Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алаш арысы 16747 12 пікір 18 Қаңтар, 2019 сағат 17:45

Әлихан Бөкейхан қазақ әдеби сынының негізін салушы

Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалары туралы ойлағанымызда,біздің көзімізге ең алдымен шалынатыны - Әлиханның “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” мақаласы. Мақала Ташкент  қаласы , “Туркестанские ведомости” газетінің   1899 жылғы 9.20.05-03.06. [2, 465-бет].нөмерлеріне “Туземец” деген Әлиханның әдеби бүркеншік есімі арқылы “Женщина по киргизской былине “Кобыланды” деген атаумен орыс тілінде жарық көрген.

Әлихан өзінің батырлар эпосындағы әйелдер бейнесін саралайтын бұл мақаласында, қазақтың бай ауыз әдебиетіне, олардың халық өміріндегі алатын орнын айта келіп, бірден-бір жарқын мысал ретінде "Қобыланды" жырына  тоқталады. Автордың айтқысы келген негізгі ойы, жырдағы әйелдер бейнесі арқылы сол дәуірдегі қазақ халқының бойындағы ісләм мен ескіден келе жатқан "тәңіршілдік" белгілерді салыстыра отырып, ісләм дінін қабылдаса да, "тәңіршілдіктен" арыла алмай келе жатқан қазақ халқының діни сеніміне талдау жасауды мақсат етеді.

Ә. Бөкейхан: (Орыс тілінен еркін аударған Н.Махан): “Қазақтардың (түпнұсқада “киргиз”- деп жазылған.Н.М.) мұсылмандықты қабылдаған дәуірінде туған бұл жырдың өн-бойында “тәңіршілдік” белгі молынан сақталғанымен, қазақтардың мұсылман дінін қабылдауының толық елесін бере алады. Жырда қазақ халқының бойындағы қос сенім бірге көрінгенімен, “тәңіршілдік” сенімнің ақтық демі көрініс береді”[2, 319-бет], -деп жазды.

Автор “Қобыланды” жыры арқылы қазақ халқының бойындағы “тәңіршілдік” пен ісләм діні қатар өмір сүріп жатқан кезде “тәңіршіл” қазақ әйелінің мұсылманға қалай айналғанын және “мұсылман қазақтың” “тәңіршіл” әйелге деген көзқарасын талдайды.

Жырда бес әйелдің бейнесі суреттелген. Сол бесеудің бірі Қобыландының шешесі - Аналық.

Діни сенімі бойынша мұсылман Аналық сырт көзге өте бақытты әйел. Өйткені Аналық - бүкіл халқы сыйлаған байдың бәйбішесі. Ол бәйбіше ретінде күйеуімен қатар ел ісіне араласуға толық құқылы. Бойында “тәңіршілдік” сенімі басым Аналықтың күйеуі  Тоқтарбай  балалары болмаса да, жары Аналықты шын сүйгендіктен тоқал алуға жан-тәнімен қарсы.

Перзенті жоқ Аналықтың “тәңіршіл” күйеуі көп әйел алуға қарсы болса, мұсылман сеніміндегі Аналық, бәйбіше бола тұра күйеуінің ісіне араласпайды. Балалары болмағандықтан және көп әйел алуға болатын мұсылман заңы бойынша  ол ерін тоқал алуға үгіттейді.

Өз еңбегінде автор жырдағы Аналық пен оның ері Тоқтарбайдың діни сенімі мен мінездерін саралай келе, сол замандағы қазақ халқының “тәңіршілдік” пен ісләм сынды қос сенім-нанымды қатар ұстанғанына және осы ұстанымы қазақты  қарама-қайшылықты психологияға душар ететініне назар аударады.

Жырда Аналық пен Тоқтарбай тәңірден жалбарына перзент сұрайды. Әулиелерді аралаған зары арқасында, әулие Баба Түкті Шашты Әзиз түсіне кіріп, ерлі-зайыптыларда бір ұл, бір қыз бала болатынын айта отырып, болашақ перзенттерінің есімдеріне дейін атайды.

Айта кететін бір мәселе, “тәңір” мен  “тәңіршілдік” бір ұғым емес. Жалғыз “Тәңірге” ғана табынып, наным-сенімдері “бір құдайлыққа” ерте жеткен түркілер мұсылман түсінігіндегі жаратушы “бір Алланы”, өздері табынатын “ұлы Тәңір” ретінде жылдам қабылдады. Сондықтан да болар, түркілер түсінігіндегі  “Алла” мен “Тәңір” есімдері ғана бөлек ұлы жаратушы. Мұсылманның қасиетті кітабы “Құран-Кәрімде” айтылғандай Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Ісләм дінін қабылдағаннан кейін де түркілер “Тәңірді” Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі ретінде көбірек қолданып, молынан пайдаланды. Жырдағы Аналық пен Тоқтарбайдың  “Тәңірден” перзент тілеуін, “Алладан” перзент тілеуі деп түсінуіміз керек. Себебі, түркілер үшін “Алла” мен  “Тәңір”- есімдері ғана бөлек, бір бейнедегі ұлы жаратушы.

Әулиеге құрбандық шалып, әулиеден-әулие аралап, бір перзент тілеген Аналық пен Тоқтарбайдың бойындағы қос сенім “тәңіршілдік” пен “мұсылмандық” белгі жырда  анық байқалады.

Бір Аллаға  ғана сеніп сыйыну мұсылмандық шарт болса, әулие аралап, аруақтарға сыйыну ол – тәңіршілдіктің белгісі. Жырда Тоқтарбай мен Аналық Аллаға көп сыйына ма, жоқ әлде әулиелерге ме? Менің ойымша, екеуіне де қабат сыйынып, бірге табынған. Бұл көрініс – сол кезеңдегі қазақ халқының бойында бірге өрістеген қос сенімге толық дәлел болса керек.

Тарихи–диалектикалық тұрғыдан келгенде жаңа дінді қабылдаған кез келген халық, өзінің ғасырлар бойы сенген бұрынғы ескі діни нанымынан бір күнде қол үзіп кетуі мүмкін емес.

Бұдан екі-үш ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабамызды былай қойғанда, дәл бүгінгі XXI ғасырда өмір сүріп отырған қазіргі заман қазағының бойында да жаңа туған айға сәлем салу, жаңа түскен келінді үйге оң аяқпен кіргізіп, отқа май құю секілді “тәңіршілдік” нанымның көптеген элементтері күні бүгінге дейін сақталып қалған.

Әлиханның ғылыми зерттеуімен бірге  “Қобыланды” жырының түпнұсқасын қатар оқып, салыстырған кезімізде көзіміз анық жеткен бір мәселе – эпостағы оқиғалар XVII ғасырда, қазақ халқының бойында мұсылманшылық сенімнің қуаты өрістеп, ислам дінінің басымдылыққа ие болып келе жатқанын анық байқаймыз және жырдың сюжеті мен суреттелетін оқиғаларына қарай отырып, “тәңіршілдік” сенімнің ақтық деміне куә болғандай боламыз.

“Қобыланды” жырында батырдың жары Құртқаның шешесі Көктен кемпір ислам дінінің күшін анық мойындап, қызы Құртқаны мұсылманның батыр жігіті Қобыландыға қалыңдыққа береді. “Тәңіршіл” Көктен кемпірдің бейнесі айқын басымдылыққа енді ие болып келе жатқан мұсылман дінін ашық түрде емес, көзге көрінер-көрінбес штрихтар арқылы “жарнамалаушы” бейне. Себебі ол қызы Құртқаны Қобыландыға тек қана батырлығы үшін ғана емес, оның ұстанған  мұсылман дінінің күшті болғаны үшін де күйеуге береді.

Міне, осылай жырдағы оқиға мазмұнын “діни уағыз тақырыбына” жүйелі қиюластырған жыршының “тәңіршіл” Көктен кемпірдің бейнесі арқылы мұсылман дінін көкке көтере насихаттайтынын байқасақ, жырдағы әйел бейнесін саралап отырған ғалым Түземец – Әлиханның байқалар-байқалмас, ақырын болса-дағы халқының көне діни нанымы – тәңіршілдікке бүйрегі бұрып тұрғанын аңғару қиын емес.

