Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3532 0 пікір 25 Мамыр, 2011 сағат 03:26

Дархан Қыдырәлі. Түркістанның ең ұлы ақыны

Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегі мен мұқалмас қайратының нәтижесі ретінде Берлинде шықан «Яш Түркістан» жорналы ұлы Түркістанға қатысты көптеген құнды мұраларды қойнауына бүгіп жатыр. Олай дейтініміз, біріншіден, «Яш Түркістан» жорналы қазіргі қазақ тіліне түгелдей аударылып, ғылыми, әдеби айналысқа әлі толық түсе қойған жоқ. Екіншіден, Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығын мұрат тұтқан бұл жорналдың негізгі бағыты саяси сипатта болғанымен, басылым бетінде мәдени, рухани, тарихи, әдеби туындылар мен мақалалар жиі жарық көріп тұрған. Мұстафа Шоқай бастаған азаттық ерлері кеңестік Түркістанда болып жатқан оқиғаларға наразылық білдірумен ғана шектелмеген, олар ұлттық тұрғыдан өзіндік ұстанымдарын да айқын аңғартып отырған.

Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегі мен мұқалмас қайратының нәтижесі ретінде Берлинде шықан «Яш Түркістан» жорналы ұлы Түркістанға қатысты көптеген құнды мұраларды қойнауына бүгіп жатыр. Олай дейтініміз, біріншіден, «Яш Түркістан» жорналы қазіргі қазақ тіліне түгелдей аударылып, ғылыми, әдеби айналысқа әлі толық түсе қойған жоқ. Екіншіден, Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығын мұрат тұтқан бұл жорналдың негізгі бағыты саяси сипатта болғанымен, басылым бетінде мәдени, рухани, тарихи, әдеби туындылар мен мақалалар жиі жарық көріп тұрған. Мұстафа Шоқай бастаған азаттық ерлері кеңестік Түркістанда болып жатқан оқиғаларға наразылық білдірумен ғана шектелмеген, олар ұлттық тұрғыдан өзіндік ұстанымдарын да айқын аңғартып отырған.

Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жинастырып жүрген кезімізде, дәлірек айтқанда 1997 жылы «Яш Түркістан» жорналында жарияланған бір мақала назарымызды айрықша аударды. Басылым бетінде 1934 жылы жарық көрген мақала «Түркістанның ұлы ақыны - Абай Құнанбайұлы» деп аталады екен. Шағатай тілінде жазылған мақалаға қосымша ретінде Абайдың мәшһүр суреті басылып, оның астына «Түркістанның ең ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы» деп жазылыпты. Мақаланың соңына «Есен Тұрсын» деген қол қойылыпты. Бүркеншік ат қолданған автордың шын мәнінде кім екенін анықтау оңайға соққан жоқ. Әуелгіде Мұстафа Шоқайдың өзі болар деп ойладық. Эмиграциядағы зиялылар арасында жаңа қазақ поэзиясының көшбасшысы болған ұлы Абайды ұлты қазақ Шоқайдан артық кім білмек? Оның үстіне, мақала авторы Абайды тұтас Түркістанның ең ұлы ақыны ретінде атаған екен. Біздің білуімізше, Абайды бұлай тұтас Түркістанның бас ақыны деп бағалаған жан болған емес.

Әрине, басылымның бас редакторы ретінде Мұстафа Шоқайдың мақаланың жазылуы мен жарық көруіне үлкен септігі тигені анық. Дегенмен, зерттеу барысында көз жеткізгеніміздей, Есен Тұрсын - «Яш Түркістан» жорналының жауапты хатшысы Тахир Шағатайдың лақап аты. Сондықтан, Абайдың өмірден өткеніне 30 жыл толуына орай шет елде, «Яш Түркістан» жорналында жарық көрген бұл мақаланың авторын профессор Тахир Шағатай деп батыл айтуға болады.

Ең алдымен айтар жайт - көлемі шағын мақала қалың көпшілікке арналғанымен, ғылыми тәсілден ауытқымай, барынша жүйелі жазылған. Мақаланың кіріспесінде Абайды қалыптастырған орта мен халық әдебиеті жайында сыр шертіп, ой өрбіткен автор қазақ әдебиетін «түркі халықтары әдебиеті ішінде ең бай әдебиет» деп бағалайды. «Қазақ халық әдебиеті сарқылмас, шексіз қазына» деп тамсанған Шағатай, қазақ әдебиетінің даму үрдісі мен өрісіне, ерекшелігі мен басымдылықтарына тоқталады. Осы тұста ХІХ ғасырға дейінгі дәуірлерге талдау жасап, халық әдебиетінің тармақтарын тарата айтқан Тахир Шағатайдың білгірлігіне еріксіз таңырқайсың.

