Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3453 0 пікір 4 Мамыр, 2011 сағат 03:11

Қали Сәрсенбай. Естен кетпес Есболған

Осыдан бiраз бұрын ел iшiндегi дастархан басында өткен емен-жарқын әңгiме ойыма орала бередi. Сол әңгiменi жазбасам, мойнымда қарыз боп қалардай жүремiн. Мелс деген ағамыз бар. Өзi көп ашылмайтын кiсi. Театрдан басқаны өнер деп санамайтын бiр «жаман» әдетi бар. Театр, сахна әртiсi дегенде шығарға жаны бөлек. Тәтемiз де: «Ой, бұл студент кезде де киноға аттап баспайтын. Бұған еремiз деп бәрiмiз театршыл, әртiс болып кете жаздағанбыз» деп күлiп қояды. Күлiсiп жатырмыз. Сiрә, сол көңiлдi ортаның әсерi болуы керек, көп ашыла бермейтiн ағамыз да әңгiмеге ауық-ауық араласып қояды.

«Театрда бәрi көз алдыңда өтедi. Әртiстердiң әр ойыны, қимыл-әрекетi, күлгенi, жылағаны бәрi-бәрi адамды шынайы әсерге бөлейдi. Ұмытылмайтыны да содан.

Мұндайда ең алдында отырған көрерменнен бақыттысы жоқ. Әдетте техника саласындағы зиялы қауымның өмiрiн өнерден алшақ ұстайтыны ұнамайды маған. Ондай адам жарымжан адам. Сахна әртiсi деген ғажап халық қой. Осы ана бiр Жапал мен Сейiттi ойнайтын, әсiресе «Беу, қыздар-айдағы» Серке ше?» - деп сәл кiдiрiстеп қалып едi, ағамыз есiне түсiргенше шыдас бiлдiрмей: - Есболған Жайсаңбаев па, - дедiм.

- Иә, сол, сол. Әй, сабазың әртiс-ақ қой. Сол өзi көрiнбейдi ғой қазiр. Қайда жүр? - деп едi.

Осыдан бiраз бұрын ел iшiндегi дастархан басында өткен емен-жарқын әңгiме ойыма орала бередi. Сол әңгiменi жазбасам, мойнымда қарыз боп қалардай жүремiн. Мелс деген ағамыз бар. Өзi көп ашылмайтын кiсi. Театрдан басқаны өнер деп санамайтын бiр «жаман» әдетi бар. Театр, сахна әртiсi дегенде шығарға жаны бөлек. Тәтемiз де: «Ой, бұл студент кезде де киноға аттап баспайтын. Бұған еремiз деп бәрiмiз театршыл, әртiс болып кете жаздағанбыз» деп күлiп қояды. Күлiсiп жатырмыз. Сiрә, сол көңiлдi ортаның әсерi болуы керек, көп ашыла бермейтiн ағамыз да әңгiмеге ауық-ауық араласып қояды.

«Театрда бәрi көз алдыңда өтедi. Әртiстердiң әр ойыны, қимыл-әрекетi, күлгенi, жылағаны бәрi-бәрi адамды шынайы әсерге бөлейдi. Ұмытылмайтыны да содан.

Мұндайда ең алдында отырған көрерменнен бақыттысы жоқ. Әдетте техника саласындағы зиялы қауымның өмiрiн өнерден алшақ ұстайтыны ұнамайды маған. Ондай адам жарымжан адам. Сахна әртiсi деген ғажап халық қой. Осы ана бiр Жапал мен Сейiттi ойнайтын, әсiресе «Беу, қыздар-айдағы» Серке ше?» - деп сәл кiдiрiстеп қалып едi, ағамыз есiне түсiргенше шыдас бiлдiрмей: - Есболған Жайсаңбаев па, - дедiм.

- Иә, сол, сол. Әй, сабазың әртiс-ақ қой. Сол өзi көрiнбейдi ғой қазiр. Қайда жүр? - деп едi.

Әрине, астанадан алыс ауданға кеткенiне ширек ғасырдан асқан ағамыздың бұл әңгiмесiне кешiрiммен қарауға болар. Бұл кешегi 60-70-шы жылдардың көрерменi. Ол кездiң көрермендерi осындай едi. Сонау актерлердiң абызы Қаллекейден бастап, бәрiн жатқа соғатын. Мұны неге айтып отырмыз? Кешегi, студент жылдары жанына ұялап қалған жайсаң әртiс Жайсаңбаевты ағамыз неге ұмыта алмайды? Бар сыр осында емес пе? Әңгiмемiз осыдан бастау алса керек.