«Қобыланды» жырындағы Құртқа сол кездегі қазақтың өн-бойы мен салт-дәстүріне  енді сіңе бастаған мұсылман дінінің арқасында  өзгеріске ұшыраған “тәңіршіл” қыз ретінде сипатталады немесе Әлиханның өз тілімен айтқанда: «ісләм түбегейлі өзгерткен қыз» (түпнұсқасында “преобразованная исламом дочь”). Алайда жырда Құртқаның бойында алдын-ала не болатынын болжап білу, көріпкелдік секілді “тәңіршілдік” белгі мол. Әйелді адам деп есептемейтін “мұсылман” Қобыланды әйелі Құртқамен ақылдаспай “өзім білемге» салса болғаны, Қобыланды мен оның елі міндетті түрде бір бақытсыздыққа ұшырайды. Міне, осыдан-ақ жыршының да бүйрегі мұсылманшылықтан гөрі, “тәңіршілдікке” қарай бұрылып отырғанын оқушы анық байқайды.

Бас кейіпкер қыздың “Құртқа” деген есімінің өзі де “тәңіршілдік” дәуірдің мұрасы. Себебі “Құртқа” - көне түркі тілінде “аналық қасқыр” деген мағынаны білдіреді. Ал қасқыр - ерте түркілік түсінікте тотемдік белгіге ие қасиетті аң. Сондықтан да “тәңіршіл” түркілер қасқырды қасиет тұтып, оған табынған. Жырда ісләм арқылы көзқарасы өзгеріске ұшыраған “тәңіршіл” қыз Құртқаның сенімі емес, көзқарасы ғана мұсылман. Жырдың түпнұсқасында Құртқаның мұсылманшылығын жыршы тереңнен жырлап сөз етпейді.

Жырдағы әйелдер бейнесін зерттеуші Әлихан Құртқаның көзқарасын ісләмның қалай өзгерткеніне тоқталып, талдамайды. Оның есесіне зерттеуші: (Орыс тілінен еркін аударған Н.Махан): “Ісләм дініне еріксіз жол берген халықтың өзінің ескі наным-сеніміне деген  терең сүйіспеншілігі жырда айқын суреттеледі”, - деп, [2, 319-бет]  жазады.

Жырда суреттелетін тағы да бір әйел  – Қобыландының қарындасы Қарлығаш. Әлиханның зерттеуі бойынша, Қарлығаш таза мұсылманша тәлім-тәрбиесімен бойжеткен қыз. Ол – өз шешесі мұсылман әйелі Аналықтың заңды жалғасы. Қобыланды да, Қарлығаш та Аналық пен Тоқтарбайдың құдайдан тілеп, әулие аралап сұрап алған перзенттері. Бірақ шариғат заңдарын өз білгенінше қатаң ұстанған ата-анасы Қарлығаштан Қобыландыны анағұрлым биік қояды. Себебі, Қобыланды – ұрпақ жалғасы, шаңырақ иесі, ұл бала.

Ал мұсылман түсінігі бойынша жат жұрт үшін жаратылған қыз бала, ол қанша жерден ақылды, данышпан болмасын, еркектен соғұрлым кейін тұратын “бақыр басты” әйел. Сондықтан болар, Қарлығаштың дүниеге келуіне тіпті ешкім қуанбайды. Ата-ананың бар тілеуі ұл бала Қобыланды болып, Қарлығаштың бар-жоғы да елеусіз.

Қарлығаш өз отбасында адами хұқықтың бәрінен ада, таза ісләм тәрбиесіндегі қыз бала болып өседі. Өсе келе ата-анасы секілді отбасындағы ер бала Қобыландының тілеуін тілейді. Кейіннен Қарлығаш ағасы Қобыландының шешімімен оның досы Орақ батырға ұзатылып, өз анасы Аналықтың өмірін қайталағандай болады.

Жырдағы Қарлығаш бейнесі, адам ретінде ешқандай хұқығы жоқ мұсылман әйелінің шынайы бейнесі ретінде суреттелген.

Бұдан ары өз мақаласында Әлихан: (Орыс тілінен еркін аударған Н.Махан): “Бостандығы мен еркіндігінен, адамгершілігі мен адами құқықтарының бәрінен айырылып,ислам дінінің қаһарлы қылышына үнсіз мойын ұсынған, өліп бара жатқан сенімнің қайғылы хәлдегі ақылды да сұлу әйеліне, бұдан әрі тоқталуды жөн көрмедік ”, - деп [2, 324-бет] жазады.

Басы ашық тағы бір мәселе бар. Ол, кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, автор бұл жерде жалпы мұсылман әйелдері туралы жазып отырған жоқ. Автор мұсылман әйелдердің жеке тұлға ретіндегі адами құқығын өте жақсы білген. Оған бірден-бір дәлел: Әлихан Бөкейханның 1914 жылы “Қазақ” газетінде Ғали хан деген лақап атымен жариялаған “Мұсылман сиезі” атты мақалалар топтамасы [ Ғали хан. Мұсылман сиезі. Орынбор: «Қазақ» газеті, 1914, №№ 69-70, 72, 85-90, 92]. Автор өз мақаласында мұсылман әйелдің отбасындағы құқығы мен міндеті, әйелдің мүлік және некеге отыру құқығы туралы Құран Кәрімдегі аяттар мен сүрелерді мысалға келтіре отырып, өзінің пікірін Құран сүрелері арқылы дәлелдеп шығады. Автор “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі”  атты өз мақаласында шала сауатты әрі надан дін ұстаздары басшылық ететін  XVII ғасырдағы қазақ қоғамындағы құқы мен еркіндігі тапталған  мұсылман әйелдерінің тағдырын ғана жазып отыр.

Мүмкін, өз алдына жеке үлкен тақырып болғандықтан болар, қазақ қоғамындағы әйелдің құқығы мен еркіндігінің тапталуы және діни сауатының шала әрі төмен болу себептеріне Ә. Бөкейхан өз зерттеу еңбегінде тоқталмайды.

Әлиханның әйелдер бейнесі туралы зерттеуінің негізгі жетістігі – “Қобыланды” жырына ғылыми сараптама жасаған автордың, жырда суреттелетін оқиғалардың тарихи уақытына шамамен болса да болжам жасауы болса, екіншіден, автор жырда суреттелетін әйел бейнесі арқылы сол кезеңдегі қазақтың діни сенім-нанымына ғылыми талдау жасайды. Сондықтан да Әлиханның бұл еңбегі қазақ әдебиеті фольклортанудағы құнды еңбектің қатарына жатады деген ой қорытындысына келеміз.

Әлихан зерттеу еңбегіндегі бес әйелдің бірі – қалмақ қызы Қарлыға. Ол жырда Қобыландының қарындасы Қарлығашқа қарама-қарсы мәнде суреттеледі. Себебі, Қарлыға мұсылман емес, қалмақ қызы – “тәңіршіл” әйел.

Еркін ойлы, батыл, алдына қойған мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын батыр қыз Қарлыға өз бақытына жету үшін әкесі Көбіктіні  де, туған інісі Быршымбайды да құрбандыққа шалады.

Қарлығаның бұл ісін Ә. Бөкейхан моральдық - философия тұрғысынан талдамайды, керісінше,жыршының: “Халықтың ойынша бұл - жалынды махаббаттың әмірі”, - деген ойын құптағандай сыңай танытқан  ол, Қарлығаның бар тірлігіне авторлық оң көзбен қарайды. Неге? Себебі, жырдың зерттеушісі ретінде Әлихан қазақ әйелін тәуелсіз, еркін ойынан, теңдік құқығынан айырып, адам дәрежесінен хайуан дәрежесіне дейін төмендеткен мұсылман дініне жан-тәнімен қарсы. Сондықтан да ол “тәңіршіл” әйел Қарлығаның өзіне деген құрметі мен сенімін һәм еркін де батыл қимылдарын барынша қолдайды.

Өзі мұсылман дініндегі қазақ бола тұра Әлихан “тәңіршіл” қалмақ қызы Қарлығаны еркін ойы мен күрескерлік рухы үшін жырдағы барлық мұсылман қазақ әйелдерінен жоғары қояды.

Міне, осыдан-ақ Әлиханның әлемдегі барлық ұлт пен дінге тең, әділ көзбен қарайтын гуманистік ойы оқырманын баурай түсіп, ой иіріміне тартып әкетеді.

Пікір қайшылығынан сескенбейтін Ә. Бөкейхан өз еңбегінде қазақ қоғамындағы әйел туралы көзқарасы мен пікірінің еш нәрсесін жасырмай, оқырман алдына ашық жайып салады. Автордың бұл тәсілі ғылыми еңбекке деген оқырманның қызығушылығын арттыра түседі.

