Жұма, 26 Сәуір 2024
Ақмылтық 10884 38 пікір 27 Наурыз, 2019 сағат 13:22

Сәйфудин Әзезиден Нұр Бәкірге дейін...

Қасиетті Тәңіртау бүгінгі Шынжаңды ортасынан қақ бөліп тұр. Тарихшылардың жазуынша, Тәңіртаудың оң қанатын Қашқар, сол қанатын Жүңғар дейді. Тарихшылар моңғұл тілінде Жүңғар – сол қанат, Қашқар – оң қанат деп түсініктеме береді. Түбін қусақ бұл бәлкім байырғы түрік тілі болуы керек. Шығыс бен батысты тұтастырған осы өңір ежелден империялар мен қуатты ұлыстардың көз тіккен, ту тіккен талас өңіріне айналды. Көшпенділер құрған ежелгі Ғұн, Түрік империялары, әлемді тітіренткен Шыңғысхан, Ақсақ Темірлердің алғы шебі емес, алтын бесігі болды. Тіпті, Осман империясы да өз ықпалын емін-еркін жүргізді. Қашқар жағына араб-парсының ықпалымен ислам діні дендеп кірсе, Жүңғар жағы көшпелілердің кең сақарасы болды.

18 ғасырда билікке таласып қырқысқан ақтаулық қожалар мен қаратаулық қожалардың лаңы жүңғар атты әскерін бастап келсе, соңы Цин империясын толық бодандыққа кіріптар етті. Аралықта әндіжандық Якуб-бек құрған Жетішар мемлекеті тәуелсіздікті ұзақ ұстап тұра алмады. Осман мемлекетіне вассал болуға келіссе де, Ұлыбританияның қолдауына ие болса да, Батыстың алдында қалт-құлт еткен дәрменсіз Цин империясына төтеп бере алмады. Әйгілі Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтан өз әскерімен көмекке келсе де алтыбақан алауыздық пен таққа құмарлық меңдеткен, ішкі-сыртқы қайшылықты дұрыс пайымдай алмаған Якуб-бек ордасын құтқара алмады. Небәрі 12 жыл өмір сүрді.

1911 жылы Цин империясы құлағаннан кейін бүкіл Қытай қырық пышақ болып алатайдай бүлдінді. Бүкіл Шынжаң тағдыры бірінен бірі өткен қанышер, милиталистердің құрсауында қалды. Асқынған ұлттық, әлеуметтік, қоғамдық қайшылықтар Жүңғар Алатауының әр аумағыннан көшпелі қазақтардың көтерілісіне ұласты. Совет одағының арнайы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Нылқыда тұтанған өрт Шығыс Түркістан Республикасын дүниеге әкелді. Әрине, бұл Республика үлкен ойыншыларға ұнаған жоқ. Көп ұзамай Үш аймақ уақытша үкіметіне өзгертілді. Деседе өз әскері, өз ақшасы, өз сыртқы саясаты бар ұлттық республикалық сипатын сақтап қалды. Республика құрылған соң ұлттық армия үш бағыт бойынша жорыққа аттанды. Бірінші бағыт – Солтүстік бағыт. Бұл бағыттағы армия Құлжадан шығып Тарбағатайды азат етіп, Алтайға барып атбасын тіреді. Шығыс бағыттағы армия Құлжадан шығып, Үрімжіге қарай төте тартып, Манас өзенінде аттарын суғарса, үшінші бағыттағы армия Қарамайда бір рота әскерді бастап көтеріліс жасап, Тәңіртау асып Құлжаға келген Софыақұнның басшылығында Мұздауан асып оңтүстікке беталды. Дегенмен бұл бағыттағы армия діттеген жеріне жеткен жоқ. Ақсу аймағының екі ауданын азат еткенімен Ақсу қаласын ала алмады. Сонымен оңтүстік бағыт жоспары діттеген жеріне жетпей, 7 аймақ халқы отаршылдардың шеңгелінде қала берді. Яң Каишының сенімді серігі, генарал Жаң Жыжұң бар күшін бейбіт келіссөзге салып, уақытты ұзартты. Әрі Совет одағының бетін өздеріне қаратты. Осы аралықта Қытайдың батыс-солтүстікте тұрған атты әскерлерден құралған бесінші корпусы Шынжаңға кіріп үлгерді. Сонымен күш теңесті. Сөз тыңдамаған тегі өзбек Қазан төңкерісінен кейін Құлжаға келіп паналаған Әлихан төрені Совет жансыздары ұрлап кетті. Шығыс Түркістанда туса да балалық-жастық шағы Жаркент пен Алматыда өткен, Ташкентте, Маскеуде арнайы дайындықтан өткен Ахметжан Қасыми билікке келді. Сонымен бірге, Ысқақбек Момон, Дәлехан Сүгірбай сияқы генаралдармен Әбдікерім Аббасов, Сәйфудин Азази сияқты Советте тәрбиеленген жастар еш соғысты бастан өткермесе де, биліктің ең басты бұтақтарына отырды.

Ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Шығыс Түркістан халқының бас көтеруінің жемісі болған республиканың ғұмыры қысқа болды. Қытай коммунистері бүкіл Қытайға билік орнатқаннан кейін Батыс солтүстіктегі дүңгендердің 300 мың атты әскерін таптап өтіп, Совет одағының көмегімен әуе және құрлықпен қысқа уақыт ішінде мұздай қаруланған 100 мың әскерін Шынжаңға кіргізді. Яң Каиши үкіметінің тізе бүккен 100 мың әскерін қосқанда Совет одағының әскери көмегінен айрылған Шығыс Түркістанның 30 мың әскері тырып ете алмай қалды. Солтүстік Шынжаңның жер-жерінде тұтанған шағын көтерілістер зеңбіректің күшімен тас-талқан етілді. Ахметжан Қасыми командасы Пекинге ұшып бара жатқан жолда Байқалда құлап түскен соң Білім министрі болған Сәйфудин Әзези бастаған үш адам Пекинге барып, Қытай билігін толық мойындады. Ұлттық армия Қытай азаттық армиясының 5- корпусына айналып, қысқа мерзімде таратылды. 1955 жылы Шынжаң ұйғыр автономды районы құрылып, төрағасы Сәйфудин Әзези болды. Осы арада бізді ойландыратын бір жағдай бар. Басында айттық, Шығыс Түркістан республикасы қазақтар қоныстанатын Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты негізге алып құрылған.  Компартия толық орныққан соң 1951 жылы Алтай аймағының уәлиі, әйгілі батыр Оспан Слам атылды. Одан кейін Іле аймағының орынбасар уәлиі болған, әйгілі Тоғызтарау атты полкін құрушысы Жанболат Сөрттіұлы  Оспанмен астасып, көтеріліске дайындалды деген сылтаумен атылды. 1953 жылы қазақтың әйгілі меценаты, Тарбағатай аймағының уәлиі Басбай Шолақұлы делегация құрамында ішкі Қытайда экскурциялап жүріп Хан Жоу қаласында тұйықсыз қайтыс болды. Осы үш кісінің тағдыры бізді ойландырса  керек.

Бүкіл Қытайда «мәдениет зор төңкерісі» деген аласапыран басталып, Сәйфудин Әзәзи ШҰАР партия комитетінің бірінші хатшысы, ШҰАР Төңкерістік комитетінің (үкімет) төрағасы, ШҰАР Әскери округының бірінші саяси комиссары, ШҰАР өндіріс-құрлыс биңтуанының (қарулы дихандар) бас қолбасшысы болып тағайындалғанда, Шығыс Түркістан кезінде жанын шүпірікке түйіп қан кешкен, тәжірибелі, намысты қазақ әскерилері мен білікті мамандарды қуғындап, қызметтен аластайды. Жер реформасы кезінде белсенді болып көзге түскен жас мамандар Жанәбіл Сымағұл мен Ерғали Әбілқайыр және Еженханды текедей талдап алып, оларға қарсы қояды.

