Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
4067 0 пікір 13 Қараша, 2018 сағат 11:25

«Ділмарда» дарындылар бақ сынады...

Тұңғыш рет ұйымдастырылған мектеп оқушылары арасындағы І республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы жоғары деңгейде мəресіне жетті. Еліміздің 10 облысы, 3 қаласы мен республикалық мектеп-интернатынан іріктелген 27 қатысушы 3 кезең бойынша бар білгені мен жиған білімін таразыға салып, шешендік шеберлігін көрсетті. 1-кезеңде би-шешендердің шешендік сөздері мен ақын-жыраулардың шешендік ой-толғауларын мәнерлеп айтты. 2-кезеңде би-шешендердің астарлы сөз-сөйлемдері мен ой-тұжырымдарының мағынасын ашып, берілген тұрақты сөз тіркестері, ұмыт бола бастаған сөздерден мағыналы сөйлем құрады. Ал соңғы кезеңде шешендік деңгейін сыннан өткізіп, 2 минут ішінде берілген тақырып аясында алқалы топ алдында ағыла, ақтарыла әңгіме айтты. Бар кезеңнен сүрінбей өткен жүйріктер жүлделі орындарға ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлде мен оған тиеселі 50 000 теңге ақшалай сыйақыны Жамбыл облысынан келген Әбілда Бегзат еншілеп, байырғының жолымен ардақты ағаларының ақ батасын алды. 1-орынды(40 000 теңге) Абай атындағы республикалық мектеп-интернат оқушысы Айтпанбет Айым жеңіп алды. 2-орын иегерлері(30 000 теңге ) Алматылық Самғат Нұрланұлы мен Шығыс Қазақстаннан келген Тілеухан Баян. 3-орындар Түркістан облысының атынан қатысқан Абудуалиева Аягөзге, Маңғыстаулық Ұзақбаев Жанболатқа және Ақмола облысының үкілеген жүйргі Боранбай Аягүлге бұйырды. Сондай-ақ 5 қатысушы 10 000 теңгемен арнайы жүлдеге ие болды.

Ботагөз Мырзабайқызы, қазылар алқасының мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы:

Балаларды былай қойғанда, ересектердің өздері сөз өнеріне, сауатты сөйлеуге мән бермей жататын қазіргі кезде бабаларымыздан қалған аманат – асыл тіліміздің байлығын,  шешендік өнерді дәріптеу мақсатымен өткізілген бұл байқау – дер кезінде қолға алынған қажетті шара болды деп есептейміз. Осы игілікті істің басы-қасында жүрген, республика көлемінде ұйымдастырып, үлкен еңбек еткен «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» мен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ұжымына ерекше алғысымызды айтқымыз келеді.

Байқау бір деммен өтті. Жеткіншектеріміздің «өнер алды – қызыл тілге» деген қызығушылығы, тапсырмаларға байланысты жауап берер сәттегі «қиыннан қиыстыруға» деген талабы, жалпы ұмтылысы көңіл қуантарлық жоғары дәрежеде болды.  Еліміздің әр аймағынан келген өрендердің білімін бағалау да оңай соқпағаны анық. Алайда жарыс болған соң, балалардың көп алдында сөз бастауға қысылып, абдырап қалған сәттері де болды. Қойылған талаптарға сай болмаған кейбір жауаптар жайында сайыс қорытындысында да  айтылды.

Осындай игі шара алдағы уақытта да жалғасын табады деген сеніммен мынадай ұсыныс-тілектерімізді білдіргіміз келеді:

*Қатысушыларды дайындау барысында жетекшілері сөз мәдениетінің талаптарына, атап айтқанда, сөздің коммуникативтік сапаларына: сөз дұрыстығы, сөз тазалығы, сөз мәнерлілігі, сөз бедерлілігі, сөз орындылығы, сөз қисындылығы, сөз байлығына баса назар аударса деген тілек бар. Оқушылардың дыбыстарды анық айтуы, сөз бен сөздің, буын мен буынның жігіндегі дыбыстарды сингармонизм заңдылығына сай, жатық (қатаңдарды ұяңдату, ерін үндестігін сақтау т.б.) дыбыстауы, интонация, уәжді/уәжсіз кідірістер (ы-ы-ы-ы-ы..., ім-ім-ім ... ) т.б.с.с. орфоэпиялық ерекшеліктерге ерекше мән берілгені жөн.

*Үшінші кезеңде балалардың бір бөлігі берілген тақырыпты дұрыс түсінбей, басқа мәселеге қатысты ойларын айтып жатты. Әсіресе, «Жусанды даладағы жұпар ауа» (экология), «Ақ кимешек көрінсе...» (әжелер), «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін...» (жомарттық) сияқты тақырыптар ашылмай қалды...

Жалпы алғашқы байқау жоғары деңгейде, ең бастысы, ӘДІЛ өтті! Бабалар мұрасын насихаттауды мақсат ететін, талапкер балалардың да, тыңдаушының да рухани әлемін байыта түсетін осындай игі шараларға ұйытқы болған АЗАМАТТАР аман болсын!

Талантты шәкірттеріміздің талаптарына нұр жаусын!

Азамат Алаштегі

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1663
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1597
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1339
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1276