Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5969 0 пікір 28 Сәуір, 2011 сағат 10:44

Қасым Аманжолұлы, журналист: «Сопылардың қарымтасына құрал болғымыз келмеді...»

Ең бастысы, «Хабардың» қырына сот орындары «айыбын» анықтамаған, әлдебір заңсыз әрекеті үшін бұрын-соңды тіпті тергеуге тартылмаған азаматтар ілігіп кетті. Солардың ішінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызмет еткен, бір кездері көрерменнің көңілінен шыққан «Шынның жүзі» хабарын жүргізген танымал журналист Қасым Аманжолұлың да аты-жөні аталды.

Осы мәселенің мәнін білу үшін, біз Қасымға хабарластық.

- Қасым мырза, сізді сопылардың сапына қойған «Хабардың» қырына қайдан ілігіп жүрсіз?

-Иә, «Хабар» ұсынған фильмді көрдім. Көрдім де, қатты қапаландым... Соншалық бір өшпенділікпен, елді үрейлендіру, қорқыту мақсатымен жасалған жұмыс екен. Басталған бетте: «Он төрт жасқа дейінгі балалар ата-анасымен ғана көрсін!» - деген ескертпенің өзі адамды тіксіндіріп тастайды. Ішіне менің «Йассауи» вокалды тобының концертін жүргізгенімнен үзінді, «Ақжүніс», «Мезгіл», «Күлтөбе» хабарларының шапкасы мен жүргізушілерінің бейнелері еніпті. Зікіршілерге: «кісі азаптады, адам өлтірген болуы мүмкін, мемлекеттік төңкеріс жасау ойларында бар» деген сияқты өте ауыр айыптар тағылады. «Аса қауіпті қылмыстық топ» деген сияқты атаулар ашық айтылды...

Ең бастысы, «Хабардың» қырына сот орындары «айыбын» анықтамаған, әлдебір заңсыз әрекеті үшін бұрын-соңды тіпті тергеуге тартылмаған азаматтар ілігіп кетті. Солардың ішінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызмет еткен, бір кездері көрерменнің көңілінен шыққан «Шынның жүзі» хабарын жүргізген танымал журналист Қасым Аманжолұлың да аты-жөні аталды.

Осы мәселенің мәнін білу үшін, біз Қасымға хабарластық.

- Қасым мырза, сізді сопылардың сапына қойған «Хабардың» қырына қайдан ілігіп жүрсіз?

-Иә, «Хабар» ұсынған фильмді көрдім. Көрдім де, қатты қапаландым... Соншалық бір өшпенділікпен, елді үрейлендіру, қорқыту мақсатымен жасалған жұмыс екен. Басталған бетте: «Он төрт жасқа дейінгі балалар ата-анасымен ғана көрсін!» - деген ескертпенің өзі адамды тіксіндіріп тастайды. Ішіне менің «Йассауи» вокалды тобының концертін жүргізгенімнен үзінді, «Ақжүніс», «Мезгіл», «Күлтөбе» хабарларының шапкасы мен жүргізушілерінің бейнелері еніпті. Зікіршілерге: «кісі азаптады, адам өлтірген болуы мүмкін, мемлекеттік төңкеріс жасау ойларында бар» деген сияқты өте ауыр айыптар тағылады. «Аса қауіпті қылмыстық топ» деген сияқты атаулар ашық айтылды...

Сондай қорқынышты көрсетілім арасында өзімді және өз әріптес достарым Болат Мүрсәлім, Рахат Мамырбек, Сәуле Әбединовалардың жүруін - бізді қаралау деп түсіндім. «Сектант сопылардың жарнамасын жасап, идеологиясын тықпалап отырды», - деп, дәлелсіз түрде күдікті сектаға жапсырып телу - қасақана жауапсыздықпен жасалған.

Біз - Болат, Рахат, мен үшеуміз «Хабар» агенттігіне барып, қазақ бөлімінің жетекшісі, продюсер Серік Аббас-Шахпен кездесіп, ренішімізді айттық. ҚР Азаматтық Кодексінің 145-бабына сүйеніп, «Адамның өзінің рұқсатынсыз бейнесін пайдалануға тыйым салынатынын», тіпті қарапайым адамгершілік жөнімен алғанда да, өз кәсібіне адал, тыныш жүрген жандарды осынша қаралаудың жөн емесін түсіндіруге тырыстық. Рахат Әлиевтің қылмыстық тобына, соның ақпарат ресурстарында жұмыс істеген дәл сол Аббас Шахтың өзін енгізіп, сыбайлас етіп жіберсе, қандай күйде болар едіңіз деп те сұрадық...