Қанша уақыт өтсе де халықтың шынайы өнерпазға деген ықыласы қалады. Ел iшiнде олар туралы, кешегi театрдың «Алтын дәуiрi» аталған кезде тер төккен сахнагерлер туралы арагiдiк болса да, осындай әңгiмелер айтылып қалады. Ел есiнде қалу, халық жүрегiнiң төрiнен ойып орын алу деген осы. Бұдан артық бақыттың да керегi жоқ өнерпазға. Мiне, көзi тiрiсiнде-ақ осылайша ел сүйiспеншiлiгiне бөлiнген Есболған Жайсаңбаевтың да бұл пәниден озғанына 10 жылдан асып кеткен екен. Зымырап бара жатқан уақыт. Тағдырдың iсi деген осы. Таңдамайды, талғамайды. Бiреуiн берсе, бiреуiн алып жатыр. Алма-кезек дүние. Соңғы он-он бес жыл талай ойпаздарымызды ортамыздан ойып әкеттi. Өкiнiшi қандай десеңшi соның. Ойлауға сана жетпейдi. Сол аймаңдай алуан дарабоздардың ортасында Есболған есiмi де асқақ тұр. Өз басым ол кiсiнi ондай едi, мұндай едi дей алмаймын. Өйткенi, сырласып, сыйласып, жақын әңгiмелесе алғанымыз жоқ. Әлгi ағамыз секiлдi мыңдаған азаматтардың аузында жүрген адам. Өнерiн көрдiк, талай қанаттандық. Рахат сезiмге бөлендiк. Ол кiсi туралы жазылған дүниелер аз емес. Соны медет тұтамыз. Есболған өмiрде де, өнерде де бiр қалпынан айнымай өттi. Салған өрнегi, өнерi де өмiрдегi өзiндей едi, дегендi көп айтады қазiр әрiптестерi. Айту бар да, жазып қалдыру бар. Бiреу айтқан сөздi тағы бiреу айтып жатса, бәрiбiр сол сөздiң иесi бiрiншi айтқан адам. Ендiгi сәтте Есболған әлемi туралы әр кезде айтылған ойларға ден қойып көрелiк.

«Қабырғамды сөгiп алып кеттiң-ау, Есболғаным» деп қабiрiнiң басында қайғы құсқан нұрдан жаралғандай жампоз Нұрмұхан Жантөриннiң дариға даусы әлi құлағымызда.

Терең, ойлы ғалым Рымғали Нұрғалиев бiрде «мұрнына дейiн күлетiн әртiс» деп жазыпты. Түсiнiктiң қажетi жоқ, көп мағына сыйып тұр осы сөзге. Көлгiрсiп, көлдей мақала жазғаннан осындай бiр ауыз сөз айта алып жатсақ, актерде де, азаматта да арман бар ма?! Бiр ауыз сөзбен-ақ актердi ашқан, таныған.

«Күлкiнiң кенi едi» деп жазды театр бiлгiрi Әшiрбек Сығаев. Шынында ғой, ол сомдаған кейiпкерлер ел iшiнiң сан түрлi мiнездi адамдары едi. Өзi де туған топырақтың құнарын терең сiңiрген табиғи талант едi ғой. Табиғи, таза күлкi едi, оның күлкiсi. Ондай кейiпкерлердi тек Есболғандай тума дарындар ғана халық жүрегiне еш боямасыз, табиғи жеткiзе алса керек.

Жапал, Сейiт, Қарсақбай, Олжатай, Серке, Жайнақ, «Ақ бақсыдағы» Ятчель... Қайсыбiрiн айтасың, көп қой. Әртiс Есболғанның ешқашан өлмейтiн, өшпейтiн кейiпкерлерi осылай кете бередi. С.Қожамқұлов, С.Телғараев, Т.Жайлыбеков, Қ.Жәкiбаевтардың күлкiсiн кеңiстiкке алып шыққан, осынау әрқайсысы бiр-бiр мектепке айналған жүйрiктердiң үрдiсiн iлгерiлеткен әртiс бұл. Сондықтан да ол көзден де, көңiлден де ұмытылмауға тиiс.

Ес-ағаңның туған iнiсi Нұрболған қай кезде де қазақ өнерi үшiн ғұмырын берген ағасының атын мәңгiлiк есте қалдыру жолында аз шаруа тындырып жүрген жоқ.

- Есағаң ерте кетiп қалды ғой. Әрине, жазмыштан озмыш жоқ деген. Өзiмiздiң бауырлық мiндетiмiздi хал-қадiрiнше атқарып жатырмыз. Десек те, жанымызға жатса-тұрса тыным бермейтiнi - Есағаң ел есiнде қалған, қазақ сахна тарихында өзiндiк орны бар адам ғой. Еңбегi елеусiз қалмаса деймiз, - дейдi Нұрболған.

