Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жөн-ақ 6288 15 пікір 26 Наурыз, 2019 сағат 09:51

Елім, саған айтам, білім министрі, сен тыңда!

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде болсын, әртүрлі бас қосу алаңдарында болсын, батыстың реформалары мен білім беру тәсілдерін үлгі етіп насихаттау, қатты белең алып бара жатыр. Жақында әлеуметтік желіден осындай бір мақаланы көзім шалып қалды. Онда батыста оқуын жетілдіріп жүрген ағамыз былай депті.

"Американы айта берді деп сөкпегейсіздер. Білім мерекесіне орай айтылмаса болмайтын тағы бір ой бар. Осыдан екі жыл бұрын Бостонда ұлым Алаш бірінші сыныпқа барды. Келер жылдың күзінде екінші сыныпқа көшті. Екіншіге келсек, мұғалім басқа, оқушылардың көбі былтыр бірге оқығандар емес. Сөйтсек, мектепте сынып жетекшілерін жыл сайын ауыстырып, оқушыларды басқа сыныпқа қайта бөліп тастайды екен. Айталық, мектепте бірінші сыныпта төрт класс болса, келер жылы әр класты төртке бөліп, класстарды қайта жасақтайды. Оның пайдасы мынадай.

Біріншіден, оқушылар өзгеріске үйренеді. Өркениет пен даму өзгерістен басталады. Ондағы балаларда мектеп бітіргенше бір бөлмеде, бір партада отыру деген жоқ. Жылда өзгереді. Үлкейген соң өзгерістен көп стресс алмайтын болады. Өзгерісті өмірдің соңы деп емес, бастауы деп ұғатын болады. Жалпы, Американы әлемнің алпауыты етіп отырған формула - өзгеріс. Өзгеріс ғайыптан тайып келе салмайды. Өзгеріске бірінші сыныптан бастап тәрбиелеу керек.

Екіншіден, мұғалім маманданады. Себебі, бірінші сыныптың класс жетекшісі тек қана біріншіге, екіншінің мұғалімі тек қана екіншіге сабақ береді. Американы алпауыт елге айналдырған екінші күш бұл – мамандану. Бірінші сынып пен екінші, екінші мен үшінші сынып балаларының танымдық-псиxологиялық дамуы әртүрлі. Сондықтан, өмір бойы бірінші сыныпқа сабақ беретін мұғалім сол жастағы балалармен жұмыс істеуге маманданады. Бірінші сыныптарға білім беру жөнінде ғылыми материалдарды оқиды. Жыл сайын кәсіби білігін жетілдіріп отырады. Бізде төртінші сыныпты тәмамдатқан сынып жетекшісі бірінші сыныпқа қайта оралады. Яғни, біраз уақытқа дейін бірінші сыныптың балаларына бейімделе алмай, өзін төртінші сынып оқушыларына сабақ бергендей ұстауы мүмкін.

Қорыта айтсақ, дамудың көздері – өзгеріс пен мамандану мектептен басталады" - депті!

Хош делік! Мұндай ұсыныстарды оқығанда, бір қарағанда бәрі керемет болып көрініп қалуы бек мүмкін. Ал, тереңірек талдай бастасақ, біздің менталитетімізбен, ұлттық болмысымызбен үйлеспейтін қаншама қарама-қайшылықтарға тап боламыз.

Сонымен әлқисса!

Өз басым оқушыны әр сынып сайын ауыстырғанды дұрыс көрмеймін. Өйткені, буыны қатпаған өскелең ұрпаққа мұндай “аласапыран”, оларда ұжымдық, достық, бауырмалдық қатынастардың қалыптасуына үлкен зиянын тигізеді деп ойлаймын. Себебі, мұндай тәрбиемен сусындаған жастар, қоғамдағы өзгерістерге (жақсысы болсын, жаманы болсын) селқос қарап, бейтарап жүре беретін тобырға айналуы мүмкін. Мысалы, біз сыныптастарымызбен әлі күнге жақсы араласып тұрамыз. 11 жыл бірге оқып, балалық бал дәуренімізді бірге өткізіп, қаншама жыл бір партада отырғандықтан, жастайымыздан бір-бірімізді айтпай-ақ түсінеміз. Қуанышқа да, қайғыға да жиналып, бірге болуға тырысамыз.