Мемлекеттік телеарнаның ақпараттық қару қолымда тұр екен деп, адам тағдырымен бұлайша ойнай бергені - қауіпті жайт. Біз «Хабар» телеарнасының төрайымы Гүлнара Ықсанованың атына терістеме беруін талап етіп, хат жазып кеттік. Жауабын күтудеміз.

- Сонда телеарнадан жауап болмаса, сотқа шағымданбақ ойларыңыз бар ма?

- Негізі, сотқа беруге барлық заңдық құжаттарымыз дайын тұр. Алайда «Хабар» агенттігін сопылар да сотқа беруге кіріскен екен. Олар: «Бізге қосыласыңдар ма?» - деп, кісі салыпты, біз оларға қосылудан бас тарттық. Өйткені, егер бір тараптан біз - журналистер заңға жүгінсек, құдды жаңағы «сектант зікіршілермен» бірге бір тапсырысты орындап жүргендей әсерде қалатынымызды болжадық. Сопылардың қарымтасына құрал болғымыз келмеді. Әзірше «Хабар» агенттігінде заң сыйлайтын басшылар бар шығар деп үміттеніп отырмыз.

- Жасыратыны жоқ, бір кездері сізді «Қазақстаннан» «сопыларға қатысы бар» деген бейресми желеумен қуған жоқ па еді?

- Мені «Қазақстаннан» ешкім қуған жоқ, мені ғана емес, сол кезде жұмыстан кеткен жүзден астам журналисті де ешкім қудалаған жоқ. Орнынан алынған бір ғана адам - Ғалым Доскен болатын. Және оның өзін «сопы» болғаны үшін емес, Ертісбаевтың «Қазақстан» корпорациясы арқылы өзінің күмәнді істерін жүргізуіне қолайлы жағдай жасау үшін алып тастағаны анық. Оған екі дәлелім бар: біріншіден, Ертісбаев Доскенді орнынан алған кезде, өзіне орынбасар етіп шақырды (мұны экс-министр сол кезде арнайы кездесуде өз аузымен айтқан болатын), мемлекеттік қызметке «сектантты» шақыруы мүмкін бе еді? Жоқ.

Екіншіден, Чингиз Ермухамедович Кабидин деген Ертісбаевқа «өте туыс» бір жас жігіт 1 111 111 долларды «Қазақстан» корпорациясынан алып, АҚШ асырғанын «Время» газеті жазудайын жазды, есіңізде болса. Ертісбаев Доскеннің орнына әкелген Нұртілеу Иманғалиұлы сондай ойындарға әдейі әкелінген адам болатын. Біз мұны сол кезде-ақ айтқанбыз. Сенбесеңіз, газетіңіз арқылы «Қазақстан» корпорациясының басшысы Жанай Омаровқа сұрау салып, Чингиз Ермухамедовичтің 1 111 111 доллар ел қаражатын қайтарған-қайтармағанын білуіңізге болады.

- Ал телехабарда айтылғандай, сізді «қатерлі топтың», «сұрқия сопылардың» сапына сотсыз қосқан әріптестеріңіздің не ойлағаны бар: ел-жұрттың, ағайын-туғанның, дос-жаранның алдында заңсыз масқара еткендері қалай?

- Бұл енді - жеке ұят пен адамгершілікке қатысты мәселе. Мен де БАҚ-та қызмет етіп келем, адамды көлгір түрде мақтау - өте жаман мінез, ал өтірік қаралау - тіптен азаматтыққа сын, адамшылыққа жат дүние, мұны білем. Өзім де елді көп сынаймын, бірақ дәлелімді алдыға қойып, айтарымды ашық жүзбен айтам. Шынына келсем, «Хабар» агенттігі» деген атаудың артына жасырынып, «жаптым жала, жақтым күйемен» айналысып, өз әріптестерін қаралаған жандарға мүсіркеп қараймын, жаным ашиды. Осыдан алты-жеті жыл бұрын «Йассауи» вокалды тобының шығармашылық кешін жүргізгенім рас, бірақ концерт жүргізу «сектант-сопыларды, тариқатты жарнамалау, идеологияны тықпалау» емес қой! Әлде қасиетті Әзіретсұлтан, Ахмед Йассауи бабамыздың хикметтерін айтатын «Йассауи» вокалды тобы, оның жетекшісі қазақтың біртуар арда жыршысы, күміскөмей Елдос Еміл «халық жауы» болып жарияланып кетіп пе еді? Оны білмеппін.