Әлихан “Қобыланды” жырына Еуропаша жан-жақты білім алған адамның өз халқының ауыз әдебиетіне деген терең сүйіспеншілікке толы ұлттық көзімен қарады. Ол  “Қобыланды” жыры арқылы халқының өткен тарихына шолу жасай отырып, ұлтының өркениетке кеш келу себептерінің түп-тамырының негізін әйелді бостандығы мен еркін ойынан айырған ісләм дінінің кертартпа заңдылықтарынан іздеді. Әйел бостандықта болмай, ұлттық сана еш уақытта да тәуелсіздікте өмір сүрмейді, - деген астарлы ой мақаланың өн бойынан айқын аңғарылады. Ешқандай адами құқығы жоқ, тек қана міндеткерлігі бар, соншалық бейшара хәлге түскен қазақ әйелінің аянышты тағдырына деген авторлық ой-толғау  оқушы сезіміне тереңінен әсер етеді. Әйелдің қоғамда өзіндік орны болуға тиіс. Себебі, әйел де адам! Әйелді адами құқықтан айырған қоғам өркениетке еш уақытта жете алмайды, - деген мақсатты ойды ұстанып, “Қобыланды” жырындағы әйелдер бейнесін саралаған Ә.Бөкейханның бұл мақаласы, қазақ әдебиетіндегі әдеби шығарманы сыни тұрғыда талдаған ең алғашқы әдеби-сын мақала еді. Сол себепті де, қазақ әдеби сынының негізін салушы Әлихан Бөкейхан, - дейміз.

Кейбір әдебиет зерттеушілері, Абай ақындығы туралы жазған А.Байтұрсынұлының  “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы қазақ әдеби сынының бастауында тұр. Сондықтан да қазақ әдеби сынының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы, - деп есептейді. Ал,мен бұл туралы сәл басқашалау ойлаймын.

Екі автордың да әдеби-сын мақалаларының баспа бетінде жарық көрген уақыты бойынша сараласақ: Әлихан Бөкейханның  “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” мақаласы 1899 жылы  “Туркестанские ведомости” газетінің 9,20,05.-03,06 шыққан сандарында жарық көрген [2.465-бет] Әлиханның одан кейінгі Абай туралы ғылыми-монографиялық негізде жазылған  “Абай (Ибрагим) Кунанбаев” атты азнамалық әдеби-сын мақаласы, 1905 жылы “ Семипалатиский листок ” газетінің 25,26,27.- XI.№ 250-252 сандарында жарық көрді[2.466-бет] (Әлиханның бұл мақаласына біз сәл кейіндеу тоқталамыз).

Алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісімақованың жазуына қарағанда, Ахмет Байтұрсынұлының  “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы, 1913 жылы баспа бетінде жарияланған[11.177-бет]. Салыстыра отырып, назар салсақ; Әлихан   Бөкейханның 1899 жылы жазған  “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” атты әдеби-сын мақаласы, А.Байтұрсынұлының 1913 жылы  “Қазақ” газетінде жарияланған  “Қазақтың бас ақыны” атты әдеби-сын мақаласынан он төрт жыл, ал оның 1905 жылы жазған  “Абай (Ибрагим)Кунанбаев” атты екінші әдеби-сын мақаласы А.Байтұрсынұлы мақаласынан сегіз жыл бұрын жарық көрген екен. Сондықтан да, А.Байтұрсынұлынан он төрт жыл бұрын әдеби-сын мақала жазған Әлихан Бөкейханды қазақ әдеби сынының бастауында тұрып, негізін салды, - деген тұжырымға келуге толық негіз бар. Сөз реті келген соң айта кетейік, өзінің 1913 жылы жазған  “Қазақтың бас ақыны” атты әдеби-сын мақаласында А.Байтұрсынұлы: “Тәржіма халін, жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда,Абай Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған”, -деп  [6.146-бет] Әлихан Бөкейханның Абай туралы  жазған еңбегіне сілтеме жасайды.

Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалар топтамасы негізінен 1913-1915 жылдары  жазылған. Неге? Себебі, ХХ ғасыр басында, 1905-1907 жылдардағы Ресейде болған буржуазиялық революция дүмпуінің әсерінен туындаған қазақ даласындағы өмірдің түрлі салаларындағы өрлеу дәуірі, Қазақстандағы ұлт зиялыларының тарих сахнасына шығу кезеңімен тұспа-тұс келді. Олардың басым бөлігі Еуропаша білім алғандар еді. Олар Шығыстың ұлттық қозғалыстарының ғана емес, Батыстың буржуазиялық революцияларының ықпалымен қатар, отаршыл мақсаттағы орыс самодержавиялық империясының үдей түскен қысымын өз халқымен бірге көре отырып, ұлттық санасы өсе бастаған қазақ халқының ұлт болып ұйысу дәуірі басталғанын терең түсінді. Қай кезеңде де, қоғам өмірінің айнасы болған әдебиет-ұлттық бірлікке ұйыса бастаған кез-келген халық үшін ауадай қажет дүние еді. Осы тарихи-диалектикалық шындықты қапысыз түсінген ұлт көсемі Ә.Бөкейхан,қоғам өмірінің ақиқатын әдебиет арқылы көрсете отырып, өз халқы - қазақ халқының санасын биік, ұлттық деңгейге көтергісі келген жанталас қимылы, оның әдеби-сын мақалаларынан айқын аңғарылады.

Ол әдебиетпен кәсіби тұрғыда айналыса отырып, өзінің әдеби-сын мақалаларын жазды десек, - бір жақты бұрыс кетіп, қателікке ұрынамыз. Қалыптасқан жазба әдебиеті, баспасы, білімді әдеби ортасы жоқ, ары кеткенде халқының жалпы санының он пайызы ғана сауатты  ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында, кәсіби тұрғыда әдебиет мәселелерімен айналысу, өнім бермес бос тірлік екенін ұлт көсемі терең түсінді. Десек те, ұлт болып енді ұйысып  келе жатқан  қазақ халқы үшін кәсіби жазба әдебиеттің қажеттілігін Ә.Бөкейхан бар болмысымен сезінді. Енді қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиетіне бағыт-бағдар беретін әдеби-сын мақалалар жазу, қоғамдық қажеттіліктен туындаған Ә.Бөкейхан еңбегінің бір көрінісі, - деп бағалауымыз керек. Ол өзінің әдеби-сын мақалаларын біреуді әдейі сынау үшін немесе автордың жеке басына тиісе отырып, оның беделін оқырман алдында түсіру үшін емес, керісінше автордың жетістігі мен кемшілігін көрсете отырып, қазақ әдебиетіне  бағыт-бағдар беру үшін жазды. Ол әдеби-сынды ұлт әдебиетіне жөн көрсетіп, жол нұсқап, бағыт-бағдар беретін әдеби жанр, - деп бағалайтыны оның әдеби-сын мақалалар  топтамасының өн-бойынан айқын аңғарылады.

Өз ұлтының бай ауыз әдебиеті мұрасын жан-тәнімен сүйген Әлихан Бөкейхан эпостық жырлар жанрының жауһары “Қобыланды” жырына 1899 жылы жазылған “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” мақаласынан соң қайталай соғып, 1915 жылы “Қазақ” газетінің 126- нөмеріне “Қара қыпшақ Қобыланды” атты әдеби-сын мақаласын “Қыр баласы” атты әдеби бүркеншік есімімен жариялады.[2.469-бет]

Автор өз мақаласының бірінші бөлімінде “Қобыланды” жырының қысқаша  сюжетіне тоқталып өтеді. Өкініштісі сол: автор “Қобыланды” жырының сюжетін кімнен жазып алғанын көрсетпеген. Осындай өрескел  олқылыққа жол берген Ә.Бөкейханның ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтауда, зерттеушілік тәржірбиесінің аса мол емес екені бірден көзге шалынады. Осы аталған олқылықтың орнын толтырғысы келгендей, әдебиет зерттеушісі Ә.Бөкейхан жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында өзі қағаз бетіне түсірген “Ер Тарғын”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Ер Сайын” жырларының жинақтаушылар мен басушыларының  аты-жөнін баспа бетінде  толық жариялап отырған. Ә.Бөкейханның әдебиет зерттеуші ретінде қазақ фольклористикасына сіңірген еңбегі жан-жақты зерделеп, зерттеуді қажет ететін өз алдына жеке тақырып болғандықтан, Әлиханның ауыз әдебиетіне қатысты еңбектеріне тоқталуды жөн санамадым, себебі, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры мен ғашықтық жырларды  жинап бастырудағы Бөкейхан еңбегі - өз зерттеушілерін күтіп жатқан үлкен тақырып.

