Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қырдағы әңгіме 29802 3 пікір 23 Ақпан, 2019 сағат 10:55

Жомарттық пен сараңдық туралы...

Қазақ – ауыз әдебиетіне, көркемсөзге, мақал-мәтелге, аңыз-әңгімелерге бай халық. Қандай тақырыпты алмаңыз бабаларымыздан қалған, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан, жаныңызға майдай тиетін, салмақты, есті әңгімелерін мысалға келтіруге болады. Ел арасында жомарттық пен сараңдық жайлы да әңгіме-мысал көп. Алысқа бармай-ақ мына бір әңгімеге зер салалықшы:

Қазақтан тегі сөз қалған ба, шіркін?! Сараңдық жайлы сөз қозғасақ, ту сонау бала кезден есте қалған Шықбермес Шығайбай, мыңғырған малына ие бола алмай көз жұмған Қарабай атты бай еске түседі. Дүние қуған, байлық қуған пейіл түбінде адамды жақсылыққа апармайтыны хақ.

Жомарттық, жауанмәрттілік – адам бойындағы ізгі қасиет. Абайдың 38-қара сөзінде жауанмәрттіліктің үш сипаты айтылады. Олар: шындық (сидық), ақ пейілділік (кәрәм), даналық (ғақыл). Осы үш сипаттан тағы үш түсінік тарайды: шындықтан әділет, ақпейілділіктен шапағат, даналықтан (ғақылдан) ақиқат мағлұм болмақ. Бойында осындай қасиеттері бар жан жомарт аталса, оның жасаған істері Жомарттық деп аталады. Абай мұндай адамдар қатарына пайғамбарларды, әулиелер мен хакімдерді жатқызады. Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, Жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет. Жомарттық әлем халықтары түсінігіндегі меценаттық ұғымымен мәндес. Ежелгі Грекияда Август патша кезінде өмір сүріп, ақындарға ұдайы қамқорлық жасаған Меценат (б.з.б. 74/64 – 8 жыл) есімді адамның құрметіне әлем мәдениеті тарихында меценаттық дәстүр қалыптасқан. Бүгінгі күнгі қазақ ұғымында мұндай іс демеушілік деп те аталады. Бұл түсініктегі Жомарттық – қолында байлығы бар азаматтың мұқтаж жандарға жасайтын қайырымдылық көмегі. Қайырымдылық – Жомарттың негізгі өзегі. “Жомарт бергенін айтпас, ер айтқанынан қайтпас” деген қазақ мақалы осыны айғақтайды. Қайырымдылық мәнін оны жасаған адам емес, сол қайырымдылықтың игілігін көрген адам түйсінуі керек. Сондықтан да Жомарттық жасау рухсыз адамның қолынан келмейді. Біріншіден, ізгі іс биік рухты талап етеді. Екіншіден, жомарт жан қолындағы байлықты тек таратып беруші ғана емес, сол байлықты жасаушы да болғаны жөн. Барды үлестіріп беру үшін барлықтың мәнін түсіну керек. Олай болмаған іс Жомарттық болмай, Абай айтқандай, тектен-текке “мал шашпақ” болады. Атақ үшін “мал шашу” – даңғазалық, айлакерлік.

Қазақ халқында: «Қас сараң өз тамағын өзінен тығады» деген нақыл бар. Өмірде қанша бай болса да, байлығын өз бала-шағасына, өзіне қимайтын бейшара пенделер бар. Америкалық қаржыгер Генриетта Хоуленд Грин өз артынан 100 миллион доллар қалдырған. Ол күллі өмірінде Чикагоның бүкіл пәтеріне иелік етіп тұрса да, арзан пәтердің бірінде өткізген. Бір күні оның баласы аяғын сындырып алады. Үш күн бойы тегін аурухана іздеп аласұрып жүргенде, ұлының зақымданған аяғы асқынып кетіп, оны дәрігерлер тізеден кесіп тастауға мәжбүр болады.

Сараңдық адамның жүрегін имандылыққа емес, дүниеқоңыздылыққа толтырады, соңдықтан ол өзін, отбасын ойлауды қойып, жатса-тұрса ойлайтыны байлығы болады. «Өзі тоймастың көзі тоймас» деген мәтелге сай, өзінің байлығы өзгенікінен аз көрініп, қайтсем бәленшенің байлығынан асып түсемін деп, нешетүрлі қылмыстық әрекеттерге барып, көлеңкелі бизнеспен айналысу, қылмыстық топтар құру сияқты әрекеттерге барып жатады. Яғни «Сараңдықтың соңы – арамдық» деген мәтелге сай болады. Өйткені, жүректе имандылық, сүйіспеншілік, адамгершілік сияқты қасиеттер қалмай, оның орнына байлыққа деген сүйіспеншілік, махаббат орнығады. Сөйтіп сараңдық адамды Алла тағалаға құл емес, дүниеге құл етеді. Дүниеге құл болып, бүкіл өмірін тек қана баюға арнаған пендені бақытты деп айта аламыз ба? Ол кімге керек?

«Сəулең болса кеудеңде,

Мына сөзге көңіл бөл.

Егер сəулең болмаса,

Мейлің тіріл, мейлің өл», –

деп Абай атамыз айтқандай, қазақ халқының санасында ата-баба салған дағды-дəстүрден сəуле қалса, қандай ғанибет.

Мен баймын деп, мақтаншылыққа салынып, ақшасын онды-солды шаша беруге де болмайтыны белгілі. Байлықты орынды жұмсап, тым ысырапшылыққа жол бермеу керек. Үнемділік сараңдыққа жатпайды. Ол ысырапшылдыққа тыйым салады. Алла тағала: «Сараң болма, ысырап та етпе!» – деп бұйырған («Исра» сүресі, 29-аят).

«Сараңдық – емдегенмен жазылмайтын ауру; біреуге келгенде сараңның қолы тастай берік; сараң – нағыз ұятсыз; сараң жияды, ішпейді, жемейді, тістеп ұстайды» дейді халық даналығы. Ал Майқы би «Сараң үйге кісің түспесін, парақор биге ісің түспесін» деген екен. Сондықтан баймын деп мақтанбай, астамшылыққа салынып, ысырапшылдыққа жол бермей, жүрегіміздегі сараңдық сияқты жаман қасиеттердің тамырын түбірімен жұлып, оның орнына иман нұрымен нұрланған жомарттық дәнін сепкеніміз абзал болады.

«Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер,

Басында панасы жоқ пақыр да өтер.

Бұл дүние, қарап тұрсақ, тұрағы жоқ,

Жел соқса, бір-ақ сәтте ұшып кетер…»

Шіркін, біздің сөзге ұста, ойы терең, санасы толық, дуалы ауызды бабаларымыздан артық не айтамыз?! Ендеше, әманда елімізде тыныштық болып, деніміз сау, пейіліміз кең, көңіліміз көтеріңкі, мерейіміз биік, табысымыз баянды болғай!

Шынар Төлеухан

Abai.kz

3 пікір