- Расында, қазір ел ішінде исламның небір ағымдары жұмыс істеп жатыр. Олар туралы бұған дейін қоғамда алуан түрлі сыни әңгімелер айтылды, билікті арашаға шақырғандар болды. Мәселен, Қазақстанда уаһабизмді ұстанатындар билікпен біте араласқан, олардың жеке телеарнасы бар дейді мына жұрт. Сол сияқты қораниттер, салафиттер, т.т. емін-еркін жүр...

- Түсінемін, егер қандай да бір діни ағым өкілдері заңға қайшы әрекет ете бастаса, онымен арнайы орындар айналысуы керек. Қылмыс жасалса, жазалануға тиіс! Дұрыс. Бірақ сол полиция мен құпия қызметтердің өзі де заң шеңберінен аспауға, қосақ арасында жазықсыз жандарды іліп кетпеуге міндетті. Діни сенім - әр адамның жеке, интимдік, Конституциямен қорғалған меншігі. Менің уаһаб болуға да, сопы болуға да, тәңіршіл болуға да, баптист, не атеист болуға да толық құқым бар. Ең бастысы, Заңнан аттамауым керек. Бұл істе жаппай, тотальды түрде репрессиямен айналысуға болмайды. Және оған мемлекеттік телеарнаның насихаттық, тарату құдіретін қосып, кәсібі тікелей осы, ақпараттық салаға қатысты әріптестерін масқаралап, күйе жағу дұрыс үрдіс емес.

Біз қазір хаос-мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ба деп қорқам. Президент бүгін: «Сектанттармен күресу керек», - деп қалып еді, бас салып бірін-бірі жей бастады, тура кешегі жемқорлықпен күрес науқанындағы тәрізді. Ал шындап келгенде, сектанттармен күрес әу бастан үздіксіз жүруге тиіс болатын. Әрбір шенеунік өз секторында жауапкершілік арқалай алатындай жүйені жасай алмай кететін түріміз бар. Телефондық құқықты пайдаланбай, таныс-біліс жағаламай, жасырынып-тығылып топтаспай, ашық консенсуспен шешілуге тиіс дін сияқты нәзік те, шетін дүниені ортаға салатын кез баяғыда жетті.

Уахабтар да, сопылар да, құраниттер мен нұршылар, нақшбандылар, т.б. қайсысы бар, барлығы да ашыққа шығып, бір үстелге отырса екен деймін. Өз ілімін халыққа ашық, легитимді түрде ұсынса екен деймін. Содан соң қазақ өз таңдауын жасасын, тәлейінен көрсін.

- Елде хиджаб мәселесі ушығып кетті. Жекелеген сарапшылардың пікіріне қарағанда, осы «хиджаб» тақырыбын сайлаудың қарсаңында биліктің өзі таратты деген сөз бар. Осыған қарағанда, дін мәселесінің өз ішінде таласқа түсуі биліктің өзіне ұтымды сияқты. Өзара қырқысқандардың билікпен ісі болмайды ғой...

- Осыдан бірнеше жыл бұрын аса лауазымды бір шенеунік жеке кездесуде ұлтшылдарды қалай бір-біріне «қуалатып» қойғанын сыр қылып, мақтанышпен айтқан еді. Сол кезде үлкен жауапты орындағы жандардың ұлтқа қызмет, перзенттік парыз деген сияқты ұғымдардан соншалықты ада қалғанына куә болып түршіккенмін. Олардың түсінігінде, халық өздері білек сыбана кіріскен дүние­бөліс додаға араласпаса болды, мейлі, бірінің етін бірі қуырып жесе де бәрібір сияқты.

Бүгінде биліктің бір күндік конъюктурасына бейімделген, сарай интригасын жетік меңгерген жандар ғана президент айналасына топтасқан ба деп қорқам.

Олар жұртты ит-ырғылжыңға салып қойғаннан тек қана ұттық деп ойлайды, орнын сақтай алған, үлкен қызметтен түспей келе жатқан жандарды үлгі, пір тұтады. Әбіқаев, Есімов, Үмбетов, Мусин, Мәми сияқты «жылжымайтын мүліктер», «аңыз-адамдар» бар. Ұзақ отырған сайын өзі отырған саланы тоқыратып, тоздырып бара жатқан сияқты.

Олар бүгін құдіретті көрінеді, ал ертең қожайындары тақтан түскенде, не өмірден озғанда арттағыға сөзі де, ісі де жетпей, сәулесі жоқ, жай ғана күйкі бір шал боп қалатындарына имандай сенем. Рухани саланың да тоқырауына осындай жабық қоғам, жабық мемлекет жасап отырған бүгінгі режим кінәлі.

Дайындаған -

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 15 (98) 27 сәуір 2011 жыл

0 пікір