“Қара қыпшақ Қобыланды” атты әдеби-сын мақаласында  Ә.Бөкейхан “Қобыланды батыр ” жырын  зерттеуді өзіндік тәсілмен бастайды. Ол түрлі тарихи деректерді салыстыра отырып, жырда суреттелген оқиғалар мен бас кейіпкер  Қобыланды батырдың өмір сүрген тарихи  уақыты туралы  Шәкәрім шежіресі мен Шоқан еңбектеріне, Ахмет  Зәкидің “Түрік,  татар тарихы” еңбегіне сүйене отырып айтқан пікірлері, мақаланың ғылыми негізін биіктете түскен. Жазбаша тарихы сақталмаған өз ұлтының тарихын, ол халық ауыз әдебиеті нұсқаларынан іздеді. “Тарих болса ел өсіп өнеді, тарих болмаса ел жоғалады. Бұл - хақ”, - деген (V.Тарих керек. “Қызыл Қазақстан”. 1922ж, № 10, Орынбор.) Ә.Бөкейхан, өз ұлтының тарихын түгелдеуге барын сала кіріскені , XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде  жазған “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі”,“Қара қыпшақ Қобыланды”, “Мырза Едіге”, “Батыр Бекет”, “Тарих керек” атты мақалаларынан айқын көрінеді. Ол өзінің әдеби-сын мақалаларын ұлтының тарихын түгелдеу үшін жазып отырғандай әсер қалдырады. “Тарихты түзуге өлең, мақал, тақпақ, ертегі-халықтың қолданып жүрген ғұрып-әдеттері, ескі қару, ер-тұрман, үй ішіндегі құралдар секілді тоқсан тоғыз жолдары болады”, - деген (V.Тарих керек. “Қызыл Қазақстан”. 1922ж, № 10, Орынбор.) Бөкейхан пікірі оқушы ойын тарихымыздың терең қойнауына бастайды. Ол өз ұлтының тарихын халықымыздың ауыз әдебиетінен, әдет-ғұрпынан, тұрмысы мен өлең жырларынан іздеді. Сондықтан да ол ауыз әдебиеті нұсқалары батырлар жырына шексіз сене отырып, оны түрлі жазбаша тарихи деректермен салыстырды. Ал, өз кезегінде  ауыз әдебиеті нұсқаларын тарихи дерек көздері арқылы талдап саралады.

Міне, Ә.Бөкейханның дәл осы тәсілі бүгінгі тарихшы ғалымдар мен әдебиет зерттеушілеріне ауадай қажет  болып отыр. Себебі, тарихшы ғалымдар ауыз әдебиеті нұсқаларына сенбейді, олардың өзегінде халқымыздың тарихы сақталғанын түсінгісі келмесе, өз кезегінде біздің әдебиетшілеріміз де тарихи деректерді әдеби тұрғыда саралауға шорқақ. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі әдеби-тарихи тақырыпта жазылар ғылыми мақалалар авторлары, XX ғасырдың  алғашқы ширегінде  жазылған Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалаларын өздеріне жол көрсетіп, жөн сілтейтін бағдаршам ретінде пайдаланғанын дұрыс деп есептейміз.

Әлихан өзінің “Қобыланды” жырының жеке кітап болып баспадан шығуына орай жазылған “Қара қыпшақ Қобыланды”  әдеби-сын мақаласында, жырдың идеясы мен ондағы кейіпкерлер әлемін, жырдың поэтикасы мен көркемдік қуатын талдауды мақсат етпеген. Оның есесіне жырда суреттелетін оқиғаларға тарихи - дерек көздері арқылы  талдау жасай отырып, жырда суреттелетін халық өмірінің шынайылылығы мен  жырдың тіл тазалығына  баса мән берген. “Тарих - елдің айнасы”, - деген ұстанымды ұстаған Ә.Бөкейхан өз мақаласында : “Қобыланды батыр Ақжолға тұстас болса, оның жорықтары ХҮ ғасырда болған. Жақсы көркем жырда сол уақыттағы  қазақтың болмыс-салты көрініп тұруға лайық”, - дей келіп:[2.313-бет] “Құртқаның тойында  қырық кез қызыл батыр Қобыландымен теңге алып ойнайды. Бұған кім нанар? Қобыланды батыр  көкпар тартып, аударысып ойнаушы емес пе еді? Теңге алып ойнау жаңадан шыққан жоқ па?”, - деп жазады.[2.314-бет]

Кейінгі жыршылар жанынан қосып, оқиға суреттеліп отырған заманының шындығын көрсетпейтін  жырдағы көріністерді сынай келіп:

Масақ құлақ мылтық қолында,

Қара сухар қойнында,

Алтыатары қолында

...   ...    ...

Талай төре келеді.

Төсінде алтын медалі

Ішеміз деп бал алып,

Шайнаймыз деп нан алып: (34-35 беттер)

Сухар, алтыатар, нан, медаль - Қобыланды заманынан көп бері пайда болған нәрселер. Мұның бәрін бейшара жыршы өзінен қосып, жырдың көркем түрін бұзған, - деп [2.315-бет] сынай отырып, жырда суреттелетін халық өмірінің тұрмыстық ерекшелігінің шынайы суреттелуіне автор ерекше мән берген. Жырдың көркемдік қуатына нұсқан келтіріп тұрған мұндай жолдарды автор “қаңғыбас қосымшалар” , - деп көрсете отырып,  “Сал-сал”, “Зар құм” жырларының әсері  арқылы “Қобыланды” жырына еніп, жырдың көркемдігін бұзып тұрған діни ұғымдағы көріністерді де қатты сынайды. Жырдың поэтикалық көркемдігіне нұсқан келтіріп, бұзып тұрған сөздерді “сары-ала сөздер”, - деген автор, ұлттық ұғымға ете жақын өлеңдерді “қазақ тұрмыс-салтының, рухани мәдениетінің иісі бар ”, - деп атайды. [2.315-бет] Тіл тазалығына ерекше мән беретін Ә.Бөкейхан “ұлттың рухани иісі бар өлеңдер” мен “сары-ала сөздер” кітаптың қандай беттерінде орналасқанын атап көрсетеді.

Ә.Бөкейхан әдебиет сыншысы ретінде кітап бастыру мен  кітапты безендіру ісіне де ерекше мән берген. Түбірлі білім беретін кітаптың қандай пішімде басылуына дейін айта отырып, кітап бастыру ісіне  де мұрындық болып жол сілтеді. “Қобыланды” жырының жеке кітап болып басылуына орай жазылған мақаласында Ә.Бөкейхан: “Қобыланды” кітабының сыртында батырдың сүгіреті басылған. Өзі Тайбурыл, өзі сымдай созылатын қазан ат кітаптың басындағы сүгіретте тіпті көрінбейді. Кітаптағы ат орыстың “Тяжеловоз” дейтін жүк аты; шабандығы өгіздің сәл-ақ алдында, жалқұйрығы құшақ  айғыр. Жырдағы шын Тайбурыл - азбан. Кітапта сүгіреті салынған боз айғырдың бір де бір мүшесі, жылқылығынан басқа Тайбурылға ұқсамайды”, -деп, [2.317-бет] суреттегі Тайбурылды қатты сынайды. Кітаптағы  сурет жырда суреттелетін Тайбурыл тұлпардың суреті болуға тиіс деп жаза отырып, жырдағы Тайбурыл суреттелетін  жерлерден үзінді келтіреді. Өз мақаласында автор кітапта басылған  Тайбурыл тұлпардың суретін ғана емес, Қобыланды батырдың да суретін қатты сынайды.

Ұзын бойлы, нұр жүзді

Сымбат бойлы дембелше (72-бет) [2.317-бет] – деп, жырдағы Қобыландының сырт пішінінен үзінді келтірген Ә.Бөкейхан : “Жырдағы жазуға қарағанда Қобыланды батырдың түрі осы. Сүгіреттегі Қобыланды батыр мұрнынан айырылып, пұштиып бір нашар бақалшы болып салынған. Орыстың үш батырын салған Васнецов шебердің картинасы бар. 5 тиынға сатылады. Осы батырлардың сүгіреттеріне қарасақ, Қобыланды батырға мінгізген боз айғыр  Добрина Никитиштікі, Қобыланды батыр өзі  Әлеше Поповіш, күн салып қарауы  Илие Муромес көрінеді. Бұл менің жоруым рас болса, “Қобыланды”-ны басқан басқарма адасқан. Бұл-ұят”, - деп [2.317-бет] ашына жазады.