Нұрболғанның сөзiн Есағаңның зайыбы, белгiлi сахна әртiсi Салиха Қожақова былай жалғар едi:

- Өткен күнде белгiлi жоқ деп жатады. Бекер, Есболғанмен өткен жиырма екi жылымның әр күнi ұмытылмас, бақытқа толы болды десем, артық айтпаспын. Жаны жұмсақ, жайсаң едi. Еңбекқорлығына қайран қалатынмын. Көп оқитын, бiр минөт бос уақыты болмайтын. Бiр адамның бойынан табыла бермес тамаша қасиеттер Есболғанның бойында бар едi. Содан да болар, театрда iстей жүрiп, ҚазМУ-дың филология факультетiн бiтiрдi. Әдебиеттi жанындай жақсы көретiн. Көп аудармалар жасады. Ярослав Гашектiң «Солдат Швейктiң басынан кешкендерiн» аударып, радиоға инсценировка жасап, өзi ойнады. Содан театрға шығарсам деп армандаған күйi кеттi. Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысына» да инсценировка жасап, сахнаға дайындап жүретiн. Кейiннен бұл дүниенi Чапай Зұлқашевтан сұрап алдым. Жезқазғандағы Жанат Қажиев те алып едi. Бәлкiм, жiгiттердiң ойлағандары да бар шығар.

Әнуар марқұм екеуi өмiрде де, өнерде де жұп жазбай өттi. Өз қатарларынан үйрене отырып, үйретушi де болды. Қамшы салдырмас жүйрiктер едi. Бiз Баян (Әнуардың әйелi) екеумiз үшiн екеуi үлкен мектеп едi. Сөйткен екi тарланкөк бiрiнiң артынан бiрi кеттi ғой. Өлгеннен соң олай едi, бұлай едi деп жатамыз ғой. Есболған көзi тiрiсiнде де сол құрметке ие болған адам. Өз тұрғыластары да әлi күнге бiздiң атағымыз жоғары болғанымен, Есболған да сол биiктегi әртiс деп отырады. Тапқыр едi. Ол әрбiр рөлдi ойнағанда қиыннан қиыстырып, жол тауып кететiн. Сондықтан да, оған образға ену, ашу аса қиынға соға бермейтiн. Табиғи шығатын. Әуелi кейiпкердi әбден зерттейтiн. Кей-кейде бiр рөлдерге көңiлi толмаған әрiптестерiнiң мынау Есболғанның рөлi ғой деп отыратыны да сондықтан едi. Қазiр Есболған ойнаған шығармалар теледидардан берiлiп жатыр. Сонау алғаш бетiмiздi ашқан «Абайдың» өзiнде ойнаған қаншама марғасқалардың қазiр талайы жоқ. Әрқайсысы таңға әңгiмелесең таусылмайтын әлем ғой. Есболғанның бақыты да сол - үш бiрдей ұлы - Шыңғыс, Мұхтар, Нарлан ержетiп, әке арманын жалғап отыр.

Құдайға шүкiр, осындай алтын асықтай ұлдары барда әке аты өлмек емес, жаңғыра бередi ғой. Десек те, бар ғұмырын өнерге адал арнаған, көрерменiн риясыз сендiрiп өткен, күлсе шын күлiп, жыласа шын жылап, бар болмыс-бiтiмiмен өз биiгiнде қалған Есболған есiмiн есте қалдыру жағы тиiстi орындар тарапынан қолдау тапса деймiн. Көңiлдi күптi ететiнi осы, болмаса Есболған ел есiнде, жүрегiнде қалған адам ғой.

Көзi тiрiсiнде «халық әртiсi» атағын алмай кеткенiне Есболған кiнәлi емес шығар. Бiреуге атақ ерте келедi, бiреуге кеш келедi. Бұл бейопа өмiр кiмнiң бар малын түгендеп кетуге мүмкiндiк берiп жатыр. Бүгiн бар, ертең жоқсың. Бiздiңше, әртiс, өмiрiнiң соңғы күнiне дейiн тұрған үйге мәрмәр тақта қоюда парасаттылық таныту қажет. Егер кешегi Шәмшi дүниеден өткенге дейiн оған атақ берiлмесе, ол тұрған үйге тақта қойылмас па едi?! Заңның, қатып қалған тәртiптiң аясына да сыймайтын ұғымдар болады. Ол халықтың талантқа тағзымы, құрметi. Бiрнеше уақыттан берi қазақ теледидарының алтын қорынан Е.Жайсаңбаев түскен телеспектакль мен сахна қойылымдарының берiлiп жатуы да тектен-тек емес. Ендеше, тиiстi орындар осы мәселеге аса байыппен назар салуы қажет. Есболған талантының алдында әлi күнге тағзым ететiн мыңдардың бiрi жоғарыда сөз болған ағамыз екенiн де тектен-тек айтып отырған жоқпыз.

Шүкiр, Есболғанды халқы бiледi. Бiлмесе бiр басқа, әрине. Ендеше, хал-қадiрiмiзше құрмет көрсету де парыз.

«Алматы ақшамы» газеті

0 пікір