Адам әртүрлі қиындыққа түскенде, әйтеуір жалғыз қалып кетпесіне сенімді болады.

Әскердегі достарыммен де солай. Екі жыл бір нанды бөліп жеп, бірімізді біріміз жүруге шамамыз келмеген кездерде талай арқалағанбыз. Қазір олармен үнемі хабарласып, ақылдасып, көмектесіп тұрамыз.
Бұл да бір ғанибет!

Американдықтармен біздердің дүниетанымымыз екі бөлек. Оларда отаншылдық, туған жерге деген сағыныш жоқ десең де болады. Олар «Ит тойған жеріне» деген мақалмен өмір сүреді. Оның да өз себебі жоқ емес. Оның сыры өте тереңде жатыр.

Америка халқы дегеніміз, келімсектерден құралған тобыр екені бәріне аян. Ол жердің негізгі тұрғындары индеецтердің (үндістердің) 95% пайызын жойып жібергендіктен, олардың орны Африкадан әкелінген құлдармен толтырылған. Оларда Отан, Жер, Достық деген ұғымдар қайдан болсын!. Өйткені, бүгін анау қожайын сатып алса, келесіде басқа штатқа кетіп қалуы мүмкін. Мұндай елде біздегідей бауырмалдық ұғымы ешқашан болмақ емес.

Ақ нәсілділерде де солай. Әр жақтан жиналған, ортақ мүддесі жоқ, бір күнімен өмір сүретін тобырлар.

Ал негізгі тұрғындары индеецтерге (үндістерге) берілген – Невада штаты. Ол жер – ядролық сынақтар өткізетін полигон штаты.

Енді қараңыз....

Сондай қойырпақталып, әр жерден жиналған тобырлардың ұрпақтарында ортақ мүдде деген ұғым болмайтыны анық қой.

Сонымен, қазақ ұлтынан ешқандай принципсіз, бәріне бейтарап қарайтын, нұсқаған жағына кете беруге бейімделгіш, бәріне жаңашылдық деп, түсіністікпен қарайтын тобыр тәрбиелеп шығару ең бірінші кімдерге пайдалы?

Бұл сұрақтың жауабын әр адам өзі іздегені абзал. Мына жерде оны көзге шұқығандай нұсқап беруге болады. Бірақ, «Шайнап берген ас болмас, тісі шыққан балаға» дегендей, әрбір саналы адам өзі ойланғаны жөн.

Әр саланы реформалағанда, геніне сіңген ұлттық ерекшеліктерімен мәдениетіне тиіттейде зиянын тигізбестей етіп, өз ұлтыңның менталитетіне нұқсан келтірмеуіне баса назар аударылуы керек. Әйтпесе, біздердің тек тәніміз ғана қазақ болады.

Егерде сен қазақтың тіліңді, тарихыңды білмесең, батырлар жырын оқымаған болсаң, "Абай жолы" мен "Көшпенділердің" бетін ашпасаң, М.Жұмабаевтың екі өлеңін жатқа айта алмасаң, домбырадан - гитараны, асықтан - карта ойнын, көкпардан - хоккейді артық көрсең, онда сенің қай жерің қазақ?!

Мен ешкімге қатып қалған принципті ұстан демеймін. Ол дұрыс емес. Дүниедегі әрбір өзгерістен, өзіне керегін теріп алуға да болады.
Басқаның, өздерінің дүниетанымымен мәдениетіне сай, талай жылғы нешеме реформалардың нәтижесінде пайда болған дүниесін, өз еліне әкеліп, сол қалпында енгізе салудан, ұтарыңнан ұтыларың көп болуы бек мүмкін.

Ол жағы кімді алаңдатады?!

Әрине, жаны қазақты алаңдатады. Ал, тәні қазақтың оған бас ауыртуы екіталай.

