Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2399 0 пікір 25 Мамыр, 2011 сағат 06:12

Дулат Аманжол. АйТи аясында қазақ мүддесі кенжелеп қалды

Өрелі өркениетті елдер ақпараттық технологиялар IT (АйТи) дәуіріне аяқ басты. Ал Қазақстан ақпараттық қоғамды қалыптастыру үдерісінде кенжелемей, IT-индустрия айдынында ауыз толтырып айтарлықтай не тындырды? Ірі мамандар мен сұңғыла сарапшылар аталмыш индустрияны ұлттық мүддемізге бағындырудың амалын таппай, стратегиялық саясат түзе алмадық деп дабыл қағуда. Отандық IT-сала зерттеушілері болса, атойлап отырған сыңайлы. Мәселен...

Өрелі өркениетті елдер ақпараттық технологиялар IT (АйТи) дәуіріне аяқ басты. Ал Қазақстан ақпараттық қоғамды қалыптастыру үдерісінде кенжелемей, IT-индустрия айдынында ауыз толтырып айтарлықтай не тындырды? Ірі мамандар мен сұңғыла сарапшылар аталмыш индустрияны ұлттық мүддемізге бағындырудың амалын таппай, стратегиялық саясат түзе алмадық деп дабыл қағуда. Отандық IT-сала зерттеушілері болса, атойлап отырған сыңайлы. Мәселен...

Жаңа мыңжылдық «жаһандану үдерісін» көлденең тартып қана қоймай, ықпалын күшейтті. ІТ саласы шапшаң қарқынмен дамығандықтан, көптеген елдер осы секторға ерекше ден қойды. Сондықтан Қазақстан ақпарат тасқынының астында қалып қойып, көшбасшы елдерге тәуелді болмас үшін, халықаралық тәжірибеге сүйенуге тиіс-тін. Себебі, Сингапур, Оңтүстік Корея, Израиль, Ирландия, Австралия, Қытай, Ресейді айтпағанның өзінде, КСРО-ның шекпенінен шыққан Эстония, Литва, Латвия, Украина елдері ұлттық мүдделерін бірінші орынға қойып, арнайы стратегия мен бірегей бағдарлама қабылдап жатты. IT-секторды дамытуға тиісті агенттіктер мен органдар бекітіліп, ақпараттық технологиялар инфрақұрылымы қалыптасты. Яғни дамушы елдер ұлттық сегменттің негізін қалап, отандық ғылымның аясын кеңейте білді. Ал Қазақстан осы салада - әлемдік нарыққа шығу, инвестиция тарту, отандық өнімдерді өндіру, төл операциялық жүйені қалыптастыру, білікті мамандарды даярлау, компьютерлік бағдарламарды шығару, IT арқылы экономиканың әлеуетін арттыру сияқты кезек күттірмейтін мәселелерге келгенде, дәрменсіздік һәм жалтақтық танытып келеді.

Алайда дамушы елдер IT-ді ел экономикасын дамытудың тетігі ғана емес, күшті ұлттық қару деп қабылдады. Алдымен, технологияның барлық түрлерін өз тілдерінде еркін сөйлетті. Мысалы, Түркия, Ұлыбритания, Малайзия, Эстония елдерінен үлгі алсақ жеткілікті. Ал біздің елде технология қазақ тілінде сөйлемек түгілі, еңсесін тіктей алмай жүр. Бір жылдары «Microsoft Қазақстан» компаниясының құлақ етін жеп: «Windows OS-ны қазақша сөйлетіңдер!» - деп едік. Міне, Windows операциялық жүйесі (OS) де, MS Office редакторы да қазақша сөйледі. Алайда Microsoft Kazakhstan компаниясының директоры Гюнтер Дам: «Қазақтілді операциялық жүйе мен редакторға сұраныс 1%-ды әзер құрап отыр», - деген соң, тым-тырыс бола қалдық.