Кітапта басылған бір суретке бола ұлт көсемі Ә.Бөкейхан “Бұл-ұят”, - деп неге сонша ашынды? Оның сыры тереңде...

Әдебиет - ұлттық сананы қалыптастырушы факторлардың бірі. Бұл - ақиқат! Ал, отарлық езгіге қарсы өмірі мен барлық күш-жігерін жұмсаған Ә.Бөкейхан өз ұлты, қазақ халқының ұлттық санасының өсіп, жетілуіне жан-тәнімен мүдделі еді. Сондықтан да ол өз ұлтының санасын көтеру үшін саналы түрде әдебиет сынымен айналысты.

Жырды тыңдап немесе оқи отырып, ондағы түрлі кейіпкерлер мен оқиғаларды көз алдынан өткізетін оқушы, елін сүйген батыр Қобыландыға әсерлене еліктей отырып, жырда суреттелетін бейнесі бойынша батырдың түр-тұлғасын көз алдына елестетеді. Жыр жеке кітап болып баспадан шыққанда, қиялы бойынша көз алдына елестеткен  нұр сипатты  батыр Қобыландының орнында,оған тіптен ұқсамайтын “мұрны пұштиып” басқа адам тұр. Дәл осы көрініс оқушының қиялына теріс әсер етіп, әдебиетке деген қызығушылығын төмендетеді. Өз халқының әдебиетіне деген сүйіспеншілігі төмендеген оқырманның ұлттық санасы қалай өспек? Ұлттық санасы кенже қалған халық отарлық езгіге қалай қарсы тұра алады? Оқырманның дәл осындай психологиялық ішкі дағдарысын терең сезінген әдебиет-сыншысы Ә.Бөкейхан келбеті мен түр-тұлғасы жыр арқылы халықтың санасына ғасырлар бойы әбден сіңген, “Қобыланды батыр” жырындағы Қобыландының  суреттегі бейнесінің бұрмалануына отарлық езгіге қарсы болғандай жан-тәнімен қарсы болды.

Әлиханның қарсылыққа толы жанайғайының жаңғырығы бір ғасырдан кейінгі біздің заманымызда да өз көрінісін беріп отыр. Дәл бүгінгі таңда, қазақ ауыз әдебиеті үлгілері аңыз әңгіме, ертегі, эпостық жырлар бойынша түсірілген көркем фильмдер мен мультфильмдердің, ұлттық нақыштағы кітап безендіру ісінің сын көтермеуі былай тұрсын, ол дүниелер көрермен мен оқырманның әдеби-эстетикалық көзқарасының қалыптасуына кері әсер етуде. Қарны қампиған бай, құлағы қалқиып, көзі жыртиған батыр, жүдеу киінген экрандағы көпшілік сахнасы көрерменге қандай эстетикалық ләззат сыйламақ? Біз осыдан кейін кейінгі жас ұрпақ халқымыздың ауыз әдебиетін білмейді, кітап оқымайды, - деп оларды қалай кінәлай аламыз?

Халқымыздың ауыз әдебиетін білмеу, кітап оқымау, ұлттық сананың қалыптасуына кері әсер етері хақ. “Бұлай адасуға болмайды. Бұл-ұят”, - деп қазіргі қоғамды ояту үшін, XX ғасыр басындағы Әлихан Бөкейхан жанайғайы, XXI ғасырдағы қазақ қауымына да ауадай қажет болып тұр.

Ә.Бөкейхан “Қара қыпшақ Қобыланды” мақаласында жырда кездесетін жер-су аттарының кітаптағы беттеріне дейін көрсете отырып: “Қобыландыны” қайта басқанда мұндағы жер, су һәм кісі аттары әліппе тәртібімен кітаптың аяғында басылса, кітаптың қайсы бетінде  қайсы сөзі бар екені көрсетілсе, біріншіден - кітап тәрбиелі болар еді. Екінші, бұл жерден қазақ тарихына жем іздеген адамдарға оңай болар еді. Еуропада мұндай кітаптар сол ретпен басылады. Ана географишески общество басқан Шоқан кітабы осылай басылған. “Қобыланды”- қазақ тілінде тұңғыш басылған жыр. Бастырушы осы жолға түссе, бұл ендігілерге үлгі болар еді”, - деп [2.318-бет] жазады. Ол кітапты Еуропа үлгісінде қалай бастыру керек екенін тайға таңба басқандай анық көрсете отырып, баспа ісі мен жазба әдебиеті енді қалыптасып келе жатқан қазақ қоғамына оқушы үшін пайдасы зор, ғылымға жолы оңайлау, Шоқан кітабы басылған жол таза әдебиет жолы ,- деп атап көрсетеді. Діни сарындағы “Зарқұм”, “Сал-сал” жырларының баспасын ұлтқа еш пайдасы жоқ “балдыр-батпақ әдебиеттің “бақалшы жолы”, - деп ашық түрде қатты сынайды.

“Қара қыпшақ Қобыланды” мақаласының соңын Ә.Бөкейхан: “ Кәкітай хан (Шоқан  еңбектерінде Көкітай деп көрсетілген .Н.М) Едіге жырларының Шоқан жазған қазақшасы Петерборға географиялы обществода бар. Ондағы қазақ студенттер көшіріп алса, жақсы болар еді. Бұл екі жырдың екеуі де Шоқан жазған орысшаға қарағанда көркем көрінеді”, - деген [2.319-бет] сөздермен аяқтайды. Міне, дәл осылай  деп жазып, қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін көшіріп жазып алуға сонау Петербордағы қазақ студенттеріне тапсырма беруінің өзі елшіл тұлға Ә.Бөкейханның әдебиет зерттеуімен мақсатты түрде айналысқанына дәлел болса керек.

Ә.Бөкейханның “Қалқаман-Мамыр” атты әдеби-сын мақаласы (Қыр баласы. “Қазақ”,№121, 22 әпрел, 1915ж. Орынбор қаласы.) Автордың әдеби мақсатының бағыт-бағдарынан жан-жақты молынан хабар береді. “Бұл кітап 1912-інші жылы басылған. Мұны шығарған “Қазақ һәм хандар” шежіресін жазған Шәкәрім”, - деп басталатын мақаласында Әлихан оқырман қауымға Шәкәрімді тереңінен таныстыра отырып: “Қалқаман-Мамыр” туралы  біраз сөз жазайын, бұл кітапты оқушыларға жаю үшін”, - деп мақала жазудағы өз мақсатын оқушы алдына ашық жайып салады.

“Орыста Пушкин, Лермонтовты сынға салып, жұртқа жайған Белинский сөзге ақын емес, ойға ақын еді. Шәкәрім Пушкин емес, біз Белинский болмаспыз”, -[3.509-бет] деген Әлихан сөзінде  терең тарихи шындық бар. Қай заманда да сананы тұрмыс билейді. Орыс империясының отарында, феодалдық-патриархалық қоғамда өмір сүріп, діні, тілі, адами құқығы тапталып, ұлттық санасы оянбаған, қалыптасқан жазба әдебиеті мен  білімді әдеби ортасы жоқ қазақ халқының ақыны Шәкәрімді Пушкинмен, әдеби сынға енді араласа бастаған Әлиханды Белинскиймен салыстырудың еш жөні жоқ. Әр халықтың өзіне тән даму жолы болады. “Тірі адам үшін  алдымыз күрес жолы”, - деген Әлихан үшін, әдебиет – ұлттық сананы көтере отырып, халықты бірлікке шақыратын  бірден-бір фактор. Ол сондықтан да сол кезеңдегі баспа бетінде жарық көрген әдеби шығармалардың барлығына дерлік өз пікірін білдірді, әдеби-сын мақалаларын жазды. Сол кезеңдегі оқырманның білім деңгейі мен ой-өрісін ескере отырып жазылған Әлихан мақаласындағы сөйлемдердің кейбір стильдік ерекшеліктерін есепке алмасақ, “Қалқаман-Мамыр” әдеби-сынның барлық  талаптарына толық жауап беретін Әлиханның бірден-бір мақаласы.