Мақала авторы Абай туралы тереңнен толғап, көсіле сөйлейді: «...Абай Құнанбайұлы әдебиетке үлкен өзгеріс әкеліп, халық әдебиетіне жаңа бағыт берді. Ол заманауи сипатта, ұлттық рухта өлеңдер жаза бастады. Абай орыс әдебиеті және сол арқылы Еуропа әдебиетін жетік білетін. Дегенмен, бұл таныстық оны қазақ ауылынан, кең даласынан және дала төсінде еркін жайлаған халқынан айырған жоқ. Ол дәстүрлі қазақ әдебиетіндегі халықшылдықты заманауи ұлтшылдыққа айналдырды».

Расында, Абайды өзге замандастарынан айырып тұрған ең үлкен ерекшеліктің бірі - оның терең тамырдан, дәстүр мен дінінен, халықтық таным мен пайымнан қол үзбей, ұлттық, рухани құндылықтарды жырлап өтуінде жатыр емес пе? Осы орайда Мұстафа Шоқайдың 1935 жылы "Яш Түркістан" жорналында жарық көрген «Орыс миссионерлігі» деген мақаласы еріксіз еске түседі. Аталмыш мақалада Мұстафа Шоқай Абайдың әйгілі замандасы, құйрықты жұлдыздай ағып түскен Шоқан Уәлихановты «орыс мәдениеті мен орыс билігінің миссионерлігіне» теңеген еді. Бұл тұста бір уыздан жарыған ұлтшыл ұстаз бен шәкірт Шағатайдың түсінік-пайымы үндесіп, қабысып жатыр демеске шараң жоқ.

Абайдың  ормандай жұртқа үңілу себебін жете түсіне білген Шағатай, ұлы ойшылды «ұлтшыл, халықшыл ақын» деп атайды. Бұл тұста Абайдың Шығысы пен Батысын тап басып, тани білген мақала авторына тағы да құлақ түрейік.  «Орыс зерттеуші ғалымдары Абайды орыс әдебиетінің алыптары Пушкин мен Лермонтовты оқып, олардың шығармаларымен жақын таныс болған деп жазады. Ал, большевиктер оны «дала аристократы» санап, «феодализм мен байшылдықтың жыршысы, ұлтшыл» деп қаралауда. Біздің пайымдауымыз бойынша, Абай қазақ әдебиетіне жаңа заманға сай ұлттық рух пен сипат берген ұлттық әдебиеттің шынайы реформаторы еді» - деп жазыпты Тахир Шағатай.

Автор, шағын мақалада Абай туралы жалпылама айтпай, оның шығармаларына да байыпты баға беріпті. Т.Шағатайдың айтуынша, «Абай өз өлеңдерін халықты тануға һәм танытуға арнады. Халықтың кемшіліктерін көрсетіп, одан тиылуға шақырды. Ол халықты, елін және оның табиғатын суреттеді, өткен күндердің жарқын беттерін сағынды, өз дәуіріндегі халықтың жағдайына жаны ауырып, қайғырды. Халықты келешек үшін дайындық жасауға, оқу-білім мен мәдениетке шақырды. Абай қазақ жастарын, жалпы қазақ жұртшылығын елін танып, білуге, оны сүюге және оған қызмет етуге үндеді».

Тахир Шағатай, шығармаларын қалың қазақтың арасында, туған ауылында отырып жазған Абайдың көзі тірісінде өзіне лайықты құрметке ие бола алмағанына өкініш білдіреді. Дегенмен, автордың пікірінше, Абайдың ең үлкен мұрасы - оның қалыптастырып кеткен мектебі. Артына мол мұра, мықты негіз қалдырған Абайдың қазақ әдебиетіне әсері аз уақыттың ішінде айтарлықтай айқын байқалды. Автордың сөзіне құлақ түрсек «Абайдың жолын қуған кейінгі буын әдебиет өкілдері оның әсерімен һәм салған дара жолымен жүрді. Қазақ әдебиетінде бірден жаңашылдық рухы басым болып шыға келді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт, Ғұмар Қарашұлы және тағы басқалары Абай қалыптастырған әдеби мектептің өкілдері болды».

Осы арада кеңестік ащы шындықты айтып, Алаштың арыстарын жоқтаған Т.Шағатай, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатты тек қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас Түркістанның құрылып, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер ретінде еске алады. Тұтас Түркістан үшін тер төгіп, жан қиған Ахмет, Міржақып, Мұстафаларға рухани ұстаз болған Абай, расында ұлы Түркістанның ақыны емес пе? Абай шығармаларында Түркістан туралы бір сөз де жазбауы мүмкін, алайда, оның ізімен жетілген шәкірттері Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы жолында бастарын бәйгеге тікті.