Белгілі ғалым, академик Асқар Жұмаділдаевтың тілімен айтсақ, ол: «Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің бос сөзге үйір екенімізді көрсетеді. «Ойбай, қазақша сөйлеңдер», - дейді. Ал сөйледік. Неге оны қолданбайды? Өйткені ғылымның өзі жоқ. Біздің қазақтардың Word-та бес-алты сөйлемді басқаннан басқа қолдарынан түк келмейді. Осыны біліп алады да компьютерді меңгердім деп шыға келеді. Мәселен, Эстонияда бір-ақ миллион халық тұрады, ал Латвияда адам саны - екі-үш миллион ғана. Нағыз «компьютербасты» адамдарды сол жерден табасыз. Ал 10 миллионға жуық қазаққа қажет қазақша Windows - бір-ақ пайыз. Бұл - қазақ тілі қажет емес деген сөз. Намыс қайда?!» - деп, академиктің зығырданы қайнаған еді. Осыны пайдаланған орыс тілді газет-журналдар «Қазақтілді басылымдар неге үнсіз отыр?» - деп жарияға жар салды. Жоғарыда аталған мемлекеттерде ақпараттық терминологиямен айналысатын арнайы комитеттер бұрыннан бар екенін білеміз. Бізде Mozilla Firefox браузерін алты айда қазақшалаған - Бауыржан Муфтахитдинов деген азамат қана. Келешекте «Linux қазақ тілінде» деген жоба жүзеге аспақшы. Оған да 1-ақ (!) адам жұмылдырылған. Басқа елдер компьютерлік, ақпараттық терминологиянының өресін кеңейтіп, жанталасып жатқанда, бұнымызға не жорық?!

Бүгінгі таңда Индия, Германия, Қытай мемлекеттері сияқты, компьютерлік бағдарламаларды жасап, IT-бизнестің көшбасшылары болуға ұмтылуымыз керек-ақ. Тек әлі күнге дейін неге бірде-бір компьютерлік бағдарламаны жобалауға, құруға және басқаруға кірісіп, әлемдік экспортқа шығара алмадық? Қашанғы шетелдің IT-менеджерлеріне, бағдарламашыларына, инженерлеріне қып-қызыл ақша төлеп, тәуелді бола береміз? Марк Цукерберг, Чад Херли, Блейк Росс, Дейв Хат сынды компьютербасты энтузиастар қазақ жігіттері арасында көрінбейтіні өкінішті. Олар небары 15-21 жас аралығында қомақты қаражатсыз-ақ Facebook, YouTube, Mozilla сияқты әлемдік бағдарламарды ойлап тауып, дүние жүзінің жас миллионерлеріне айналды. Әлбетте, біздің ұлттық технологияны Цукербергтей әлемге айдай ететін қазақ пайда болатынына сенгіміз келеді.

Компьютерлік ойындарды жобалау, шығару және кеңейту де аса маңызды. Мәселен, Абылай ханға стратегиялық ойын, Алпамыс пен Қобыландыға action мен симулятор жасап, бағдарламалауға болады ғой. Ал Астана, Алматы мен Қарағанды 3D-шутерлерге сұранып-ақ тұр. Тек осы салада машықтанған мамандар мен әуесқой командаларды ынталандыруға келгенде, аянып қалатынымыз жаман!

Десек те, IT саласына Израильдей инвестиция құймасақ та, ел экономикасымен ұштастыра келіп, тез арада осы саланы дамытудың ұлттық стратегиясын ойластыруымыз қажет! «Мықты механизм - модернизация бастауы» деген заманауи қағиданы естен шығармаған жөн.

Интернет (Қазнет) желісі қазақстандық сегментінің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастырудың және дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасында: «Қазнетте мемлекеттік тілді пайдалану өте төмен деңгейде қалып отыр. Олар бұрын қазақ тілін кодтау және тану проблемасы болса, қазір ондай проблема жоқ. Қазнетте кітапхана жоқ, білім мен ғылым жүйесінің ресурстары әлсіз дамыған», - делінген.