Қытайда реформа және сыртқа есік ашу басталған 40 жыл ішінде Қытайдың бет-бейнесі түбегейлі өзгерді. Шынжаң да бұл өзгерістен қағыс қалған жоқ. Ежелден жібек жолының өтінде тұрған ұйғыр ұлты нарықтың алдыңғы шебінде тұрып, экономикалық жақтан қарыштап өсті. Ғылым мен білімнің сапалы өсуі, мәдениет пен өркениеттің өркендеуі жағынан біраз мәреге жетті. Ұйғыр бизнесмендері реформа басталғанда теңізге жақын райондардың көлеңкелі шаруасын қыздырды. Совет одағы ыдырағанда арзанқол тауармен Шығыс Европа мен бүкіл ТМД нарығын жаулап алды. Бірте-бірте баспа-бас айырбастан жиналған мол қор оларды Египет, Біріккен әмірліктер елі, Түркия, Пакістан, Индия нарығына алып шықты. Білімді жастар Жапония, Европа жоғарғы оқу орындарында білім алып, ұлттық саналарында сілкініс пайда болды. Осы кезде саясат саханасында өз командасын құрып, тегеурінді Қытай саясатының шектеулі мүмкіндігін барынша пайдаланып, ұлтына қызмет еткен саясаткер Нұр Бәкір болды.

1997 жылы Құлжа қаласындағы 5 ақпан оқиғасында ұйғыр халқының мүддесін қорғап көзге түскен бизнесмен, ұйғыр миллионері, Қытай саяси кеңесінің мүшесі – Рабия Кадыр салықтан жалтарды деген атпен қамаққа алынады. Алтайда туып қазақтар арасында өскен Рабия ханым нарықта үлкен табысқа жетіп, Лондон биржасына шыққан санаулы бизнесмендердің бірі еді. Кейінгі деректер Пекинде батыс журналистеріне құпия құжаттар беріп жатқанында ұсталғанын айтады. Кейін Американың араласуымен Рабия ханым бостандыққа шығып, мұхит асты. Оның алдында Шынжаң оқу ағарту иниститутының профессоры болған күйеуі Америкаға кеткен еді. Рабия ханым шетелде топ-топ болып жүрген ұйғыр ұлтшылдарының басын қосып, Дүниежүзі ұйғыр конгрессін құрды әрі АҚШ президентінің қабылдауында болып, шетелдегі Қытай оппозициясымен, Тайван билігімен тығыз қарым-қатынаста болды. Оның аяғы Шынжаңдағы үлкен лаңкестік оқиғаларға ұласты.

Ұйғырлардың әл-ауқатының күшейіп, мәдениет жақтан толысуы, саяси талаптарының халықаралық деңгейде назар аударуы, кейбір топтарының халықаралық радикал топтармен астасып, лаңкестікке баруы Қытай саяси билігінің өзгеруімен қабаттасып келді. Ци-дің билікке келуі Қытайдың ішкі-сыртқы саясатын толық өзгертті. Қытай Конституциясына өзгеріс енгізілді. Нарықтың принциптерінен бас тартты. 40 жылдық реформаның жемісіне мастанып, сыртқы саясатта әлемге азуын көрсетсе, ішкі саясатта әлемдік техниканың жетістіктерін пайдалана отырып, Қытай Конституциясы мен жергілікті өзін-өзі басқару заңына пысқырмай, автоном районды ұлттар мен бөгде ойлайтын демократтарға қатаң саясат қолданды. Кезінде Тибетті қанға бөктірген, әскери борышын өтеген соң, қоғам жұмысына араласқан Чин Чанго Шынжаңға бірінші секретарь болып келді. Сонымен, Шынжаң тарихында болмаған қанды зобалаңның шымылдығы түрілді. Міне, осы кезде Нұр Бәкір командасы жасырын, ашық түрде өз ұлтын қорғау қамына кірісті. Олар ішкі-сыртқы күштермен байланыса отырып, барлық қаржылық мүмкіндіктерді пайдаланып, ұйғыр мәселесіне қазақ, қырғыз, өзбек, маңғұлды араластырудың қамына кірісті. 2014 жылы Нұр Бәкірдің сенімді серігі СҰАР Білім департаментің бастығы болған Әнуар Әбдіүшкір Іле қазақ облысы партия комитетінің бюро мүшесі әрі тәртіп тексеру комитетінің секретары болып тағайындалды. Ол келе салып, «үш түрлі күшке күрестің» қатарына «екі беткейлерді» қосты. «Екібеткейлерге» Орта Азия елдеріне туысшылап барған, сол елдерден ықтиярхат алған, шетелдермен әлеуметтік желіде байланысқа шыққан немесе көрші елдерде бала-шағасын оқытқан адамдардың бәрі кірді. Сонымен Шынжаңдағы барлық ұлттарға қарсы науқан басталды. Осы жерде Әнуар Әбдіүшкірдің екі үлкен жұмысын айта кетуге болады. Сол жылдары Құлжа қаласында әйгілі Оспан батырдың немересінің тойы болады. Сол тойға үш аймақтан біраз адам жиналады. Тойда бір ақын Оспан батырға арнап өлең оқиды. Осыны сылтау етіп, бүкіл тойға қатысқандар тергеуге алынып, ұйымдасқан қылмыс ретінде іс қозғалады. Ақыры қазақ басшыларының араласуымен ұйымдасқан қылмыстық іс бабы тоқтатылып, Оспан батырдың немересі, той асабасы, арнау өлең оқыған жігіт бастаған 4 адам сотталып кетеді. Осы кезде қазақтар ең көп қоныстанған Күнес ауданында электронды байланыс құралдарын сататын ұлты ұйғыр азамат өз компьютерімен 50-ден артық қазақ жастарына діни радикалдық бағытты үгіттейтін хабарлама таратады. Артынан аудандық ішкі істердің саяси заң бөлімінің басшысы ұлты ұйғыр Мырзахмет деген азамат осы іс бойынша қылмыстық іс қозғап, хабарлама қабылдаған жігіттердің бәрін тұтқындайды. Оншақты жігітті ұрып, соғып мойындатады. Осы аралықта Мырзахмет іс сапарға кетіп, бұл істі бір қазақ жігіт қолына алады. Ол іспен таныса келе, шикіліктерді байқап, хабарлама таратқан жігітті анықтайды. Ол жігіт жапқан жаласын мойындап, қолданған компьютерін жергілікті қазақтың атқорасынан тауып береді. Сонымен іс тоқтатылып, мойындаған жігіттер сотталып кетеді де, қалған жігіттер аман-есен ақталып шығады. Осы істі ұйымдастырушы Мырзахмет ішкі Қытайға мәнсабы өсіп өрлеп кетеді. Қазақ жігіт ауданнан ауылдық участковойға (сақшыға) төмендетіледі. 2018 жылы сәуірде Әнуар Әбдішүкір тұтықындалғаннан кейін ішкі Қытайға кеткен Мырзахметтің де қолына көзір салынады.

