  соғыстың алғашқы айларында жүз мыңдаған совет жауынгерлері жау жағына өтіп, кейіннен оларға қызмет жасаған. Бүгінгі күнге дейін нақты саны анықталмаған, бірақ, 27 миллион жаннан кем емес соғыс құрбандарының құныкері де ақымақ билік пен оның жантүршіктірер қаталдығы. Тарихқа жүгінер болсақ, Рахымжанов мырза «данышпан әскербасы» деп ұлықтап отырған СТАЛИННІҢ «данышпандығының» жемісі сол - барша антигитлерлік Одақтың  адам шығынынан КСРО-ның шығыны бірнеше мәрте көп екен.

Бірден астын сызып тұрып айтар ақиқат - соғыста Сталин жеңіске жеткен жоқ, бұл жеңістің авторы - Халық! Сол соғыстың көзі тірі куәлерінен сұрасаң солдаттардың шабуылға «Сталин үшін!» деп емес, «Отан үшін» деп шыққанын айтады. Ал «Отан» сөзінен кейін олар «Ура!» деп айқайлаған. Қолына қару алған жұрт социализм идеясы үшін емес, өзінің ауылда қалған бала-шаға, туыс-жекжаттарын қорғау үшін соғысқан. Фашизмнің құлдығына қарсы күрескендердің жеңісінің өтеуі коммунистік құлдыққа айналғанын бүгінде орта жастан асқан жұрт түгел біледі. Міне, бүгін айтылса осынау ақиқат айтылуға тиіс. Дәлірек айтсақ, соғыс тарихын сөз еткенде қандықол билеушіні әспеттегенді қойып, қарапайым жұрттың қаһармандығын ұлықтауымыз керек; көк түтінге тұншыққан тиранды, бүгінгіше айтсақ, «ұтымды шешім қабылдай білген менеджерді» «өгізге соқа жегіп жүрген елді қабылдап алып, артына атомды игерген мемлекет қалдырған» деп мадақтағанды қойып, аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігі мен әжелеріміз бен Аналарымыздың тылдағы бел жазбай жұмыс жасаған ерен еңбектерін жыр етуіміз қажет. Осынау ойларымыз «олар не үшін соғысты?» деген және «фашизмді жеңген совет халқы өз елін ерен қарқынмен қалпына келтірді» деген тезистерге жауап деп білеміз. Жалпы қираған дүние тез қалпына келе қалды деген де талас тудырар ұғым екенін дәлелдеу үшін капиталистік Германияда болып, соғыста жеңіске жеткен елдің жеңіліс тапқан ұлттан бірнеше мәрте мүсәпір ғұмыр кешіп отырғанын өз көздерімен көрген, соғыс кезінде ер жеткен ВЫСОЦКИЙ мен өзге де атақтылардың өкініштен көздеріне жас алғанын айтсақ та жеткілікті болар. Дей келіп айтарымыз, әлемдік көшбасшылыққа ұмтылған ел қиратындының ортасында отыра алмайтындықтан қалай болса солай қалпына келтіре салған болатын.

