Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4249 20 пікір 5 Сәуір, 2019 сағат 10:41

Алматы облысы аумағында Ресейдің АЭС ін салуға үзілді-кесілді қарсымын! 

Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Алматы облысы аумағында Ресейдің атом электр стансасын (АЭС) салуға үзілді-кесілді қарсымын! Бұл құрылыстың елімізге келтірер зияны орасан!

Біріншіден, Ресейге тәуелділігіміз қазіргіден де арта түседі. АЭС Қазақстан аумағында орналасқанымен, іс жүзінде Ресейдің экономикалық, энергетикалық, қаржылық мүддесіне жұмыс істейтін болады. Себебі, құрылысты жүргізетін, қадағалайтын – ресейлік мамандар. Оған қызметкерлерді дайындайтын – Ресей. Бұл Қазақстанды Ресейдің ықпалында одан әрі ұстап тұрудың бір айласы!

Екіншіден, мұның экологиялық қатері жайлы да ойлануымыз тиіс! Ертең техногенді апат орын ала қалса, Алматы мен Алматы облысының, Қазақстанның экологиясына, адамдарының өміріне қатер төнбек. Жапонияда Фукусимада апат орын алғанда, оның салдары қандай ауыр болғанын бүкіл әлем көрді. Осы жағын неге ойланбаймыз?

Үшіншіден, Қазақстан энергетикалық ресурстарға кенде, кедей ел емес. Мұнай мен газ, керек десеңіз, Менделеев кестесінің барлық элементтері Қазақстанда бар. Олай болса, бізге АЭС салудың не қажеті бар?

Мұндай жобаларды бастамас бұрын билік халықтың пікірін сұрап, қоғаммен ақылдасуы тиіс.

Ал біз бұған ел азаматы ретінде түбегейлі қарсы екенімізді білдірейік.
Келісесіз бе?

Жанболат Мамайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

20 пікір