Жұма, 26 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 6864 15 пікір 25 Желтоқсан, 2018 сағат 12:38

Енді кемпір Ротаруға шашыламыз ба?

Осы кейінгі кездері өз елінде керексіз болып қалған, жұрттың бәрі концертіне бармайтын қартайған әншілердің Қазақстанға әуес болып жүргені тіпті де жасырын жайт емес.  Осылардың қатарына жақында ғана Украинанаың атақты әншісі, жасы 70-ті алқымдап қалған София Ротару әжеміз де қосылыпты.

Ресейдің «Дни.ру» агенттігінің жазуына қарағанда  бұл кісінің өз елінде қадірі қалмапты.  Өйткені Ротару ханымның кейінгі кездері өзінің концертінің бағасын тым шарықтатып жіберген көрінеді.  Жақында ғана Жаңа жыл қарсаңындағы өнер көрсетуінің анау-мынау емес, бақандай 200 мың еуроға бағалап, айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Украинанаың өнер сүйер қауымы «Ау, бұрын Ротарудың концерті 100 мың еуродан аспайтын еді ғой. Қазіргісі несі?» деп таңқаласын жасырмайды. Сосын «Біз мұндай концертке бара алмаймыз. Оған төлейтін мұншама ақшамыз жоқ» деп біржолата бас тартқан көрінеді.

Сосын әлгі әжеміз ТМД елдеріне көз салмай ма? Обалы не, бұрынғы туыстас елдердің барлығы да ат-тонын ала қашады. Жан-жаққа шапқылап, сарсылып көп іздеген әншінің ақыры жолы болады. Өзге елдің әншісінен 200 мың еуроны көп ақша деместен, қабақ шытпастан бере салатын дарқан ел бар екен. Ол кім дейсіздер ғой? Қазақстан болып шықты. Иә, өз әншілермізге таршылық жасаса да, өзгелерге келгенде қолы ашық, жомарт еліміз «Ойбай, бізге кел. Сізге құшағымыз қашанда ашық» деп адам естімеген жомарттық танытыпты.

Егер Ресей баспасөзінің көп өтірігінің бірі болып шықпаса, мұның өзі көз көріп, құлақ естімеген жомарттық екен. Мұндайда қазақ «Атың шықпаса жер өрте» дейтін бе еді, қалай?

Жайберген Болатов

Abai.kz

15 пікір