Әлихан: “Қалқаман-Мамыр”-да бұрынғы қазақ жұртының салты, қазақ мінезі, қазақтың іс-қылығы әлгі орыс өлеңдеріне қарағанда тіпті аз. Шәкәрім жақыннан қайырып ойдағыдай толымды қылып жазбады”, - деп шығармадағы халық өмірінің шынайы көріністері бейнеленбегенін сынайды. Кейіпкерлер өз бейнесіне сай заманының шындық суретін беретін сөздер арқылы сөйлемейді, - дей келіп:

Ай Мамыр, бұл іс оңай алдамасаң,

Зорлық жоқ өзің сүйіп таңдамасаң,

Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер,

Моллалардан естідім әлдеқашан, - деп Қалқаманның Мамырға айтқан сөзін: “Қалқаман мұны айтқан жоқ. Қазақ қызына 190 жыл бұрын түгіл, осы күні еркімен ерге тию болған жоқ. Шариғатта бұл болғанымен, мұны ол уақыт сөйлеген жоқ”, - деп жазған мақала авторы: “Сүйіскен екі ғашық миллә айтты, шариғат солай деп мыжи ма? Махаббат адамды байлағанда шариғат пен милләға уақыт қала ма? Бұл жерде Шәкәрім ақындық жолынан шыға шабылып, Пушкин, Лермонтов, Шекспир, Толстой қарауылына салсақ, зор кінәға батып тұр”, - деп, жазып [3.511-бет] өмірдің шынайы шындығын суреттемегені үшін Шәкәрімді қатты сынайды.

Ә.Бөкейхан Шәкәрімге айтқан дәл осы сын арқылы енді қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиетіне реалистік әдебиеттің әлемдік алыптары Пушкин, Шекспир, Толстойлар арқылы әдебиеттегі реализм әдісін үлгі ете сөйлеп, қазақ жазба әдебиетінің реалистік бағыттағы әдебиет болып қалыптасқанын қалайтынын ашық айтып отыр. “Рас, біздің қазаққа осы бойымен де “Қалқаман-Мамыр” айтулы жақсы өлеңнің бірі болар. Бірақ , “көп бергеннен көп сұралады”, - деген Ә.Бөкейхан [3.510-бет] шығармаға келешектің көзімен қарап, болашақтағы қазақ жазба әдебиетіне бағыт-бағдар бере отырып, енді қалыптасып жатқан қазақ жазба әдебиетіне ең алғашқының өзі болып, сыни реализмнің ірге тасын  қалайды. Автор өз мақаласында шығармасы сыналған Шәкәрімге күш-қайрат бергендей болып, “Қалқаман-Мамыр” жырындағы заман мінезін дәл беретін үздік өлеңдерге де тоқтала кетеді. Шығарманың кемшіліктеріне ғана емес, жетістіктеріне де тоқталып, қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиетіне реалистік әдебиеттің жолын нұсқауы Ә.Бөкейханның “Қалқаман-Мамыр” әдеби-сын мақаласының негізгі жетістігі, - деп түсінеміз.

Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалар топтамасына ой көзімен қарасақ, тамыры тереңде жатқан халық ауыз әдебиеті құнарынан нәр алған, қазақ жазба әдебиетінің болашағына ол сенді. Қазақ жазба әдебиетінің бастауында тұрып оған жол нұсқап, бағыт-бағдар беруді ол өзінің перзенттік борышым деп түсінді. Сондықтан болар, ол 1914 жылы “Қазақ” газетіне “Арыс ұлы” деген бүркеншік есімімен “Роман не нәрсе?”деген өзінің мақаласын жариялады (Арыс ұлы. “Қазақ”, 1914ж.,№48. Орынбор қаласы). Өз мақаласында автор: “Осыдан 150 жыл соң Италия французды билеп тұрған заманда екі тіл қатысып, ортадан дара роман тілі туған. Осы тілмен француз жазушылары сол заманның кемшілігін, таршылығын көрсетіп кітап жазған һәм кітаптарын роман тілімен жазғаны үшін “роман” деп атаған”, - дей келіп: “Романның ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һәм күңгірт жағын бейне өзіндей етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету. Роман - адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші, баға жетпес айна. Романның асыл мақсұды: адамзаттың мінез-құлқын түзетпек, кемшілікті, қараңғылықты адамзаттан қумақ. Мұнан мұрад, ол- адам баласына үйретінді үлгі, тәрбие бермек”, - деп жазады [3.281-бет]. Автор бұл жерде әдебиеттегі  “роман жанры” туралы ғана айтып отырған жоқ. Ол “роман” деп атай отырып, жалпы әдебиеттің адамзат тарихындағы атқарар қызметі мен рөлі туралы жазып отыр. “Романның ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һәм күңгірт жағын бейне өзіндей етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету”, - деп жазған мақала авторы, өз оқырманы мен халықына реалисттік әдебиеттің жолын насихаттайды. Енді қалыптасып жатқан қазақ жазба әдебиеті үшін жаңа жанр “роман” жанрының тарихы  мен ерекшелігін кеңінен түсіндірген мақала авторының “роман” деген сөзін “әдебиет” деген сөз деп, “романның мақсұды,мағынасы” - сөздерін “әдебиеттің мақсаты, әдебиеттің мағынасы” деп ұғынуымыз шарт. Себебі, мақала авторының жалпы әдебиет пен әдебиеттегі “роман” жанрын бір ұғым ретінде қарастырып отырғанын ұғу, ойы зерек оқушы үшін аса қиын шаруа емес. Әдебиет зерттеушісі Ә.Бөкейхан өзінің “Роман не нәрсе?” мақаласында “Адамзаттың даму тарихындағы әдебиеттің рөлі қандай?”, “Әдебиет не үшін қажет?” деген жалпы адамзаттық сауалдарға философиялық тұжырыммен тамаша жауап берген.

Әлихан әдебиет туралы жазған мақалалар топтамасында қазақ әдебиетіндегі екі-ақ романға тоқталған. Оның бірі М.Дулатұлының “Бақытсыз Жамалы” болса, екіншісі, Ж.Аймауытұлының “Қартқожа” романы(V.Кітап сыны (Ж.Аймауытұлы. Қартқожа . Ташкент.1926ж). “Еңбекші қазақ”, 04.11.1926 жыл. Қызылорда.) Мақала авторы: “Қартқожа” - маңызды кітап. Талдап сын жазғанда көп уақыт, көп еңбек керек қылады. Еуропаның көркем әдебиет кітаптарындай, Пушкиннің “Онегин” деген кітабындай “Қартқожа” қазақ әдебиетінің  тарихында зор өріс алатын кітап”, - дей келіп: “Бұдан бұрынғы қазақ тілінде  болған романдар тұрмыстың бір-екі  құбылысын ғана суреттейтін  романшықтар еді. “Қартқожа” толық роман. “Қартқожада” тұрмыстың көп пернелері басылып, көп құбылыстары суреттеледі”, -деп [2.367-бет] жазған Ә.Бөкейхан,  әдебиет сыншысы ретінде Жүсіпбектің “Қартқожа” романын “тұрмыстың  көп пернелері мен құбылыстарын суреттеген “толық роман”, - деп жоғары бағалаған.

Ә.Бөкейхан “Қартқожа” романында суреттелетін оқиғалар мен оқиғалар уақытына тоқтала келіп: “Қартқожадағы ” оқиғалардың тіркемі дөп дұрыс: бірінен-бірі тізіліп шығып отырады. Тілі алтын зердің жібіндей. Жаратылыс, қоғам құбылыстары аса әдемі суреттелген. Оқушыны ару анадай жетелеп, еліктіріп, бұйданы іріктірмей өкше бастырып отырады”, - деп[2.367-бет] жазған автор, романның сюжеттік құрылысы мен  тілінің шұрайлылығы туралы аз сөзге терең мағына бере отырып, романды сыни тұрғыда талдаған. Романдағы суреттелетін оқиғаларға байланысты әр бөлімге қойылған тақырыпты, автордың өзіне тән тәсілі деп бағалаған Ә.Бөкейхан автордың дәл осы тәсілін орыс жазушысы Достоевскиймен салыстырады. “Қартқожа” романындағы тараулардың тақырыптарын Достоевский шығармаларындағы тақырыптармен сырттай салыстырғаны болмаса, мақала авторы бұл екі жазушының шығармаларын бірге саралауды мақсат етпеген. Өкініштісі сол: уақыт тығыздығын алға тартқан мақала авторы Жүсіпбектің “Қартқожа” романын әдеби-сын тұрғысынан  жан-жақты толық етіп талдамайды. Шағын мақаланың өзінен-ақ Әлиханның әдебиетті сыни тұрғыдан түсінудегі нәзік түйсігі мен терең білімі оқушы көзіне айқын көрініп, анық сезіледі.

