Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Кеше мен бүгін 4611 0 пікір 29 Наурыз, 2019 сағат 11:18

Сенатор сыны. Арнайы экономикалық аймақтар хақында...

Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар құрудағы басты мақсат – елге шетелдік және отандық инвестиция тарту және өңір экономикасының өсімін арттыру еді. Елімізде алғаш рет өткен ғасырдың 90 жылдары Талдықорған, Қызылорда, Жезқазған, Өскемен, Қостанай өңірлерінде арнайы экономикалық аймақтар құрылғанымен, ол аймақтардың барлығы дерлік өз мақсатына қол жеткізе алмады. Өйткені оған қаржылық тапшылық, техникалық база, инфрақұрылымның болмауы және басқарудағы тәжірибесіздік себеп болды.

2000 жылдары Арнайы экономикалық аймақ туралы заң қайта қаралып, мемлекет қолдауды біршама күшейтіп, жер учаскелерін бөліп, қаржы бөле бастағанымен оларда өз дәрежесінде нәтиже бермеді. Тұңғыш Президент, Елбасымыз 2007 жылдан басталған дағдарысты жылдарға қатысты жаңа экономикалық саясатты айқындағанда инвестициялар тарту мәселесін бірінші орынға қойып, бұл үшін индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасымен қоса қолға алынған Арнайы экономикалық аймақтарға барынша мән беріле бастады. 2011 жылы осы салаға қатысты жаңа заң қабылданды. Алайда уақыт өте келе бұл заңның да толық жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай отырғаны анықталып отыр.

Сондықтан да бүгінгі талқыға түсіп отырған заң біршама олқылықтарды заңдық тұрғыда реттейді. Дегенмен де, министрліктің және үкіметтің назарын әлі де болса шешімін таппаған мына мәселелерге назарын аударғым келеді.

Қоғамда, бизнес ортада арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі туралы әр алуан  пікірталас бар. Өйткені арнайы экономикалық аймақтың қызметінің тиімділігі туралы мәлімет  жоқтың қасы. Басқарушы компаниялардың есептері арнайы сайттарда жарияланбайды. Осы кезге дейін еліміздегі арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымына 283 млд. теңге бюджет қаржысы жұмсалып, оның бюджетке небәрі 112 млд. теңге яғни 40 % салық ретінде қайтарылды.  Осыдан мынадай сұрақтар туындайды: Осы кезге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар экономикамызға не берді? Олар экономикалық өсім көрсететін салаға айнала алды ма? Үкімет олардың жұмысын тұжырымдамалық түрде саралап қорытынды жасады ма? Өкінішке орай нақты жауап жоқ.

АЭА-ға мемлекет тарапынан мынадай жеңілдіктер қарастырылған: корпаративтік табыс салығы, жер салығы төленбейді. Өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметке ҚСС тек АЭА-та салынбайды, бірақ осы аймақта өндірілген тауарлар мен өндіріс қызметін АЭА-тан өткізу кезінде ҚСС салынады. Бұл тиімділігі жоқ түсініксіз жайт. Шетелден мамандар тартып, олардың жалақы қорына берілетін жеңілдіктер тек ғылыми және білім саласы мамандарына берілген. Ал біздегі құрылған 11 АЭА тек өндіріс секторына бейімделген. АЭА қатысушылардың қызметін ынталандыру үшін импорттық өнімдерді алмастыратын ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар, ғылыми техникалық тапсырыстар мен программалар әзірлеу, аралас және кластерлік өндіріс құру, «Бір терезеден» басқару прициптері осы кезге дейін бірде-бір нормативтік құқықтық актілерде қарастырылмаған. Бүгінгі талданып отырған Заң жобасында да жоқ.