Біздердің сорлылығымыз сонда - бір ұлы қайғымызды айта отырып, екіншісін ұмытып кетіп жатамыз. Айтпағымыз - 1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінен басталып, 1986 жылғы көтеріліспен аяқталған Кеңес дәуіріндегі сайтани шаруалардың барлығына ала-құла қарайтындығымыз. Евгенийдің Екінші дүниежүзілік соғыс барысында құрбан болған миллиондардың тағдырына немқұрайлы қарамау керек деген пікірімен толық келісеміз. Алайда, егер ол Сталиннің көзсіздігінің салдарынан миллиондаған қазақтың қарға-құзғынға жем болғанын еске алса мақаласының пафосы басқаша болар еді деп санаймыз. Геноцид кезінде басым бөлігі атылып кеткен, атылмағандары түрмеде шіріген қазақтар «бесінші коланна» емес еді! Дей келіп айтарымыз, автордың «Сталину удалось уничтожить или отстранить от власти предателей и «добросовестно заблуждающихся» в ходе репрессий 1937-1938 года, да и потом, с приходом Лаврентия Берия в НКВД чистки продолжились. Эти мероприятия обезопасили тыл Красной Армии, позволили не пошедшим на передовую гражданам спокойно и ударно трудиться - для фронта, для Победы» дегені тіптен ақылға сыймайтын сөздер. Егер тарихқа жүгінсек, дәл сол репрессия құрбандары болып кеткендердің орындары үңірейіп тұрғандықтан емес пе Қызыл армияның 1941 жылы өзінен адам күші әлдеқайда аз неміс әскерінен сүмеңдеп қашып, Мәскеудің түбіне келіп бірақ тоқтағаны! Десек, соғыс барысында құрбан болған миллиондар мен «бейбіт замандағы» Сталиннің әпербақандығының құрбандары болғандардың ара жігін аша білу маңызды. Сталинизмнің сорақылығы сонда - ол өз қаруын өзгеге емес, өз халқына қарсы жұмсағандығында. Егер, мұны айтпасақ, миллиондаған құрбандар туралы түсінігімі «қисық» шығып, пікіріміз қияс тартып кетеріне сөз жоқ.

Рахымжановтың «Сталинді қаралау» туралы айтқандарымен келісу қиын. Сталин өзін өзі қаралағаны соншалық, бүгінде оны қаралаймын деп әуреленудің еш қажеті жоқ. Ол «Дракуладанда» сорақы! Автор өз мақаласында оқырмандарын «жеңілген халықтарға» қатысты жасамақ болған «ГИТЛЕРдің адам айтқысыз жоспарлары» жайлы әңгімемен қорқытпақ болады. Оу, Рахымжан-ау, Гитлердің сол жоспарын Сталин оған дейін-ақ жүзеге асырып қойған жоқ па еді?! Сталиннің Гитлерден жалғыз ғана айырмашылығы әлем жұрты әлі күнге дейін сталинизмді соттап, үкім шығармағандығында ғана. Алайда, жабулы қазан жабулы күйінде қалып қоймайды, Тарих соты сталинизмге өз үкімін шығаратын кез туады әлі.

Немістің белгілі марксистік саясатшысы, большевизм мен нацизмді принципті түрде сынап келген, «МОЛОТОВ-РИББЕНТРОП пактінен» кейін-ақ «Фашизммен күрес большевизммен күрестен басталады» деп мақала жазған Отто РЮЛЕнің айтқанынан үзінді келтірейік: «Россия должна быть поставлена на первое место в ряду новых тоталитарных государств. Она была первой, принявшей новый государственный принцип. Она продвинулась дальше всех в его применении. Она была первой страной, в которой была установлена конституционная диктатура вместе с сопутствующей ей системой политического и административного террора. Приняв все черты тотального государства, она послужила моделью для других стран. Россия стала примером для фашизма. Это не случайность и не шутка истории. Копирование системы в этом случае - не видимость, а реальность. Все указывает на то, что мы имеем дело с проявлением и последствиями одних и тех же принципов, примененных на различных ступенях исторического и политического развития». Ол осынау ойын Ханна АРЕНДТ, Теодор АДОРНО, Эрнст НОЛЬТЕ, Хуан ЛИНЦ, Фридрих фон ХАЙЕК, Карл ПОППЕР, Карл ФРИДРИХтерден әлдеқайда бұрын айтқан екен. Ол кезде бұл жапандағы жалғыз жанның айқайындай естілген еді... Егер, осы тұрғыдан қарасақ, сталинизм шайтани тірліктің бастауында тұрған болып шықпай ма?!