2017 жылдың басында ШҰАР-да оқулық дауы басталды. Қытай идеологтары «үш түрлі күштің» түп тамыры ұлттық оқулықтарда және тарихи кітаптарда жатыр»» деген шу көтерді. Басында бұл шу күшпен басылса да, соңында Пекиндегі жоғарғы биліктің тікелей бекітуімен бүкіл әдеби, тарихи оқулықтар мен тарихи кітаптар, романдар сүзігіден өтеді. Мұның соңы Шынжаң білім департаментің бұрынғы-соңғы басшылары, білім баспасының директорлары, Шынжаң медициналық универитетінің ректоры, Қашқар университетінің ректоры, Шынжаң универистетінің проректоры, Шынжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының вице-президенті бастаған 12 ұйғыр зиялысының тұтқындалып, сотталауымен тынады. Сол жылы қысқы демалыста ұйғыр оқулықтары, жазғы демалыста қазақ оқулықтары түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Осы сотталған ұйғыр қаймақтары Дүниежүзі ұйғыр конгрессі мен Жапониядағы, Түркиядағы ұйғыр ұлтшылдарымен тығыз қарым-қатынаста болғаны дәлелденеді.

2017 жылы көктемде интернет әлемінде Рабия Кадыр ханымның қазақ, өзбек, қырғыз қандастарға арналған видео үндеуі жарияланды. Үндеуде Қытай қысымына бірге қарсы тұруға, Қытайда қорланып, зорланған шейттерге арнап, ірі қалалардың мешіттері мен мейрамханаларында ас беріп, құран оқыту керектігі айтылады. Осыдан кейін атышулы, бүгінгі қылмыс күдіктісі Серікжан Біләш бастаған топ Алматыда Алатау ресторанында үш рет үндеуге үн қосып, осындай шаралар өткізді. Оған Германиядағы, Түркиядағы қазақ зиялылары үн қосты. Сақалы ұзын, балағы қысқа қазақ жастары барлық шараның алдыңғы шебінен бой көрсетті.  Аталымыш тіркелмеген ұйымның ақпараттық, қаржылық мүмкіндігі бұрынғысынан мың есеге артты. Орталық Қазақстан мен шығыс, солтүстік Қазақстанды ұшақпен аралайтын болды. Отанға оралғанына 20 жылдан асса да қағылып-соғылып, өмірде жолы болмай жүрген даукес қаламкештерге өзін көрсетіп, шерін шығарудың жаңа мінбері пайда болды. Олар ватцап желілерде лекция оқып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылған шатпақтарымен ютубтың жұлдызына айналды. Қымбат реторандар мен қонақ үйлердің тұрақты клиенттеріне айналып, ақша берген қожайынының тапсырмасын асыра орындады.