Мысалы, осы мақаладағы американың оқыту жүйесі мен олардан кем дамымаған Жапондардың оқыту жүйесін салыстырсақ. Жапондарда бала бастауышты бітірмей, оған ешқандай шет тілі оқытылмайды. Бала тек жапон тілінде білім алады. Жоғарғы сыныпты бітірерде жапон әдебиеті мен тарихынан білімін қатты тексереді. Егер де, ол сыннан жақсы өте алмаса, онда ол бала шетелге оқуға жіберілмейді. Өйткені, бала қанша жерден білімді болғанымен, жапон тарихы мен мәдениетін бойына сіңірмеген маман керек емес. Себебі, жапондарға баланың тәнінің жапон болғанынан, жаны мен рухының жапон болғаны артық. Сол жапондар қазір кімнен кем? Дәл қазір бәрінен алда.

Ойланып көріңіз. Екі мысалдағы білім беру жүйесінің қайсысы бізге тиімді немесе біздің бодандықтан жұлмаланып, ұлт ретінде жойылып кете жаздап, қайта тірілген қазаққа қайсысы керек қазір?!

Кеше бір таныс ағамыз ашынып отыр. Мұғалімдікке мектепке орналасуға, комиссияның алдына келген ЖОО бітірген болашақ мұғалімдердің 10-ның 8-і "Байтұрсынов кім болған? Қазақтың соңғы ханы кім?" деген қарапайым сұрақтарға жауап бере алмаған.

Айтуларынша, бұл өз мамандығына тікелей қатысы жоқ сұрақтар екен-міс!
Бұл шындығын айтқанда, осыған дейін ауысқан 12 министрдің 10 реформасының жемісі деп білемін..

Америка жаңалыққа бейімделгіш ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылып жатса, біздер осы күні ондай "бейімделгіш" ұрпақты тәрбиелеп қойдық. Корейге еліктеген "НАЙНТИ УАН" тобын ТВ-дан арнайы жарнамалап, сырға тағып шаш бояудың арқасында, сол стильдің фанаттары да "бір қауым ел" болып қалды қазір.

Арабтарга еліктеген, "келте балақтардың" тобырына қойыңдар деуден қалдық. Тағысын-тағы! Айтары жоқ...

Сонымен, жаңағы екі елдің оқу жүйесіне қайта оралсақ.

Әр ұлт өз ұрпағының болашағы үшін, алдарына бір мақсат қойып, сол мақсат аясында бір оқу жүйесін қалыптастырып, сол бойынша келесі ұрпағын тәрбиелеп шығарады.

Әрбір істе ең алдымен межеде бір мақсат тұрады. Әркімде ол әртүрлі мақсат.
Жапондар ұлттық мәдениеті мен менталитетін сақтап қалуы үшін (жапон мемлекеті үшін емес, жапон ұлты үшін) олар ұлттық жолды таңдады. Одан экономикасы құлдырап жатқан олар жоқ.

Екіншісі, ұлт деген түсінік мүлдем жоқ, әр жаңашылдықты қабылдарда, "ұлттық мәдениетіміз бен менталитетімізге қалай әсер етеді" деген ойдан мүлдем ада - Америка елі.

Ал енді таңдайық. Қайсысы бізге жақындау? Қай жолмен жүру бізге тиімдірек?

Біреудің костюмі екінші адамға дәл келе қалуы сирек жағдай болатыны сияқты, әрбір елдің реформасы келесі елге мүлдем келмеуі мүмкін.
Ең алдымен реформа таңдау үшін, алдымен ұлттық идеологиямыз қандай деген сұраққа жауап тауып алуымыз керек шығар?

Осы сұрақтың жауабы қандай болса, соған лайық өзгерістер қабылдауға болады. Ортақ идеологиясыз, әр "көреген" өз түсінігімен бұрмаласа, қай дүние оңушы еді?!

Әрбір ұлттың іргетасы оның – ұлттық идеологиясымен ұлттық құндылығы.

Егер де, өз кұндылығымызға негізделген идеологиямыз бірінші тұратын іргетасымыз болмаса, онда, әр елдің "кірпіші мен топырағын" әкеліп, ол жерге қалайша "зәулім үй" тұрғызбақпыз?

"Ескіні көрген" жақсы-жақсы ұстаздарымызбен, білікті ғалымдарымыздың көзі тірісінде, білім саласын ұлттық негізге ұштастырып алмасақ, кейігі келетін "реформатор данышпандардан" үміт жоқ!

Міне, мәселе қайда жатыр!

Рүстем Әшетаев, саясаттанушы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 419
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 227
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 253
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 238