Бақытымызға орай 1939 жылдан соң әлем қатты өзгерді. ХХ ғасырдағы әлемді тітіренткен оқиғаларға қатысты жаңа түсінік туды. Оның айқын белгісі ОБСЕ-нің тарихи мәселелерге қатысты қолданып отырған жіті позициясы. ОБСЕ-нің Парламенттік Ассамблеясы 2009 жылғы 3 шілдеде «Шашыраңқы Европаны біріктіру: ОБСЕ аумағында 21 ғасырда азаматтық құқықтар мен адам құқығын қорғау» деген резолюция қабылдап, онда сталинизм мен нацизмді геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыс жасаған режимдер ретінде танып, айыптады. Естеріңізге сала кетер және бір жәйт, осынау резолюцияда ОБСЕ 1939 жылы  Молотов-Риббентроп пактісіне қол қойылған 23 тамыз сталинизм мен нацизм құрбандарын еске алу күні деп тану туралы Европарламенттің пікірімен келісті. Ендігі жерде Қазақ елі осынау бастаманы қолдап, өзге де демократияға ден қойға ұлттармен бірге осы күні сталинизм мен нацизм идеологиясына қарсы үн қосуға тиіс деп санаймыз. Европада қабылданған резолюция, Орталық және Шығыс Европа елдерінің люстрация туралы және адам жадында сақтау институттары туралы заңдары - бұл бастамасы ғана. Себебі сталинизм фашизмнен кейін де жарты ғасыр ғұмыр кешкен жоқ па?! Арада, 5-10 жыл өткеннен соң дәл осындай заңдар Қазақстанда да қабылданады. Шамалы уақыт өткеннен соң сталинизмнен мейлінше зардап шеккен Ұлт ретінде Тарих алдында өз пікірімізді ашық айтатын күн де туады.

Сталинизмді  айыптау басталғалы жарты ғасыр болды. Рахымжанов мырза айтып отырғандай ол осыдан 55 жыл бұрын, КПСС-тің ХХ съезінде басталған болатын. 1956 жылдың 25 ақпаны күнгі жасырын жиында Никита ХРУЩЕВ «Жеке басқа табыну және оның салдарлары туралы» деген баяндама жасап, «жеке тұлғаны ұлықтау арқылы оны қабілет-қарымы өзгелерден ерекше деп насихаттап, Құдай емес, Құдайдан былай да емес жан етіп көрсетудің барып тұрған қырттық» екенін бүкіл елге жариялаған болатын. Десек, кешегі коммунистер мен солардан «үйренген» бүгінгілер де тіпті өздерінің өткен тарихынан сабақ алмайтын дарынсыз, шөпжелкелер екендігіне көзіміз жете түседі.

Сталиннің мүрдесін Мавзолейден алып тастау үшін Хрущевке 5 жыл қажет болды. Тиранның денесі жер қойынына берілгеніне де биыл 50 жыл! Естеріңізге сала кетейік, 1961 жылғы 17-31 қазан аралығында Мәскеуде өткен КПСС-тің 22 съезінде осынау тарихи шешім қалданған еді. 31 қаза күні түн ішінде Сталиннің денесін Мавзолейден алып шығып, Кремльдің қабырғасына жерлеп, Мавзолейдегі гранит тасты ауыстырып тастаған. Сондай-ақ, дәл осы съезде КПСС Бағдарламасының үшінші редакциясы және коммунизм құрылысшысының Моральдық кодексі қабылданған болатын. Дәл сол жолы Хрущев «1980 жылы совет халқының бүгінгі ұрпағы коммунизмде өмір сүретін болады» деп көсіліп, «1965 жылдың соңына қарай тұрғындар салық төлеуден босатылады» деп ант-су ішкен еді. Әрине, бұл барып тұрған ақымақтық болатын. Алайда, өтірік ЛЕНИН мен Сталин құрған жүйенің құрамдас бөлігі болып табылатын. Жалпы Ресейдің тарихында күні біткен қияли дүниені екінші бір қияли дүниемен алмастыру ат ауыстырып мінгендей дүние екеніне бүгінде ешкім таңданбайды.