Түркістанның азаттығы жолында бар ғұмырын сарп еткен күрескер азаматтың бағалауынша «Абай тек қазақтың ғана емес, сонымен қатар бүкіл Түркістанның да бас ақыны!» Бұл - өресі биік өзбек жігітінің жүрекжарды лебізі, шынайы пікірі болса керек. Өйткені, мақаладағы ойларын осымен доғармай, одан әрі өрбіткен автор 1954 жылы Түркияның Стамбул қаласында басылып шыққан «Түркістанда түрікшілдік және халықшылдық» атты еңбегінде Абайды «Түркістандағы жаңару кезеңінің басы» деп атап көрсеткен.

Түркістанда тәуелсіз мемлекеттер орнап, қазақ елі азаттық алған тұста бұл мақала қайсібір жандар үшін таңсық болып көрінбеуі де мүмкін. Дегенмен, шет елде және сталиндік зобалаңның әсерімен Абай шығармалары «тұрпайы социализм» тұрғысынан талданып, таптық ұғыммен бағаланып жатқан кезеңде жазылғанын ескерер болсақ, мақаланың құны да арта түспек. Тіпті, Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын тап басып айтқан автор осы тұста заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовпен үндесіп кетеді.

Кезінде Алаш қозғалысына белсене қатысып, Түркістанның тәуелсіздігі үшін Бұхарадағы астыртын жиындарға қатысқан Мұхтар Әуезовті профессор Тахир Шағатай жақсы біліп, онымен іштей түсініскен. Сондықтан, ол аталмыш мақалада Абайтанудың басында тұрған Мұхтар Әуезовті ұлы ақынның шәкірті ретінде Ахмет және Міржақыппен қатар атамайды. Бұл - келешек заңғар жазушыны құптап, оны қанды қырғыннан қорғаудың бір тәсілі еді деп түсінген абзал. Олай дейтініміз, Мұхаң қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір еңбегінде Т.Шағатай жазушы туралы жылы пікір білдірген еді. Оның үстіне, «Яш Түркістан» жорналының бас редакторы, Түркістан ұлттық майданының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың да мұраттас достарын қорғау мақсатында осындай әдіс амал-айла қолданғаны мәлім.

Мақала «Бұл күндері орыстың кез-келген ұлтшыл ақын-жазушысының еңбегін табуға болатын Түркістанда Абайдың шығармаларын кездестіре алмайсыз. Мұның себебі де белгілі: орыс ұлтшылдығы!» деп күйінген Т.Шағатай, Абай шығармаларының халық жадында мәңгі сақталарына сенім білдіріпті. Оның пікірінше, «қаншама шектеу қойылғанымен, халық рухының туындысы болған шығармалар, оның жүрегінен берік орын алып, жасампаздығы арта бермек!» Сәуегейлік танытқан автордың пікірі айна-қатесіз келді.

Осы орайда, мақала авторы туралы да қысқаша мағлұмат бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы сенімді серігі әрі шынайы шәкірті бола білген Тахир Шағатайдың ұлты өзбек. 1902 жылы Ташкент қаласында туған Тахир Шағатай әуелі Ташкенттегі жәдит мектебінде білім алып, содан кейін Уфадағы әйгілі Ғалия медресесінде оқып, білімін одан әрі тереңдете түседі. Қос төңкеріс тұсындағы аласапыран уақытта Әзірбайжан халқының азаттық күресіне қатысқан Шағатай, Түркістанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Алманияға аттанады.

Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрестің өрісі тарылып бара жатқанын сезген Тұрар Рысқұлов пен Файзолла Қожаев 1922 жылы Алмания мен Түркияға дарынды, қабілетті һәм ұлтшыл жастарды оқуға жіберген болатын. Тахир Шағатай осы топтың құрамында Берлин қаласына келіп, философия, социология және экономика негіздерінен дәріс алады. Социология саласында 1931 жылы докторлық қорғаған Шағатай, соғыстан кейінгі жылдарда Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы университетте профессор болып қызмет атқарды. Мұстафа Шоқайдың мұрасына барынша адалдық танытқан ғалым «Яш Түркістан» сериясы бойынша Түркістан және Мұстафа Шоқай туралы бірнеше кітап шығарды.

Біз, ұлы Абай мұрасы жайында Алаш арыстарынан кейін лебіз білдіріп, ғылыми пікір айтқан, шет елде жүріп абыз ақынның шығармашылығына әділ баға берген профессор Тахир Шағатайдың есімі Абайтану тарихына алғашқылардың бірі ретінде еніп, лайықты орнын алады деп сенеміз.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2006
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2429
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1993
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1581