Ал бүгінгі таңда мемлекет құрушы қазақ халқының саны 45%-дан 65%-ға көбейгенін ескерсек, Қазнеттің кімге қызмет етіп отырғаны белгісіз. Ресми ақпарға жүгінсек, 2010 жылдың есебі бойынша қазақ ғаламторында 6997 сайт тіркелген. Солардың тек 617-сі ғана қазақ тілінде.

Қазнетте әлеуметтік желілерді ана тілімізде дамытудың оңтайлы шешімі де табылмай отырған сыңайлы. Биыл өткен қазақ блогшыларының құрылтайы аясында Ерлан Қарин: «Қазақстанда әлеуметтік желілердің 80%-дан жоғары тұтынушысы (басым бөлігі) орыс тілінде қарым-қатынас жасайды», - дегені есімізде.

Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, алпауыт державаларды былай қойғанда, бауырлас Түркия немесе Солтүстік Африкадағы Марокко елінен өнеге алуға болады. Ақпараттық технологиялардың көсегесін көгерту арқылы бұл елдер әдебиет, тарих, мәдениеті мен дәстүрін алға жылжытты. Туризм саласын дамытты. Бірнеше жылдың ішінде ресурстардың мультимедиалық мүмкіндіктері мен тақырыптық мазмұнын кеңейтіп, ұлттық танымдық деңгейге дейін көтере білді. Демек, қазақ технократия дәуіріне дендеп бейімделсе, бүгінгі мемлекеттік тіл мәселесін лезде шешіп тастайтын еді. Сөйтсек те, біз өзгенің қаңсығына тас кенеше жабысуды доғаруымыз керек. Әлемдік тәжірибені негізге алып, қазақ мүддесінен туған төл өнімдерді әзірлей берсек, жаңа сатыға нық қадам басамыз.

Ал, біздің ойымызша, Қазнет латын әліпбиіне көшудің алғышарты бола алады. Бүгінде жаһандық желідегі сайттарды латынға көшірудің еш техникалық қиындығы жоқ. Түркі әлемін біріктіретін бірденбір жол латын әліпбиі екенін ескерсек, кириллицадан біржола құтылып, түбі бір, тегі бір, тарихы мен мәдениеті тамырлас елдерге жақындауымыз керек.

Еліміздегі ІТ-компания басшыларының уәжіне сенсек, қазақша интернет-ресурстарының аз болуы мен өрге домаламауы - кадр тапшылығы мен жеңілдіктердің қарастырылмауы, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар аздығы, отандық ІТ-компанияларда қазақ тілді бағдарламашылардың жетіспеушілігі, ұлттық ІТ-жобалардың тиісті деңгейде ынталандырылмауы және сала менеджерлерінің мектебі қалыптаспауынан туындап отыр екен.

Әлемге танымал IT зерттеушісі, академик Ни Гуаннань «Ақпараттық технологиялар ұлт тілінде еркін тыныстамаса, бұл - үлкен кедергі. Жеке адамға емес, тұтас бір ұлттың дамуына кедергісі тиеді!» - деген-ді. Қысқасы, IT-индустрияны әлемдік үрдістерге сай дамытпасақ, ұлт ұпайы түгенделмейтіні анық. Әлем бір кездері «мал баққан, жай жатқан» елді енді басқа жерден іздесін! Өз бұйдамыз өз қолымызға тиген соң, жалтақтық пен ынжықтық емес, батылдық танытсақ қане?! Не Қазақ технократтық мемлекетке айналып, экономикасын әлемдік деңгейге жеткізеді, не жалпақшешейлігі мен жайбасарлығымен көш соңында жүреді. Ойланайық! Әзірге есеміз кетіп жатқан бұл бағытта еңсемізді тіктемесек болмайды. Бұл салмақты стратегия, жүйелі жоспар, байыпты бағдарламаны талап етеді. Өйткені ақпараттық технологиялар майданында «сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады»!

Қарағанды қаласы

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 19 (102) 25 мамыр 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2051
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2484
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2071
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1599