“Ән, өлең һәм оның құралы” мақаласын (Арыс ұлы.“Қазақ”, 1914ж.,№67. Орынбор қаласы) Ә.Бөкейхан өнер зерттеушісі ретінде, өнердің, оның ішінде әннің, яғни музыканың адам жанына әсері туралы жазады.   “Ән, өлең, сыбызғы, домбыра, қобыз-бәрі бір мағынада”, - деген автор, “ән ” сөзін ол бұл жерде  өнер (искусство) деген мағынада қолданып тұр. Мақала авторы: “Адам көңілдегісін алғаш сөзбен қияды: ән салып, өлең айтып, домбыра шертіп, қобыз ойнайды - адамның жайын, сезімін, жүрегін қозғайды, тиіп өтіп елжіретеді, бусандырады, буынын алады...”, - деп [3.338-бет] жаза отырып:   “Жаңа туған бала жылау әні, солқылдау әнімен дүнияға амандасады, адам жан шығар алдында арпалысып “А-а-а”- деп ән салып дүниямен хоштасады” - дейді.

Тал бесіктен жер бесікке дейін созылатын адам ғұмырын әнмен, музыкамен байланыстырған Әлихан сөзі Абайдың:

Туғанда дүние есігін ашады өлең

Өлеңмен жер қойнына кірер денең, - деген ойымен үндесе келіп, Абай мен Әлихан ойлары бірін-бірі  дәлме-дәл қайталайды.

“Ән, өлең һәм  оның  құралы” мақаласында автор, ән мен музыканың халық тарихындағы алатын орнына тоқталады. Музыканың, жалпы өнер атаулының адам өміріндегі орны мен қызметі туралы Гете, Шопенгауер, Бетховен секілді ұлы ойшыл ақындар мен композиторлардың пікірлерін мысалға келтіре отырып:   “Ән-өлең, күй адамның анық тілі, шын тілі, көпке бірге ұғымды тіл-бұл тіл жанға хас жүрек тілі, сезім тілі, күй тіл: неше түрлі рахат тартқан  адам жаны осы тілмен сөйлейді. ...  қуаныш-шаттық рахатын сыртқа білгізеді, адам мехнатын, ауыр ісін жеңілейтеді, қайғы-хафасын шығарады, мауқын басады. Сол себептен ән-өлең адамның еніп қараңғы жер астына кіргенге шейін айырылмас досы, жолдасы ”, -[2.331-бет] деген ой қорытындысын жасайды.

Автор өзінің “Ән, өлең  һәм оның құралы” мақаласының соңын Абайдың өлеңге қойылар эстетикалық талаптарды түгел қамтыған    “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңін келтіре отырып: “Ән өлеңді өзіндей қылып, бұлжытпай бейне дауыстан шыққандай етіп домбыра, сыбызғы қобызға қиып салады. Бұл құралдар музыка деп аталынады”, - [2.331-бет] деген сөйлемдермен аяқтайды. Шынтуайтына келгенде, мақала соңындағы Абайдың “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңі мен автордың  сөз соңындағы ойларының арасында  логикалық жүйе де, қисын да жоқ. “Ән, өлең һәм оның құралы” мақаласының атына сәйкес, автор ән яғни музыка туралы жазып қойғандықтан, мақаланың екінші бөлімі  “өлең һәм оның құралына” яғни өлеңнің көркемдегіш құралдары мен  өлеңге қойылар эстетикалық талаптар туралы болуға тиіс еді. Бірақ,мақала авторы Абайдың өлең сөзге қойылар эстетикалық талабын айқындайтын    “Өлең -  сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңін эпиграф ретінде алған да тоқтап қалған. Соған қарағанда мақаланың өлең туралы, оның көркемдегіш құралдары туралы екінші бөлімі бар секілді. Әдебиет сыншысы Ә.Бөкейхан өз мақаласының атын жайдан-жай “Ән, өлең  һәм оның құралы ”, - деп қоя салмаған болар. Сондықтан да, Әлихан мұрасын зерттеушілердің “құлағына артын сырға”, -дей отырып, мақаланың екінші жартысы  бір жерде ұмыт қалып, баспа бетінде жарияланбай қалған секілді деген ой қорытындысына келіп отырмыз.

Абайдың “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” деген сөзін терең түсініп,қадір тұтқан әдебиет сыншысы Ә.Бөкейхан  “Самат өлеңдеріне сын” (V. “Жаз қазақ”журналы,№10-13, 1924ж.Мәскеу.) мақаласында өлең сөзге қойылар әдеби талаптарға түгел тоқталады. Автор  өз мақаласында ақын және ақындық шабыт туралы айта келіп, ақын сөзі - өлеңнің тыңдаушысына етер әсері туралы жазады. Ол табиғатында  ақын болып дүниеге келген, тума талант шын ақындардың қандай болатынына тоқтала келіп Самат өлеңдерін талдайды. Cамат өлеңдері туралы:“... олардың өлеңін сынамай жібере берсең  “шілдірік” сұйық өлеңдері жас әдебиетімізді қотыр ала қойдай болдыртады, аздырады”, - деген Ә.Бөкейхан, Самат өлеңдеріне сын жазудағы өзінің авторлық мақсатын айқын көрсеткен. “Оның өлеңдерін оқығанда, не жүрегің, не денең, не ақылың селт етпейді. Адамға түк әсер бере алмайды. ... тұзсыз қара көже ішкен кісі тәрізді боласың”, - дей келіп, Саматтың  “Езілген елге”деген өлеңін мысалға алады.

Қу-пысықтар күнде ұнатқан

Егесі дауын әм даулатқан,

Басынан қанды саулатқан,

Езілген ел емес пе ең?

 

Өліп қалсаң, құның берілген,

Керегеге һәм керілген,

Сөйлесуге бай ерінген,

Күнің бар ма едің теңескен?

Ақын осындай сөз жаза ма? Не мазмұны, не ырғағы, не үн мөлшері келмейді. Төрт аяғынан бірдей ақсап, мармырлап жатқан жоқ па?! - деп жас әдебиетімізді белгілі бағыты, жолы, мақсаты жоқ төрт аяғынан бірдей ақсап, мамырлап тұрған “шілдірік өлеңдерден” жанын сала қорғайды.

Әдебиет сыншысы Ә.Бөкейхан “Самат өлеңдеріне сын” мақаласында, өлеңнің көркемдегіш құралдары мынау, өлеңнің құрылысы былай болу керек, - деп өлең сөзге теориялық талдау жасамайды, оны мақсат етпеген де. Бірақ, ол өзінің  “Не мазмұны, не ырғағы, не үн мөлшері келмейді”, - деген бір-ақ ауыз сөзімен өлең сөзге қойылар әдеби талапты түгел атап отыр.

Өлең-жай сөздер тіркесі емес. Ол - ырғағы мен ұйқасы, шумағы мен бунағы бар, белгілі бір тәртіпке бағынған, алтын айдарлы, - дейтіндей нақышты сөздер тізбегі.

Ал, осы өлең, - деп аталатын сөздер тізбегінде, ең басты нәрсе, ол-айтылатын ой, өлеңнің ішкі мазмұны .Сондықтан да Абай:

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы, - деп жазуы, ұйқас үшін әшейін айтыла салған жай сөз емес. Ұлы ақын, хәкім Абай  “іші алтын”, - деп өлеңнің ішкі мазмұнын айтса,   “сырты күміс”, - деп, өлеңнің сыртқы түрін айтып, түрден мазмұнды жоғары қойып отыр. Әлихан  да  “мазмұны”, - деп өлеңнің дәл осы ішкі мазмұнын атайды.

