Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Тұлға 4765 4 пікір 24 Қаңтар, 2019 сағат 14:37

Оразақын Асқар ағамыз өмірден өтті

Аса көрнекті ақын, балалар әдебиетінің дүлдүлі, Мұқағали шығармашылығының жыршысы Оразақын Асқар 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Қайғылы хабарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің  баспасөз қызметі растады.

"Оразақын Асқар бір сағат бұрын Алматыда ауыр науқастан қайтыс болды. Ақынның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Марқұмды шығарып салу мен жерлеу бойынша кейінірек ақпарат береміз", - деп жауап берді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.

Ақынмен қоштасу рәсімі Қазақстан Жазушылар одағында өтеді.

Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде дүниеге келген. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын гимназияда оқыған. 1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, оның екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрды. Бұл жылдары сол газетке және «Шұғыла» журналына өлеңдері жиі жарияланып тұрған.

1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына өлеңдері енген.

Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.

1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты. "Ерен еңбегі үшін", "Тәуелсіздіктің 10 жылы" медальдарының иегері. Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері. Панфилов ауданының Құрметті азаматы.

"Тұңғыш" (1964), "Мейірім" (1969), "Күнгей" (1975), "Ләйлә" (1977), "Көкорай" (1979), "Балқарағай" (1981), "Сәулет" (1984), "Таудай бол!" (1984), "Белжайлау" (1985), "Өркеш" (1987), "Керімсал" (1991), "Баркөрнеу" (1992), "Керімсал" (1994), "Жарапазан" (1995), "Орбұлақ" (2000), "Тәуелсіздік тартулары" (2001), "Отан деп оянғанда" (2004), "Атамекенге оралғанда" (2005), "Қос қоңырау" (2005) "Алтын абдыра" (2007), "Ел ішінде" (2008), "Балаларым - бақытым" (2008) атты және т.б. жыр жинақтары жарық көрген.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1710
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1675
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1403
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1331