Мемлекеттік кепілдік берілген ауқымды тапсырыстарға тек өңдеу секторына осы кезге дейін тікелей шетелдік инвесторлар ғана тартылды. Осындай ауқымды тапсырыстарға отандық инвесторлар неге тартылмайды деген заңды сұрақ туындайды. Бұған тиісті саланың шенеуніктері отандық инвесторлар бұл салаға келмейді, сондықтанда да АЭА дамымай жатыр деген уәж айтады. Алайда, қызығушылық танытатын отандық инвесторлар жеткілікті, бірақ олар үшін ешқандай ынталандыру тетігі жасалынбаған. Ұлттық компанияларда АЭА-да шығарылатын өнімдерге көп сұраныстар бола тұра олар ең болмаса  өндірушілермен бір жылға кепілдік беретін келісім шартқа отырмайды. Өйткені оларға жергілікті өндірілген өнімнен гөрі арзан шетел өнімдерін алу анағұрлым тиімді. Демек инвесторларды іздегеннен гөрі әрбір АЭА-ға ұзақ мерзімді тапсырыстардың тетіктерін енгізу қажет. Осындай нақты тапсырыстарға инвесторлардың өздері келеді, ал салық және кедендік жеңідіктер олар үшін қосымша ынталандыру тетігі болып табылады. Осы орайда импорт алмастыру, әртүрлі салалардағы шаруашылық байланысын қалпына келтіру, мемлекеттің инвестицияға салатын салмағын төмендету, еліміздің экономикасындағы өңдеу саласының үлесін арттыру сияқты мәселелер де оң шешімін табар еді.

АЭА-да ағымдағы жұмыс нәтижелеріне салалық бағалау жасай отырып, олардың базаларында салалық кластердің ұйымдастырудың нақты ісшараларын жасау қажет. Ал басқа салықтық-кедендік шаралар аталмыш салалық дамудың кластерлік жоспарына бағыну керек. Аралас өндіріс орындарын, олардың жабдықтаушылар желісін АЭА өнімдерін тұтынушыларға жеткізуін ұйымдастырмайынша бірде бір арнайы АЭА-ң жұмысы нәтижелі болмайды. Бүгінгі күні АЭА-қ қызметтері туралы ресми есептерінде кластердің жоқтығын үлкен проблема екені айтылады. Мысалы: «Оңтүстік» АЭА Қазақстанда өндірілген шикізаттардың сыртқа кетіп жатқанын өз өндірісіне қажет товарларды сырттан  алатындығын айтса, «Инновациялық технологиялық парк» АЭА мемлекет тарапынан берілетін ғылыми-техникалық даму және жаңа технология жасау тапсырыстарынан құр алақан болып қалдық, ұлттық компанияларға өз өнімдерімізді өткізуге мүмкіншілік жоқ дейді, ал «Сарыарқа» АЭА салалық монополистердің шикізаттық экспортына байланысты өздерін метал өнімдермен қамтамасыз ете алмауда. Ал «Тараз» химиялық паркі 2018 ж. есебі бойынша бірде бір жобаны жүзеге асырмаған.

АЭА-ң қатысушылары мемлекеттік сектор емес жекеменшіктегі заңды және жеке тұлғалар. Сондықтан да АЭА-ны басқаруда осы заңды және жеке тұлғалар басты орын алуы тиіс. Қандай ұйым-мемлекеттік не квазимемлекеттік ұйым бола ма, АЭА-ты салалық қажеттіліктері үшін ведомства аралық тиімді қарым қатынастарды қамтамасыз етіп, корпоративті және мемлекеттік тапсырыстардың тетіктерін пайдаланып, ұзақ мерзімге инвесторларды тарта алмайды. Бұл үшін ең алдымен жалдамалы басқарушылар мен шенеуніктердің бонусы мен мансаптық өсуі емес кәсіпкер-бизнес иесіне үлкен ынталандыру керек. Сонда ғана АЭА толыққанды жұмыс жасайды деп ойлаймын.

Мұрат Бақтиярұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1792
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1785
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1501
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1400