Біз бүгінде бағыт-бағдарын белгілеп, өз жолымен келе жатқан тәуелсіз елміз! Тәуелсіздік дегеніміз - өзгелерге жалтақтамай, тек өзіңнің ұлттық мүддеңнің тұрғысынан ойлап тіршілік ету ғана емес, ол - өткен трихымызға да тәуелсіздік тұрғысынан қарап, жазықсыз құрбан болған миллиондар мен тумай қалған отандастарымыздың алдындағы парызды орындап,      тарихи әділеттілікті қалпына келтіре отырып ХХІ ғасырдағы ұлттың даму үрдісін айқындау. ХХ ғасырда сталинизм біздің тағдарымызға айналды. Бірақ, ол біздің ендігі тағдырымызға еш әсер етпеуге тиіс.

Біздер, бүгінгі таңда, егер, «совет халқы» деген атқа ие болған «кішкентай пенделер» болмаса Сталин өсіп шығар ма еді, сталинизм феномені қалыптасар ма еді деген негізгі сұрақтарға жауап іздегеніміз ләзім. Себебі, өткен тарихымыздан шамалы хабары бар адам сталинизмнің тарихында еліміздің дамуын тіпті де өзге жолға бұрып жіберуі ықтимал кездейсоқтықтардың мол болғанын білсе керек. Дей келіп айтпағымыз, Сталинизм дәуірінің негізін қалаған Иосиф ДЖУГАШВИЛИ атты діни шаласауатты, адамгершілігі ақсап жатқан адамды саясат шыңына шығарған «кішкене пенделердің» бейшаралығы мен сорлылығы болатын!

Пендешіліктен арылмаған, тұмсығының алдындағыдан әріні ойлап, ой қорытуға құлықсыз, интелектульдық тұрғыда дәрменсіз, Ақиқатты іздеуге енжер, өзгенің басына түскен нәубат өзін айналып өтердей көріп, бұқпантайлап отыра берер, өз қателігінің негізін ізделеп, салдарын жоюдан гөрі оған өзгені кінәлағыш жұрттың төл тарихына деген немқұрайлылыққа ұласқан  рухани мешеулігін пайдаланған кешегі және бүгінгі сталиншілдер өз пайдаларына жаратуды көздеп отыр. Олар «Уақыт сондай болатын», «Соның арқасында соғыста жеңіске жеттік емес пе?» деген сияқты желеулерді жалаулатып, жасалған қылмыс пен қаскөйлікті ақтап алмақ ниетте. Осы жерде астын сызып тұрып айтар ой - сталинизмнің қоясын ақтарып, ақиқатқа көз жеткізу - адами адалдық пен тәрбиеліліктің белгісі!

Өкінішке орай, дәл осы тұрғыда біздер ұлт ретінде көп уақыт жоғалтып отырмыз. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл болғанына қарамастан «Сталинизм дегеніміз не?» деген сұраққа әлі жауап жоқ! Сол дәрменсіздігіміздің салдарынан енді міне сталинизмнің бір сатысынан екіншісіне өтуге шақ тұрмыз! Сталинизм дегеніміз тек «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран және лагерлер мен жаппай қырып-жою ғана емес. Сталинизм дегеніміз - бір идея үшін барлық адами құндылықтарды тәрк ету. Сталинизм дегеніміз -  өз тағдыры үшін жауапкершілікті мойынына ала алмайтын адамдардың кәлласындағы құлдық сана! Сталинизм дегеніміз - бүгін жазалаушы болып отырғандардың ертең жазаланушыға айналарын түсінбейтін есуастық деңгейге жетуі!

Әрине, біздер қай кезде туып, қай заманда өмір сүруіміз қажет екенін таңдай алмайтын, тіпті, кей кездері қарапайым оқиғаның өзіне де ықпал ете алмайтын жұмыр басты пенде ғанамыз. Дейтұрғанмен, біздерге ешкім ой ойлап, әр нәрсені өз атымен атауымызға тыйым сала алмайды ғой! Ендеше, зұлымдықты зұлымдық деп атау ақиқатқа бастар жолдағы алғашқы қадам деп түсініңіз.

Авторлар «Әділет» Қазақстандық тарихи-ағартушылық қоғамының төралқа мүшелері

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1928
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2081
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1729
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1525