2 жарым жылдан бергі барлық ақпараттарды саралай келе олардың басты үш мақсатын пайымдауға болады. Бірінші, қазақ көшін тоқтату. Ол толық орындалды. Екінші, қандастар арасына от салу. Ол асыра орындалды. Үшінші, қандастар мен жергілікті халық арасын шиленістру, қазір осы үрдіс жалғасуда. Оның дәлелі, ь, ю, я, ц, й, и-ді парықтамайтын фейктер фамилиясына «ов» пен «ова»-ны қосып, әлеуметтік желіні шаңдатуда.

Осы интернет батырларын саралай келе, олардың 70 пайызының Қытай мемлекеттік кәсіпорындары мен жеке кәсіпорындарында істейтінін әрі Қытайдан зейнетақы алатындығын, Қытайға мәдени, білім шаруасымен жиі баратынын, ал қалған 30 пайызының Түркияда, Араб елдерінде, Египетте оқыған немесе еліміздің діни медреселерін бітірген әрі қажылыққа көп мәрте барған азаматтар мен азаматшалар екені анықталды. Дау қызып, қоғам бұрық-сарық қайнағанда осы істерден Батыстың, Ресейдің, Түркияның әрі қашқын банкир Әбілязовтың қолтаңбаларын анық байқаймыз. Бәрінің мақсаты билік алмасу өларасында тұрған қазақ еліне ықпал етіп, қысым жасап, өз ұпайын түгендеуден басқа ештеңе емес, сондықтан ешқандай халықаралық күш Қазақстанды жарылқамайды. Оларға ойын керек болса, бізге тұрақтылық керек. Біз қазақ дауын халықаралық дауларға араластыруға мүдделі емеспіз. Өз қотырымызды өзіміз қасып, тұрақтылық пен жан санымыздың өсуін басты мақсат етуіміз керек.

Әрине, Тәуелсіздік үшін күресіп, жан алып жан беріскен туысқан ұйғыр халықына моральдық тұрғыдан тілектеспіз. Оларды әшкере қолдап, Қытайдағы 1 жарым миллионнан артық қазақтың тағдырын даңғазалыққа салып наиза ұшына ілмей, түрлі түсті жолдармен жасырын қолдап, ақырын күткеніміз дұрыс. Ақпараттық соғыста тактикалық жолдан ұтылмауымыз, стратегиялық мақсатта мысықтабандап алға жылжуымыз керек. Өткен жылы халықаралық сарапшылардың есебінде Қытай жансаны 100 миллионға кеміген. Алда 2050, 2080 аралығында Қытай жансаны 600 миллионға түсуі мүмкін. Қазіргі Қытайдың ішкі-сыртқы дағдарысы, ашалап айтсақ: ақшаның құнсыздануы, бай мен кедей арасындағы теңсіздік, өлкелер арасындағы алшақтық, коррупция, еңбеккүштің қымбаттауы, жердің, жылжмайтын мүліктің бағасының бақылаудан шығып кетуі, діндік, ұлт араздық, партиялық биліктің мүмкіндігін сарқуда. Оған көршілермен дүлдараздығы мен Батыстың санкциясын қосыңыз. Мың асқанға бір тосқан деген – осы. Шынжаң біз үшін қауіпсіздік белдеуі. Кезінде ғұндарды жеңу үшін Қытайдың 3 ұрпақ патшасы 100 жыл дайындалған. Оның қасында 50 жыл деген көп уақыт емес. Жан санымыздың көбейуі, экономикамыздың өркендеуі, түрік халықтарының берекесі – біздің ең үлкен қорғанысымыз бен бойтұмарымыз болып табылады. Осы бағытта арымай-талмай, ақылымыз бен күшімізді сарқа жұмсауымыз керек.

Мәулен Даулыбайтегі

Abai.kz

38 пікір