Ал, ырғақ деген не? Ырғақ, яғни ритм - (грек. rhytmos,шамалас мазмұндас сайма-сай мағынасында) құбылыстың, үннің жүйелі, мерзімді қайталануы. Сөз бен дыбысты үндестікке алып келетін күш, ол – ырғақ. Ырғақ - өлең сөзде, сөз бен дыбыс үндестігінің арқауы. Осы орайда белгілі ғалым, қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушылардың бірі, академик З.Қабдолов: “Өлеңнің түрін белгілейтін де негізінен ырғақ. Сырт көзге поэзиялық шығарманың сырт пішінінің өзі прозалық шығармадан өзгеше, бөлек: кесте-кесте, тақта-тақта ... әр кесте, яки әр тақта-шумақ, ал шумақтың әр жолы -тармақ, әр тармақтағы дауыс толқынының соқпа-соқпасы - бунақ. Ал, бунақ-үн мөлшері”, - дей отырып, [9.265-бет] өлең сөздің сыртқы түрінің негізгі теориялық мәселелерін қарастырады.

Міне, осындай өлеңге қойылар талаптарды Ә.Бөкейхан өз мақаласында “мазмұн”,  “ырғақ”, “үн мөлшері”, - деп атай отырып,өлең сөздің негізгі талаптарын бір-ақ ауыз сөзбен қорытындылаған.

1924 жылы жазылған Ә.Бөкейханның “Самат ақындығына сын” атты әдеби-сын мақаласының негізгі маңызы - Ә.Бөкейханның енді қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиетін  “шілдірік, сұйық өлеңдерден” жанын сала қорғай отырып, өлең сөзге қойылар негізгі талаптарды айқындап, әдебиет сыншысы ретінде қазақ әдебиетіне бағыт-бағдар беруі еді. Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалар топтамасына зер сала қарап отырсақ, мақала авторы әдебиет сыншысы ретінде мына төмендегі мәселелерге баса наза аударған.

1. Қазақ эпостық жырлары арқылы халық тарихына шолу жасай отырып, тарихи жазба дереккөздері арқылы жырдағы оқиғалардың тарихи уақытын анықтауға тырысқан. Бұдан өз халқының “тарихи санасын” оятқысы келген ұлт көсемінің жанталас қимылы анық аңғарылады.

2. Шығармаларында халық өмірінің көріністерін барынша шынайы суреттелуін авторлардан талап ете отырып, әдеби шығармалардың эстетикалық тәрбие беруіне де терең мән береді.

3. Тіл тазалығы, яғни әдеби шығармалардағы бөтен, кірме сөздерді қатаң сынай отырып, жазба әдеби тілінің қалыптасуы мен қазақ  жазба әдебиетіне бағыт-бағдар беруді басты назарда ұстаған.

4. Қазақ өлеңдерінің ішкі мазмұны мен сыртқы түрінің үндесе отырып, бір-біріне сай келуіне де терең мән бере отырып, “Әдебиет не үшін қажет?”, “Әдебиеттің адамзат тарихындағы рөлі қандай?” деген аса маңызды сұрақтарға жауап береді.

5. Баспа ісі мен кітап бастыру ісін басты назарда ұстай отырып, кітапты ұлттық нақышта безендіруді кітап шығарушылардан қатаң талап еткен.

6. Кітаптағы жер-су һәм кісі аттары әліпби тәртібімен кітаптың соңында беруілін баспагерлердің есіне сала отырып, баспада жарық көрген қазақ кітаптарын Еуропа нақышымен ұлттық мазмұнда шығарылуына қатты көңіл бөлген. Ол Кеңес өкіметіне дейін де, кейін де қандай дәуірде өмір сүрсе де, кез-келген жанрдағы баспадан шыққан әрбір жаңа кітапқа “Кітап сыны” деген айдармен үздіксіз мақала жазып, пікірін білдіріп отырған.

Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалаларындағы  әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетіне байланысты өзекті мәселелерді талдай отырып, енді қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиетіне  жөн сілтеп, бағыт-бағдар берудегі автордың ұлттық мазмұндағы сыни пікірлерін таразылай келе, Әлихан Бөкейхан қазақ әдеби сынның негізін салушы деген тоқтамға келдік.

Ең өкініштісі сол, түрлі себептерге байланысты болар ,Ә.Бөкейхан әдеби сынмен кәсіби тұрғыда айналысқан жоқ. Олай дейтін себебіміз, Ол өзінің “Роман бәйгесі” (Ғали хан. “Қазақ”, №120,1915 жыл.Орынбор қаласы.) мақаласында : “Әр шебер өз орнында іс атқарса, іс орнына келеді”, - дей отырып: “Шаһкерім, Ахмед, Мир Якуп (Міржақып.Н.М.) жеріме түсті демесе, мен сыншы фарызын өткеруге құл болдым.”, - деп жазады.

Ұлттық санасы оянып, енді ұлт болып ұйыса бастаған қазақ халқына жазба әдебиет ауадай қажет еді. Қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиетіне бағыт-бағдар керек болды. Қажеттілік сұранысты тудыратыны табиғи заңдылық. Ол өзінің әдеби-сын мақалаларын  сол заманның оқырманының ұғымына сай етіп, қажеттіліктен жазды. Сондықтан да болар, оның әдеби-сын мақалалары қысқа, шолақ қайырылып отырады. Бір қарағанда автор, тақырыпқа  тереңдеп бармай, бетінен қалқып алып отырған секілді болып та көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл Әлиханның кінәсі емес. Оның негізгі себептерінің  ең бастысы, сол замандағы қазақ оқырмандарының білім деңгейінің төмендігі  болса, екіншісі, тарихымыздың сол кезеңінде бізге “төте жазу” деген атпен белгілі А.Байтұрсынұлының “әліп-биі” енді қолданысқа еніп жатқандықтан, қазақ әдеби жазба тілі де, сол  жазба тілдің грамматикасы да қалыптаспаған болатын. Әлекеңнің орыс тілінде жазған мақалалары мен қазақ тілінде жазған мақалаларының арасындағы стильдік айырмашылықтардың  көзге айқын көрініп тұру себептерінің түп-тамырын біз осы кезеңнен, яғни  қазақ әдеби жазба тілі мен оның грамматикасының қалыптаспаған кезеңінен іздеуіміз керек.

Міне, осындай себептерге де байланысты болар, Әлекеңнің қазақ тілінде жазған мақалалары оқушысына өте қарапайым болып та көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл көрініс сырт қарағанда ғана солай. Аз сөзге терең мағына сыйғыза алатын дарынды әдебиет зерттеушісі  Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалаларына байыппен қарап, тереңдеп үңілсек, оның еңбектеріндегі әрбір сөйлемнің астарында тұңғиық ғылыми ой жатады. Сондықтан да Ә.Бөкейханның әдеби зерттеулеріне тереңдеп үңілу шарт. Олай болмаған жағдайда Ә.Бөкейхан еңбектерінің байыбына барып, тереңіне жете алмай қайраңдап қалуымыз бек мүмкін.

Қалай десек те, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет кәсіби тұрғыда әдеби-сын жазып, XX ғасыр  басында енді қалыптасып келе жатқан қазақ жазба әдебиетін сыни тұрғыда жан-жақты саралай отырып, оған бағыт-бағдар берген қазақтың аяулы перзенті, ғұлама ғалым Ә.Бөкейхан болғаны анық дүние! Сондықтан да қазақ әдеби сынының негізін салушы – Әлихан Бөкейхан болды дейміз. Бұл - анық!

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Әуезов. М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, "Санат" - 1997
  2. Бөкейхан. Ә. Таңдамалы. Алматы, "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы - 1995
  3. Бөкейхан.Ә.Шығармалары. VIII том.Астана, “Сарыарқа”-2016
  4. Бөкейхан.Ә.Шығармалары. XI том.Астана , “Сарыарқа”- 2016
  5. Бөкейхан.Ә.Шығармалары X том. Астана “Сарыарқа” -2016
  6. Байтұрсынұлы.А.Маса.Алматы. “Раритет”-2005
  7. Мырзахметұлы.М. Абайтану. Астана, "Interactiv Kazakhstan" - 2014
  8. Құнанбаев.А. Шығармалар жинағы. II том. Алматы, "Ғылым" – 1997
  9. Қабдолов.З.    Сөз өнері.Алматы, “Мектеп”-1976
  10. Құнанбаев.А. Шығармалар жинағы. I том. Алматы, "Жазушы" – 1986
  11. Ісімақова.А.Алаш әдебиеттануы.Алматы, “Мектеп”-2009

Нұрғали Махан, Түркістан облысы, Созақ ауданы

Abai.kz

 

12 пікір